Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы ветеринария және жануарлар саулығын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Исабекұлы Мырзахметовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы ветеринария және жануарлар саулығын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б.Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 835 қаулысымен мақұлданған | |
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы ветеринария және жануарлар саулығын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі Ветеринария және жануарлар саулығын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасуды қалай отырып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Келісімнің нысанасы
Осы Келісімнің нысанасы жерүсті және су жануарлары ауруларының бақылануын, профилактикасын және жойылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ауруларды байқау және мониторингтеу жүйелеріне жәрдемдесу, мұнда және бұдан әрі "кодекстер" деп аталатын, Дүниежүзілік жануарлар саулығын қорғау ұйымының (ХЭБ) Жерүсті және су жануарларының саулығы кодекстерінде айтылған тауарлар сауда-саттығын жеңілдету мақсатындағы өзара ынтымақтастық болып табылады.
2-бап. Анықтамалар
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер ХЭБ кодекстерінде және олардың кейінгі өзгерістері мен толықтыруларында қолданылатын терминдерге сәйкес келетін мәнге ие.
3-бап. Құзыретті органдар
1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті және Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы джихады министрлігінің Иран ветеринария ұйымы осы Келісімнің іске асырылуын қамтамасыз ететін құзыретті органдар болып табылады.
2. Құзыретті органдар өз атаулары мен функцияларындағы қандай да бір өзгерістер туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.
4-бап. Ақпарат алмасу
1. Уағдаласушы Тараптар өздерінің зерттеу және ғылыми орталықтары арасындағы кодекстерде көрсетілген аурулардың бақылануы, профилактикасы және жойылуы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың дамуына ықпал етуге міндеттенеді және алынған нәтижелер туралы ақпаратты екінші Уағдаласушы Тараптың келісімінсіз үшінші тарапқа бермеуі тиіс. Бұдан басқа Уағдаласушы Тараптар өтініш бойынша көрсетілген салаларда одан арғы өзара уағдаластықтарға және келісімдерге сәйкес бір-біріне өзара көмек көрсетуге міндеттенеді.
2. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары мүмкіндігінше қысқа мерзімде ветеринария саласындағы қолданыстағы заңдар мен қағидалар, осы құжаттарға енгізілетін өзгерістер туралы ақпарат алмасады.
5-бап. Импорт, экспорт және транзитке қатысты талаптар
1. Осы Келісімде көзделген тауарлардың импорты, экспорты және транзиті кодекстерде айтылған ветеринариялық-санитариялық басшылық ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Уағдаласушы Тараптардың бірінің аумағына осы Келісімде көзделген тауарлар импорты импорттаушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органынан алдын ала рұқсат алуды талап етеді. Аталған рұқсаттар импорттаушы елдің ресми тілінде және ағылшын тілінде импортқа қойылатын ветеринариялық-санитариялық талаптарды қамтиды.
3. Экспорттаушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органы импорттаушы елдің ресми тілінде, егер талап етілсе, ағылшын тілінде де ветеринариялық саулық сертификатын беру жолымен импорттаушы Уағдаласушы Тараптың ветеринариялық-санитариялық талаптарын орындайды. Уағдаласушы Тараптар сертификаттың кодекстерде көзделген талаптарға сәйкестігін куәландырады. Берілген ветеринариялық сертификаттың түпнұсқасы шекаралық ветеринариялық пункттерде ветеринариялық инспекторларға ұсыну мақсатында жүктермен бірге берілуі тиіс.
4. Уағдаласушы Тараптардың бірінің аумағы арқылы тауарлар транзитіне екінші Уағдаласушы Тараптың құзыретті органдарынан алдын ала рұқсат алғаннан кейін рұқсат етіледі. Тауарлар транзиті кезінде транзитке арналған рұқсат негізінде ветеринариялық саулық сертификаты бірге беріледі.
