"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына сәйкес және Атырау облысының Атырау қаласын кешенді дамытуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
Қоса беріліп отырған Атырау облыстық және Атырау қалалық мәслихаттары мақұлдаған Атырау облысы Атырау қаласының Бас жоспарының жобасы (негізгі ережелерді қоса алғанда) бекітілсін.
"Атырау қаласының бас жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 6 тамыздағы № 880 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының |
|
Премьер-Министрi |
Б.Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы |
|
Жоба |
Атырау облысы Атырау қаласының бас жоспары (негізгі ережелерді қоса алғанда)
1. Жалпы ережелер
Атырау облысы Атырау қаласының бас жоспары (бұдан әрі – Бас жоспар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңдарының, Жер кодексі, Экологиялық кодекс пен қала құрылысын жоспарлау саласына қатысты Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілері мен нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкес әзірленді.
Бас жоспарды әзірлеуге Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі № 118 Жарлығымен бекітілген Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасының, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 403 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының және Атырау қаласының дамуына қатысты басқа да мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың материалдары негіз болды.
Бас жоспарда мынадай жобалық кезеңдер қабылданған:
құрылыстың бірінші кезеңі - 2020 жылға дейін;
Бас жоспардың есептік мерзімі - 2030 жылға дейін;
болжамдық (тұжырымдамалық) кезең - 2045 жылға дейін.
2. Бас жоспардың мақсаты
Бас жоспар Атырау қаласының аумақтық дамуының, сәулет-жоспарлау құрылымын қалыптастырудың, аумақты функционалдық-қала құрылысы аймақтарына бөлудің ұзақ мерзімді перспективаларын, жалпы қалалық мақсаттағы объектілерге қызмет көрсету мен орналастыру жүйесін ұйымдастыру, көше-жол желілері мен көліктік қызмет көрсетуді, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша қағидаттық шешімдерді, аумақты инженерлік қорғау және дайындау бойынша ұсыныстарды, экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі қала құрылысы іс-шараларын айқындайды.
Бас жоспар:
1) қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың бірінші кезектегі және перспективалық бағдарламаларын;
2) қала аумағын егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобаларын;
3) қоғамдық, іскерлік, мәдени және сауықтыру орталықтарын дамыту жоспарларын;
4) тұрғын үй, өндірістік және коммуналдық-қойма аумақтарын реконструкциялау және дамыту бағдарламаларын;
5) тарихи құрылысты, тарихи және мәдени мұра объектілерін сақтау, ұқыпты пайдалану және сабақтас дамыту жоспарларын;
6) рекреациялық аймақтар аумағын дамыту бағдарламаларын;
7) қалалық ортаны кешенді абаттандыру және эстетикалық ұйымдастыру жоспарларын әзірлеуге негіз болып табылады
3. Әлеуметтік-экономикалық дамытудың негізгі бағыттары
Ұзақ мерзімді перспективада өнеркәсіпті дамыту Қазақстан мен Атырау облысының Индустрияландыру картасына сәйкес серпінді жобаларды іске асыруға бағытталған экспорттық инновациялық-технологиялық әлеуеттің артуымен байланысты.
Ірі кәсіпорындармен қатар негізгі мұнай-химия өнімдерін қосымша өңдеу саласындағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарының құрылысы жоспарлануда.
Бекіре тұқымдас балықтар санының азаю үрдісі жағдайында кәсіпшіліктің баламасы ретінде тауарлы балық шаруашылығын дамыту көзделуде. Жайық-Каспий бассейніндегі тауарлы балық шаруашылығына біртіндеп қайта бағдарлану балық саласының экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Өңірде халық санының өсуіне байланысты тамақ өнімдеріне қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталған өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді серпінді дамыту көзделуде.
Халықты мал шаруашылығы өнімдерімен азық-түліктік қамтамасыз ету үшін болашақта бордақылау шаруашылығы базасында өнеркәсіптік мал шаруашылығы жүйелерін пайдалану дамиды.
Ауыл шаруашылығындағы жылыжай-көшетханалық мамандану болашақта одан әрі дамиды. Көкөністер мен жеміс-жидек дақылдарын өсіру бойынша жаңа технологияларды енгізу қала халқын жыл бойы экологиялық таза балғын көкөністермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобада алдағы жылдары жаңа объектілер салу есебінен әлеуметтік саланы дамыту ұсынылады, қолданыстағыларын мүмкіндігінше жөндеу, реконструкциялау және жаңғырту көзделіп отыр.
Бас жоспарда облысқа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету орталығы ретінде дамытуды ескере отырып, қаланың әлеуметтік саласын нормативтік көрсеткіштерге дейін жеткізу ұсынылады.
Перспективада Атырау қаласы Атырау облысының ірі әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы, Қазақстанның батыс өңірінің инженерлік-көліктік логистикалық торабы және өңіраралық орталығы ретінде қаралады.
1. Демография және халықтың жұмыспен қамтылуы
Қазіргі кезде Атырау қаласында 221,3 мың адам тұрады.
Демографиялық тәсілмен айқындалған перспективадағы халық саны есепті мерзімде 350,0 мың адамды құрайды. Бас жоспардың аумақты жоспарлы ұйымдастыру және экономиканы дамыту бойынша жобалық ұсыныстарын, қалалық ортаны жақсарту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру процесі қала халқының жұмыспен қамтылу деңгейін өсіруге ықпал ететін болады.
2. Азаматтық-тұрғын үй құрылысы
Есепті мерзімде тұрғын үй қорымен орташа қамтамасыз етудің жалпы алаңы адам басына 30 шаршы метр көлемінде қабылданған.
Бас жоспарда тұрғын үйлерді мынадай құрылыс аймағына бөлу қабылданған:
1) үй-жайлық учаскелері бар – 2294,85 мың шаршы метр – 57,8 %;
2) аз қабатты (2-3 қабатты) – 258,15 мың шаршы метр – 6,5 %;
3) орта және көп қабатты (4-6 қабатты және одан жоғары) – 1417,62 мың шаршы метр – 35,7 %.
Тұрғын үй құрылысы ипотекалық, муниципалдық, кредиттік, элиталық тұрғын үйлерді қоса алғанда, халықтың барлық топтарын қамтамасыз етуге бағдарланған. Жобалық кезеңде тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қажетті аумақ 3477,8 гектарды құрайды, оның ішінде бірінші кезекке – 1407,9 гектар, оның 1210,8 гектарын үй-жай құрылысы құрайды. Жаңа жеке тұрғын үй құрылысын қаланың оң жағалауы (254,7 гектар) және сол жағалауы (956,1 гектар) бөлігіндегі бос аумақтарға орналастыру көзделеді.
Негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштерде Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің 2009 жылғы 13 қаңтардағы № 31 бұйрығымен бекітіліп, 2009 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілген ҚР ҚНжЕ 3.01-01-2008* "Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және құрылысын салу" талаптарына сәйкес орындалған қоғамдық мақсаттағы нысандарға қажеттілік есептеулері келтірілген. Қалада есепті мерзімде сыйымдылығы 19820 орын жаңа балабақшалар және 35400 оқушыға арналған жалпы білім беретін жаңа мектептер, ауысымына 8087 келушіге арналған емханалар, 1201 төсектік аурухана кешендері және басқа да әлеуметтік мәні бар объектілер салу көзделіп отыр.
Жобада есепті мерзімге дейін қоғамдық мақсаттағы объектілер желісінің жұмысын одан әрі жетілдіре және қызметінің жаңа нысандарын енгізе отырып, оларды сақтау және дамыту көзделген.
Бас жоспарда жобалаудың алдағы кезеңдерінде ескерткіш учаскелерінің шекараларын және қаланың тарихи құрылысын реттеу аймағын белгілей отырып, жобалық мерзімде қаладағы барлық тарих, мәдениет және сәулет ескерткіштерін сақтау, оңалту көзделген.
3. Экономикалық қызмет
Қала экономикасы даму сатысында және оның жақын болашақта индустриялық-сервистік, инновациялық, көліктік-логистикалық, ғылыми, қаржылық, мәдени және туристік орталық болу әлеуеті зор.
Экономикалық кешеннің дамуындағы перспективалық салалық бағдарлану бар ресурстардан туындайды және мынадай:
1) өндіру саласын дамыту (мұнай және газ өндіру) және шикізат бағытынан дайын өнім өндіруге ауысу;
2) экспортқа бағдарланған өнім шығаратын өңдеу саласын дамыту;
3) аграрлық-өнеркәсіп секторы мен балық шаруашылығын дамыту;
4) көліктік-логистикалық кешендерді ұйымдастыру;
5) өнеркәсіптің инновациялық және ғылымды қажет ететін салалары;
6) туризм индустриясы;
7) экологиялық таза құрылыс материалдарын өндіретін құрылыс саласын дамыту;
8) тіршілікті қамтамасыз ету саласын және әлеуметтік саланы дамыту;
9) мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығын күшейту негізінде кәсіпкерлік инфрақұрылымды дамыту;
10) Атырау облысының ғылыми-техникалық және білім беру орталығын дамыту;
11) қаржы және сауда орталығын дамыту бағыттарымен айқындалады.
Өнеркәсіптік әлеуетті дамытудағы анағұрлым басым бағыттарға:
1) "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағын ұйымдастыру;
2) сүт, ет өнімдері, сыра, шырындар, су өндіру бойынша тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының қуатын кеңейту, сондай-ақ қаланың азық-түлік кешенінің инфрақұрылымын – жылыжай кешендерін, сервистік-дайындау пункттерін қалыптастыру;
3) машина жасау кәсіпорындарын технологиялық қайта жабдықтау;
4) фармацевтика өнеркәсібіндегі айтарлықтай даму;
5) жалпы салалық бағыт бойынша өндірістік сектор болып ұйымдастырылған өнеркәсіптік кәсіпорындар кешені бар индустриялық аймақтар құруды ұйымдастыру жатады.
4. Қала құрылысын дамыту
1. Аумақты сәулеттік-жоспарлауды ұйымдастыру
Бас жоспарды әзірлеу кезеңінде Атырау қаласының аумағы 16566,0 гектарды құрады. Бас жоспарда есепті мерзімнің соңына қарай қаланың аумағы 45871,0 гектар болып айқындалды, қаланың құрамына Атырау қалалық әкімшілігінің 16 қала маңы ауылы және Махамбет ауданының 2 ауылы кіреді. Махамбет ауданынан қосылған жер ауданы 7145,0 гектарды құрайды.
Аумақтың перспективадағы сәулет-жоспарлауын ұйымдастыру қалыптасқан қаланы функционалдық аймақтарға бөлуді, қазіргі күрделі тұрғын үй және қоғамдық құрылыс қорын, көше-жол желісін, өзен бойындағы көгалдандырылған кеңістікті, табиғи-климаттық жағдай мен жоспарлаудағы шектеулер ескеріле отырып айқындалды.
Жайық өзені қаланы екі бөлікке: оң жағалауға және сол жағалауға бөледі.
Атырау қаласының Жайық өзенінің екі жағалауында орналасуы қаланың жоспарлану құрылымын алдын ала айқындады.
Өзен кеңістіктегі орталықты ұйымдастыруда негізгі рөл атқарады және жалпы қалалық орталықтың барлық жүйесі шығатын қаланың негізгі композициялық өзегі болып табылады.
Перспективада тұрғын үй құрылысының негізгі алаңы темір жолдың солтүстігіне қарай орналасады, онда жаңа тұрғын аудандар мен кешендерді ұйымдастыру болжанып отыр.
Бойында орта қабатты тұрғын үйлер мен қызмет көрсету объектілерін салу көзделіп отырған Молдағұлова көшесін солтүстікке қарай жалғастыру - оң жағалау ауданындағы негізгі жоспарлау өзегі болады.
Сол жағалауда салына бастаған аз қабатты құрылысты аяқтап, Жайық өзені мен Атырау-Индербор магистралі арасындағы бос аумақтарды игеру, сондай-ақ магистральдан шығысқа қарай бос аумақтарды пайдалану ұсынылады.
Жаңа аумақтарда негізінен үй-жайлық құрылыс жүргізілетін болады, ал көпқабатты және ортақабатты құрылыстарды жаңа жалпықалалық кіші орталықтар айналасында, жағалау маңындағы аймақтар бойымен және негізгі жалпықалалық магистральдар бойымен салу болжанып отыр.
Жобада қаланың қазіргі бөлігі – шартты түрде қаланың ескі бөлігі негізінен сақталып, кешенді реконструкциялау есебінен қаланың қазіргі бөлігінің сәулет кейпін одан әрі жақсарту және абаттандыру жалғастырылады, құндылығы жоқ тұрғын үй қорын бұзу және әкімшілік-басқару, мәдени-ойын-сауық орталықтарын, қонақ үй кешендерін, қаржы-іскерлік офистерді, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлер салуды көздеу болжанып отыр.
Сәулет-жоспарлау шешімі бойынша қала өнеркәсіптік және тұрғын аумақтарға айқын бөлінген. Тұрғын аумақтар Жайық өзенінің бойымен дами түсуде, ал өнеркәсіптік аумақтар қазіргі алаңдарда, сол сияқты қалаға кіретін магистральдар бойымен батыс пен шығыс бағыттарда дамуда. Бас жоспарда перспективада өнеркәсіптік аудандарды сақтап қалу, оларды ретке келтіру және желдің бағытына сәйкес одан әрі дамыту, сондай-ақ Атырау қаласының солтүстік-шығысына қарай Қаратабан разъезі ауданында химия саласының жаңа кәсіпорындарынан құралатын өнеркәсіптік аудан ұйымдастыру көзделеді.
Бас жоспарда резервтік тұрғын аумақтарды Жайық өзенінің қос жағалауымен солтүстікке қарай, ал өнеркәсіптік-қоймалық кәсіпорындарға арналған резервтік аумақтарды қалаға кіретін магистральдар бойына батыс және шығыс бағыттарда орналастыру ұсынылады.
Жобада қала шетіндегі және жайылма аумақтардағы өсіп тұрған жасыл желектерді барынша сақтай отырып, рекреациялық мақсаттағы объектілерді дамыту, түрлі мақсаттағы жасыл желектер жүйесін (саябақтарды, гүлзарларды, желекжолдарды, арнайы және санитариялық-қорғау аймақтарын) қалыптастыру көзделеді.
Тұтас алғанда бастапқы жылы құрылыс салынған және салынбаған аумақтың арақатынасы тиісінше 79,7% және 20,3% құрады, ал есепті мерзімге қарай 57,9% және 42,1% құрайды.
Аумақты пайдалану бойынша арақатынасты өзгерту қала маңы ауылдық округтері мен Махамбет ауданының жерлерін иеліктен шығару және қосу есебінен жоспарланып отыр.
Жалпықалалық және аудандық магистральдар жүйесі қалыптасқан көше-жол желісін барынша пайдалану, жоспарлы және тұрғын аудандар, өнеркәсіптік аймақтар мен сыртқы жолдар арасындағы ұтымды көлік қатынасын құра отырып қабылданған.
2. Қала құрылысы аймақтарына бөлу
Қала аумақтарын қала құрылысы аймақтарына бөлу мыналарға:
1) қолайлы және қауіпсіз өмір сүру ортасын құруға;
2) экологиялық ахуалды жақсартуға;
3) аумақтарды қауіпті табиғи және техногендік процестер әсерінен қорғауға;
4) қаланың аумақтық мүмкіндіктерінің тарихи және табиғи ерекшеліктері негізінде қаланың кеңістік тұжырымдамасын қалыптастыруға;
5) жасыл екпелер мен қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі – "қаланың табиғи қаңқасын" қалыптастыруға бағытталған.
Жоспарлаудағы шектеулер мен аумақтарды уақтылы пайдалануды ескере отырып, әрбір жоспарланатын аумақтық бірліктің функционалдық мақсаты және пайдалану қарқындылығы айқындалды.
Қала аумағы мынадай функционалдық аймақтарға бөлінген:
1) тұрғын үй аймағы;
2) қоғамдық (қоғамдық-іскерлік) аймақ;
3) рекреациялық аймақ;
4) инженерлік және көліктік инфрақұрылым аймақтары;
5) өнеркәсіптік (өндірістік) аймақтар;
6) арнайы мақсаттағы аймақтар;
7) санитариялық-қорғау аймақтары;
8) резервтік аумақтар (қала құрылысы ресурстары).
Әрбір қала құрылысы аймағы үшін оларды пайдалану және қолдануға шектеу қою бойынша регламенттер айқындалған.
5. Көліктік инфрақұрылым
Сыртқы байланыстар теміржол, автомобиль, әуе, су көліктерімен, сондай-ақ құбыржол арқылы қамтамасыз етіледі.
Атырау қаласы мен қала маңы аймағының шекараларындағы теміржол көлігі магистральды теміржол желілері мен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы станцияларынан, сондай-ақ жалғастырушы және кірме жолдардан тұрады.
Әуе көлігі. Қазіргі уақытта бүкіл Атырау облысында бір әуежай – "Атырау қаласының халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамы жұмыс істейді. Жасанды ұшу-қону жолағы үлкен және өте үлкен жүк көтеретін ұшақтарды қабылдауға арналған. Қазіргі кезде әуежайдың жүк және жолаушылар терминалдары құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде.
Су көлігі. "Атырауөзенпорты" акционерлік қоғамының сағалық порты мен оған келіп тірелетін теміржол перспективада сақталады.
Құбыржол көлігі. Қолданыстағы құбыржол көлігі жоба шекараларында магистральды жерасты мұнай құбырлары мен мұнай айдау станцияларынан, сондай-ақ газ құбырлары мен компрессорлық станциялардан тұрады.
Автомобиль көлігі. Атырау қаласына ортақ желідегі халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар бірқатар автомобиль жолдары келіп шектеседі.
Атырау қаласынан транзиттік көлік ағындарын шығару үшін қаланы айналып өтетін, ұзындығы 70,0 км айналма жол жобаланған. Солтүстік жартылай айналма жолдың ұзындығы – 26,0 км, онда екі деңгейлі 4 жол айырығы бар, оларды салу есепті мерзімге жоспарланған.
Көше-жол желісі. Қаланың барлық көше-жол желісі сыныптау бойынша жалпы қалалық және аудандық қозғалыстағы магистральды жолдарға, магистральды көшелерге, жергілікті маңызы бар көшелер мен жолдарға бөлінген.
Жобада көлденең бейіннің 12 типі әзірленген. Бас жоспар кезеңіне көше-жол желісінің өсуі бастапқы жылға қарағанда 377 км құрайды.
Көпір өткелдері. Жаңа жобаланатын құрылыста 6 автожол және 2 жаяу жүргіншілер көпірін салу көзделіп отыр.
Көлік айрықтары. Бас жоспарда екі деңгейлі 15 жол айрығы көзделген: автожол – 12, теміржол өткелі -3.
Жолаушылар көлігі. Бірінші кезек кезеңінде автобус жолаушылар көлігі желісінің ұзындығы – 200 (бары 91) км, есепті мерзімде 377 км құрайды.
Қала көшелері мен қызыл сызықтардағы жолдың жүру бөліктерінің енін пысықтау үшін осы жұмыста жүк және жолаушылар ағынының картограммасы әзірленді.
Жеке автомобилдерді тұрақтарда, гараждарда, паркингтерде сақтауды ұйымдастыру көзделген.
6. Аумақты инженерлік дайындау және инженерлік қорғау
1. Аумақты инженерлік дайындау
Аумақты инженерлік дайындау мынадай іс-шараларды:
1) аумақты тігінен жоспарлауды;
2) жерүсті ағыстарын ұйымдастыруды;
3) аумақты жерасты суларының жайылуынан қорғауды;
4) жасыл екпелерді суаруды ұйымдастыруды;
5) қала аумағын Каспий теңізінің ағынды толқынының басып қалуынан қорғауды;
6) Атырау қаласындағы қазіргі бар тасқынға қарсы дамбаларды жөндеуді және күшейтуді;
7) Атырау қаласындағы су тасу қаупі бар Жайық өзенінің түбін тереңдетуді және арнасын кеңейтуді, сондай-ақ жағаларын бекітуді қамтиды.
Бас жоспарда жерүсті суларын бұруды техникалық мақсаттарда одан әрі қолдану үшін, тазартылғаннан кейін нөсерлік кәріз арқылы сорғы станциясы жанындағы жинақтауыш орларға жабық жолмен айдаумен жүзеге асыру көзделген.
Нөсерлік кәрізді жобалау кезінде қаланың бүкіл аумағына айдайтын сорғы станциялары бар бірыңғай магистральды кәріз орнату көзделген.
Барлық жерлерде нөсерлік жүйе қаланың перспективадағы дренаждық жүйесімен бірге жобаланды. Дренаждық жүйе мен нөсерлік кәрізді бір траншеяда әртүрлі тереңдікте орналастыру ұсынылады.
Қауырт кезеңдерде (нөсер жаңбырлар, қардың қарқынды еруі) қар және жаңбыр суларын дренаждық сулардың қысымды кәрізі арқылы қаланың сыртына авариялық ағызып жіберуді қарастыру қажет.
Стационарлық сорғы станцияларын салу тиімсіз болатын Атырау қаласының солтүстігі мен оңтүстігіндегі кішігірім перспективалық құрылыс алаңдарында модульді тазарту қондырғыларын орнату көзделіп отыр.
Жерасты суларының басуынан қорғау үшін қалада қатты минералданған жерасты суларын өнімділігі аз жерлерден таңдалған қала шекарасынан шамамен 15–20 шақырымда орналасқан арнайы буландырғыш жинақтауышқа бұрып жіберумен дренаж жүйесінің бірыңғай кешенін құру ұсынылды.
Атырау қаласында қазіргі бар тасқынға қарсы дамбаларды жөндеу және күшейту бойынша, сондай-ақ Жайық өзенінің тасу қаупі бар арналарын тереңдету және кеңейту бойынша іс-шаралар ескерілді.
Жобаны әзірлеу кезінде қума толқын басуынан қорғау үшін табиғи дамба ретінде қолданылуы тиіс айналма автожол салу көзделеді.
2. Өрт қауіпсіздігі
Қазіргі уақытта қала аумағында 19 өрт сөндіру автомобилі бар 4 өрт сөндіру депосы орналасқан.
Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 177 бұйрығымен бекітіліп, 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген ҚР ҚН 2.02-30-2005 "Өртке қарсы қызмет органдары объектілерін жобалау нормаларына" сәйкес, перспективада халқының саны 350,0 мың адамды және аумағы 45871,0 гектарды құрайтын Атырау қаласы үшін жалпы саны 132 өрт сөндіру автомобилі бар барлығы 18 өрт сөндіру депосы қажет. Есепті мерзімнің соңына қарай қазіргі 4 өрт сөндіру депосынан басқа, 14 жаңа өрт сөндіру депосын салу болжанып отыр. Жобада қызмет көрсету радиусы 3,0 км болатын өрт сөндіру деполарын магистральды көшелер мен жалпықалалық маңызы бар жолдарға шыға алатын жер учаскелерінде салу ұсынылған, бұл ретте төтенше жағдайлар кезеңінде өрт сөндіру үшін қажетті автокөліктер резерві көзделген. Арнайы өрт сөндіру автомобильдерінің саны: автобаспалдақтар мен автокөтергіштер – 6, газ-түтіннен қорғау қызметі автомобильдері ? 3, байланыс және жарықтандыру автокөліктері – 2.
Өзеннің болуы адамдардың суда болуы кезінде адам өлімімен байланысты төтенше жағдайлардың туындауына әкелетін қосымша қауіп туғызады. Адамдар келетін ұйымдастырылмаған жағажайлардың болуы, оларды суда құтқару қызметінің болмауы демалушылар өлімі қаупін ұлғайтады. Осыған орай Бас жоспарда Жайық өзені жағалауындағы демалыс аймақтарында 1-разрядты құтқару станцияларын салу көзделіп отыр. Қысқы уақытта мұз астынан балық аулаумен шұғылданатын адамдарды құтқару үшін сең жүру алдында және сол кезде Жайық өзенін бақылауға арналған ауа қабы бар бірнеше кемені сатып алу қажет.
7. Инженерлік инфрақұрылым
1. Сумен жабдықтау
Қаланың тұрғын үй-коммуналдық секторы мен өнеркәсіптік кәсіпорындарын сумен жабдықтау Жайық өзенінен жерүсті су тартумен жүзеге асырылады.
Сумен жабдықтаудың жобаланатын схемасында су тарту құрылысын кеңейте, реконструкциялай және жаңғырта отырып, сумен жабдықтау көзі ретінде Жайық өзенін пайдалану сақталады.
2. Су бұру
Қалыптасқан су бұру жүйесі сақталады. Көп қабатты құрылыс орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз етіледі.
Қаланың оң жағалау және сол жағалау бөліктерін кәріздендіру жеке-жеке жүйелермен жүргізіледі.
Бас жоспарда қаланы Жайық өзенінің екі жағалауынан қуаты тиісті деңгейдегі және озық тазарту технологиялары бар тазарту құрылыстарымен қамтамасыз ету ұсынылады. Жаңа тазарту құрылысының жанынан табиғи аэрациясы бар биотоғандар орналастыруды көздеу ұсынылады, олар тазаланған сарқынды сулардың сапасын су тұтынушылардың пайда болуына қарай өнеркәсіптік сумен жабдықтау үшін пайдалану мүмкіндігіне дейін жеткізеді.
Қазіргі бар буландырғыш тоғандарды ("Тухлая балка") құрғату, зарарсыздандыру және одан кейін құнарлылығын қалпына келтіруді жүргізу ұсынылады.
Бас жоспарда қолданыстағы кәріз-сорғы станцияларын (бұдан әрі – КСС) реконструкциялау (сорғыш жабдықтарды ауыстыру, қалпына келтіру жұмыстары), сондай-ақ жаңа КСС салу көзделеді.
Өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін тазаланған сарқынды суларды қайта қолдануға мүмкіндік беретін айналмалы сумен жабдықтау жүйесін қарастыру қажет.
Кәріздендірілмеген тұрғын үй құрылыстарының сарқындылары орлар мен әжіқұдықтарда жиналып, кейіннен арнайы машиналармен жақын жердегі кәріз жүйесіне жеткізіледі.
3. Қала аумағын санитариялық тазарту
Есепті кезеңнің соңына қарай қатты тұрмыстық қалдықтың (бұдан әрі – ҚТҚ) болжамды көлемі 244,0 мың тоннаны құрайды. Қолданыстағы ҚТҚ полигонын жаңа аумаққа көшіру ұсынылады. Жаңа полигонның құрылысын жүргізу үшін 2013 жылы Атырау қаласынан солтүстік-батыс бағытта 15 км қашықтықта орналасқан ауданы 50 гектар жер учаскесі бөлінді.
Жаңа полигонда ҚТҚ-ны өңдеу зауытын салу ұсынылады.
Сондай-ақ Бас жоспарда: қалдықтарды кәдеге жарату кешенінің аумағында қайталама шикізатты сұрыптау және дайындау цехын салу; қалдықтарды термиялық кәдеге жарату алаңын салу (мазутталған топырақ пен құрамында мұнай бар қатты жанғыш қалдықтарды қабылдау және өңдеуге арналған); жоғары сапалы компост пен қарашірікті алу үшін тамақ және өсімдік қалдықтарын, жеке гигиена құралдарын қайта өңдеу технологиясын пайдалану ұсынылады.
4. Электрмен жабдықтау
Қаланың негізгі электр өндіру көздері – белгіленген электр қуаты 314 МВт құрайтын "Атырау жылуэлектрорталығы" акционерлік қоғамы және белгіленген қуаты 30 МВт Атырау мұнай өңдеу зауытының жылу электр орталығы болып табылады.
Атырау қаласының электрмен жабдықтау жағдайы 2013 жылға мынадай көрсеткіштермен сипатталды:
1) электр тұтыну – 762,757 млн. кВт.сағ;
2) электр жүктемесі барынша көп (жеке меншік) – 167 МВт;
3) электр станцияларының белгіленген және қолданыстағы қуаты – 332 және 326 МВт;
3) электр станцияларындағы электр өндіру – 801 млн. кВт.сағ.
Атырау қаласы бойынша электр жүктемелерінің жиынтығы мен жылдық электр энергиясын тұтыну жобалық кезеңдер бойынша:
1) бірінші кезекке: электр жүктемелері – 308,98 МВт, электр энергиясын жылдық тұтыну – 836,61407 млн. кВт.сағ.;
2) есепті мерзімге: электр жүктемелері – 432,8 МВт, электр энергиясын жылдық тұтыну – 1072,49080 млн. кВт.сағ.
Қаланың аумақтық дамуы желімен солтүстікке қарай жүреді. Сондықтан бұл аудандардың артып келе жатқан жүктемелерін жабу үшін тұтынушыларды сенімді түрде электрмен жабдықтайтын "кішкене көпір" схемасы бар екі жаңа кіші станция (әрі қарай – КС) салу ұсынылады. Қоршаған ортаны және халықты шудан және электр-магниттік әсерлерден қорғау мақсатында жобаланатын кіші станцияларды жабық түрде салу ұсынылады. Бірінші кезекте, "Новая" 110 кВ КС (Талқайран ауылы) бір кіші станцияны, ал екінші "Новая-1" 110 кВ КС (Алмалы ауылының оңтүстігіне қарай) есепті мерзімде салу ұсынылады.
Өнеркәсіптік кәсіпорындар жүктемелерінің өсуіне байланысты Оңтүстік-Шығыс өнеркәсіптік ауданындағы электр желілерін күшейту үшін 3 – орталық тарату станциясының жаңа кіші станциясын салу ұсынылады.
Тұтынушыларды сенімді түрде электр энергиясымен жабдықтауды қамтамасыз ету желілерін басқару жүйелерін енгізе отырып, қаланың электрмен жабдықтау жүйесін одан әрі дамыту үшін физикалық және моральды тұрғыда ескірген жабдықтарды бөлшектеп, жаңа құрал-жабдықтарды (микропроцессорлы қорғаныштары бар электрлік-газды және вакуумды ажыратқыштар және тағы басқалары) пайдалана отырып, қолданыстағы КС-тарды реконструкциялау қажет.
Бірінші кезекте мыналарды жүргізу ұсынылады:
1) қуатын тұтыну деңгейіне дейін ұлғайта отырып, тозығы жеткен 10/0,4 кВ кабельді трансформаторлық кіші станцияларды ауыстыру және кабельдік электр беру желілерін (бұдан әрі – КЭЖ) салу;
2) КЭЖ желілерін заманауи өлшеу аспаптарына ауыстыра отырып, реконструкциялау;
3) қазіргі қолданыстағы 6/0,4 кВ трансформаторлық кіші станциялардың қуаты жеткіліксіз болған кезде, оларды күшейту және 6/0,4 кВ жаңа трансформаторлық кіші станциялар орнату.
