Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы
Осы Заң резиденттер мен бейрезиденттер валюталық құндылықтарға құқықтарын іске асырған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, валюталық реттеудің және валюталық бақылаудың мақсаттарын, мiндеттерiн және қағидаттарын айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер
1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) айырбастау пункті – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен берілген құқық негізінде Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті ұйым немесе уәкілетті банк құрған, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізу үшін арнайы жабдықталған орын;
2) аффинирленген құйма алтын – аффинаждау нәтижесінде алынған және өлшеуіш және стандартты құймалар түрінде дайындалған, "Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес инвестициялық алтынға жататын алтын;
3) валюталық құндылықтар:
шетел валютасы;
номиналы шетел валютасымен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;
бейрезиденттер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздар;
аффинирленген құйма алтын;
резиденттер мен бейрезиденттер арасында және бейрезиденттер арасында олармен операциялар жасалған, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасынан әкеткен (аударған) немесе Қазақстан Республикасына әкелген (аударған) жағдайларда ұлттық валюта, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;
резиденттер мен бейрезиденттер арасында және бейрезиденттер арасында олармен операциялар жасалған, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасынан әкеткен немесе Қазақстан Республикасына әкелген жағдайларда резиденттер шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздар;
4) валюталық операциялар:
валюталық құндылықтарға меншік құқығының және өзге де құқықтардың өтуіне байланысты операциялар, сондай-ақ валюталық құндылықтарды төлем құралы ретінде пайдалану;
валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасына әкелу, жіберу және аудару, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан әкету, жіберу және аудару;
валюталық құндылықтарды сенімгерлік басқаруға беру;
брокерлік қызметтер көрсету туралы шарттың негізінде валюталық құндылықтарды беру;
5) валюталық шарт – өзгерістерін және (немесе) толықтыруларын қоса алғанда, келісім, құрылтай құжаттары, сондай-ақ олардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін валюталық операциялар жүзеге асырылатын өзге де құжаттар;
6) есептік нөмір – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе уәкілетті банк валюталық шартқа немесе шетелдік банктегі шотқа беретін және валюталық операциялар бойынша есепке алуды және есептілікті қамтамасыз етуге арналған идентификаттау нөмірі;
7) импорт – бейрезиденттің резидентке тауарларды беруі, бейрезиденттің резидентке зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды ішінара беруі, бейрезиденттің резидентке жұмысты орындауы, қызметті көрсетуі, мүлікті жалға беруі;
8) уәкілетті банктер – уәкілетті ұйымдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясына немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен берілген құқыққа сәйкес Қазақстан Республикасында банктік қызметті және (немесе) клиенттердің тапсырмалары бойынша шетел валютасымен банктік операцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдары және шетелдік банктердің филиалдары;
9) уәкілетті ұйымдар – Қазақстан Республикасының банктер болып табылмайтын және қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар қаржы ұйымдары;
10) ұлттық валюта:
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан Республикасының аумағында айналыста жүрген және заңды төлем құралы болып табылатын, сондай-ақ айналыстан алынған немесе алынатын, бірақ айналыстағы ақша белгілеріне айырбастауға жататын, банкноттар мен монеталар түріндегі ақша белгілері;
банктік шоттардағы Қазақстан Республикасының ақша бірліктеріндегі ақша;
11) шетел валютасы:
шет мемлекеттің (мемлекеттер тобының) аумағында айналыста жүрген және заңды төлем құралы болып табылатын, сондай-ақ айналыстан алынған немесе алынатын, бірақ айналыстағы ақша белгілеріне айырбастауға жататын, банкноттар, монеталар түріндегі ақша белгілері;
шет мемлекеттердің (мемлекеттер тобының) ақша бірліктеріндегі және халықаралық ақша немесе есеп айырысу бірліктеріндегі банктік шоттардағы ақша;
12) шетелдік банктер – шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құрылған және тіркелген мемлекеттерінің заңнамасы негізінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерде банктік қызметті жүзеге асыратын банктер және өзге де қаржы институттары;
13) экспорт – резиденттің бейрезидентке тауарларды беруі, резиденттің бейрезидентке зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды ішінара беруі, резиденттің бейрезидентке жұмысты орындауы, қызметті көрсетуі, мүлікті жалға беруі.
2. Валюталық операцияларды және олар бойынша есептілікті жіктеу мақсаттары үшін осы Заңда мынадай терминдер пайдаланылады:
1) капиталға қатысу:
егер осындай салуды жүзеге асыратын тұлғаға осы заңды тұлғаның, қарапайым серіктестіктің (консорциумның) дауыс беретін акциялары (қатысушылардың дауыстары, қатысу үлестері) тиесілі болса немесе осындай салу нәтижесінде тиесілі болатын болса, заңды тұлғаның, қарапайым серіктестіктің (консорциумның) акцияларын төлеуге ақшаны, бағалы қағаздарды, мүлік құқығын және өзге де мүлікті салу немесе егер осындай меншік құқығының өтуі нәтижесінде тұлғаға осы заңды тұлғаның, қарапайым серіктестіктің (консорциумның) дауыс беретін акциялары (қатысушылардың дауыстары, қатысу үлестері) тиесілі болатын болса, заңды тұлғаның, қарапайым серіктестіктің (консорциумның) акцияларына (қатысушылардың дауыстарына, қатысу үлестеріне) меншік құқығының өтуі;
заңды тұлғаның, қарапайым серіктестіктің (консорциумның) дауыс беретін акциялары тиесілі тұлғаның осы заңды тұлғаның, қарапайым серіктестіктің (консорциумның) жарғылық капиталынан өзге капиталының ұлғаюына әкелетін мүлікті салу, оның ішінде мүлкіне мүлік салу;
2) капитал қозғалысының операциялары – валюталық құндылықтарға меншік құқығы мен өзге де құқықтардың өтуімен байланысты, резиденттер мен бейрезиденттер арасында жүзеге асырылатын:
қаржылай қарыздар;
капиталға қатысу;
бағалы қағаздармен, қатысу үлестерімен және туынды қаржы құралдарымен операциялар;
Қазақстан Республикасының заңдарымен жылжымайтын мүлікке теңестірілген және жатқызылған жылжымалы заттарды қоспағанда, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын сатып алу;
зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды толығымен сатып алу;
ақшаны және өзге де мүлікті бірлескен қызмет қатысушысының міндеттемелерін орындау үшін, сондай-ақ сенімгерлік басқаруға беру;
клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларға ақшаны және қаржы құралдарын клиенттерге тиесілі ақшаны есепке алуға және сақтауға арналған шоттарға аудару;
ақшаны және өзге де валюталық құндылықтарды өтеусіз беру көзделетін операциялар;
3) қаржылай қарыздар:
экспортты немесе импортты алдын ала төлеу, мерзімін кейінге қалдыру және бөліп төлеу кезінде туындайтын міндеттемелерді қоспағандағы қарыздар;
борышкер міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге берілетін ақша;
тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жеткізушілер мен алушылардың (сатушылар және сатып алушылар) ақшалай талабын басқаға беру арқылы қаржыландыру;
үшінші тұлғалардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алуды және өзге де мәмілелерді қаржыландыруы, сондай-ақ үшінші тұлғалардың борышкердің кредитор алдындағы міндеттемелерін орындауы, солардың нәтижесінде ол үшін міндеттеме орындалған тұлғаның ақшаны және өзге де мүлікті осындай қаржыландыруды берген және (немесе) осындай орындауды жүзеге асырған тұлғаға қайтару міндеті туындайды;
Қазақстан Республикасының заңдарымен жылжымайтын мүлікке теңестірілген не жатқызылған жылжымалы заттарды жалдауды қоспағанда, жылжымайтын мүлікті кейіннен сатып ала отырып жалдауды қоса алғандағы қаржылық лизинг;
4) шетелдік қаржы ұйымдары – шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құрылған және тіркелген мемлекеттерінің заңнамасы негізінде қаржылық қызметтерді көрсету бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдік банктер және өзге де қаржы институттары;
5) шетелдік қаржылық емес ұйымдар – шетелдік қаржы ұйымдарын қоспағанда, шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасынан тысқары жерде орналасқан заңды тұлғалар мен заңды тұлға құрмайтын өзге де ұйымдар.
Осы Заңның мақсаттары үшін:
бейрезиденттер шығарған электрондық ақшаны резиденттің сатып алуы мен өтеуі бойынша операциялар;
резиденттер шығарған электрондық ақшаны бейрезиденттің сатып алуы мен өтеуі бойынша операциялар тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортымен немесе экспортымен байланысты валюталық операциялар болып табылады.
3. Осы Заң мен валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілердің мақсаттары үшін:
шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген құқықтың негізінде осы шет мемлекетте тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары;
Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға берілген рұқсат негізінде Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасында орналасқан заңды тұлғалар (халықаралық ұйымдарды қоспағанда), сондай-ақ олардың филиалдары (өкілдіктері);
егер халықаралық ұйымдарды құру туралы халықаралық шартта олар үшін Қазақстан Республикасының резиденті мәртебесі айқындалған болса, Қазақстан Республикасында орналасқан халықаралық ұйымдар;
Қазақстан Республикасының дипломатиялық және өзге де ресми өкілдіктері;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында банк және (немесе) сақтандыру қызметін жүзеге асыруға құқығы бар шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдары;
осы баптың 4-тармағына сәйкес бейрезиденттер деп танылған шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес (бұдан әрі – Салық кодексі) шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемелері болып табылатын осындай шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) Қазақстан Республикасының резиденттері болып танылады.
4. Осы Заң мен валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілердің мақсаттары үшін:
осы баптың 3-тармағына сәйкес резиденттер болып табылмайтын жеке тұлғалар;
заңды тұлға құрмайтын, шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасынан тысқары жерде орналасқан заңды тұлғалар және ұйымдар, сондай-ақ олардың Салық кодексіне сәйкес бейрезиденттің тұрақты мекемесін құруға алып келмейтін қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасындағы филиалдары (өкілдіктері);
бейрезидент мәртебесі Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының атынан шетелдік ұйымдармен жасалған және осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін күшіне енген келісімдердің талаптарымен белгіленген шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері);
егер оларды құру туралы халықаралық шартта өзгеше айқындалмаса, халықаралық ұйымдар;
шет мемлекеттердің дипломатиялық және өзге ресми өкілдіктері Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып танылады.
Бейрезидент мәртебесі Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының атынан шетелдік ұйымдармен жасалған келісімдердің талаптарымен белгіленген шетелдік қаржылық емес ұйымдар филиалдарының (өкілдіктерінің) тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің актісінде белгіленеді.
5. Осы Заңда пайдаланылатын және осы бапта белгіленбеген ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңдарында пайдаланылатындай мағынада қолданылады.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы валюталық реттеудің және валюталық бақылаудың құқықтық негіздері мен қағидаттарын, резиденттердің, сондай-ақ бейрезиденттердің Қазақстан Республикасының аумағында валюталық құндылықтарды иеленуге, пайдалануға және билік етуге байланысты туындайтын құқықтары мен міндеттерін белгілейді, валюталық реттеу органдарының, валюталық бақылау органдарының және валюталық бақылау агенттерінің өкілеттіктерін айқындайды.
3-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге заңдарынан, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарынан, сондай-ақ валюталық реттеу органдарының және валюталық бақылау органдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес шығарылатын нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының нормалары Қазақстан Республикасының халықаралық шарты негізінде осындай нормаларды қолдану үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісін қабылдау (шығару) талап етілетін жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 2-бабында көрсетілген қатынастарға тікелей қолданылады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Валюталық реттеудің және валюталық бақылаудың мақсаттары мен міндеттері
1. Валюталық реттеудің мақсаттары орнықты экономикалық өсуге қол жеткізу және Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатқа жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының төлем балансының орнықтылығын қамтамасыз етуге, ішкі валюта нарығының тұрақтылығына және экономикалық қауіпсіздігіне жәрдемдесу болып табылады.
Валюталық реттеудің міндеттері:
1) Қазақстан Республикасында валюталық құндылықтар айналысының тәртібін белгілеу;
2) Қазақстан Республикасының әлемдік экономикаға одан әрi интеграциялануына жәрдемдесу;
3) валюталық операциялар және Қазақстан Республикасының халықаралық қаржы активтері мен міндеттемелері бойынша ақпараттық базаны қамтамасыз ету болып табылады.
2. Валюталық бақылаудың мақсаты резиденттер мен бейрезиденттер валюталық операциялар жүргізген кезде олардың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.
Валюталық бақылаудың мiндеттерi:
1) жүргiзiлетiн валюталық операциялардың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкестiгiн айқындау;
2) валюталық операциялар бойынша төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының негiздiлiгiн және оларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттардың болуын тексеру;
3) валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептіліктің толықтығын, уақтылығын және объективтiлiгiн тексеру болып табылады.
2-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ РЕТТЕУ. ВАЛЮТАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ
5-бап. Валюталық реттеу органдары
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасында валюталық реттеудің негізгі органы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі және өзге де мемлекеттік органдар валюталық реттеуді өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңға сәйкес өз құзыреті шегінде резиденттер мен бейрезиденттер орындауға мiндеттi нормативтік құқықтық актілерді шығарады.
Валюталық реттеу органдары әзірлеген валюталық реттеу мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ валюталық операциялар жүргізу тәртібіне қатысты өзге де нормативтік құқықтық актілер мен келісімдер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен міндетті түрде келісілуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық реттеудің негізгі органы ретінде:
1) Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын;
2) Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын;
3) Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларын;
4) Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларын;
5) Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын шетелдік қаржылық емес ұйымдар филиалдарының (өкілдіктерінің) ақпаратты ұсыну қағидаларын;
6) Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс көздері мониторингінің қағидаларын бекітеді.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі резиденттермен және бейрезиденттермен валюталық операциялардың барлық түрін шектеусіз жүзеге асырады.
6. Валюталық операциялар бойынша есепке алу және есептілік нысандарын, сондай-ақ оларды ұсыну тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша олардың құзыретіне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгілейді.
6-бап. Валюталық операцияларды жүзеге асырудың негізгі қағидаттары
1. Мынадай:
1) тараптардың бiрi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерде орналасқан Қазақстан Республикасының дипломатиялық және өзге де ресми өкілдіктері болатын операцияларды;
2) тараптардың бiрi резиденттермен валюталық операцияларды жүргізуге Қазақстан Республикасының заңдарымен не осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен құқық берілген резиденттер болатын операцияларды;
3) өздеріне берілген лицензияға және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес уәкiлеттi банктер мен уәкілетті ұйымдар жүзеге асыруға құқылы банктік операцияларға және өзге де операцияларға жатқызылатын валюталық құндылықтармен операцияларды;
4) валюталық операцияларды жүргізу бойынша банктік қызмет көрсетуге ақы төлеуді;
5) номиналдық құны шетел валютасымен көрсетілген бағалы қағаздарды сатып алуға, сатуға, сыйақы төлеуге және (немесе) өтеуге байланысты операцияларды;
6) комитентке валюталық құндылықтарды қайтару жөніндегі операцияларды қоса алғанда, комиссионерлердің бейрезиденттермен экспорт немесе импорт бойынша шарттарды жасасуға және орындауға байланысты қызмет көрсетуі кезінде комиссионерлер мен комитенттер арасындағы операцияларды;
7) аффинирленген құйма алтынды ұлттық валютаға сатып алу және (немесе) сату бойынша операцияларды;
8) шетел валютасымен көрсетілген вексельдерді ақшалай міндеттемелерді орындау ретінде беруді;
9) бажсыз сауда дүкендерінде тауарларды сату кезінде, сондай-ақ халықаралық тасымалдаулар кезіндегі жүру жолында жолаушыларға тауарлар сату және қызметтер көрсету кезінде есеп айырысуға байланысты операцияларды;
10) шетелдік ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) арасындағы операцияларды;
11) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерге іссапарға шығуына байланысты шығыстарын, оның ішінде өкілдік шығыстарын төлеу кезіндегі операцияларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерге іссапарға шығуына байланысты берілген, жұмсалмаған авансты өтеу кезіндегі операцияларды;
12) жеке тұлғалардың жеке тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық қызметі қайырымдылықты жүзеге асыруға бағытталған заңды тұлғаларға ақшаны өтеусіз аударуын немесе валюталық құндылықтарды өтеусіз беруін;
13) жеке тұлғалардың басқа жеке тұлғалардың пайдасына банк салымдарын енгізуін;
14) брокерлік қызмет көрсету шарттарын орындау және тоқтату шеңберінде клиенттерге тиесілі ақшаны және қаржы құралдарын есепке алу және сақтау үшін шоттардан (шоттарға) ақша және қаржы құралдарын беруге байланысты клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар мен жеке немесе заңды тұлғалар арасындағы операцияларды;
15) Салық кодексінде көзделген жағдайларда салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуге байланысты операцияларды;
16) пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушының, Салық кодексіне сәйкес оған осындай пайдалы қазбаларды тасымалдауға, сақтауға және сатуға байланысты жер қойнауын пайдаланушы салық міндеттемесін орындау есебіне заттай нысанда беретін операцияларын;
17) жеке тұлғалардың "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында жасалатын және оларды жасау кезінде орындалатын мәмілелер бойынша тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер үшін төлемдер жүргізу жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында резиденттер арасындағы валюталық операцияларға тыйым салынады.
