Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Каспий теңізіндегі терроризмге қарсы күрес аясындағы ынтымақтастық туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Каспий теңізіндегі терроризмге қарсы күрес аясындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б.Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 7 тамыздағы № 481 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Каспий теңізіндегі терроризмге қарсы күрес аясындағы ынтымақтастық туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Әзербайжан Республикасының, Иран Ислам Республикасының, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Түрікменстанның үкіметтері
2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
терроризмге қарсы күрес саласында ынтымақтастықты нығайту мен ұлғайтудың маңыздылығын ұғына отырып,
террористік әрекетті елдерге төнетін елеулі қатер, мемлекеттік саясат пен тәртіпке, сондай-ақ азаматтардың саламаттылығы мен өміріне қауіп ретінде мойындай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар Каспий теңізіндегі терроризмге қарсы күрес саласында халықаралық міндеттемелер мен өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес ынтымақтастық жасайды.
2-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің осы Хаттаманы іске асыру шеңберінде үйлестіру мен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын уәкілетті және құзыретті органдары туралы Депозитарийді хабардар етеді.
3-бап
Тараптар арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) ақпарат алмасу;
2) жұмыс кездесулері мен консультациялар өткізу;
3) келісілген оқу-жаттығулар мен семинарлар өткізу;
4) террористік сипаттағы құқыққа қайшы әрекеттер мен оның салдарының профилактикасы, алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі келісілген және үйлестірілген іс-шаралар өткізу.
4-бап
Осы Хаттаманы іске асыру шеңберінде Тараптардың уәкілетті органдары мынадай ақпарат алмасуды жүзеге асырады:
1) Каспий теңізінде террористік актілерді жүзеге асыруға дайындық белгілері;
2) Каспий теңізіндегі террористік актілерге қатысы бар (немесе қатысы болуы мүмкін) жеке және заңды тұлғалар мен олардың сыбайластары, сондай-ақ оны жасағаны үшін ұсталғандар;
3) террористік іс-қимылға қатысы бар деген күдікпен қарап тексерілген немесе ұсталған жүзу құралдары (кемелер), сондай-ақ оларға қатысты қолданылған шаралар мен олардың нәтижелері;
4) терроризмге қарсы келісілген іс-шаралар жүргізу барысындағы өзара іс-қимыл жасау тәртібі;
5) өзара мүдделілікті білдіретін басқа да мәселелер туралы.
5-бап
Өзара іс-қимылды жүзеге асыру үшін Тараптардың уәкілетті органдары телефонды, факсимильдік байланысты, электрондық поштаны (автоматтандырылған ақпарат алмасу жүйелерін) және басқа да келісілген байланыс арналарын пайдаланады.
Жәрдем көрсету туралы сұрау салу жазбаша нысанда жіберіледі. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу келісілген байланыс құралдары арқылы ауызша берілуі мүмкін, кейіннен 72 сағат ішінде жазбаша расталады. Қабылданған шешім туралы жауап дереу жолданады.
Тараптардың уәкілетті органдары байланыс пункттері мен олардың арасындағы байланысты ұйымдастыру тәртібін келіседі.
6-бап
Тараптар осы Хаттама шеңберінде алынған ақпараттың құпиялылығын және оларды тиісінше сақтауды қамтамасыз етеді.
Ақпараттар мен материалдардың құпиялылық дәрежесін жіберуші Тарап айқындайды.
Алынған ақпарат пен материалдар оларды берген Тараптың жазбаша келісімі мен шарттары сақталмай үшінші тарапқа берілмейді.
Құпия ақпарат алмасу беруші Тарап мемлекетінің заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
Сұрау салынатын Тараптың уәкілетті органы, егер сұратылған ақпарат өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке және басқа да мемлекеттік маңызы бар мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін немесе заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп санаса, ақпаратты беруден толықтай немесе ішінара бас тарта алады. Қабылданған шешім сұрау салушы Тараптың уәкілетті органына жазбаша нысанда жеткізіледі.
7-бап
Тараптардың уәкілетті органдары келісілген іс-шараларды үйлестіру, сондай-ақ осы Хаттаманың ережелерін іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді реттеу үшін жұмыс кездесулерін өткізе алады.
Қажет болған кезде Тараптардың уәкілетті органдарының шешімі бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл бағыттары бойынша келісілген жоспарларды әзірлеу үшін жұмыс топтары құрылады.
8-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, осы Хаттаманы орындауға байланысты шығыстарды Тараптар дербес көтереді.
9-бап
Тараптар осы Хаттама шеңберінде ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды жүзеге асыру кезінде орыс және ағылшын тілдерін пайдаланады.
10-бап
Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіру немесе қолдану жөнінде қандай да бір келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды дипломатиялық арналар арқылы өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.
11-бап
Әзербайжан Республикасы осы Хаттаманың Депозитарийі болып табылады.
12-бап
Осы Хаттаманың ережелері Тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
13-бап
Осы Хаттама ережелерінің ешқайсысы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін алдын ала айқындайтын ереже ретінде қарастырылмауға тиіс.
14-бап
Осы Хаттамаға Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуі мүмкін. Осы Хаттамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар оның ажырамас бөлігі болып табылады және осы Хаттаманың 15-бабына сәйкес күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.
15-бап
Осы Хаттама белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны Депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
Тараптардың әрқайсысы Депозитарийді осы Хаттамадан шығу туралы хабардар етіп, шыға алады. Бұл Тарап үшін осы Хаттама Депозитарийдің мұндай хабарламаны алған күнінен бастап он екі ай өткенге дейін қолданыста болады.
20 жылғы "_"_______ _________ қаласында әзербайжан, қазақ,орыс, түрікмен, парсы және ағылшын тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.
Келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін пайдаланылады.
Осы Хаттаманың төлнұсқа данасы Депозитарийге сақтауға тапсырылады, ол оның расталған көшірмелерін барлық Тараптарға жібереді.
Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін
Иран Ислам Республикасының
Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Түрікменстанның
Үкіметі үшін