6-бап. Импортқа және профилактикалық іс-шараларға қойылатын арнайы талаптар
Уағдаласушы Тараптар:
1) осы Келісімде көзделген тауарлар импортына ерекше талаптар белгілеуге;
2) көрсетілген арнайы талаптар сақталмаған жағдайда, осы Келісімде көзделген тауарлар импортына тыйым салуға;
3) осы Келісімде көзделген тауарлар импорты үшін рұқсат етілген шекара пункттерін айқындауға және бұл туралы екінші Уағдаласушы Тарапты хабардар етуге;
4) ілеспе құжаттарды тексеруге және бақылауға, кодекстерде айтылған ауру қоздырғыштарының және адам мен жануарлар саулығына қауіп төндіретін ауру қоздырғыштарының жоқтығына растама алу мақсатында импортталатын тауарларға органолептикалық зерттеулер, сынамаларды іріктеу және зерттеп қарау жүргізуге;
5) импортталатын тауарлардың адам мен жануарлар саулығына, өміріне қауіп төндіретін ауру қоздырғыштарымен контаминациясы (ластануы) белгіленген жағдайда, жүкті кері қайтаруға немесе жоюға әрі себептерін көрсетіп және растаушы құжаттарды бере отырып, жазбаша нысанда екінші Тарапты хабардар етуге құқылы.
7-бап. Сот органдарына қолжетімділік
Жоғарыда көрсетілген тауарлар партиялары осы Келісімнің 6-баптың 5) тармақшасына сәйкес кері қайтарылған немесе жойылған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар немесе олардың азаматтары шығын келтірген мән-жайларға байланысты контаминацияның (ластанудың) жоқтығын негіздейтін себептер мен негіздерді сипаттай отырып, екінші Уағдаласушы Тараптың сот органдарына талап арыз беруге және залалды өтеуге қатысты талап қоюға құқылы.
8-бап. Бірлескен іс-шаралар
1. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары алдын ала келісу бойынша осы Келісімде көзделген тауарларды қадағалауды, қарап тексеруді, зерттеп қарауды және зертханалық зерттеуді қамтитын бірлескен іс-шараларды жүзеге асыра алады. Көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру үшін қажетті Уағдаласушы Тараптардың бірінің аумағындағы үй-жайлар, жабдықтар екінші Уағдаласушы Тарапқа берілуі тиіс.
2. Барлық шығыстарды жолдаушы Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде өзі көтереді.
9-бап. Басқа келісімдерге қатынасы
Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы Тараптардың басқа халықаралық келісімдер шеңберіндегі құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
10-бап. Бірлескен комиссия
1. Уағдаласушы Тараптар комиссия құруға уағдаласты, ол Уағдаласушы Тараптардың саны тең болуы тиіс сарапшыларынан тұрады. Комиссияның отырыстары әрбір екі жыл сайын Уағдаласушы Тараптардың бірінің аумағында кезек-кезек өтіп тұрады.
2. Комиссия өкілеттіліктерінің шеңбері мынадай:
осы Келісімнің тиісінше орындалуын қадағалау;
жануарлардың саулығы мен ветеринария саласында ақпарат алмасу және сарапшылар пікірін алмасу;
осы Келісімді іске асыру нәтижесінде туындауы мүмкін проблемаларды шешу;
осы Келісімнің түпмәтінінде ұсынылатын өзгерістер енгізуді және қайта қарауды ұсыну.
3. Комиссияның отырыстарына қатысу үшін әрбір қатысушы делегация өз шығыстарын өзі жабады, бірақ отырыс өткізу уақытында болу еліндегі шығыстарды қабылдаушы ел жабады.
11-бап. Дауларды реттеу
Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты туындайтын кез келген келіспеушіліктер дипломатиялық арналар бойынша және Уағдаласушы Тараптардың консультациялары арқылы шешіледі.
12-бап. Келісімге түзетулер
Осы Келісім тек Уағдаласушы Тараптардың жазбаша келісімі бойынша ғана өзгертілуі мүмкін. Кез келген түзету осы Келісімнің 13-бабының ережелеріне сәйкес күшіне енеді.
13-бап. Күшіне ену
Осы Келісім күшіне ену үшін қажетті барлық ішкі рәсімдердің орындалғанын растайтын соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар бойынша келіп түскен күннен бастап отыз (30) күн өткеннен кейін күшіне енеді.
Осы Келісім шектелмеген уақыт кезеңіне жасалды. Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарапқа дипломатиялық арналар бойынша жазбаша нота жолдай отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Қолданысын тоқтату екінші Уағдаласушы Тарап хабардар етілген күннен бастап отыз (30) күн өткеннен кейін күшіне енеді.
20 ___ "___" _________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, парсы, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада қол қойылды, барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Алшақтықтар болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Иран Ислам РеспубликасыныңҮкіметі үшін |