Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 сәуірдегі № 196 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі
1998 жылғы 6 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына қатысушы мемлекеттердің заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімнің, 2009 жылғы 22 мамырдағы Қылмысқа қарсы күрес саласындағы ақпарат алмасу туралы келісімнің және 1998 жылғы 30 қазандағы Қылмысқа қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы келісімнің ережелерін басшылыққа ала отырып,
2000 жылғы 15 қарашадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы хаттаманың ережелерін назарға ала отырып,
заңсыз көші-қон ұлттық қауіпсіздікке, экономикалық тұрақтылыққа елеулі қатер төндіретіндігін және Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында криминогендік ахуалдың қиындауына ықпал ететінін түсіне отырып,
заңсыз көшi-қонға қарсы күрестегi ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында көшi-қон процестерiн реттеудiң маңызды бағыттарының бiрi ретiнде қарай отырып,
заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі бірлескен шараларды жүзеге асыруға ниет білдіре отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын негізге ала отырып,
заңсыз көші-қонға қарсы күресте Тараптардың екіжақты ынтымақтастығы үшін құқықтық негіз құруға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісім шеңберінде Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастықты жүзеге асырады.
1. Тараптар осы Келісім шеңберінде мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:
1) өзара қызығушылық тудыратын статистикалық, ғылыми-әдістемелік және өзге де ақпарат алмасу, оның ішінде:
заңсыз көші-қонның анықталған арналары;
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында әрекет ететін, заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға қатысы бар заңды және жеке тұлғалар;
заңсыз көші-қонды ұйымдастыру және жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын жөнелту және межелі пункттері, маршруттар, тасымалдаушылар және көлік құралдары;
келу визаларын және өзге де құжаттарды алу және оларды заңсыз көші-қон мақсатында пайдалану тәсілдері;
азаматтық беру тәртібі және заңсыз көші-қонға қарсы күресті ұйымдастыру;
заңсыз көші-қонның алдын алуға бағытталған практика мен шаралар;
сыртқы көші-қонды реттеу әдістері;
жарамсыз немесе белгіленген тәртіп бұзылып берілген Тараптар мемлекеттері азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттары;
Тараптар мемлекеттерінің азаматтығын алған адамдар, сондай-ақ адамдардың Тараптар мемлекеттерінің азаматтығына тиесілігі;
Тараптар мемлекеттерінің көші-қон, оның ішінде көші-қон процестерін реттеу, заңсыз көші-қонға қарсы күресті ұйымдастыру саласындағы заңнамасы, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері заңнамасының көрсетілген салалардағы өзгерістер;
үшінші мемлекеттермен жасалған көші-қон мәселелері жөніндегі халықаралық шарттар;
Тараптар мемлекеттерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын азаматтары;
жеке басты куәландыратын және мемлекеттік шекараны кесіп өтуге құқық беретін құжаттардың үлгілері, олардың нысандарының өзгеруі, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағына келуге, онда болуға және одан шығуға арналған құжаттарға қойылатын талаптар;
Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіруге (не олардың аумағынан шығуға) шектеулердің болуы және негіздері, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағынан шығарылатын адамдар туралы ақпарат алмасу;
2) лауазымды адам және уәкілетті органның мөрімен куәландырылған, сұрау салуларға қоса берілетін, Тараптар мемлекеттері азаматтарының дербес деректерін трансшекаралық беруге келісімі туралы олардың жазбаша өтініштері болған кезде бұрынғы КСРО-ның 1974 жылғы үлгідегі паспорттары берілгендігін растау;
3) Тараптар мемлекеттерінің шекарасын заңсыз кесіп өтетін және олардың аумақтарында заңсыз болатын адамдарды анықтау және есепке алу;
4) бір Тарап мемлекеті азаматтарының жеке басын куәландыратын, екінші Тарап мемлекетінің аумағында табылған не қайтыс болуына байланысты алып қойылған құжаттарды Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігіне және/немесе консулдық мекемесіне тікелей жіберу;
5) үшінші мемлекеттердің азаматтарын, азаматтығы жоқ адамдарды және Тараптар мемлекеттерінің азаматтарын көші-қон есебіне қою немесе болатын жері (тұрғылықты жері) бойынша тіркеу туралы мәліметтерді беру;
6) азаматтықты тоқтататын Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігіне және/немесе консулдық мекемесіне оның күнін көрсете отырып, екінші Тарап мемлекетінің аумағында азаматтық алуды ресімдеу фактісі туралы хабарламамен бірге жеке басты куәландыратын құжаттарды тікелей қайтару.
2. Осы Келісім Тараптарға осы Келісімнің 1-бабында айқындалған шарттар сақталған кезде ынтымақтастықтың өзге де өзара тиімді бағыттарын белгілеуге және дамытуға кедергі келтірмейді.
Тараптар осы Келісім шеңберінде мынадай нысандарында ынтымақтастықты жүзеге асырады:
1) осы Келісімнің 2-тармағында көрсетілген ақпарат алмасу;
2) заңсыз көші-қонның алдын алу және жолын кесу бойынша тәжірибе алмасу;
3) Тараптар мемлекеттерінің көші-қон мәселелерімен айналысатын құзыретті органдар қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру, осы салада семинарлар мен тағылымдамалар ұйымдастыруды қоса алғанда;
4) заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласында ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру;
5) Тараптар мемлекеттерінің аумағында заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен жедел-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру.
1. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мүдделі Тараптың жәрдем көрсету туралы сұрау салуларының (бұдан әрі – сұрау салу) негізінде жүзеге асырылады. Егер осындай ақпарат екінші Тарап үшін қызығушылық туғызып отыр деп пайымдауға негіз болса, Тараптардың әрқайсысы көші-қон мәселелері бойынша өзінде бар ақпаратты екінші Тарапқа сұрау салусыз да жібере алады.
2. Сұрау салу орыс тілінде жазбаша нысанда, оның ішінде мәтінді берудің техникалық құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.
Сұрау салудың түпнұсқалылығына немесе мазмұнына күмән туған кезде қосымша растау сұратылуы мүмкін.
3. Сұрау салу:
- сұрау салушы және сұрау салынатын органның атауын;
- сұрау салу мәнінің мазмұнын, оның мақсатын және негіздемесін;
- сұрау салуды тиісінше орындау үшін пайдаланылуы мүмкін кез келген басқа да ақпаратты қамтуға тиіс.
4. Сұрау салу ресми ведомстволық бланкіде ресімделеді және сұрау салушы Тарап мемлекеттерінің құзыретті органының уәкілетті лауазымды адамы қол қояды.
Тараптар осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 45 (қырық бес) күн ішінде Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының сұрау салуларға қол қоюға уәкілетті лауазымды адамдарының тізбелерімен, сондай-ақ ведомстволық бланкілердің үлгілерімен алмасады.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген сұрау салуларға қол қоюға уәкілетті лауазымды адамдардың тізбелері не бланкілер өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы бірін-бірі дереу хабардар етеді.
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың жылдам және толық орындалуын қамтамасыз ету үшін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде барлық қажетті шараларды қабылдайды.
Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе оның орындалуын айтарлықтай кідіртетін мән-жайлар туралы сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
2. Сұрау салынатын Тарап оның пікірінше сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
3. Сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау өз мемлекетінде жүзеге асырылатын қандай да бір қылмыстық іске жататын қылмыстық қудалауға немесе іс жүргізуге кедергі келтіреді деп есептесе, ол сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруы немесе оны орындауды сұрау салушы Тараппен консультациялардан кейін қажет деп танылған жағдайларды сақтаумен байланыстыруы мүмкін. Егер сұрау салушы Тарап сұрау салуды осындай жағдайларда орындаумен келіссе, ол оларды сақтауға тиіс.
5. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа сұрау салуды орындау нәтижелері туралы дереу хабарлайды.
1. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі, адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соғуы не заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі мүмкін деп ұйғарса, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
2. Сұрау салушы Тарап бас тарту себептері көрсетіле отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы жазбаша хабардар етіледі.
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті органдар:
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі;
Өзбек тарапынан – Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Өзбекстан Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі және Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі болып табылады.
Құзыретті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
Тараптар, сондай-ақ Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде ынтымақтасады.
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша осы Келісім шеңберінде сұрау салудың келіп түсу фактісінің, оның мазмұны мен оған ілеспе құжаттардың, сондай-ақ жәрдем көрсету фактісінің құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды.
Сұрау салуды құпиялылықты сақтай отырып орындау мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салынатын Тарап бұл туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды, ол сұрау салуды осындай жағдайларда орындау-орындамау керектігін шешеді.
2. Сұрау салуларды орындау нәтижелері оларды берген Тараптың келісімінсіз сұратылғаннан және ұсынылғаннан өзге мақсаттарда пайдаланылмайды.
3. Осы Келісімнің негізінде бір Тарап алған мәліметтерді үшінші тарапқа беру үшін осындай мәліметтерді берген екінші Тараптың алдын ала келісімі талап етіледі.
4. Тараптар осы Келісімнің негізінде, Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес сұрау салуларды жіберу және орындау шеңберінде алмасатын жеке адам туралы ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етеді. Тараптар жеке тұлға туралы ақпаратты кездейсоқ жоғалтудан, санкцияланбаған қолжетімділіктен, өзгертуден немесе таратудан қорғауды да қамтамасыз етеді.
5. Осы Келісім қолданысын тоқтатқан жағдайда, осы баптың сұрау салудың келіп түсу фактісінің, оның мазмұны мен оған ілеспе құжаттардың, сондай-ақ жәрдем көрсету фактісінің құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға қатысты ережелері Тараптар үшін қолданысын жалғастырады.
1. Тараптар өзара уағдаластық бойынша осы Келісімнің негізінде көші-қон саласындағы ынтымақтастықты үйлестіру және тиімділігін арттыру мақсатында консультациялар жүргізеді.
2. Тараптар осы Келісім ережелерінің неғұрлым тиімді орындалуын қамтамасыз ету мақсатында бірлескен жұмыс топтарын құрып, сарапшылардың кездесулерін өткізе алады.
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес дербес көтереді.
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс тілін пайдаланады.
Тараптар арасындағы қарым-қатынастарда туындайтын және осы Келісімді орындауға немесе түсіндіруге байланысты барлық даулы мәселелер консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 15-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Тараптардың әрқайсысы өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жібере отырып, оның қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн өткен соң тоқтатылады.
20 ___ "_____" __________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда, орыс тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |