Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Сингапур Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келiсiмнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрi Жеңіс Махмұдұлы Қасымбекке Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Сингапур Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келiсiмге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 қарашадағы № 797 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – бірлесіп "Тараптар" және жеке-жеке "Тарап" деп аталады),
екіжақты неғұрлым тығыз экономикалық ынтымақтастық үшін және атап айтқанда, бір мемлекет инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестициялары үшін теңдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген қолайлы жағдайлар жасауға ниет білдіре отырып;
осындай инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға әкелетінін және екі мемлекеттің әл-ауқатын арттыратынын мойындай отырып;
төмендегілер туралы келісті:
І тарау: Жалпы ережелер
Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
1. Еркін пайдаланылатын валюта Халықаралық валюта қоры (бұдан әрі – "Қор" деп аталады) Келісімінің баптарына және оған кез келген түзетулерге сәйкес айқындалатын "еркін пайдаланылатын валютаны" білдіреді;
2. ИДРХО Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықты білдіреді;
3. ИДРХО-ның қосымша қағидалары 2006 жылғы 10 сәуірде өзгертілген және күшіне енген Инвестициялық дауларды реттеу үшін халықаралық орталықтың Хатшылығының әкімшілік іс жүргізуі үшін қосымша құралдың Қағидаларын білдіреді;
4. ИДРХО-ның Төрелік регламенті 2006 жылғы 10 сәуірде өзгертілген және күшіне енген Төрелік талқылау қағидаларын (Төрелік қағидалары) білдіреді.
5. ИДРХО Конвенциясы 1965 жылы 18 наурызда Вашингтонда жасалған мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияны білдіреді.
6. Инвестициялар бір Тарап мемлекетінің екінші Тарап мемлекетінің аумағында инвесторының меншігіндегі не ол тікелей немесе жанама түрде бақылайтын активтердің барлық түрін білдіреді және атап айтқанда, мыналарды:
(а) акцияларды, үлестерді және заңды тұлғалардағы үлестік қатысудың басқа да нысандарын, осыдан туындайтын құқықтарды қоса алғанда;
(b) облигацияларды, қарыздарды, несиелерді және басқа да борыштық міндеттемелерді, осыдан туындайтын құқықтарды қоса алғанда;
(c) фьючерстерді, опциондарды және басқа да деривативтерді;
(d) ақшалай талаптарды немесе кәсіпкерлікке байланысты және экономикалық құндылығы бар кез келген жұмыстарды орындау талабын;
(e) зияткерлік меншік құқығын;
(f) лицензияларды, санкцияларды, рұқсаттарды және Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес берілетін осыған ұқсас құқықтарды;
(g) табиғи ресурстарды барлауға, өңдеуге, өндіруге немесе пайдалануға арналған концессияларды қоса алғанда, Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес немесе келісімшартқа сәйкес берілетін концессияларды;
(h) жылжымалы және жылжымайтын мүлік пен басқа да байланысқан мүліктік құқықтарды қамтиды.
Осы Келісім мақсаттары үшін осы баптың (b) тармақшасында сипатталған "несиелер және басқа да борыштық міндеттемелер" және (d) тармақшасында сипатталған "ақшалай талаптар немесе жұмыстардың басқа да орындалуы" кәсіпкерлік қызметке жататын активтерге жатқызылады және кәсіпкерлік қызметке ешқандай қатысы жоқ, жеке сипатқа ие активтерге жатқызылмайды.
"Инвестициялар" термині заңды немесе әкімшілік күшіне енген қаулыларды немесе шешімдерді қамтымайды.
7. Инвестор екінші Тарап мемлекетінің аумағында инвестициялары жүзеге асыратын:
(а) Тарапты;
(b) бір Тарап заңнамасына сәйкес осы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын жеке тұлғаны;
(с) Тарап мемлекетінің заңды тұлғасын білдіреді.
8. Тарап мемлекетінің заңды тұлғасы корпорацияны, тресті, серіктестікті, дара кәсіпкерлікті, бірлескен кәсіпорынды, қауымдастықты немесе ұқсас ұйымдарды қоса алғанда, пайда алу үшін немесе пайда алмау үшін осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған және ұйымдастырылған, бақылауда болатын не жеке немесе мемлекеттік меншікте болатын кез келген заңды тұлғаны білдіреді;
9. Шара – заң, қаулы, қағидалар, рәсімдер, шешімдер, әкімшілік шара немесе кез келген басқа да нысандағы:
(a) орталық, өңірлік немесе жергілікті билік пен органдар; және
(b) орталық, өңірлік немесе жергілікті билік немесе органдар берген өкілеттіктерді жүзеге асыруға үкіметтік емес ұйымдар қабылдаған, Тараптың кез келген шарасын білдіреді.
10. Нью-Йорк Конвенциясы – Біріккен Ұлттар Ұйымы 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қабылдаған Шетелдік Төрелік Шешімдерді тану және оларды орындау туралы конвенцияны білдіреді.
11. Кіріс – пайданы, дивидендтерді, пайыздарды, капитал өсімінен түскен кірістерді, роялти есебінен төлемдерді, зияткерлік меншік құқықтарымен байланысты төлемдерді және басқа да заңды кірістерді қоса алғанда, инвестициялардан алынатын немесе олардан пайда болатын соманы білдіреді. "Инвестициялар" терминін айқындау мақсатында инвестицияланған кірістер инвестициялар ретінде қаралады және активтер инвестицияланатын немесе қайта инвестицияланатын нысандардың кез келген өзгерісі инвестициялар ретінде олардың сипатына әсер етпейді.
