Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қою туралы ұсыныс енгізілсін.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б.Сағынтаев |
Жоба |
Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы
ШАРТ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан
өздерінің халықтары арасында тарихи тұрғыдан қалыптасқан байланыстар мен тату көршілік дәстүрлеріне сүйене отырып,
1993 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Түркменстан арасындағы достық қатынастар және ынтымақтастық туралы шартты негізге ала отырып,
стратегиялық әріптестік қатынастарын одан әрі нығайту Қазақстан мен Түрікменстан халықтарының өзара тиімді көпсалалы ынтымақтастықты дамыту мен гуманитарлық қарым-қатынастарды кеңейтуге деген ұмтылысына жауап береді деп санай отырып,
өзара мүдделілік туғызатын екіжақты және көпжақты мәселелер бойынша тұрақты саяси диалогты тереңдетуге деген өзара талпынысты негізге ала отырып,
Қазақстан мен Түрікменстан халықтары мәдениеттерінің ортақтығын ескере отырып,
ұлттық дамуға жәрдемдесу мақсатында экономика саласындағы ынтымақтастыққа басым мән бере отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымының, Хельсинки қорытынды актісінің және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы шеңберінде қабылданған басқа да құжаттардың негізгі мақсаттары мен қағидаттарын ұстанатынын растай отырып,
Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) және оны барша аспектілерінде таратпау режимін толық әрі тиімді жүзеге асырудың халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін өмірлік маңызы бар екенін атап көрсете отырып,
2006 жылғы 8 қыркүйектегі Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты одан әрі нығайту қажеттігіне ерекше мән бере отырып,
Тараптардың әрқайсысының бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей, өздерінің ұлттық мүдделері мен мемлекеттік даму мақсаттары негізінде салиқалы және жауапты сыртқы саясатты жүзеге асыруға деген егемендік құқығын өзара тану мен құрметтеуді негізге ала отырып,
Орталық Азияда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жауапкершілік деңгейінің жоғары екенін ұғына отырып,
тығыз әріптестікті Қазақстан-Түрікменстан ынтымақтастығының әлеуеті мен өзекті қажеттіліктеріне сай келетін сапалық жаңа деңгейге шығаруға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
Тараптар өз қатынастарын теңдік, өзара сенім, стратегиялық әріптес және жан-жақты ынтымақтастық негізінде орнатады.
Тараптар мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу, тең құқықтылық пен ішкі істерге араласпау, экономикалық және өзге де қысым көрсету тәсілдерін қоса алғанда, күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қорқытпау, дауларды бейбіт жолмен реттеу, адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеу, халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидаттарын, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыжұрт таныған басқа қағидаттары мен нормаларын басшылыққа алуға міндеттенеді.
Тараптар аумақтық тұтастықты құрметтейді және 2001 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау процесі туралы шарттың және 2014 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізінің түбін Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында бөлу туралы келісімнің ережелерінде айқындалған Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекараның мызғымастығын растайды.
Тараптар халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтастық пен қарым-қатынастарды кеңейтеді, өзара мүдделілік туғызатын мәселелер бойынша өз ұстанымдарын келісу үшін консультациялар жүргізеді.
Тараптар халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жанжалдарды болғызбау және мемлекеттер арасындағы қатынастарда халықаралық құқықтың жалпыжұрт таныған қағидаттары мен нормаларының басымдығын қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсайды.
Тараптар жаппай қырып-жою қаруының барлық түрлері мен оларды жеткізу құралдарын таратпау мәселелерінде өзәра іс-қимыл жасасады.
Тараптар терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне, трансұлттық ұйымдастырылған қылмыскерліктің әртүрлі нысандарына, сыбайлас жемқорлыққа, сондай-ақ есірткі заттарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының, қару-жарақтың заңсыз айналымына, мәдени құндылықтардың контрабандасы мен заңсыз әкетілуіне, көлік қызметіне заңсыз араласу актілеріне, заңсыз көші- қонға, оның ішінде жеке тұлғалардың өз аумағы арқылы заңсыз жүріп-тұруына, адам саудасына қарсы күресте, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында, сондай-ақ қауіпсіздіктің жаңа қатерлері мен сын-қатерлерінің басқа да көріністеріне қарсы күресте ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді.
Тараптар екі мемлекеттің парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы қарым-қатынастар мен байланыстарды дамытуға және нығайтуға жәрдемдеседі.
Тараптардың әрқайсысы өздерінің арасындағы халықаралық шарттарға, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларына сәйкес, басқа Тараптың аумағында тұратын өз азаматтарының құқықтарын қорғайды және оларға қолдау көрсетеді.
Тараптар екі мемлекет азаматтарының жүріп-тұруын өзара қамтамасыз етуді қоса алғанда, көші-қон процестерін басқару жөніндегі келісілген шаралар кешендерін жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырады.
Тараптар өздерінің аумағында тұратын Тараптар диаспораларының этностық, тілдік, мәдени және діни өзіндік ерекшелігін құрметтейді әрі таниды және осы өзіндік ерекшелікті сақтау мен дамытуға жағдай жасайды.
Тараптар ұзақ мерзімді перспективаларды ескере отырып және өзара тиімді шарттарда екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, коммуникациялар, туризм, ғылым, мәдениет, білім, денсаулық сақтау, технологиялар, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы байланыстарды дамытуға және нығайтуға ықпал етеді.
Тараптар осы мақсаттарда тауарлар, көрсетілетін қызметтер нарығына кемсітпеушілік негізде өзара қол жеткізуді жақсарту, контрабандаға және жосықсыз бәсекеге қарсы іс-қимыл жасасу үшін қажетті құқықтық, экономикалық, қаржылық және саудалық жағдайлар жасайды.
Тараптар екі мемлекеттің заңнамалары негізінде, бірлескен лизингтік компанияларды, жоғары технологиялық және ғылымды көп қажетсінетін салаларда бірлескен кәсіпорындарды, сауда өкілдіктерін құру, өзара тиімді жобаларды іске асыру жөніндегі шараларды жүзеге асырудың орынды екендігін мойындайды.
Тараптар өндірістік, банктік және коммерциялық салаларда ұлттық капиталдарды пайдалануда прогрессивті ынтымақтастық нысандарын дамытуға жәрдемдеседі.
Тараптар тауарлар мен көрсетілетін қызметтер алмасуды көтермелеу және оларға жәрдемдесу мақсатында, сондай-ақ Тараптар арасындағы сауданы ұзақ мерзімді дамыту мен әртараптандыруға қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының "Энергия тасымалдаушылардың сенімді және тұрақты транзиті және оның орнықты даму мен халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етудегі рөлі" атты Қарарының негізгі ережелерін, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының 2015 жылғы 23 қаңтардағы № A/RES/69/137 қарарымен бекітілген Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер үшін 2014 - 2024 жылдарға арналған Вена іс-қимыл бағдарламасында қамтылған тиісті ережелерді назарға ала отырып, энергетика жүйелерін басқару, су ресурстары, теміржол көлігі, машина жасау, информатика және байланыс салаларындағы кешендер мен біртұтас жүйелерді дамытуға ықпал етіп, осы салалардағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Тараптар Халықаралық Аралды құтқару қоры, оның Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы және Орнықты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссия сияқты құрылымдарын қоса алғанда, Орталық Азиядағы су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастықтың маңызды алаңдары болып табылатынын мойындай отырып, көрсетілген өзара іс-қимыл тетіктерінің қызметін одан әрі нығайту және жетілдіру үшін әрекет етеді.
Тараптар Арал теңізінің экологиялық жүйесін қалпына келтіру ісінде күш-жігерді біріктіреді және үйлестіреді, осы саладағы халықаралық және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруда өзара іс-қимыл жасасады.
Тараптар Каспий теңізін және трансшекаралық су ағындарын қорғауға ерекше көңіл бөле отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар энергиялық-экологиялық стратегияны және жасыл технологиялар трансфертін іске асыру жөніндегі жаһандық әріптестік шеңберінде екіжақты және көпжақты деңгейлерде әртүрлі ынтымақтастық нысандарын қолдайды және көтермелейді.
Тараптар жекелеген халықаралық шарттар негізінде, өздерінің аумақтарындағы ірі экологиялық апаттардың зардаптарын жоюда бір-біріне жәрдемдеседі, сондай-ақ табиғи және техногендік факторлардан туындаған және халықтың тыныс-тіршілігіне қатер төндіретін төтенше жағдайлар туындаған кезде өзара көмек көрсетеді.
Тараптар екі мемлекеттің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытуға, сондай- ақ халықаралық транзиттік телекоммуникациялық маршруттарды жасауға және дамытуға барынша жәрдемдеседі. Осы мақсаттарда Тараптар "Қазақстан-Түрікменстан-Иран" теміржолының тиімділігін арттыруға және Каспий теңізінде теңіз арқылы тасымалдарды дамытуға ықпал етеді.
Тараптар өз аумақтарында Тараптардың заңнамасына және уағдаластықтарына сәйкес өз жолаушылары мен барлық жүк түрлерін автомобиль, теміржол, әуе, құбыржол көлігімен және басқа да көлік түрлерімен тасымалдауға және транзиттеу еркіндігіне қолайлы жағдайларды өзара қамтамасыз етуге кепілдік береді және көрсетілген салалардағы ынтымақтастыққа қолайсыз жағдайлар жасауға бағытталған шаралар қабылдаудан қалыс қалады.