Атырау қаласында кернеуі 35 кВ желілерді одан әрі салу құпталмайды. Қалыпты жұмыс жасау үшін қолданыстағы кернеуі 35 кВ желілерді реконструкциялау және КС пен 35 кВ КЭЖ бөлшектей отырып, тұтынушыларды 110 кВ қуаттандыру орталығына біртіндеп ауыстыру көзделген.
5. Жылумен жабдықтау
"Атырау жылуэлектрорталығы" акционерлік қоғамы. Станцияның белгіленген электр қуаты – 314 МВт, жылу қуаты – 695 Гкал/сағ. Акционерлік қоғамның деректеріне сәйкес есепті жылы жылуды жіберу барлығы 591420 Гкал, оның ішінде, коммуналдық-тұрмыстық секторға – 388920 Гкал, өнеркәсіптік кәсіпорындарға – 202500 Гкал құрады.
Батыс аудандық (Фин) қазандығы. Қазандықтың жылу қуаты – 100 Гкал/сағ.
"Атырау Су Арнасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қазандығы. Қазандықтың жалпы жылу қуаты – 7,7 Гкал/сағ.
Қаланың ұсақ қазандықтарының жылу қуатының жиынтығы 100 Гкал/сағ құрады.
Өсіп келе жатқан жүктемелерді жабу үшін станцияның технологиялық жай-күйін қазіргі заманғы әлемдік стандарттар деңгейіне дейін жеткізе отырып, "Атырау жылу электр орталығы" акционерлік қоғамының ескірген жабдықтарын техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру, жаңғырту және ауыстыру қажет.
Оң жағалаудағы қазіргі бар Батыс аудандық қазандығын есепті мерзімде қосымша су жылыту қазандарын қою арқылы кеңейтіп, оны резервтегі қуат ретінде, сондай-ақ қауырт режимде пайдалана отырып, жылу қуатын 300 Гкал/сағатқа дейін жеткізу ұсынылады.
Бұдан басқа магистральды мұнай құбырларының артында орналасқан көп қабатты құрылыстарды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін жаңа екі коммуналдық қазандық салу ұсынылады.
Қаланың есептік жылу жүктемелерінің жиынтығы: бірінші кезекке – 2224 Гкал/сағ; есепті мерзімде – 2735 Гкал/сағ.
Жылу желілерінің жалпы ұзындығы екі жүз шақырымнан асады.
Магистральды жылу желілерінің жағдайы пайдалану мерзімінің ұзақтығына байланысты біршама тозғандығымен сипатталады.
Қазіргі кезде жылу желілерін, жабдықтарды реконструкциялауға және жаңғыртуға, жылуды оқшауландыру және тағы да басқа жұмыстарды жүргізуге бағытталған "Атырау жылу жүйесі" акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы іске асырылуда.
6. Газбен жабдықтау
Қала мен іргелес елді мекендерді жобалық кезеңде қаладан солтүстікке қарай 18-20 шақырым қашықтықта өтетін "Мақат – Солтүстік Кавказ" магистральды газ құбырынан газбен жабдықтау сақталады.
Жоғары, орташа және төмен қысымды газ құбырлары арқылы қалада қалыптасқан газ тарату жүйесі сақталады.
Есепті жылға қала бойынша газдың жылдық шығыстары – 2259,81 миллион текше метрді құрайды.
Қала шекараларының кеңеюіне және тұрғын құрылыстардың бос аумақтарға шығуына байланысты қолданыстағы "Газпроммаш-50" газ тарату станциясы (одан әрі – ГТС) қала шегінде қалды. Нормативтік құжаттамалардың талаптарына сәйкес "Газпроммаш-50" ГТС-ын жаңа аумаққа ауыстыру ұсынылады.
7. Радиохабар тарату және телевизия
Бас жоспарда халықты төтенше жағдайлар кезінде хабардар ету жүйесін қамтитын эфирлік радиохабар таратуды дамыту қажеттілігі атап көрсетіледі.
8. Шаруашылық қызметтің қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау
Атырау қаласының негізгі атмосфералық ауа ластағыштары атмосфераға айтарлықтай шығарынды жасайтын қаланың ірі кәсіпорындары болып табылады. Осы кәсіпорындар көздерінен атмосфералық ауаға жалпы мөлшері жылына 40 мың тоннадан астам заттар шығарылады.
Қарастырылып отырған кәсіпорындардың жалпы шығарындыларының негізгі үлесі "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамының Атырау мұнай құбыры басқармасына (29,09%) және "Атырау мұнай өңдеу зауыты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (27,70%) тиесілі. Пайыздық көрсеткіші бойынша бұлардан кейін "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары қалалық бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулыавтобаза" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны (18,04%), "Атырау жылуэлектрорталығы" акционерлік қоғамы (13,18%) және "Атырау" мұнай айдау станциясы (5,5%) орналасқан. Қалған кәсіпорындардың жалпы шығарындылары (т/жыл) 2-ден кем және тіпті 1% құрайды.
Атмосфералық ауадағы жердегі шоғырландырудың есептік талдауы олардың жол берілетін 1 шекті шоғырландырудан (жобада қарастырылған қалған кәсіпорындардың үлесі) аспайтынын анықтады.
Атмосфераның ластану индексі бойынша Атырау қаласы Қазақстан Республикасы қалаларының ішінде оныншы орында тұр.
Атырау қаласының қоршаған табиғи ортасының сапасын сақтау және жақсарту мақсатында осы жобада техногенді әсерді азайту шаралары ұсынылады.