2. Резиденттер мен бейрезиденттер арасындағы валюталық операциялар ұлттық және (немесе) шетел валютасында жүзеге асырылады.
3. Бейрезиденттер Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында орналасқан өздерінің филиалдарымен (өкілдіктерімен) кез келген валюталық операциялар бойынша ақшаны еркін алуға және аударуға құқылы.
4. Бейрезиденттер Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес салымдар (депозиттер), бағалы қағаздар, резиденттермен қарыз алу операциялары және өзге де валюталық операциялар бойынша алынған дивидендтерді, сыйақыны және өзге де кiрiстердi еркін алуға және аударуға құқылы.
5. Қазақстан Республикасының аумағында бейрезиденттер арасындағы валюталық операциялар Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес шектеусіз жүзеге асырылады.
6. "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында валюталық операциялар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша қабылданған "Астана" халықаралық қаржы орталығының актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
7. Резиденттер мен бейрезиденттер арасындағы, оларға қатысты жүзеге асырылу талаптары осы Заңда белгіленбеген валюталық операциялар Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес шектеусіз жүргізіледі.
8. Валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасына әкелуді және Қазақстан Республикасынан әкетуді резиденттер мен бейрезиденттер Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасы талаптарын сақтай отырып, шектеусіз жүзеге асырады.
7-бап. Резиденттер мен бейрезиденттердің валюталық операциялары бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары
1. Резиденттер мен бейрезиденттердің валюталық операциялары бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары уәкiлеттi банктердегі банктік шоттар арқылы Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Уәкілетті банктердегі банктік шоттарды пайдаланбай мыналарды:
1) жеке тұлғалардың төлемдерін және (немесе) ақша аударымдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық валютамен олардың пайдасына төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын;
2) осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда жеке тұлғалардың уәкiлеттi банктерде банктік шот ашпай жүзеге асыратын ақша аударымдарын;
3) бажсыз сауда дүкендерінде тауарларды сату кезінде, сондай-ақ халықаралық тасымалдаулар кезіндегі жүру жолында жолаушыларға тауарлар сату және қызметтер көрсету кезінде есеп айырысуларды;
4) жеке тұлғалардың уәкілетті банктермен, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттерінде жүзеге асыратын қолма-қол ұлттық және шетел валютасымен операцияларын;
5) заңды тұлғалардың және шетелдік ұйымдар филиалдарының (өкілдіктерінің) қызметкерлерге жалақы төлеуін;
6) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге іссапарға шығуына байланысты шығыстарын, оның ішінде өкілдік шығыстарын төлеу кезіндегі операцияларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге іссапарға шығуына байланысты берілген жұмсалмаған авансты өтеу кезіндегі операцияларды;
7) өз қызметін әуежайларда, порттарда және халықаралық қатынастар үшін ашылған шекаралық өткелдерде кедендік бақылаумен жүзеге асыратын жеке тұлғалар мен бейрезидент заңды тұлғалар арасындағы төлемдерді;
8) Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайлар мен теңіз порттарында шет мемлекеттердің кемелеріне қызмет көрсеткені үшін бейрезиденттер мен резиденттер арасындағы төлемдерді, сондай-ақ бейрезиденттердің аэронавигациялық қызмет көрсетуге, әуежай қызметіне және теңіз порттарының халықаралық рейстерге қызмет көрсетуіне ақы төлеуін;
9) резиденттер мен өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын бейрезиденттер арасындағы Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында белгіленген сома шегінде ұлттық валютадағы төлемдерді;
10) чек, вексель беру (тапсыру) арқылы жасалатын төлемдерді;
11) қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру мақсаттары үшін уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдар арасындағы қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату бойынша операцияларды;
12) жеке тұлғалардың "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында жасалатын және оларды жасау кезінде орындалатын мәмілелер бойынша тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер үшін төлемдерді;
13) Қазақстан Республикасының резидент жеке тұлғалары, дипломатиялық және өзге ресми өкілдіктері Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүзеге асыратын валюталық операциялар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын;
14) осы Заңда белгіленген жағдайларда және тәртіппен резиденттер ашқан шетелдік банктердегі шоттар арқылы жүзеге асырылатын бейрезиденттермен операциялар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын, сондай-ақ уәкілетті банктердің шетелдік банктердегі корреспонденттік шоттары арқылы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын;
15) Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда, бейрезиденттердің шетелдік банктердегі шоттарынан резиденттің мiндеттемелерiн орындау есебіне олар жүзеге асыратын ақша аударымдарын жүргізуге жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасының аумағында ("Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағын қоспағанда) валюталық операциялар жүргізген кезде заңды тұлғалар мен шетелдік ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) алған қолма-қол шетел валютасы уәкілетті банктердегі банктік шоттарға есептелуге тиіс.
Резиденттердің және бейрезиденттердің қолма-қол шетел валютасын алумен, есептеумен және пайдаланумен байланысты уәкілетті банктегі банктік шот бойынша операцияларды жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында белгіленеді.
3. Капитал қозғалысының операциялары бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, сондай-ақ осы Заңға сәйкес есептік нөмірді алу қажет болатын валюталық шарттар бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары банктік шоттар арқылы ғана жүзеге асырылады.
4. Жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген сома шегінде уәкiлеттi банкте шот ашпай валюталық операциялар бойынша мынадай ақша аударымдарын:
1) Қазақстан Республикасының аумағында, Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына өтеусіз ақша аударымдарын, сондай-ақ айыппұлдарды, салық және лицензиялық төлемдерді аударуды;
2) жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруымен және осы Заңға сәйкес есептік нөмірді алу қажет болатын валюталық шарттар бойынша операциялармен байланысты емес Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына өзге ақша аударымдарын жүзеге асыруға құқылы.
Банктік шот ашпай аударым сомасының шекті мәнін қоса алғанда, жеке тұлғалардың уәкілетті банкте банктік шот ашпай ақша аударуды жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында белгіленеді.
8-бап. Резиденттер мен бейрезиденттердің шоттары
1. Резиденттер осы Заңның 16-бабының ережелерін ескере отырып, шетелдік банктерде шоттарды шектеусіз ашады.
2. Резиденттер және бейрезиденттер Қазақстан Республикасының аумағында уәкілетті банктерде ұлттық және (немесе) шетел валютасында банктік шоттарды шектеусіз ашады.
3. Бейрезиденттер Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлердегі өздерінің шоттарынан ұлттық және (немесе) шетел валютасын уәкілетті банктердегі банктік шоттарына, сондай-ақ уәкілетті банктердегі банктік шоттарынан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлердегі шоттарына еркін аударуға құқылы.
9-бап. Экспорт немесе импорт бойынша ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабы
1. Экспорт немесе импорт бойынша ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау уәкілетті банктердегі банктік шоттарға:
1) экспорттан түсетін ұлттық және (немесе) шетел валютасындағы түсімді;
2) бейрезидент міндеттемелерді орындамаған немесе толық орындамаған жағдайларда, импорт бойынша резиденттің есеп айырысуларды жүзеге асыруы үшін бейрезиденттің пайдасына аударған ұлттық және (немесе) шетел валютасын есептеуді білдіреді.
2. Резидент (шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) экспорт немесе импорт бойынша валюталық шартта көзделген мерзімде ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялауды қамтамасыз етуге міндетті.
Резиденттің (шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) репатриациялау талабын орындау мерзімі (репатриациялау мерзімі) Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт тараптарының міндеттемелерді орындау талаптарына қарай айқындалады.
Репатриациялау талабы қолданылатын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттың талаптарында бейрезиденттердің міндеттемелерді орындау мерзімдері көзделуге тиіс. Экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шартқа қызмет көрсететін уәкілетті банктер резиденттен репатриациялау мерзімін нақтылауды талап етуге құқылы.
Репатриациялауға жататын және шетелдік банктердегі шоттарға есептелген ұлттық және (немесе) шетел валютасы репатриациялау мерзімі аяқталғанға дейін резиденттің (шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) уәкілетті банктердегі шоттарына аударылуға тиіс.
3. Репатриациялау талабы:
1) бейрезиденттен тартылған қарыз талаптарына сәйкес резиденттің міндеттемелерін қамтамасыз етуге немесе резиденттің шетелде ашылған филиалдарының (өкілдіктерінің) қызметін қамтамасыз етуге арналған шетелдік банктердегі резиденттің шоттарына ұлттық және (немесе) шетел валютасын есептеу;
2) резиденттер Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде көрмелерді, спорттық, мәдени және өзге осыған ұқсас іс-шараларды өткізуден алатын шетел валютасын осындай іс-шараларды өткізу кезеңінде оларды өткізу бойынша шығыстарды жабу үшін пайдалану;
3) шетелдік банктерде ашылған резидент-көлік ұйымдарының шоттарына шет мемлекеттердің аумағында порт алымдарын және өзге де алымдарды төлеуге байланысты шығыстарды, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі осындай көлік ұйымдарының көлік құралдарына және олардың жолаушыларына қызмет көрсетуге байланысты шығыстарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлердегі осындай көлік ұйымдары филиалдарының (өкілдіктерінің) қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстарды төлеу мақсатында валюталық түсімді есептеу;
4) экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар бойынша қарсы талапты есепке алу арқылы бейрезиденттің міндеттемесін тоқтату;
5) бейрезиденттің міндеттемесін резидент пен бейрезидент арасындағы бастапқы міндеттемені өзге нысанды немесе орындау тәсілін көздейтін сондай тұлғалардың арасындағы басқа міндеттемемен ауыстыру арқылы тоқтату;
6) бейрезиденттің міндеттемелерді орындамау тәуекелін сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру жағдайы туындаған кезде сақтандыру төлемін алу жағдайларында ішінара немесе толық орындалған деп саналады.
4. Резидент бейрезидентке қойылатын талап ету құқығын басқа резидентке берген жағдайда, экспорт немесе импорт бойынша репатриациялауды белгіленген мерзімде қамтамасыз ету бойынша тиісті міндет талап ету құқығын қабылдаған резидентке өтеді.
Репатриациялау талабы қолданылатын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар бойынша резиденттің бейрезидентке өзінің талап ету құқығын басқа бейрезидентке өтеусіз беруіне жол берілмейді.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқа валюталық бақылау органдарымен және агенттерімен бірлесе отырып, экспорт немесе импорт жөніндегі жекелеген валюталық шарттар шеңберінде ақша қозғалысын және міндеттемелердің өзге де орындалуын мониторингтеу арқылы резиденттердің (шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) репатриациялау талабын орындауын бақылауды жүзеге асырады.
Осы мониторингтің мақсаттары үшін экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шартқа қызмет көрсететін уәкілетті банк оған есептік нөмір береді, ол кейіннен валюталық бақылау органдарына экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт бойынша мәліметтер беру кезінде көрсетіледі.
6. Экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар бойынша есептік нөмірлерді алу, осындай шарттар бойынша ақша қозғалысын және міндеттемелердің өзге де орындалуын мониторингтеу тәртібі, сондай-ақ экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар репатриациялау талабының орындалуы бақылауға жататын шекті мәнді қоса алғанда, шарттар мен өлшемшарттар және ол бойынша ерекше жағдайлар Қазақстан Республикасындағы экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларында белгіленеді.
3-тарау. ІШКІ ВАЛЮТА НАРЫҒЫ
10-бап. Шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату
1. Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығы осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату операцияларын жасауға байланысты резиденттер мен бейрезиденттер қарым-қатынастарының жиынтығы ретінде айқындалады.
2. Шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктер өздеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі берген лицензияға немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен берілген құқыққа сәйкес, Қазақстан Республикасында және шетелде шетел валютасын қолма-қол және қолма-қол ақшасыз нысанда сатуға және сатып алуға құқылы.
3. Заңды тұлғалар және шетелдік ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) (уәкілетті банктерді қоспағанда) Қазақстан Республикасында шетел валютасын қолма-қол ақшасыз сатып алуды және (немесе) сатуды Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен уәкілетті банктердегі банктік шоттар арқылы жүзеге асырады.
Клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясына сәйкес шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар өз клиенттерімен шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату бойынша қолма-қол ақшасыз операцияларды өздері жасасқан брокерлік қызметтер көрсету туралы шарттар шеңберінде шетел валютасындағы бағалы қағаздарды сатып алуға байланысты мақсаттар үшін Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға құқылы.
Уәкілетті ұйымдар уәкілетті банктермен жасасқан шарттар негізінде өз қызметінің мақсаттары үшін олармен қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату бойынша операцияларды жүзеге асыруға құқылы.
4. Жеке тұлғалар Қазақстан Республикасында шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату бойынша қолма-қол ақшасыз операцияларды шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктермен немесе клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясына сәйкес шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізуге құқығы бар, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылармен брокерлік қызметтер көрсету туралы шарттар шеңберінде Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
5. Қазақстан Республикасында жеке тұлғалардың қолма-қол шетел валютасын басқа қолма-қол шетел валютасына немесе қолма-қол ұлттық валютаға сатып алуы және (немесе) сатуы уәкілетті банктердің және уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері арқылы ғана жүргізіледі.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс көздерінің және сатып алынған шетел валютасын пайдалану мақсаттарының мониторингін жүргізеді.
Осындай мониторингті жүзеге асыру мақсаттары үшін клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын уәкілетті банктер және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар ұсынатын есептілік нысандары, сондай-ақ оларды ұсыну тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс көздері мониторингінің қағидаларында белгіленеді.
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі резидент заңды тұлғаларға (уәкілетті банктерді қоспағанда) Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу мақсаттарын растау, сондай-ақ оны мәлімделген мақсаттарда пайдалану бойынша талаптар белгілейді.
Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату тәртібі, резидент заңды тұлғаларға (уәкілетті банктерді қоспағанда) Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу және оны пайдалану мақсаттарын растау бойынша талаптар, сондай-ақ одан асқан кезде осы талаптар қолданылатын сатып алу сомасы үшін шекті мән Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында белгіленеді.
11-бап. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру
1. Өзіне берілген лицензияға немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен берілген құқыққа сәйкес қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдар қолма-қол шетел валютасын басқа қолма-қол шетел валютасына немесе қолма-қол ұлттық валютаға сатып алуды және (немесе) сатуды қоса алғанда, Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асырады. Өзге тұлғалардың Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату бойынша қаржылық қызметтерді көрсетуге құқығы жоқ.
2. Уәкілетті банктердің және уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттерінде қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату тәртібі, сондай-ақ қолма-қол шетел валютасын басқа қолма-қол шетел валютасына немесе қолма-қол ұлттық валютаға сатып алу және (немесе) сату бағамдарын белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларында белгіленеді.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті банктердің және (немесе) уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша қолма-қол шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу бағамдарының сату бағамдарынан ауытқуының шектерін белгілеуге құқылы. Шетел валюталарының түрлерін және оларға сәйкес келетін ауытқу шектерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
12-бап. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар
1. Өзіне берілген лицензияға немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен берілген құқыққа сәйкес қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банк айырбастау пункттері қызметінің басталғаны және тоқтатылғаны туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін хабардар етеді.
Уәкілетті банк айырбастау пункті операцияларды жүргізе бастаған күннен кешіктірмей айырбастау пунктінің ашылғаны туралы хабардар етеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі хабардар болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарламаны алғанын растайды.
2. Уәкілетті ұйым қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға берген лицензияның және уәкілетті ұйымның әрбір айырбастау пунктіне берілетін лицензия қосымшасының негізінде жүзеге асырады.
Уәкілетті ұйым өзінің айырбастау пункттері арқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған аффинирленген құйма алтынды сатып алу және (немесе) сату бойынша операцияларды жүзеге асыруға құқылы.
Уәкілетті ұйымның басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуына жол берілмейді.
3. Уәкілетті ұйымдарға құрылтайшылардың уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымдарының шығу көздерін жария етуін қоса алғанда, оларға қойылатын талаптарды, ұйымдық-құқықтық нысанына, жарғылық капиталдың мөлшеріне және оны қалыптастыру тәртібіне, сондай-ақ айырбастау пункттерінің үй-жайына, жабдығына және уәкілетті ұйымның персоналына қойылатын талаптарды қамтитын біліктілік талаптары қойылады.
4. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензияны және оған қосымшаны алу үшін уәкілетті ұйымда айырбастау пунктін орналастыру үшін үй-жайының болуы міндетті.
Уәкілетті ұйымдар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құжаттардан басқа, уәкілетті банктің шетел валютасындағы шотының бар екені туралы анықтамасын ұсынады.
Құжаттар Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларында белгіленген талаптарда және тәртіппен ұсынылады.
5. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензияны (оған қосымшаны қоса алғанда) беру немесе лицензияны (оған қосымшаны қоса алғанда) беруден бас тарту осы Заңда және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген барлық құжаттар мен мәліметтерді уәкілетті ұйым ұсынған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Қолданыстағы лицензияға қосымша беру, лицензияны және (немесе) оған қосымшаны қайта ресімдеу немесе осындай құжаттарды беруден бас тарту осы Заңда және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген барлық құжаттар мен мәліметтерді уәкілетті ұйым ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Лицензияны және (немесе) оған қосымшаны беруден, қайта ресімдеуден бас тартылған кезде өтініш берушіге дәлелді жауап беріледі.
6. Мыналар:
1) осы Заңға және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көзделген құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынбау;
2) өтініш берушінің және (немесе) ұсынылған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің осы Заңға және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден, қайта ресімдеуден бас тартуға негіздер болып табылады.
7. Уәкілетті ұйымдарға біліктілік талаптары, уәкілетті ұйымдарды лицензиялау тәртібі, уәкілетті банктің айырбастау пункттері қызметінің басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарлау тәртібі, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған аффинирленген құйма алтынды сатып алу және (немесе) сату операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметке қойылатын талаптар, сондай-ақ уәкілетті банктердің және уәкілетті ұйымдардың осындай қызмет туралы ақпаратты ұсыну нысандары мен тәртібі Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларында белгіленеді.
4-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ МОНИТОРИНГТЕУ. ВАЛЮТАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАР ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК БАНКТЕРДЕГІ ШОТТАР ЖӨНІНДЕГІ АҚПАРАТТЫ ҰСЫНУ
13-бап. Валюталық операцияларды мониторингтеу
1. Валюталық операцияларға мониторингті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталық операциялар бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыратын валюталық операцияларға қатысушы резиденттерден және уәкілетті банктерден валюталық операциялар, сондай-ақ шетелдік банктердегі шоттар туралы ақпаратты алу арқылы жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталық операцияларды мониторингтеу мақсаттары үшін:
1) валюталық шарттарды есептік тіркеуді жүзеге асырады, резиденттер (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) солардың негізінде және оларды орындау үшін капитал қозғалысы операцияларын (бұдан әрі – капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар) жүзеге асырады және олар бойынша жүргізілетін валюталық операциялар және олармен байланысты бейрезиденттерге қойылатын талаптар және бейрезиденттер алдындағы міндеттемелер туралы ақпаратты алады;
2) валюталық операциялар бойынша жүргізілген төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы ақпаратты қоса алғанда, жүргізілген валюталық операциялар туралы хабарламалар алады;
3) шетелдік банктердегі резиденттер (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) ашқан шоттар туралы хабарламалар алады және осындай шоттарды есептік тіркеуді жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдарынан (өкілдіктерінен) ақпаратты тұрақты негізде алады.
2. Валюталық операцияларды мониторингтеуді ұйымдастыру және жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе уәкілетті банктер осы Заңда белгіленген жағдайларда олардың негізінде және оларды орындау мақсатында валюталық операциялар жүзеге асырылатын валюталық шарттарға, сондай-ақ шетелдік банктердегі резиденттердің (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) шоттарына есептік нөмірлер береді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға, резиденттердің (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) шетелдік банктердегі шоттарына, сондай-ақ есеп айырысу осындай шоттар арқылы жүзеге асырылатын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттарға есептік нөмірлер береді. Уәкілетті банктер есеп айырысуы уәкілетті банктердегі шоттар арқылы жүзеге асырылатын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттарға есептік нөмірлер береді.
Есептік нөмір валюталық шарт бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын және міндеттемелердің өзге де орындалуын, сондай-ақ резиденттердің шетелдік банктердегі өз шоттарын пайдалана отырып жүргізетін валюталық операциялар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын идентификаттау және есепке алу үшін пайдаланылады.
Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт экспортты немесе импортты жүзеге асыруды да көздеп, ол бойынша есеп айырысу уәкілетті банктердегі банктік шоттар арқылы жүзеге асырылса, онда резидент (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) осындай валюталық шартқа есептік нөмір алу үшін уәкілетті банкке өтініш жасайды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі капитал қозғалысы жөніндегі осындай валюталық шартты уәкілетті банк берген есептік нөмірге ұқсас есептік нөмір бере отырып, есептік тіркеуді жүзеге асырады.
3. Валюталық шартқа есептік нөмір берген кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе уәкілетті банк валюталық шартқа қатысушы резиденттен ұсынылған валюталық шарттың көшірмесіне қосымша мынадай ақпаратты:
1) валюталық шартқа қатысушылар туралы мәліметтерді (тіркелу елін қоса алғанда, идентификаттау деректері, валюталық шарттың басқа тарапының капиталына валюталық шарт тарапының қатысуы туралы мәліметтерді);
2) валюталық шарттың деректемелері мен сомасын, валюталық шарттың валютасын және ол бойынша есеп айырысуларды, валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды аяқтау күнін қоса алғанда, мәміле туралы мәліметтерді;
3) мәміле бойынша есеп айырысу жүзеге асырылатын шоттар туралы мәліметтерді;
4) валюталық шартқа қатысушылар енгізген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды және жүзеге асырылатын мәмілемен байланысты валюталық шартқа қатысушылардың өзге де құжаттарын талап етуге құқылы.
14-бап. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу
1. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу осы шартқа есептік нөмір беруді және кейіннен капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы резиденттің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептік нөмірді пайдалана отырып, ол бойынша мәліметтерді беруін көздейді.
Есептік тіркеу талаптары қатысушылары резиденттер (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) болып табылатын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға қолданылады.
Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт болған кезде есептік тіркелуге жататын шекті мәнді қоса алғанда, өлшемшарттар мен талаптар, сондай-ақ есептік тіркеу рәсіміндегі ерекше жағдайлар Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында белгіленеді.
2. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы болып табылатын резидент (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне оның тараптарының кез келгені осындай валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындау басталғанға дейін өтініш береді.
Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерді резидент орындар алдында мүлік бейрезиденттен резиденттің пайдасына берілсе (ақша түссе), онда капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш жасау мүлік резиденттің иелігіне берілгенге (ақша түскенге) және (немесе) түскен ақшаны резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына есептегенге дейін жүзеге асырылады.
Егер өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу нәтижесінде капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт есептік тіркеуге арналған өлшемшарттар мен талаптарға сәйкес келсе, онда капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беру тараптардың енгізілген өзгерістерімен және (немесе) толықтыруларымен бірге капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындай бастағанға дейін (егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін бейрезидент міндеттемені орындауды бастаса, резиденттің иелігіне мүлік берілгенге (ақша түскенге) дейін жүзеге асырылады.
Есептік тіркеуге жататын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар бойынша уәкілетті банктердегі банктік шоттар арқылы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізу есептік нөмір болған кезде ғана жүзеге асырылады.
3. Резидент (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне:
1) резиденттің сәйкестендіру нөмірі көрсетілген өтінішін, жеке тұлғалар үшін жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, өтінішті;
2) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың көшірмесін және капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерге қатысты оған өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды ұсынады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аталған құжаттардың түпнұсқаларын, сондай-ақ өзге құжаттарды және (немесе) капитал қозғалысының валюталық операциясын жүзеге асыруға қатысты және (немесе) ұсынылған құжаттарда сілтеме жасалған мәліметтерді танысу үшін сұратуға құқылы.
Шет тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі аудармасымен ұсынылады.
Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмірді беру резидент осы тармақта көзделген барлық құжаттар мен мәліметтер ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беру арқылы жүзеге асырылады.
4. Есептік тіркеу талаптары қатысушылары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі болып табылатын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға қолданылмайды.
5. Резиденттердің (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар және резидент заңды тұлғалардың (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) шетелдік банктердегі шоттар үшін есептік нөмірлерді алу тәртібі, капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың көшірмелерін және капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелердің туындауын, орындалуын және тоқтатылуын растайтын өзге құжаттарды, есептік нөмірі бар капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт немесе шетелдік банктегі есептік нөмірі бар шот бойынша есептілікті ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында белгіленеді.
15-бап. Жүргізілген валюталық операциялар туралы хабарлама
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүргізілген валюталық операциялар туралы хабарлауды клиенттердің тапсырмасы бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын уәкілетті банктер және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тұрақты негізде есептер беру нысанында, оның ішінде валюталық операциялар бойынша клиенттердің төлемдері және (немесе) ақша аударымдары туралы хабардар ету нысанында жүзеге асырады.
2. Уәкілетті банктер төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жүргізілген кезде алынған мәліметтер негізінде валюталық операциялар бойынша клиенттердің тапсырмаларымен жүргізілген, сомасы шекті мәнге тең болатын немесе одан асатын төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы хабардар етуді жүзеге асырады.
Резидент немесе бейрезидент клиент валюталық операция бойынша шекті мәнге тең болатын немесе одан асатын сомадағы төлемді және (немесе) ақша аударымын жүргізген кезде уәкілетті банкке мынадай мәліметтерді ұсынады:
1) егер осы деректер төлем құжатында көрсетілгендермен сәйкес келмесе, төлем құжаты бойынша жөнелтушінің және бенефициардың тіркелген елі;
2) ішкі корпоративтік ақша аударымының белгісі (заңды тұлға өзінің құрылымдық бөлімшелерімен жүзеге асыратын немесе бір заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің арасында жүзеге асырылатын операциялар үшін);
3) төлем және (немесе) ақша аударымы жүргізілетін валюталық операцияның коды.
Егер клиент резидент болып табылса, онда оның негізінде және оны орындау үшін валюталық операция бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы жүргізілетін валюталық шарт бойынша қосымша мынадай мәліметтер:
1) валюталық шарт бойынша ақша жөнелтуші және ақша алушы туралы мәліметтер (төлем құжаты бойынша жөнелтушімен және бенефициармен сәйкес келмеген жағдайда);
2) төлем құжаты бойынша жөнелтушімен және бенефициармен сәйкес келмеген жағдайда, валюталық шарт бойынша ақша жөнелтушінің және ақша алушының тіркелген елі;
3) валюталық шарттың деректемелері және валюталық шарттың есептік нөмірі (бар болса) ұсынылады.
Осы тармақта көрсетілген валюталық операция бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы туралы мәліметтерді клиент уәкілетті банкке ұсынады немесе уәкілетті банк клиент ұсынған құжаттар мен мәліметтер негізінде дербес көрсетеді. Валюталық бақылау агенті ретінде уәкілетті банк валюталық операцияның кодын және осы тармақта көзделген өзге де мәліметтерді көрсетудің дұрыстығын қамтамасыз етеді.
Хабарлауға жататын валюталық операция бойынша төлем және (немесе) ақша аударымының сомасына қатысты шекті мән, валюталық операциялардың кодтары және осы тармақта көрсетілген мәліметтерді ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында белгіленеді.
3. Клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын уәкілетті банктердің немесе бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың есептілікті ұсыну нысандары мен мерзімдері, сондай-ақ олардың жүргізілген валюталық операция туралы хабардар ету және валюталық операциялар бойынша клиенттердің төлемдері және (немесе) ақша аударымдары туралы хабардар ету тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталық операциялар жасаудың мән-жайларын нақтылау мақсатында валюталық бақылау агенттерінен немесе резидент-жөнелтушіден немесе хабарламаға енгізілген төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша бенефициардан оның негізінде немесе оны орындау үшін осындай төлем және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылған валюталық шарт көшірмесін, сондай-ақ осындай валюталық шарт бойынша өзге де мәліметтерді талап етуге құқылы.
16-бап. Шетелдік банктердегі шоттар туралы хабарлама
1. Резидент заңды тұлға (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) шетелдік банкте шот ашқан кезде шетелдік банкпен шарт жасасқан күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін шотқа есептік нөмір беруге өтініш жасау арқылы хабардар етеді.
Шетелдік банктегі шотқа есептік нөмір беру үшін резидент заңды тұлға (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) бизнес-сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып өтініш және шоттың деректемелерін көрсете отырып шетелдік банк құжатының көшірмесін береді.
Есептік нөмір берілген шетелдік банктегі шоттың деректемелері өзгерген немесе ол жабылған жағдайларда резидент заңды тұлға (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бұл туралы белгіленген мерзімдерде хабардар етеді.
2. Резидент жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін шетелдік банктердегі шоттары туралы хабардар етпейді. Жеке тұлғалардың шетелдік банктердегі меншікті шоттарынан (меншікті шоттарына) ақша аударымдары туралы осындай ақша аударымдарын жүзеге асыратын уәкілетті банк хабардар етеді.
3. Резидент заңды тұлғалардың (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) шетелдік банктердегі шоттары үшін есептік нөмірлерді алу тәртібі, олардың шетелдік банктердегі шот деректемелерінің өзгергені немесе оның жабылғаны туралы хабардар ету тәртібі, сондай-ақ осындай шоттар бойынша ақша қозғалысы бойынша есептілік ұсыну нысандары мен тәртібі, уәкілетті банктердің жеке тұлғалардың ақша аударымдары туралы есептілікті ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында белгіленеді.
17-бап. Валюталық операцияларды мониторингтеу мақсаттары үшін ақпарат ұсыну
1. Қызметін Қазақстан Республикасында бір жылдан астам жүзеге асыратын шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне резиденттермен және бейрезиденттермен жасалған операциялар туралы ақпаратты тұрақты есептілік нысанында, сондай-ақ сұрау салу бойынша ұсынады.
2. Шетелдік қаржылық емес ұйым филиалының (өкілдігінің) тұрақты есептілікті ұсыну нысаны оның Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын қызмет түрі негізге алынып айқындалады.
Тұрақты есептілік ұсыну үшін шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) жүзеге асыратын қызмет түрлері, сондай-ақ шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдарының (өкілдіктерінің) есептілік ұсыну нысандары мен мерзімдері Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын шетелдік қаржылық емес ұйымдар филиалдарының (өкілдіктерінің) ақпаратты ұсыну қағидаларында белгіленеді.
5-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ БАҚЫЛАУ
18-бап. Валюталық бақылау органдары, агенттері және субъектілері
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, өзге де валюталық бақылау органдары мен агенттері Қазақстан Республикасындағы валюталық бақылауды осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған құзыретке сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және өзге де мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасындағы валюталық бақылау органдары болып табылады.
Уәкілетті банктер, уәкілетті ұйымдар, сондай-ақ клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар валюталық бақылау агенттері болып табылады.
3. Қазақстан Республикасындағы валюталық бақылау валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын бейрезиденттерге (бұдан әрі – валюталық бақылау субъектілері) қатысты жүргізіледі.
Қаржы ұйымдарына қатысты валюталық бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүргізеді. Өзге де тұлғаларға қатысты валюталық бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде басқа да валюталық бақылау органдарымен бірлесіп жүргізеді.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқа да валюталық бақылау органдарымен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ валюталық бақылау агенттерінің басқа да валюталық бақылау органдарымен ақпараттық өзара іс-қимылын үйлестіреді.
19-бап. Валюталық бақылау органдары мен агенттерiнiң өкілеттіктері
1. Валюталық бақылау органдары мен агенттері өз құзыреті шегінде резиденттер мен бейрезиденттер Қазақстан Республикасында жүргiзетiн валюталық операциялардың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес келуі бөлігінде бақылауды жүзеге асырады.
2. Валюталық бақылау органдары валюталық операциялар бойынша есептілікті ұсыну тәртібін белгілеуге, валюталық операцияларды жүргізуге байланысты құжаттар мен ақпаратты сұратуға, анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар қоюға және Қазақстан Республикасындағы барлық резиденттер мен бейрезиденттердің орындауы үшін мiндеттi болып табылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да шараларды қабылдауға құқылы.
3. Валюталық бақылау агенттері:
1) өздері, оның iшiнде клиенттердің тапсырмалары бойынша операциялар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) валюталық операциялар бойынша есепке алудың және есептiлiктiң толықтығы мен объективтiлiгін қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген өкiлеттiктеріне сәйкес өздерінің клиенттері жол берген, өздеріне белгілі болған Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу фактілері туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, сондай-ақ басқа да валюталық бақылау органдары мен құқық қорғау органдарына хабарлауға;
4) Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгіленген тәртіппен валюталық бақылау органдарына өздерінің қатысуымен жүргізiлетiн валюталық операциялар туралы ақпарат ұсынуға мiндеттi.
4. Валюталық бақылау органдары мен агенттері өз өкiлеттіктерiн жүзеге асырған кезде, оның ішінде Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес электрондық түрде ақпарат алмасуды жүзеге асырған кезде өздеріне белгiлi болған коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтауға мiндеттi.
5. Уәкiлеттi банк резиденттің және (немесе) бейрезиденттің валюталық операциялары бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын резидент және (немесе) бейрезидент Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес талап етiлетiн құжаттарды ұсынған жағдайда ғана жүзеге асырады.
6. Валюталық заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында валюталық бақылау агенттері осы Заңға сәйкес резиденттер мен бейрезиденттер валюталық операцияларды жүргізген кезде олардан:
1) жеке тұлғалар үшін – жеке басын куәландыратын құжатты;
2) шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар үшін – Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығын растайтын құжатты (бар болса);
3) заңды тұлғалар мен заңды тұлға болып табылмайтын ұйымдар үшін – құрылтай құжаттарын және өзге құжаттарды, оның ішінде осы тұлғаның қатысушыларын идентификаттайтын құжаттарды;
4) валюталық шартты, оның ішінде осы Заңда белгіленген жағдайларда есептік нөмірін беру туралы белгісі бар валюталық шартты;
5) осы Заңда белгіленген жағдайларда лицензияны;
6) валюталық шарттар бойынша мiндеттемелердi орындауды не соның негiзiнде орындаудың қажеттілігін растайтын құжаттар мен мәліметтерді;
7) осы Заңның 15-бабына сәйкес валюталық операциялар бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы мәліметтерді талап етуге құқылы.
7. Валюталық бақылау агенттерінің жүргізілетін валюталық операцияға қатысы жоқ құжаттарды ұсынуды талап етуге құқығы жоқ.
8. Тұлға Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес талап етiлетiн құжаттарды ұсынбаған, анық емес құжаттарды ұсынған не Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгіленген іс-әрекеттерді жүзеге асырмаған жағдайларда уәкiлеттi банктер валюталық операция бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырудан бас тартады.
20-бап. Валюталық бақылау нысандары
1. Валюталық бақылау органдары валюталық бақылау субъектілеріне қатысты валюталық бақылауды тексеру нысанында және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бақылаудың өзге де нысандарында жүзеге асырады.
2. Қаржы ұйымдарына қатысты тәуекел дәрежесін бағалау негізіндегі тексерулер, валюталық бақылау органының жоспардан тыс тексерулері және бақылаудың өзге де нысандары жүргізіледі. Валюталық операцияларды жүзеге асыратын өзге резиденттерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын бейрезиденттерге қатысты олар валюталық операциялар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізген кезде валюталық бақылау рәсімдері, валюталық бақылау органының жоспардан тыс тексерулері және бақылаудың өзге де нысандары жүргізіледі.
3. Бақылаудың өзге нысандарын валюталық бақылау органдары:
1) уәкілетті ұйымның айырбастау пунктінің үй-жайы мен жабдығын біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарап тексеру;
2) валюталық бақылау агентіне валюталық бақылауды тиісінше жүзеге асыру мақсатында орындалуға міндетті тапсырма жіберу;
3) валюталық операцияны жүргізуге байланысты валюталық бақылау органы валюталық бақылау агентінен клиенттің Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарын бұзу ықтималдығы туралы ақпараттың және Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарына сәйкес ұсынылатын өзге де ақпараттың (есептіліктің) келіп түсуіне байланысты сұратқан ақпаратты, есептілік пен құжаттарды талдау арқылы жүзеге асырады.
4. Бақылаудың өзге де нысанын жүзеге асыру рәсімдері:
1) уәкілетті ұйымның айырбастау пунктіне арналған үй-жайды және жабдықты рұқсат беру бақылауы шеңберінде оларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензияны және (немесе) оған қосымшаны бергенге дейін баруды және қарап тексеруді қамтиды. Бару және қарап тексеру қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензияны және (немесе) оған қосымшаны алуға заңды тұлғадан келіп түскен өтініштің негізінде жүзеге асырылады. Қарап тексерудің нәтижесі заңды тұлғаға қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензияны және (немесе) оған қосымшаны беру не беруден бас тарту үшін пайдаланылады.
2) валюталық бақылау агентіне тапсырманың мән-жайы және оны орындау мерзімдері көрсетілген жазбаша сұрау салу нысанында тапсырма жолдауды қамтиды. Валюталық бақылау агенті валюталық бақылау органының жазбаша тапсырмасын сұратылған ақпаратты және (немесе) құжаттарды осындай тапсырмада көрсетілген нысанда және мерзімде ұсыну арқылы орындайды.
3) валюталық бақылау органының Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында ұсынылуы көзделген (оның ішінде валюталық бақылау органының сұратуы бойынша) ақпаратты, есептілікті, құжаттарды Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасының талаптарын сақтау, оның ішінде алынған ақпараттың, есептіліктің, құжаттардың уақтылығы, толықтығы және дәйектілігі тұрғысынан талдауды жүзеге асыруын қамтиды.
21-бап. Жекелеген валюталық операциялар бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын жүргізуге қойылатын талаптар
1. Уәкілетті банктер жүргізілуі ақшаны Қазақстан Республикасынан әкетуге бағытталуы мүмкін жекелеген валюталық операциялар бойынша резиденттердің (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) төлемдерін және (немесе) ақша аударымдарын ақшаны жөнелтуші немесе ақшаны алушы болып табылатын резидент уәкілетті банкке осы төлем және (немесе) ақша аударымы туралы ақпаратты валюталық бақылау органдарына беруге рұқсатты ұсынған кезде ғана жүзеге асырады.
Осы тармақта көрсетілген рұқсат еркін нысанда ресімделеді. Жүргізілуі ақшаны Қазақстан Республикасынан әкетуге бағытталуы мүмкін валюталық операцияларды жүзеге асыруға негіз болатын валюталық шарт шеңберіндегі валюталық операциялар бойынша барлық төлемдерге (және) немесе ақша аударымдарына қатысты бір рұқсатты ұсынуға жол беріледі.
2. Жүргізілуі ақшаны Қазақстан Республикасынан әкетуге бағытталуы мүмкін валюталық операцияларға мынадай:
1) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында бейрезиденттен алынуға жататын ақшаны резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына аудару көзделмесе, бейрезиденттің резидентке (уәкілетті банкті қоспағанда) ақша беруін көздейтін қаржылай қарыз;
2) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында бейрезиденттен алынуға жататын ақшаны резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына аударуды жүзеге асыру көзделмесе, резиденттің (уәкілетті банкті қоспағанда) бейрезидентке ақша қайтару бойынша талаптарының туындауын көздейтін қаржылай қарыз;
3) резиденттің аффилиирленген тұлға болып табылмайтын бейрезидентке қаржылай қарыздың нысанын пайдаланғаны үшін сыйақы төлемей жеті жүз жиырма күннен асатын мерзімге ақша беруін көздейтін қаржылай қарыз;
4) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында бейрезиденттің экспортты төлеу бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі резиденттің міндеттемелерін орындаған күнінен бастап жеті жүз жиырма күннен асатыны көзделсе, экспорт бойынша операциялар;
5) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында бейрезиденттің ақшаны (аванс төлемін немесе толық алдын ала ақыны) қайтару бойынша міндеттемелерін орындау мерзімі бейрезидент импорт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда резидент міндеттемелерін орындаған күннен бастап жеті жүз жиырма күннен асатыны көзделсе, импортты төлеу бойынша операциялар жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар сауда немесе исламдық қаржыландыру бойынша мәмілелер шеңберінде туындайтын қаржылай қарыздарды, сондай-ақ бейрезиденттердің Қазақстан Республикасындағы өз филиалдарымен (өкілдіктерімен) жүзеге асыратын операцияларды және шетелдік ұйымдардың Қазақстан Республикасындағы филиалдарының (өкілдіктерінің) арасындағы операцияларды қамтымайды.
Осы тармақтың мақсаттары үшін резиденттің аффилиирленген тұлғасына:
1) резидент заңды тұлғаның акционерлік қоғамының дауыс беретін акцияларының он және одан көп пайызы (қатысушылар дауыстарының он және одан көп пайызы) тиесілі тұлға;
2) осы резидентке акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан көп пайызы (қатысушылар дауыстарының он және одан көп пайызы) тиесілі тұлға;
3) осы резидентпен бірлесіп үшінші тұлғаның бақылауындағы тұлға жатады.
22-бап. Шектеулі ықпал ету шаралары, ықпал ету шаралары және санкциялар
1. Валюталық бақылау органдары валюталық бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзуын анықтаған жағдайда осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге заңдарында көзделген шектеулі ықпал ету шараларын, ықпал ету шараларын және санкцияларды қолдануға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзушылықтар анықталған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы ұйымына қатысты "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының нормаларына сәйкес шектеулі ықпал ету шарасын не санкцияны қолдануға құқылы.
Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзушылықтар анықталған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын өзге резиденттерге, сондай-ақ бейрезиденттерге қатысты анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша хабарлама қолдануға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша хабарламасы валюталық бақылау субъектілері үшін мұндай хабарламада белгіленген мерзімде орындау үшін міндетті болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша хабарламасын орындамау тексеру, оның ішінде құзыреті шегінде басқа валюталық бақылау органдарымен бірлесіп тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.
23-бап. Резиденттер мен бейрезиденттердің құқықтары және мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен бейрезиденттер:
1) валюталық бақылау органдары жүргізген тексеру нәтижелерімен танысуға;
2) валюталық бақылау органдары мен агенттерiнiң әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен бейрезиденттер:
1) валюталық реттеу мен валюталық бақылау органдарына және валюталық бақылау агенттеріне осы Заңда белгіленген талаптарды орындау мақсатында өздері жүргізетін валюталық операциялар бойынша есептілікті, ақпарат пен құжаттарды ұсынуға;
2) валюталық бақылау органдары мен агенттеріне валюталық операцияларды жүргізуге қатысты ақпарат пен сұратылатын құжаттарды валюталық бақылау органының жазбаша сұрау салуында немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген мерзімдерде ұсынуға;
3) валюталық бақылау органдарына олардың тексерулер мен өзге де бақылау нысандарын жүргiзуi барысында, сондай-ақ олардың нәтижелері бойынша түсініктемелер беруге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім ішінде есептіліктің сақталуын қамтамасыз ете отырып, жүргізілетін валюталық операциялар бойынша есеп жүргізуге және есептілік жасауға;
5) валюталық бақылау органдарының анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптарын (нұсқауларын, нұсқамаларын, хабарламаларын) орындауға;
6) валюталық бақылау органдарының тексерулер жүргiзуi барысында оларға өз үй-жайларына кіруін, құжаттарға және автоматтандырылған дерекқорларға қол жеткізуін қамтамасыз етуге мiндеттi.
6-тарау. АРНАЙЫ ВАЛЮТАЛЫҚ РЕЖИМ
24-бап. Арнайы валюталық режим
1. Қазақстан Республикасының төлем балансының орнықтылығына, ішкі валюта нарығының тұрақсыздығына және экономикалық қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төнген жағдайларда, егер ахуалды экономикалық саясаттың басқа шараларымен шешу мүмкін болмаса, арнайы валюталық режим енгізіледі.
Арнайы валюталық режим елдің экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына төнген қатерді жою үшін жағдайлар жасауға бағытталған валюталық реттеудің шаралар кешенін көздейтін және резиденттер мен бейрезиденттердің валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операциялар жүргізуіне жекелеген валюталық шектеулер енгізуге жол беретін валюталық операцияларды жүргізудің ерекше режимі болып табылады.
Арнайы валюталық режим шеңберінде енгізілетін валюталық шектеулер уақытша шаралар болып табылады, кемсітпейтін сипатта және оларды анықтаудан туындаған мән-жайлардың жойылуына қарай күшін жояды.
Арнайы валюталық режим шеңберінде енгізілуі мүмкін шектеулерге мыналар:
1) валюталық операция сомасынан пайыз ретінде айқындалатын мөлшердегі депозитті уәкілетті банкке не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде белгіленген мерзімге сыйақы төлемей орналастыру талабы;
2) валюталық операцияларды жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің арнайы рұқсатын алу талабы;
3) резиденттер алған шетел валютасын міндетті түрде сату талабы;
4) шетелдік банктерде шоттарды пайдалану бойынша шектеулер, валюталық түсімді қайтару мерзімін және валюталық операциялар бойынша көлеміне, санына және есеп айырысу валютасына лимиттерді белгілеу жатады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынысы негізінде өзге уақытша валюталық шектеулерді енгізуі мүмкін.
2. Арнайы валюталық режимнің талаптары арнайы валюталық режим енгізілгенге дейін резиденттермен жасалған валюталық шарттар бойынша міндеттемелерді бейрезиденттердің орындауы нәтижесінде туындаған резиденттердің бейрезиденттер алдындағы міндеттемелерді орындауын, сондай-ақ бейрезиденттердің салымдар (депозиттер) мен бағалы қағаздар бойынша алынған дивидендтерді, сыйақылар мен өзге кiрiстердi аударуын шектей алмайды.
3. Арнайы валюталық режим Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынысы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің актісімен енгізіледі.
"Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күші Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді
енгізу туралы актісінде белгіленетін рұқсаттар мен хабарламаларға қолданылмайды.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді енгізу туралы актісінде:
1) валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүргізуге енгізілетін шаралардың және уақытша шектеулердің тізбесі;
2) арнайы рұқсат беру талаптарын қоса алғанда, арнайы валюталық режимнің талаптарын орындау тәртібі;
3) арнайы валюталық режимді енгізу уақыты және қолданылу мерзімі қамтылады.
5. Арнайы валюталық режимнің қолданылу мерзімі бір жылдан аспайды.
Арнайы валюталық режим енгізілген мерзім өткен соң арнайы валюталық режимнің күші жойылды деп есептеледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынысы негізінде арнайы валюталық режимнің қолданылуын осы тармақта белгіленген мерзімдер шегінде ұзартуға не тиісті актіні шығару арқылы оның күшін мерзімінен бұрын толық немесе ішінара жоюға құқылы.
6. Арнайы валюталық режимнің қолданылу кезеңінде резиденттер мен бейрезиденттер Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді енгізу туралы актісінде белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заңның 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін 1-бабы 3-тармағының жетінші абзацын қоспағанда, осы Заң 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгiзiледі.
2. "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж. № 11, 38-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 13-14, 63-құжат; 2010 ж., № 15, 71-құжат; 2012 ж., № 1, 6-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 22-I, 140-құжат; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 12, 87-құжат; 2017 ж., № 14, 51-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті |