Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Шәкизатұлы Нұрышевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Б.Сағынтаев
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 11 қарашадағы
№ 698 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Қытай Халық Республикасының Макао Арнайы Әкімшілік
Ауданының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату
туралы келісім
Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен осы Келісімді жасасуға Қытай Халық Республикасының Орталық Халық Үкіметі тиісті түрде өкілеттік берген Қытай Халық Республикасының Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының (бұдан әрі – «Макао Арнайы Әкімшілік Ауданы» деп аталатын) Үкіметі,
Қазақстан Республикасы мен Макао Арнайы Әкімшілік Ауданы арасындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
Қазақстан Республикасының азаматтары мен Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары сапарларының жағдайларын жеңілдетуге тілек білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін «жол жүру құжаты» мыналарды білдіреді:
1. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:
- жарамды дипломатиялық паспорт,
- жарамды қызметтік паспорт,
- Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты.
2. Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары үшін:
- Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының жарамды паспорты.
2-бап
1. Жол жүру құжаттары бар және Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруға, оқуға немесе тұруға тілек білдірмейтін Қазақстан Республикасының азаматтары Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағына визасыз кіре алады, шыға алады, транзитпен өте алады және бола алады. Осындай әрбір болудың мерзімі 14 (он төрт) күннен аспайды.
2. Жол жүру құжаттары бар және Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруға, оқуға немесе тұруға тілек білдірмейтін Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының аумағына визасыз кіре алады, шыға алады, транзитпен өте алады және бола алады. Осындай әрбір болудың мерзімі 14 (он төрт) күннен аспайды.
3-бап
1. Жол жүру құжаттары бар және Макао Арнайы Әкімшілік Ауданы аумағына жұмыс, кәсіби қызметті жүзеге асыру, оқу және болу мақсатында осы Келісімнің 2-бабының 1-тармағында көзделген мерзімнен асатын кезеңге кіру тілек білдіретін Қазақстан Республикасының азаматтары Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағына кіргенге дейін Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының құқықтық нормаларына сәйкес құзыретті органдарынан виза алуы тиіс.
2. Жол жүру құжаттары бар және Қазақстан Республикасының аумағына жұмыс, кәсіби қызметті жүзеге асыру, оқу және болу мақсатында осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында көзделген мерзімнен асатын кезеңге кіру тілек білдіретін Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының аумағына кіргенге дейін Қазақстан Республикасының құқықтық нормаларына сәйкес құзыретті органдарынан виза алуы тиіс.
4-бап
1. Қазақстан Республикасының азаматтары Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағында болу мерзімінде жол жүру құжаттары жоғалған немесе бүлінген кезде Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының құзыретті органдарын және Қазақстан Республикасының Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданындағы консулдық мекемесін бұл туралы дереу хабардар етуі тиіс.
2. Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағында болу мерзімінде жол жүру құжаттары жоғалған немесе бүлінген Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданындағы консулдық мекемесі берген жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасына қайтуға құқық беретін Қазақстан Республикасына қайта оралу куәлігі ретінде танымал уақытша құжат негізінде Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағынан тыс жерге шығуға және Қазақстан Республикасына қайтуға визасыз рұқсат етіледі. Сондай-ақ Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының құзыретті органдарының тиісті рұқсаты алынуы тиіс.
3. Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімінде жол жүру құжаттары жоғалған немесе бүлінген кезде Қазақстан Республикасының құзыретті органдарын және Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиясын немесе консулдық мекемесін бұл туралы дереу хабардар етуі тиіс.
4. Қазақстан Республикасының аумағында болу кезінде жол жүру құжаттары жоғалған немесе бүлінген Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындарына Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиясы немесе консулдық мекемесі берген жеке басын куәландыратын және Макао Арнайы Әкімшілік Ауданына қайтуға құқық беретін Қытай Халық Республикасының жол жүру құжаты ретінде танымал уақытша құжат негізінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге шығуға және Макао Арнайы Әкімшілік Ауданына қайтуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының тиісті рұқсаты алынуы тиіс.
5-бап
Осы Келісімнің 2 және 3-баптарында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан және Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының шекарасынан халықаралық жолаушылар қатынастары үшін ашылған шекаралық өту пункттері арқылы кесіп өтеді.
6-бап
1. Қазақстан Республикасының құзыретті органдары болуын қолайсыз деп санайтын тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына кіруін қабылдамау немесе болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.
2. Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының құзыретті органдары болуын қолайсыз деп санайтын тұлғалардың Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағына кіруін қабылдамау немесе болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.
7-бап
1. Қазақстан Республикасының азаматтары Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағында болған кезде Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағындағы қолданыстағы заңдар мен қағидаларды сақтауға міндетті.
2. Макао Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының аумағында болған кезде Қазақстан Республикасының аумағындағы қолданыстағы заңдар мен қағидаларды сақтауға міндетті.
8-бап
1. Уағдаласушы Тараптар ұлттық немесе қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке немесе өз мемлекеттері тұрғындарының денсаулығына төнетін қауіпті болдырмау үшін осы Келісімнің қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы. Уағдаласушы Тараптар мұндай шешім туралы осы Келісімнің қолданысы тоқтатыла тұрғанға дейін 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірмей бір-бірін жазбаша түрде хабардар етеді.
2. Уағдаласушы Тараптар осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұруды тоқтатқаны туралы бір-бірін жазбаша түрде дереу хабардар етеді.
9-бап
1. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімге қол қойылғаннан кейін отыз (30) күннен кешіктірмей жол жүру құжаттарының үлгілерімен алмасады.
2. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары жол жүру құжаттарына қатысты кез келген өзгерістер туралы аталған өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін отыз (30) күннен кешіктірмей бір-бірін жазбаша түрде хабардар етеді және бір мезгілде бір-біріне өзгертілген жол жүру құжаттарының үлгілерін береді.
3. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген уақытша құжаттарға қатысты ақпаратпен жазбаша түрде алмасады.
10-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты мәселелер бойынша кез келген даулар Уағдаласушы Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.
11-бап
1. Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісім өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.
2. Келісілген өзгерістер немесе толықтырулар осы Келісімнің 12-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
12-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың бірінің екінші Уағдаласушы Тараптан оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
2016 жылғы ___ қыркүйекте екі данада, әрқайсысы қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының |
Қытай Халық Республикасының |