12. Аумақ:
(а) Қазақстан Республикасына қатысты: құрлықты, ішкі суларды, жер қойнауын, әуе кеңістігін қоса алғанда құрлық, теңіз және әуе шекаралары шегіндегі аумақты және өзінің ұлттық заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан Республикасы теңіз түбі, жер қойнауы және олардың табиғи ресурстарына қатысты өзінің егеменді құқықтарын және заңды құзырын жүзеге асыратын немесе одан әрі жүзеге асыра алатын мемлекеттік шекара шегінен тыс кез келген аймақты бірдіреді.
(b) Сингапур Республикасына қатысты: оның құрлық аумағын, ішкі суларын және аумақтық теңізін, сондай-ақ теңіз, теңіз түбі, жер қойнауы және табиғи ресурстарға қатысты Сингапур егеменді құқықтарын және заңды құзырын жүзеге асыра алатын аумақ ретінде оның ұлттық заңына сай, халықаралық құқыққа сәйкес оған тиесілі немесе келешекте тиесілі болатын аумақтық теңіз шегінен тыс орналасқан кез келген теңіз аудандарын білдіреді.
13. ЮНСИТРАЛ Төрелік регламенті 1976 жылғы 15 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы ұсынған Халықаралық сауда құқығы бойынша БҰҰ Комиссиясының төрелік регламентін білдіреді.
1. Әрбір Тарап өз мемлекетінің қолданыстағы ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тарап инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларға жол береді.
2. Осы Келісімнің ережелері бір Тарап мемлекеті инвесторларының осы Келісім күшіне енгізілгенге дейін немесе енгізілгеннен кейін жүзеге асырылғандығына қарамастан, екінші Тарап мемлекеті аумағында жүзеге асырылған барлық инвестицияларға қолданылады, бірақ болған оқиғалардан туындаған талаптарға немесе осы Келісім күшіне енгенге дейін пайда болған талаптарға қолданылмайды. Айқындық үшін, осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған немесе шешілген немесе туындауы мүмкін болатын дауларға осы Келісім қолданылмайды.
3. Осы Келісім ережелері:
(a) үкімет қолдауымен алынатын қарыздарды, кепілдіктерді немесе сақтандыруды қоса алғанда, Тарап ұсынған субсидияларға немесе гранттарға немесе осындай субсидиялар немесе гранттар Тарап мемлекеті инвесторларына немесе олардың инвестицияларына ғана берілуіне қарамастан, осындай субсидиялардың немесе гранттардың алынуына немесе үздіксіз алынуына байланысты кез келген жағдайларға;
(b) 21-бапта ("Салық салу") көрсетілген жағдайларды қоспағанда, кез келген Тарап аумағында салық салу мәселелеріне қолданылмайды. Осы Келісімдегі ешнәрсе, уақыт өте келе өзгерістер енгізілуі мүмкін 2006 жылғы 19 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге сәйкес кез келген Тараптың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды. Осы Келісім және ҚССБ арасында кез келген сәйкессіздік болған жағдайда, соңғысы сәйкессіздік бөлігінде басымдық күшке ие.
ІІ тарау: Қорғау
Инвестицияларды көтермелеу және қорғау
1. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына және жалпы экономикалық саясатына сәйкес өз аумағында инвестицияларды жүзеге асыру үшін екінші Тарап мемлекетінің инвесторларын көтермелейді және олар үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
2. Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекеті инвесторларының инвестицияларына қалыпты (кәдімгі) халықаралық құқыққа сәйкес әділ және тең құқылы режимді, толық қорғауды және қауіпсіздікті ұсынады. "Әділ және тең құқылы режимді" қамтамасыз ету міндеттемесі қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік сот талқылауларында сот төрелігінен бас тартпау міндеттемесін қамтиды. "Толық қорғауды және қауіпсіздікті" қамтамасыз ету міндеттемесі әрбір Тараптан қалыпты халықаралық құқыққа сәйкес талап етілетін полицияның қорғау деңгейін талап етеді. "Әділ және тең құқылы режим" және "толық қорғау және қауіпсіздік" ұғымдары қосымша режимді талап етпейді немесе қалыпты халықаралық құқыққа сәйкес талап етілетін шектерден шығатындай режимді талап етпейді және қосымша материалдық құқықтарды туындатпайды.
3. Осы Келісімнің басқа ережесінің немесе жекелеген халықаралық келісімнің бұзушылықтың орын алғаны туралы анықтама осы баптың бұзылуының орын алғанын белгілемейді.
1. Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің инвесторларына және олардың инвестицияларына инвестицияларды басқаруға, қызмет көрсетуге, пайдалануға, қолдануға немесе билік етудің кез келген басқа да нысанына қатысты өзінің ұлттық заңнамасында, үкіметтік саясаты мен қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, өз мемлекетінің инвесторларына және олардың инвестицияларына ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
2. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына, үкіметінің саясатына және қағидаларына сәйкес экономиканың сезімтал секторларын және/немесе шектелуге басшылыққа алынатын немесе жойылуға тиіс оған байланысты басқа да қызмет түрлерін айқындау құқығын өзіне қалдырады.
1. Әрбір Тарап екінші Тарап инвесторларына өз аумағында инвестицияларды басқаруға, жүргізуге, пайдалануға, сатуға немесе басқа да билік етуге қатысты осыған ұқсас мән-жайларда кез келген үшінші мемлекет инвесторларына ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
2. Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекеті инвесторларының инвестицияларына өз аумағында инвестицияларды басқаруға, жүргізуге, пайдалануға және сатуға немесе басқа да билік етуге қатысты Тарап болып табылмайтын кез келген үшінші мемлекет инвесторларының инвестицияларын осыған ұқсас мән-жайларда ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
3. Осы Келісім ережелері, бір Тарапты екінші Тарап мемлекетінің инвесторларына:
(a) кез келген экономикалық немесе кедендік одаққа немесе еркін сауда аймағына немесе ортақ нарыққа, өңірлік немесе екіжақты ынтымақтастыққа немесе олардың арасындағы инвестициялық келісімдерді қоса алғанда, Тараптардың кез келген тарап болып табылатын немесе Тарап бола алатын осыған ұқсас халықаралық келісімге;
(b) осы Келісім күшіне енгенге дейін жасалған, қол қойылған немесе күшіне енген кез келген екіжақты инвестициялық шарттарға;
(c) өңірлік экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер арасындағы немесе бір немесе бірнеше үшінші мемлекет арасындағы инвестициялық келісімдерді қоса алғанда, өңірлік экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер арасындағы немесе олардың арасындағы кез келген халықаралық инвестициялық келісімдерге;
(d) Тарап болып табылмайтын тараппен немесе экономикалық, әлеуметтік, еңбек, индустриялық немесе ақша-кредиттік салалардағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға ықпал ету үшін жасалған сол географиялық өңірдегі тараптармен кез келген уағдаластыққа байланысты кез келген режимнің пайдасын, артықшылықты немесе артықшылықтарды қолдануға міндеттейтіндей болып түсіндірілмеуі тиіс.
4. Айқындық үшін осы бапта айтылған режим ІІІ тараудың ("Дауларды реттеу") 1-бөліміне ("Тарап және екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды реттеу") қосылған дауларды халықаралық шешу рәсімдерін немесе тетіктерін қамтымайды.
1. Осы бапқа сәйкес тиісті құқықтық рәсімге және өтемақы төлеуге сәйкес қоғамдық мақсаттарда кемсітпеушілік негізде қабылданатын шараларды қоспағанда, ешбір Тарап екінші Тарап мемлекеті инвесторларының инвестицияларын ұлт меншігіне алмауға немесе экспроприацияламауға (бұдан әрі – "экспроприация") немесе ұлт меншігіне алуға немесе экспроприациялауға баламалы әсері бар кез келген шараларды қабылдамайды.
2. Экспроприация дереу, барабар және тиімді өтемақы төлеумен қоса жүреді. Өтемақы экспроприацияланған инвестициялардың тікелей экспроприациялау кезіндегі не қайсысының бұрын басталғанына қарамастан экспроприация туралы жалпыға мәлім болғанға дейінгі нарықтық құнына тең әділ болуы қажет. Мұндай өтемақы іс жүзінде жүзеге асырылуы, еркін пайдаланылуы және осы Келісімнің 8-бабына ("Аударымдар") сәйкес еркін аударылуы және қандай да бір кедергісіз жүзеге асырылуы тиіс. Өтемақы экспроприация күнінен бастап төлем күніне дейін осындай валюта үшін негізделген коммерциялық мөлшерлеме бойынша пайызды қамтиды.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес міндеттемелерге қарамастан, экспроприацияның жерге қатысты кез келген шаралары экспроприациялаушы Тараптың қолданылатын ұлттық заңнамасына сәйкес мақсаттарда және өтемақы төлеумен жүзеге асырылады.
4. Экспроприацияның кез келген шарасын немесе залал шеккен инвестордың өтініші бойынша бағалауды өз ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен шара қабылдайтын Тараптың сот немесе басқа тәуелсіз органы қайта қарауы мүмкін.
5. Осы бап мұндай беру, жою, шектеу немесе құру ДСҰ Келісіміне 1С қосымшадағы Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері туралы келісімге ("ТРИПС Келісімі") сәйкес жүзеге асырылған жағдайда зияткерлік меншік құқықтарына немесе зияткерлік меншік құқықтарын жоюға, шектеуге немесе құруға қатысты берілген міндетті лицензияны беруге қолданылмайды.
6. Сирек болатын жағдайларды қоспағанда, қоғамдық денсаулық, қауіпсіздік және қоршаған орта сияқты қоғамдық әл-ауқаттың заңды мақсаттарын қорғау үшін әзірленген және қолданылатын Тараптың кемсітпей реттейтін әрекеттері экспроприация болып табылмайды.
1. Инвестициялары екінші Тараптың аумағындағы соғыстың немесе басқа да қарулы қақтығыстардың, ұлттық төтенше жағдайдың, көтерілістің, бүліктің, бүліншіліктің немесе екінші Тараптың аумағындағы осыған ұқсас жағдайлардың салдарынан шығын шеккен бір Тарап мемлекетінің инвесторлары екінші Тарап реституцияға, өтеуге, өтемақыға немесе басқа да реттеуге қатысты, егер мұндайлар бар болса, екінші Тарап олардың қайсысы анағұрлым қолайлы болып табылатынына қарай кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына немесе өз мемлекетінің инвесторларына ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады. Кез келген қорытынды өтемақы еркін айырбас валютамен жүзеге асырылады және осы Келісімнің 8-бабына ("Аударымдар") сәйкес еркін аударылатын болуы тиіс.
2. Егер Тарап мемлекетінің инвесторы осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда, екінші Тараптың аумағында:
(а) соңғы Тараптың қарулы күштерінің немесе билігінің оның инвестицияларын немесе олардың бөлігін реквизициялауы; немесе
(b) жағдайдың қажеттілігі талап етілмеген, соңғы Тараптың қарулы күштерінің немесе билігінің оның инвестицияларын немесе олардың бөлігін жоюы нәтижесінде шығын шексе;
соңғы Тарап инвесторға мұндай шығын үшін орынды болатындай реституцияны, өтемақыны немесе екеуін де ұсынады.
1. Әрбір Тарап өз аумағында екінші Тарап мемлекеті инвесторларының инвестицияларымен байланысты барлық аударымдарға, олар аумақта және оның аумағынан еркін және кедергісіз орындалуы үшін рұқсат береді. Мұндай аударымдар:
(а) бастапқы жарнаны қоса алғанда, капиталға салымды;
(b) пайданы, дивидендтерді, капитал өсімінен түсетін табыстарды, инвестицияның барлығын немесе кез келген бөлігін сатудан немесе инвестицияны ішінара немесе толық жоюдан түсетін табысты;
(c) пайыздарды, роялтиды, басқару қызметтері үшін төлемдерді, техникалық қолдау үшін төлемдерді және басқа төлемдерді;
(d) инвестормен шарт жасасуға байланысты немесе қарыз туралы шартқа сәйкес жасалынған төлемдерді қоса алғанда, инвестициялар туралы төлемдерді;
(e) осы Келісімнің 6-бабына ("Экспроприация") және 7-бабына ("Шығын үшін өтемақы") сәйкес төлемдерді; және
(f) осы Келісімнің ІІІ тарауына ("Дауларды реттеу") сәйкес туындайтын төлемдерді қамтиды.
2. Әрбір Тарап аудару кезінде басым болып келетін валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша еркін қолданылатын валютада жүргізілетін осындай аударымдарға рұқсат береді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына нұқсан келтірмей, Тарап өзінің ұлттық заңнамасын теңқұқықты, кемсітушіліксіз және адал қолдануы арқылы төмендегілерге:
(a) банкроттық, төлем қабілетсіздігін немесе кредиторлардың құқықтарын қорғау;
(b) эмиссиялар, бағалы қағаздармен, фьючерстермен, опциондармен немесе деривативалармен сауда немесе мәмілелер;
(c) құқық қорғау органдарына немесе қаржылық реттеу органдарына жәрдемдесу қажеттігі туындаған жағдайда қаржылық есептілік пен аударымдарды есепке жазу;
(d) қылмыстар;
(e) сот немесе әкімшілік іс жүргізуде бұйрықтар немесе сот шешімдерін қамтамасыз ету; немесе
(f) әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы немесе жинақ ақшаның жинақталуының міндетті бағдарламасына қатысты аударымдардың алдын ала алады.
4. Тараптар осы баптың 3 (d)-тармағын ақшаның жылыстатылуының, терроризмді және жаппай қырып-жою қаруының таралуын қаржыландырудың алдын алу үшін қаржылық іс-шаралар бойынша Топтың халықаралық стандарттарына сәйкес қабылданған шараларына қолданылады деп түсінеді.
5. Осы Келісімнің 9-бабында ("Төлем балансын қорғау үшін шектеулер") көзделген жағдайларды қоспағанда немесе Қордың талаптары бойынша, осындай аударымдарға қатысты осы Келісімге сәйкес оның міндеттемелеріне байланысты емес, капиталмен кез келген операцияларға арналмаған Тарап шектеулерді енгізбеген жағдайда, Келісімнің баптарына сәйкес жүргізілетін айырбастау операцияларын пайдалануды қоса алғанда, Қор Келісімінің баптарына сәйкес осы келісімде ешнәрсе Қор мүшелерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Төлем балансын қорғау үшін шектеулер
1. Төлем балансының елеулі қиындықтары және сыртқы қаржылық қиындықтар немесе олардың қауіп-қатері жағдайында, Тарап инвестициялармен байланысты төлемдерге немесе аударымдарға шектеулер белгілей немесе қолдай алады. Экономикалық даму процесіндегі Тараптың төлем балансына ерекше қысымның, оның экономикалық даму бағдарламаларын жүзеге асыру үшін жеткілікті басқалармен қатар қаржылық резервтердің деңгейін сақтауды қамтамасыз ету үшін шектеулерді қолдану қажеттілігін туындатуы мүмкін екендігі танылады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған шектеулер:
(a) Қор келісімінің баптарына сәйкес болуға тиіс;
(b) екінші Тарап мемлекетінің коммерциялық, экономикалық және қаржылық мүдделеріне артық залал келтіруді болғызбайды;
(c) осы баптың 1-тармағында баяндалған мән-жайлар кезінде қажеттілік шегінен шықпайды;
(d) уақытша болып табылады және осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайды жақсарту шаралары бойынша біртіндеп жойылады;
(e) кемсітушіліксіз негізде және кез келген үшінші мемлекетке қарағанда екінші Тарап мемлекетінде қолайлығы жағынан кем болмайтындай түрде қолданылады.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес белгіленген немесе сақталған кез келген шектеулер немесе ондағы кез келген өзгертулер екінші Тарапқа дереу хабарлануы тиіс.
4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес кез келген шектеулерді белгілейтін Тарап екінші Тараппен ол қабылдаған шектеулерді қарау үшін консультация өткізеді.
1. Егер кез келген Тарап (немесе ол анықтаған кез келген агенттік, институт, орган немесе корпорация) инвестицияларға немесе оның кез келген бөлігіне қатысты берілген өтеудің нәтижесінде, осы Келісім бойынша олардың кез келген талаптарына қатысты өзінің меншікті инвесторларына төлемдерді жүзеге асырады, екінші Тарап бірінші Тараптың (немесе өзі анықтаған кез келген агенттік, институт, орган немесе корпорация) суброгацияға байланысты құқықтарды жүзеге асыруға және өзінің меншікті инвесторларының талаптарын қоюға құқылы екенін мойындайды.
2. Бір Тараптың (немесе өзі анықтаған кез келген агенттік, институт, орган немесе корпорация) өзінің инвесторларына жүргізген кез келген төлемі, осы инвесторлардың ІІІ тараудың ("Дауларды реттеу") 1-бөліміне ("Тарап пен екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды реттеу") сәйкес екінші Тарапқа қарсы талаптарын қою құқығына әсер етпейді.
ІІІ тарау: Дауларды реттеу
І бөлім: Тарап пен екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды реттеу
1. Осы бөлім инвестордың немесе оның инвестицияларының шығындарының немесе залалдарының себебі болып табылатын, осы Келісімге сәйкес Тарап міндеттемелерінің болжамды бұзылуына қатысты Тарап пен екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларға қолданылады.
2. Осы бөлім темекі немесе темекі өнімдеріне қатысты Тараптың инвесторларына немесе инвестицияларына берілетін қабылданған немесе қолдау көрсетілген шара немесе кез келген режим бойынша кез келген дауға қолданылмайды.
3. Осы баптың мақсаттары үшін "темекі немесе темекі өнімдері" Дүниежүзілік кеден ұйымының тауарларын сипаттау мен кодтаудың Үйлестірілген жүйесінің 24-тарауына ("Темекі және дайындалған темекі алмастырушылар") сәйкес және 24 тарауы ("Темекі және дайындалған темекі алмастырушылар") шеңберінен шығатын, темекімен байланысты өнімдерді білдіреді.
1. Дауласатын тараптар бастапқы кезден дауды консультациялар және келіссөздер арқылы шешуге ұмтылады.
2. Егер дау осы баптың 1-тармағында көзделгендей консультацияларға және келіссөздерге сұрау салу күнінен бастап 6 ай ішінде шешілмесе, егер дауласушы Тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, дауласушы инвестор (бұдан әрі – "талап етуші") дауды:
(a) ұлттық соттар мұндай дауға қатысты заңды құзырға ие жағдайында жауапкердің ұлттық соттарына;
(b) дау Тарапы да (бұдан әрі – "жауапкер") талап етушінің Тарапы да ИДРХО Конвенциясының қатысушылары болып табылатынын көздей отырып, ИДРХО Конвенциясына және ИДРХО Төрелік регламентіне сәйкес;
(c) жауап беруші не талап етушінің Тарапы ИДРХО Конвенциясының қатысушылары болып табылатын жағдайда, ИДРХО Қосымша Қағидаларына сәйкес;
(d) ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентіне сәйкес; немесе
(e) егер дауласушы Тараптар оған келіссе, кез келген басқа төрелік институттарға немесе кез келген басқа төрелік қағидаларға сәйкес ұсына алады.
3. Осы бөлімнің ережелеріне сәйкес осы баптың 2-тармағына сәйкес әрбір Тарап мынадай:
(a) талап қоюшының немесе оның инвестицияларының шығысына немесе залалына себеп болып табылатын, осы Келісімге сәйкес міндеттемелердің бұзылуы туралы талап қоюшыға мәлім болған немесе мәлім болуы тиіс кезден бастап үш жыл ішінде мұндай төрелікке дауды ұсыну жүзеге асырылатын;
(b) талап қоюшы осы бөлімде жазылған рәсімдерге сәйкес төрелікке жазбаша келісімін беретін;
(c) талап қоюшы жауапкерге дауды төрелікке беру ниеті туралы талаптарын ұсынуға дейін кемінде 30 күнге дейін жазбаша хабарламаны беретін, және:
(i) талап қоюшының атын және мекенжайын қамтитын;
(ii) дауларды реттеу бойынша заңдық құзыры ретінде, осы баптың 2-тармағында айтылған заңдық құзырдың бірін білдіретін;
(iii) дау бойынша іске қатысты осы баптың 2-тармағында айқындалған кез келген істі дауды реттеудің кез келген басқа заңдық құзырда (осы баптың 7-тармағында айқындалған уақытша қорғау шараларына арналған істерді қоспағанда) бастау және жалғастыру құқықтарынан бас тартатын; және
(iv) осы Келісімге сәйкес жауап берушінің болжамды бұзушылығын (болжанатын бұзушылықтар туралы ережені қоса алғанда), дау үшін заңды және іс жүзіндегі негіздерді және болжамды осы бұзушылықтар салдарынан туындаған арыз берушінің немесе оның инвестицияларының шығыстары немесе залалдары туралы қысқаша баяндайтын жағдайларда дауды төрелікке ұсынуға келісімін береді.
4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес және осы бөлімге сәйкес төрелікке талаптарды ұсыну:
(a) дау тараптарының жазбаша келісімі туралы ИДРХО Конвенциясының ІІ тарауының ("Орталықтың заңды құзыры") және ИДРХО Қосымша Қағидаларының; және
(b) "жазбаша түрдегі келісімдер" туралы Нью-Йорк Конвенциясының ІІ бабының талаптарын орындау қажет.
5. Егер дауласушы тараптар өзгені ескертпесе, төрелік сот үш төрешіден тұрады, олар кез келген Тарап мемлекетінің азаматтары немесе тұрақты резиденттері болмауы тиіс. Дауласушы әрбір тарап бір төрешіні тағайындайды және дауласушы тараптар төрелік соттың төрағасы болатын үшінші төреші туралы уағдаласуы тиіс. Егер төрелік сот талаптарды төрелікке ұсыну күнінен бастап 90 күн ішінде не төрешіні тағайындау кезінде дауласушы тараптың сәтсіздігінен тағайындалмаса не егер тараптар төрағаны тағайындау туралы келісімге келе алмаса, ИДРХО Бас Хатшысы дауласушы тараптардың бірінің сұрау салуы бойынша өз қалауы бойынша тағайындалмаған төрешіні немесе төрешілерді тағайындайды. Алайда, ИДРХО Бас Хатшысы төрағаны тағайындау кезінде оның Тараптардың ешбір мемлекетінің азаматы немесе тұрақты резиденті емес екендігін куәландыруы қажет.
6. Егер дауласушы Тараптар өзгені келіспесе, сот қолайлы төрелік қағидаларға сәйкес, орны Нью-Йорк Конвенциясы тарапы болып табылатын мемлекеттің аумағында болуы керек екенін көздей отырып, төреліктің орнын айқындайды.
7. Тараптардың ешқайсысы талап қоюшыға оның құқықтары мен мүдделерін сақтау бойынша осы баптың 2-тармағында айқындалған дауды кез келген реттеу алдында рәсімдік институтқа дейін, жауапкердің соты немесе әкімшілік соты алдында дау бойынша шығындарды төлеуді немесе қарарды қоспағанда, қорғанудың уақытша шараларын іздеуде кедергі келтірмейді.
8. Тараптардың ешқайсысы оның мемлекетінің инвесторы және екінші Тарап осы бөлімге сәйкес ұсынуға уағдаласқан дауларға қатысты осындай Тарап осындай дау бойынша шығарылған шешімді сақтамайынша немесе орындамайынша дипломатиялық қорғауды немесе халықаралық талапты енгізбейді. Осы тармақтың дипломатиялық қорғау мақсаттары үшін дауларды реттеуге ықпал етудің жалғыз ниетімен бейресми дипломатиялық алмасуды қамтымайды.
9. Осы бөлімге сәйкес төрелікке берілген талап Нью-Йорк Конвенциясының 1-бабы мақсатында коммерциялық қатынастардан немесе аударымнан туындайтындай қаралуы тиіс.
10. Кез келген төрелік шешім дауласушы тараптар үшін түпкілікті және міндетті болып табылады. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес шешімнің сақталуын тануды және оны байқауды қамтамасыз етеді.
ІІ бөлім: Тараптар арасындағы дауларды реттеу
1. Осы бөлім Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруден және қолданудан туындайтын дауларды реттеуге қатысты қолданылады.
2. Осы бөлім темекіні немесе темекі өнімдеріне қатысты қабылданған немесе қолдау көрсетілген шарамен немесе Тараптың инвесторларына немесе инвестицияларына берілген ұсынылған режимге байланысты кез келген дауларға қолданылмайды.
Консультациялар және келіссөздер
1. Кез келген Тарап осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты консультацияларды жазбаша нысанда сұрата алады. Егер Тараптар арасындағы даулар осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты туындаса, олар мүмкіндігінше консультациялар және келіссөздер арқылы өзара келісім негізінде шешеді.
2. Егер дау мұндай келіссөздерге немесе консультацияларға жазбаша нысанда сұрау салынған күннен бастап алты ай ішінде осылайша шешілген жағдайда кез келген Тарап осындай осы бөлімге сәйкес құрылған төрелік соттың қарауына немесе Тараптардың келісуі бойынша кез келген басқа халықаралық соттың қарауына дауды ұсына алады.
1. Төрелік рәсім бір Тараптың (өтініш беруші Тарап) екінші Тараптан (жауап беруші Тарап) дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама беруі кезінде іске қосылады. Мұндай хабарлама ІІ тарау ("Қорғау") ережелерін, өтінішті болжамды бұзылған, заңды және нақты негіздерін баяндаудан, 14-бапқа ("Консультациялар және келіссөздер") сәйкес консультациялар мен келіссөздердің дамуы мен нәтижелерінің қысқаша баяндалуынан, осы бөлімге сәйкес өтініш беруші Тараптың рәсімді бастау ниетінен және осындай өтініш беруші Тарап тағайындаған төрешінің атынан тұрады.
2. Мұндай хабарламаны алғаннан кейін 30 күн ішінде жауап беруші Тарап өтініш беруші Тарапқа өзі тағайындаған төрешінің атын хабарлайды.
3. Екінші төреші тағайындалған күннен бастап келесі 30 күн ішінде Тараптар өзара келісу бойынша төрелік соттың төрағасы болатын үшінші төрешіні тағайындайды. Егер Тараптар үшінші төрешіні тағайындау бойынша өзара келісімге келмеген жағдайда, Тараптар тағайындаған төрешілер 30 күн ішінде төрелік сот төрағасы болатын үшінші төрешіні тағайындайды.
4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарындағы төрешілерді іріктеуге қатысты екі Тарап және тиісті жағдайларда өздері тағайындаған төрешілер, Тараптардың бірінің азаматтары немесе тұрақты резиденттері болып табылатын төрешіні таңдамайды.
5. Егер жоғарыдағы 2 және 3-тармақтарда белгіленген мерзімдерде талап етілетін тағайындаулар жүргізілмесе, кез келген Тарап БҰҰ Халықаралық соты Президентін шақыра алады және бұрын тағайындалмаған төрешіні немесе төрешілерді тағайындай алады. Егер Президент кез келген Тарап мемлекетінің азаматы немесе тұрақты резиденті болып табылса не ол әрекет етуге қабілетсіз болса, қажетті тағайындауларды орындау үшін Вице-Президент шақырылады. Егер Вице-Президент кез келген Тарап мемлекетінің азаматы немесе тұрақты резиденті болып табылса не ол әрекет етуге қабілетсіз болса, кез келген Тарап мемлекетінің азаматы да, тұрақты резиденті де болып табылмайтын, қызмет жағынан жоғары БҰҰ-ның Халықаралық сотының мүшесі қажетті тағайындауларды орындау үшін шақырылады.
6. Егер осы бапқа сәйкес тағайындалған төреші әрекет етуден бас тартса немесе орындауға қабілетсіз болған жағдайда құқықтық мирасқор бастапқы төрешіні тағайындау үшін айқындалған түрде тағайындалады және ол бастапқы төреші сияқты осындай билікке және міндеттерге ие.
1. Егер Тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төрелік талқылауды өткізу орнын сот белгілейді. Төрелік сот өзінің құзіретіне жататын барлық мәселелерді шешеді және Тараптар арасындағы кез келген уағдаластыққа қатысты өзінің меншікті рәсімдерін айқындайды. Төрелік сот рәсімдердің кез келген сатысында Тараптарға дауды достық жолмен шешуді ұсына алады. Төрелік сот барлық сатыларда Тараптарға ашық тыңдауды қамтамасыз етеді.
2. Төрелік сот өзінің шешімін көпшілік дауыспен шығарады. Шешім жазбаша нысанда шығарылады және қолайлы нақты және заңды негіздерден тұруы тиіс. Қол қойылған шешім әрбір Тарапқа жеткізіледі. Сот шешімі Тараптар үшін соңғы және міндетті болып табылады.
3. Осы бөлімге сәйкес құрылған Төрелік сот даулы мәселелерді осы Келісімге, сондай-ақ халықаралық құқықтың қолданылатын нормалары мен қағидаттарына сәйкес шешеді.
4. Әрбір Тарап төрелік процестегі өзі тағайындаған сот мүшесінің және оның өкілдігінің шығындарын өтейді. Егер Төрелік сот шығындардың көп бөлігін Тараптардың бірі көтеруі тиіс екенін белгілемесе, Төрелік сот Төрағасының төрелікті өткізуге байланысты шығындары мен өзге де шығыстарды Тараптар тең бөлігінде өтейді.
4 тарау: Қорытынды ережелер
Егер кез келген Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында немесе қазіргі уақытта қолданылатын немесе осы Келісімге қосымша ретінде Тараптар арасында кейіннен белгіленетін халықаралық міндеттемелерде екінші Тарап мемлекетінің инвесторларының инвестицияларына, осы Келісімге сәйкес көзделгеннен неғұрлым қолайлы режим ұсынатын ереже қамтылса, онда осындай ереже осы Келісімге әсер етпеуі тиіс.
Егер бас тартушы Тарап заңды тұлғаның үшінші мемлекеттің немесе бас тартушы Тарап мемлекетінің адамдарына тиесілі немесе олар бақылайтынын және екінші Тарап аумағында елеулі іскерлік операцияларының жоқ екендігін белгілесе, алдын ала хабарламалар және консультациялар жағдайында Тарап екінші Тарап мемлекетінің заңды тұлғасы болып табылатын екінші Тарап мемлекетінің инвесторына және осындай инвестордың инвестицияларына осы Келісімнің пайдаларынан бас тарта алады.
1. Мұндай шаралар шарттардың басымдылығына қарай екінші Тарапқа немесе екінші Тарап мемлекетінің инвесторларына қарсы еркін немесе ақталмаған кемсітушілікке әкелмейтіндей қабылданған немесе Тарап аумағында, екінші Тарап мемлекетінің инвесторларының инвестицияларына салынған шектеулерді бұрмаламайтын жағдайда осы Келісімнен ештеңе де Тараптың:
(a) қоғамдық әдепті қорғау немесе қоғамдық құқықтық тәртіпті қолдау үшін қажетті;
(b) адамдардың денсаулығын сақтау, жануарларды немесе өсімдіктерді қорғау үшін қажетті;
(c) осы Келісім ережелеріне қайшы келмейтін, оның ішінде:
i. алаяқтық немесе ауыстыру жағдайларының алдын алу немесе келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындамау салдарымен айналысумен;
ii. жеке деректерді өңдеумен және таратумен және жеке жазбалар мен шоттардың құпиялылығын қорғаумен байланысты адамдардың жеке өміріне қолсұқпаушылықты қорғаумен;
iii. қауіпсіздікпен байланысты заңдар мен қағидаларды сақтау үшін қажетті шараларды қабылдауын немесе күшіне енгізуінің алдын алатындай болып түсіндірілмеуі тиіс.
2. Осы баптың 1(а)-тармағында қоғамдық тәртіптің ерекшелігі анық және жеткілікті ауыр қауіп қоғамның негізгі мүдделерінің біріне байланысты болған жағдайларда ғана қолданылуы мүмкін.
Қауіпсіздік бойынша ерекшеліктер
Осы Келісімде ешнәрсе де:
(a) Тарапқа ашылуы оның қауіпсіздігінің елеулі мүдделеріне қайшы келеді деп есептейтін кез келген ақпаратты беру туралы талап қою; немесе
(b) Тарапқа халықаралық бейбітшілікті немесе қауіпсіздікті қолдауға немесе қалпына келтіруге немесе өзінің жеке қауіпсіздігінің елеулі мүдделерін қорғауға қатысты өз міндеттемелерін орындау үшін қажетті деп есептейтін шараларды қабылдауына кедергі келтіру ретінде түсіндірілмеуі тиіс.
1. 6-бап ("Экспроприация") және ІІІ тараудың ("Дауларды реттеу") 1-бөлімі ("Тарап және екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды реттеу"), салықтық шараларға мұндай салық салу шаралары 6-бапта ("Экспроприация") көзделген экспроприацияны білдіретіндей шамада қолданылады. Салық салу шараларына қатысты 6-бапқа ("Экспроприация") сілтеме жасауға ұмтылатын инвестор, алдымен осы баптың 2-тармағында сипатталғандай ІІІ тараудың ("Дауларды реттеу") 1 бөліміне ("Тараптар және екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды реттеу") сәйкес ол, 6-бапта ("Экспроприация") көзделгендей, салық салу шарасы экспроприацияны көздейтіні туралы мәселе бойынша хабарламаны жолдаған уақытта екі Тараптың құзыретті салық органдарына жүгінуі тиіс. Егер екі Тараптың құзыретті салық органдары мәселені қарауға келіспесе немесе оны қарауға келісе отырып, 6-бапта ("Экспроприация") көзделгендей бұл шара экспроприация болып табылмайтынымен келіспесе, мұндай жолдаманың алты (6) айы ішінде, инвестор ІІІ тараудың ("Дауларды реттеу") 1-бөліміне ("Тараптар және екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды реттеу") сәйкес өзінің талабын төрелікке бере алады.
2. Осы баптың мақсаттары үшін "құзыретті салық органдары":
(a) Қазақстан Республикасынан – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігін;
(b) Сингапур Республикасынан – Қаржы министрлігін немесе олардың мирасқорларын білдіреді.
3. 6-бапқа ("Экспроприация") қатысты салық салу шарасы экспроприация болып табылатындығын бағалау кезінде, мынадай пайымдаулар өзекті:
(a) салықтарды енгізу тұтастай алғанда экспроприация болып табылмайды. Инвестицияларға қатысты жаңа салықтық шараларды қарапайым енгізу немесе салықтарды бір заңды құзырдан артық енгізу өз бетінше экспроприация болып табылмайды;
(b) халықаралық танылған салықтық саясатқа, қағидаттар мен практикаға сәйкес келетін салық салу шаралары экспроприация болып табылмайды. Атап айтқанда, салықтан жалтаруды алдын алуға немесе салық төлеуден жалтаруға бағытталған салық салу шаралары тұтастай алғанда экспроприациялық ретінде қаралмауы тиіс; және
(c) белгілі бір ұлттың инвесторларына немесе жекелеген салық төлеушілерге бағытталмайтын кемсітпеушіліксіз негізде қолданылатын салық салу шаралары ықтималдығы шамалы экспроприацияны білдіреді. Егер инвестицияларды жүзеге асыру кезінде салық салу шаралары күшіне енген болса және осындай шара туралы ақпарат жария етілсе немесе өзге түрде көпшілікке қолжетімді болса, ол экспроприацияны білдірмеуі тиіс.
Осы Келісімге Тараптардың жазбаша келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 23-бабында ("Күшіне енуі, қолданысының ұзақтығы және тоқталуы") көзделген тәртіпте күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Күшіне ену, қолданысының ұзақтығы және тоқтатылуы
1. Әрбір Тарап екінші Тарапты осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерін орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді. Осы Келісім осындай хабарламаның соңғысы алынған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
2. Осы Келісім 10 жыл кезеңге күшінде болады және одан әрі Тараптардың кез келгені екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы хабардар етпегенше 10 жылғы бастапқы кезең өткенге дейін күшінде қалатын болады. Осы Келісім осындай хабарлама алған күннен бастап 12 айдан соң қолданысын тоқтатады.
3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хабарлама алынған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты, осы Келісімнің ережелері осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап 10 жыл ішінде күшінде қалатын болады.
20__ жылғы "____" ________ ____________ қаласында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ ҮШІН |
СИНГАПУРРЕСПУБЛИКАСЫНЫҢҮКІМЕТІ ҮШІН |