Олардың қатарына мынадай іс-шаралар жатады:
1) құрылыс жүргізу үшін жақсы желдетілетін, жер қабаты ластануының инверсия және кумуляция құбылыстарынан тыс аумақтарды таңдау;
2) тұрғын үйлерге дейін нормативтік санитариялық-қорғау аймақтарын сақтамайтын өнеркәсіптік кәсіпорындарды тұрғын үй құрылыстарынан тысқары шығару;
3) қаладағы микроклиматтық жағдайды жақсартуға ықпал ететін жасыл екпелердің санитариялық-қорғау, судан қорғау және желден қорғау жолақтары бар жалпы қолданыстағы бірыңғай, өзара байланысты жасыл екпелер жүйесін ұйымдастыру;
4) 500 метрден 1000 метрге дейінгі ауқымды санитариялық-қорғау аймақтарын құруды талап ететін химия саласындағы жаңа өнеркәсіптерден тұратын өнеркәсіптік аудандарды ұйымдастыру;
5) Бас жоспар бойынша өнеркәсіп алаңдарында орналасқан тұрғын алаптарын, олардың орнына санитариялық-қорғау аймақтарды ұйымдастыра отырып, біртіндеп шығару.
Су ресурстарын ұтымды пайдалану және ластану мен таусылудан қорғау әрі санитариялық-эпидемиологиялық қолайлылығы мақсатында Бас жоспарда су қорғау іс-шаралары кешені көзделген, олардың ішінде мыналар негізгі болып табылады:
1) Жайық өзенінен белгіленген ресми су қорғау аймақтары мен жолақтарын және оларды қолдану регламенттерін сақтау;
2) қолданыстағы шаруашылық-ауыз сумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйесін реконструкциялау және жаңғыртылған жүйе салу;
3) барлық сүзу станцияларында ауыз суды натрий гипохлоридімен зарарсыздандыру;
4) қаланың қазіргі және жаңадан жобаланып жатқан аудандарында қолданыстағы кәріз желілерін реконструкциялау және жаңаларын салу;
5) биологиялық тазартылған сарқынды суларды қолданыстағы буландырғыш жинақтауышқа жібере отырып, өнеркәсіптік сумен жабдықтауға су жеткізу үшін қосымша терең тазарту құрылыстарын салумен, биологиялық тазарту құрылыстарын салып, қаланың оң жағалау бөлігіндегі орталықтандырылған кәріз жүйесін кеңейту және реконструкциялау;
6) қаланың сол жағалау бөлігінде орналасқан толық жасанды биологиялық тазартатын жаңа (ішінара салынған) жаңғыртылған кәріздік тазарту құрылыстарын салу;
7) табиғи аэрациясы бар кәріздік-тазарту станциясы (бұдан әрі – КТС) жанынан биотоғандар құру, бұл тазартылған сарқынды сулардың сапасын су тұтынушыларының пайда болуына қарай өнеркәсіптік сумен жабдықтауға пайдалану мүмкіндігіне дейін жеткізуге мүмкіндік береді;
8) тазартылған және жете тазартылған сарқынды суларды өнеркәсіптік сумен жабдықтауға, жасыл екпелерді суаруға және жол жабындарына су шашуға пайдалану;
9) қаланың тұрғын аумақтарында орналасқан өнеркәсіптік аймақтар, құрылыс алаңдары, қойма шаруашылықтары, автошаруашылықтар аумақтарынан, сондай-ақ аса ластанған учаскелерден (бензин құю станцияларынан, автотұрақтардан, автобус станцияларынан, сауда орталықтарынан) шыққан ластанған сарқынды суларды жауындық су бұру жүйесіне немесе орталықтандырылған су бұру жүйесіне жіберуден бұрын алдын ала тазарту;
10) модульдік тазарту қондырғыларын орната отырып нөсерлік кәріз салу;
11) "Тухлая балка" буландыру алқаптарында топырақ құнарлылығын қалпына келтіру іс-шараларын жүргізу;
12) қалдықтарды жинау, тасымалдау және кәдеге жарату жүйесін жетілдіру;
13) ҚТҚ полигоны базасында ҚТҚ өңдеу зауытын салу.
Атырау қаласының Бас жоспарында көзделген іс-шаралар кешені қолайлы әрі жайлы тыныс-тіршілік ету ортасын қалыптастыруға бағытталған.
9. Атырау облысының Атырау қаласы бас жоспарының негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштері
*қалаға қосылатын елді мекендерді есепке ала отырып
**жобалау шешімдерін іске асыру жөніндегі инвестициялардың шамамен алғандағы көлемі ҚР ҚН 3.01-00-2011 "Қазақстан Республикасында қала құрылысы жобаларын әзірлеу, келісу және бекіту тәртібі туралы нұсқаулыққа" (2013 ж. 12.12 өзгерістермен) сәйкес көзделеді. Инвестициялар бойынша болжанған көрсеткіштер болжамды және ұсынымдық сипатқа ие, ұқсастықтары бойынша және ірілендірілген көрсеткіштермен есептелген. Алдағы уақытта қаланы дамытудың жобалық кезеңдеріне арналған нақты бағдарламаларды жасау кезінде қаржыландыру көлемі мен көздері республикалық және жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, тиісті жылдарға арналған бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.