Екі елдің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында ұлттық мүдделерді ескере отырып, көліктік-транзиттік салада тарифтік преференциялар қолдануды қоса алғанда, Тараптардың инфрақұрылымы пайдаланылатын болады.
Тараптар жекелеген халықаралық шарттар негізінде ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік шекараны күзету мәселелерінде, әскери және әскери-техникалық салада ынтымақтасады, сондай-ақ екі мемлекеттің тиісті ведомстволары арасындағы қарым-қатынастарға жәрдемдеседі.
Тараптар екі мемлекеттің мәдениет және білім беру мекемелері арасындағы қарым-қатынастарды, сондай-ақ мамандар алмасуды көтермелейді.
Тараптардың әрқайсысы өз азаматтарының, оның ішінде өз оқу орындарында басқа Тарап тілін үйренуіне, оның мәдениетімен, өнер туындыларымен, әдебиетімен, баспасөз басылымдарымен танысуына мүмкіндік береді.
Тараптардың әрқайсысы басқа Тарап мамандарының зерделеуі мен зерттеуі үшін өз мемлекетінің архивтік, тарихи құжаттарымен танысу құқығын беруге жәрдемдеседі.
Тараптар екі мемлекет халықтарының рухани және мәдени жақындығын сақтап қалуға барынша ықпал етеді.
Тараптар шығармашылық одақтар мен бірлестіктер, мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері арасындағы тарихи тұрғыдан қалыптасқан байланыстар мен қарым-қатынастар негізінде бірыңғай мәдени кеңістікті нығайтуға арналған жағдайларды қамтамасыз етеді, Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан халықтарының этностық және тілдік өзіндік ерекшеліктерін сақтауына ықпал етеді, мәдениеттің, өнердің, туризм мен спорттың әртүрлі салаларындағы ынтымақтастықты және еркін ақпарат алмасуды барынша көтермелейді.
Тараптар Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның әкімшілік-аумақтық бірліктері арасында өңіраралық ынтымақтастық пен шекарамаңы ынтымақтастығын дамытуға, олардың, оның ішінде азаматтардың өзара сапарлары саласында тиімді өзара іс-қимыл жасасуына қолайлы жағдайлар жасауға, екі мемлекеттің өңірлері арасындағы саудалық, шаруашылық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жәрдемдеседі.
Тараптар жекелеген халықаралық шарттар негізінде ғылым және техника саласында, іргелі зерттеулерді жүзеге асыруда, ғарыштық бағдарламалар мен әзірленімдерді қоса алғанда, бірлескен жобалар мен әзірленімдерді іске асыруда ынтымақтастықты дамытады, бірлескен ғылыми-өндірістік ұжымдар құруға және олардың қызметіне жәрдемдеседі.
Тараптар халықтың денсаулығын сақтау, медициналық ғылым мен практиканы дамыту, оның материалдық-техникалық базасын нығайту саласында ынтымақтасады, басқа Тараптың денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы шеңберінде халыққа медициналық, сондай-ақ консультациялық көмек көрсетуде қолжетімділікті сақтайды.
Тараптар дене шынықтыру-спорт қозғалысын дамытуға ұмтылысты басшылыққа ала отырып, спортшылар даярлау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, бұқаралық спортты және спорт ғылымын дамытуға жәрдемдеседі.
Тараптар әртүрлі халықаралық спорт ұйымдарында бір-бірін қолдап отырады.
Тараптар жастар саясаты саласында, екі мемлекеттің жастар ұйымдары арасындағы байланыстарды көтермелеу саласында қатынастарды жандандырады. Жастармен жұмыстағы ынтымақтастық ардагерлер бірлестіктерін тарта отырып, тиісті мемлекеттік билік органдары мен жастардың қоғамдық ұйымдары қатыстырылатын бірлескен жобалар негізінде құрылады.
Тараптар осы Шартты орындау мақсатында өзара мүдделілік тудыратын нақты ынтымақтастық салаларында халықаралық шарттар жасасуы мүмкін.
Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты даулар Тараптардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
Осы Шарт Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркелуге жатады.
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Шарт ратификациялануға жатады және ратификациялау грамоталарын алмасқаннан кейін отыз күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
Осы Шарт бір Тарап басқа Тараптан оның қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады.
_____ жылғы "_" _____ _____ қаласында әрқайсысы қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушілік туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасы | Түрікменстан |
Үшін | үшін |