Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметiнiң арасындағы темiржол көлiгi кәсiпорындарының, мекемелерi мен ұйымдарының қызметiн құқықтық реттеудiң ерекшелiктерi туралы келiсiмге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбекке 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметiнiң арасындағы темiржол көлiгi кәсiпорындарының, мекемелерi мен ұйымдарының қызметiн құқықтық реттеудiң ерекшелiктерi туралы келiсiмге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Б.Сағынтаев
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 559 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметiнiң арасындағы темiржол көлiгi кәсiпорындарының, мекемелерi мен ұйымдарының қызметiн құқықтық реттеудiң ерекшелiктерi туралы келiсiмге өзгерістер енгізу туралы хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы теміржол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімнің 11-бабына сәйкес
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы теміржол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімге мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) 9-1-баптың бірінші абзацындағы "кедендік ресімдеу, кедендік және шекаралық бақылау" деген сөздер "шекаралық бақылау" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) мынадай мазмұндағы 9-3, 9-4 және 9-5-баптармен толықтырылсын:
"9-3-бап
Ресей теміржолдарының құрамына кіретін, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, мүлкі Ресей Федерациясының меншігі болып табылатын учаскелердегі станцияларды ашу және жабу, сондай-ақ Ресей Федерациясына тиесілі және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан теміржол көлігі инфрақұрылымына ортақ пайдаланылмайтын теміржол жолдарының жалғасуы Ресей Федерациясының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қазақстан теміржолдарының құрамына кіретін Ресей Федерациясының аумағында орналасқан, мүлкі Қазақстан Республикасының меншігі болып табылатын учаскелердегі станцияларды ашу және жабу, сондай-ақ Қазақстан Республикасына тиесілі және Ресей Федерациясының аумағында орналасқан теміржол көлігі инфрақұрылымына ортақ пайдаланылмайтын теміржол жолдарының жалғасуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
9-4-бап
Қазақстан Республикасының аумағынан шығып, Ресей Федерациясының аумағы арқылы Ресей Федерациясының аумағында аялдамай Қазақстан Республикасына транзитпен келетін жолаушылар және жүк поездарының, сол сияқты Ресей Федерациясының аумағынан шығып Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қазақстан Республикасының аумағында аялдамай Ресей Федерациясына транзитпен келетін жолаушылар және жүк поездарының мемлекеттік шекара арқылы өтуі шекаралық бақылауды қоса бақылау рәсімдері жүргізілмей жүзеге асырылады.
Транзитпен өтетін жолаушылар және жүк поездары аялдаған жағдайда, шекаралық және өзге де бақылау түрлері тек кіретін және (немесе) шығатын жолаушыларға ғана қатысты жүзеге асырылады.
9-5-бап
Тараптар мемлекеттерінің шекара маңы субъектілері (Қазақстан Республикасында – Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары, Ресей Федерациясында – Ресей Федерациясы субъектілерінің атқарушы билік органдары) Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының теміржол учаскелері және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей Федерациясының теміржол учаскелері бойынша жолаушылар тасымалын ұйымдастыру үшін Тараптардың теміржолдарында қолданыстағы шарттарды ескере отырып:
- шығыстары Тараптар мемлекеттерінің тиісті шекара маңы субъектілерінің бюджеті есебінен субсидиялауға жататын теміржол жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушыларды айқындау бойынша конкурс өткізу қағидаларын;
- теміржол жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығыстарын субсидиялау қағидаларын;
- теміржол жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылар шығыстарын субсидиялау көлемдерін айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді.
2-бап
Осы Хаттама ратификациялауға жатады және ратификациялау грамоталарын алмасқан күннен бастап күшіне енеді.
2016 жылғы "____" ______________ _____________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей. Осы Хаттаманы түсіндіру мақсаттары үшін келіспеушіліктер туындаған жағдайда, орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі Үшін Үкіметі Үшін