Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Б. Сағынтаев
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық
заңдарына өзгерістер енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына конституциялық заңдарына өзгерістер енгізілсін:
1. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 23, 410-құжат; 2006 ж., № 23, 136-құжат; 2008 ж., № 20, 77-құжат; 2010 ж., № 24, 147-құжат; 2012 ж., № 5, 38-құжат; 2014 ж., № 16, 89-құжат; № 21, 119-құжат; 2015 ж., № 14, 75, 76-құжаттар; № 24, 174-құжат):
1) 31-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Сот қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, тиісті сот судьяларының саны азайтылған кезде осы соттың судьялары, сондай-ақ осы Конституциялық заңның 44-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда басқа сотқа ауыстырылған кезде судья, олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылуы мүмкiн.»;
2) 34-баптың 1-тармағының 9) және 10) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«9) соттың таратылуы немесе соттың қайта ұйымдастырылуы, тиісті сот судьялары санының азайтылуы, егер судья басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, сондай-ақ осы Конституциялық заңның 44-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда судьяның басқа сотқа, басқа мамандануға ауысудан бас тартуы;
10) соттың таратылуы немесе соттың қайта ұйымдастырылуы, тиісті сот судьялары санының азайтылуы, өкiлеттiк мерзiмiнің аяқталуы, егер соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келiсiм бермесе, сондай-ақ осы Конституциялық заңның 44-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда сот төрағасының, сот алқасы төрағасының басқа сотқа, басқа мамандануға ауысудан бас тартуы;»;
3) 44-бапта:
1-тармақта:
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы;»;
екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«Сот жюриінің біліктілік комиссиясының осы баптың 1-тармағының 2) – 3) тармақшаларында көзделген шешімдері ұсынымдық сипатта болады.»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Сот жюриінің біліктілік комиссиясының кәсіби қызметті мерзімді бағалаудың нәтижелері бойынша судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану туралы шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесіне судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыным енгізуі үшін негіз болып табылады.
Сот жюриінің біліктілік комиссиясының кәсіби қызметті мерзімді бағалаудың нәтижелері бойынша судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесіне судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы, ал ауысудан бас тартқан кезде судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыным енгізуі үшін негіз болып табылады.».
2. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 22-III, 150-құжат):
2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«2-бап. Осы Конституциялық заң 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.».
2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті