Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 5 қыркүйектегі № 538 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі
ядролық және радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық-қауіпті заттарды кедендік бақылаудың Тараптардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында халықаралық міндеттемелерді орындау үшін маңызды мәні бар екеніне сенім білдіре отырып;
кедендік шекаралар арқылы ядролық және радиоактивті материалдарды заңсыз өткізу Тараптар мемлекеттерінің қауіпсіздігіне елеулі қатер болып табылатынын назарға ала отырып;
ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбау қажеттігін тани отырып;
төмендегілер туралы келісті.
Терминдердің анықтамасы
Осы Келісімді іске асыру мақсатында мынадай терминдер пайдаланылады:
1. "ядролық материалдар" – плутоний-238 бойынша 80 %-дан асатын изотоптар шоғырланған плутонийді қоспағандағы плутоний, уран-233, уран-235-тің немесе уран-233-тің изотоптарымен байытылған уран; табиғатта кеннен немесе кен қалдықтарынан ерекшеленетін нысанда кездесетін изотоптар қоспасын қамтитын уран және жоғарыда аталған элементтердің бірін немесе одан көбін қамтитын кез келген материал; мұнда "уран-235-тің немесе уран-233-тің изотоптарымен байытылған уран" дегеніміз уран-235-тің немесе уран-233-тің изотоптарын қамтитын немесе осы изотоптар жиынтығынан артық пайызы уран-238 изотопымен салыстырғанда табиғатта кездесетін уран-238 изотопымен салыстырғандағы уран-235 изотопының пайызына қарағанда жоғары көлемде болатын екі изотопты да қамтитын уранды және бөлінетін (ыдырайтын) радионуклидтерді қамтитын немесе оларды жаңғырта алатын басқа да материалдарды білдіреді;
2. "радиоактивті материалдар" – иондаушы сәулеленуді шығаратын, ядролық материалдарға жатпайтын заттар;
3. "радиоактивті қалдықтар" – одан әрі пайдалануға жатпайтын материалдар мен заттар, сондай-ақ жабдықтар, бұйымдар және пайдаланылған радиоактивті заттар, радионуклидтерді қамтуы тиісті өлшемшарттарда, ұлттық нормаларда және қағидаларда белгіленген деңгейден асатын аппараттар мен құрылғылар;
4. "радиациялық-қауіпті заттар" – әртүрлі себептерге орай иондаушы сәулелену деңгейі жоғары болатын, оның ішінде радионуклидтермен ластанған және табиғи радионуклидтерден радиоактивтілікті қамтитын, радиациялық сипаттамалары радиациялық қауіпсіздік нормаларымен және санитариялық нормалармен белгіленген мәннен асатын жабдықтар және бұйымдар; радиациялық бақылаудың өзара танылған бірыңғай нормалары айқындалғанға дейін осы нормалар импорт елінде немесе сол арқылы транзит жүзеге асырылатын елде қолданылатын радиациялық қауіпсіздік нормалары мен санитариялық нормалар болып табылады;
5. "радиациялық бақылау" – заңсыз өткізілетін ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды анықтау мақсатында Тараптардың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға, көлік құралдарына, халықаралық пошта жөнелтілімдеріне, сондай-ақ өтетін жеке тұлғаларға және олар алып өтетін тауарларға қатысты Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары радиациялық бақылаудың техникалық құралдарын қолдана отырып жүргізетін іс-шаралар кешені;
6. "табиғи радиациялық фон" – ғарыштық сәулеленуден және жерде, суда, ауада, биосфераның басқа да элементтерінде, тамақ өнімдерінде және адам организмінде табиғи түрде таралған табиғи радионуклидтердің сәулеленуінен болатын сәулелену дозасы;
7. "иондаушы сәулелену" – ортамен өзара жанасқан кезде әртүрлі белгіде иондарды түзетін қуатталған, қуатталмаған бөлшектерден және фотондардан тұратын сәулелену.
Келісімнің мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты:
Тараптардың ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбау мақсатында кедендік бақылау саласындағы ынтымақтастығын кеңейту және тереңдету;
Тараптардың радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету;
Тараптар мемлекеттері азаматтарының радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес әкелуге тыйым салынған ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық-қауіпті заттарды Тараптар мемлекеттерінің аумағына әкелуге жол бермеу болып табылады.
Ынтымақтастық саласы
1. Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Тараптар Қазақстан-Қытай кедендік шекарасы арқылы ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбау саласындағы өздерінің құзыреті және мүмкіндіктері шегінде ынтымақтасады.
2. Тараптар Қазақстан-Қытай кедендік шекарасындағы өткізу пункттерінде радиациялық бақылаудың қазіргі заманғы технологияларын және жабдықтарын енгізу мәселелері бойынша, сондай-ақ өзара мүддені білдіретін басқа да мәселелер бойынша ынтымақтасады.
