2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 180-бабының 2-тармағына және "2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2018 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған салымшыларға алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамымен кредиттік шарт жасасуды;
2) кредит берудің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауды;
3) бюджеттік кредитің мақсатты және тиімді пайдаланылуын, уақтылы өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингілеуді қамтамасыз етсін.
3. "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамы (келісу бойынша) тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне кредиттің игерілуі туралы ақпарат берсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 10 маусымдағы № 389 қаулысына қосымша |
Салымшыларға алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары
1. "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) бюджеттік кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:
1) бюджеттік кредит қарыз алушыға "2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2018 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында 231 "Алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру" бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 50000000000 (елу миллиард) теңге сомасында беріледі;
2) бюджеттік кредит қарыз алушыға мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 25 (жиырма бес) жыл мерзімге жылдық 0,01 %-ға (нөл бүтін жүзден бір) тең сыйақы мөлшерлемесі бойынша теңгемен беріледі;
3) республикалық бюджеттен кредитті бөлу қарыз алушының корреспонденттік шотына бюджеттік кредиттің барлық сомасын біржолғы аудару жолымен жүзеге асырылады;
4) игеру кезеңі қарыз алушының корреспонденттік шотына бюджеттік кредит аударылған күннен бастап 18 (он сегіз) жылды құрайды;
5) бюджеттік кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жылына 2 (екі) рет жарты жылдық төлемімен жүзеге асырылады;
6) бюджеттік кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы оның корреспонденттік шотына бюджеттік кредит аударылған күннен бастап 100 (жүз) айдан аспайтын кезеңді құрайтын жеңілдік кезеңі өткен соң жыл сайын 1000000 (бір миллион) теңге мөлшерінде тең үлестермен жүзеге асырады. Осы шарттардың 2) тармақшасында көзделген кредиттің мерзімі аяқталған соң негізгі қарыздың қалған сомасын өтеу біржолғы жүзеге асырылады;
7) бюджеттік кредит берудің мақсаты қарыз алушының "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы № 372 қаулысымен бекітілген "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатысушыларға аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй сатып алуына кредит беру тетігі бойынша алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беруі болып табылады, бұл ретте сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі жылдық 2 %-дан (екі) аспауға тиіс.
2. Бюджеттік кредитті беру, өтеу және оған қызмет көрсету бойынша қосымша шарттар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.