3. Тараптар Қазақстан-Қытай кедендік шекарасы арқылы ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізумен күрестегі ынтымақтастықты үйлестіру және оның тиімділігін арттыру мақсатында бірлескен оқуларды және оқыту семинарларын өзара уағдаластық бойынша өткізеді.
Бақылау шаралары
1. Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында және халықаралық шарттарында белгіленген талаптар мен шарттар сақталған кезде ядролық және радиоактивті материалдарды Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумағына әкелуге (оның ішінде, транзит мақсатында әкелуге), Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумағынан әкетуге жол беріледі.
2. Тараптар әрбір Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес Тараптардың кедендік шекарасындағы өткізу пункттерінде және халықаралық пошта алмасу орындарында радиациялық бақылау жүргізеді. Бұл ретте Тараптар радиациялық бақылау жүргізу орнындағы табиғи радиациялық фонды ескереді.
3. Ядролық және радиоактивті материалдарды кедендік бақылау және декларациялау, оның ішінде олардың транзиті Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес жүргізіледі.
4. Ядролық және радиоактивті материалдарды тасуға қатысты Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптары сақталмаған жағдайда, мұндай тауарларды екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкетуге жол берілмейді.
5. Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес келетін іс-қимыл жасау үшін тасымалдау (тасу) кезінде табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, Тараптар радиациялық фоны әкелу елінде белгіленген нормалардан асатын, екінші Тарап мемлекетінің аумағынан келіп түскен тауарлар мен көлік құралдарын қайтаруды (өзгеріссіз жағдайда қабылдауды) қамтамасыз етуге уағдаласты.
6. Тараптардың радиациялық бақылау жүргізуі барысында екінші Тараптың аумағынан келіп түскен тауарлар мен көлік құралдарының иондаушы сәулелену деңгейіне қатысты аспаптар көрсеткіштерінің әртүрлілігі анықталған кезде Тараптар осындай көрсеткіштер анықталған өткізу пунктінің аумағында бірлескен радиациялық бақылау жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
Бірлескен радиациялық бақылауды жүргізу тәртібін Тараптардың жұмыс тобы айқындайды.
Ақпарат алмасу
1. Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тиімді өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету мақсатында:
а) қолданыстағы ұлттық радиациялық қауіпсіздік нормалары мен санитариялық нормаларға;
б) Тараптар пайдаланатын радиациялық бақылаудың қазіргі заманғы технологияларына немесе тиісті жабдық туралы анықтамалық материалдарға;
в) Тараптардың кедендік шекарасы арқылы ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды өткізу кезінде ұлттық заңнаманы бұзу фактілеріне;
г) өткізілетін, оның ішінде заңнаманы бұза отырып, Тараптардың кедендік шекарасы арқылы транзитпен өткізілетін ядролық, радиоактивті материалдардың, радиоактивті қалдықтардың және радиациялық-қауіпті заттардың көрсетілген ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды әкету жүзеге асырылған мемлекеттің аумағына қайтарылу жағдайларына қатысты ақпарат алмасады.
2. Ақпарат алмасу форматын келісуді Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары өкілдерінен және оқу орталықтарының мамандарынан тұратын бірлескен жұмыс тобы (бұдан әрі – бірлескен жұмыс тобы) жүзеге асыратын болады.
Жұмыс тобы
Осы Келісімді тиімді іске асыру мақсатында Тараптар бірлескен жұмыс тобын құрады.
1. Бірлескен жұмыс тобы қызметінің негізгі міндеттері:
а) ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбауға байланысты мәселелерді шешу;
б) радиациялық фоны Тараптар заңнамасында белгіленген нормалардан асатын тауарлар мен көлік құралдарын қайтару тәртібін айқындау;
в) ақпарат алмасу форматын, сондай-ақ ақпаратты беру және оны қорғау тәртібін келісу болып табылады.
2. Бірлескен жұмыс тобы осы Келісімнің тиісінше жұмыс істеуін және қолданылуын қамтамасыз етуге жауапты болады.
3. Бірлескен жұмыс тобы шеңберіндегі жұмыс кездесулері Тараптар мемлекеттерінің аумағында кезектілікпен жылына бір рет немесе өзара консультациялар нәтижесінде қабылданған шешімдерге сәйкес өткізіледі.
4. Тараптар бірлескен жұмыс тобы жауапты адамдарының тізбесін және бір-бірін жазбаша хабардар етеді. Әрбір Тарап аталған адамдардың байланыс деректері тізбесінің өзгергені туралы екінші Тарапты жазбаша нысанда не электрондық байланыс арқылы хабардар етеді.
Даулар мен келіспеушіліктер
Осы Келісімнің ережелерін қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар өзара консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешеді.
Өзгерістер мен толықтырулар
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
Күшіне енуі
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне ену үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісімнің қолданысы Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.
201__ "___" _______ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтін бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Үшін |
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі Үшін |