Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімге қол қою туралы ұсыныс енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Жоба |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер
өзінің азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қатынастарды реттеу ниетін басшылыққа ала отырып,
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
"тұратын мемлекеті" – аумағында еңбекшінің тұрғылықты жері орналасқан мүше мемлекет;
"жұмысқа орналастырушы мемлекет" – аумағында еңбекшінің зейнетақы құқықтары қалыптасатын не қалыптасқан мүше мемлекет;
"құзыретті орган" – құзыретіне өз мемлекетінің зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы заңнамасын іске асыруға қатысты мәселелер кіретін мүше мемлекеттің мекемесі (ұйымы);
"тұрғылықты жері" – мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес сондай деп айқындалатын немесе танылатын еңбекшінің тұратын жері;
"жинақтаушы зейнетақылар" – Армения Республикасында міндетті жинақтаушы зейнетақы, Қазақстан Республикасында қалыптасқан зейнетақы жарналары есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері, Қырғыз Республикасында зейнетақының жинақтаушы бөлігі және зейнетақы жинақтарының қаражаты есебінен төлемдер, Ресей Федерациясында жинақтаушы зейнетақы және зейнетақы жинақтарының қаражаты есебінен төлемдер;
"дербес деректердi өңдеу" – автоматтандыру құралдарын пайдалана отырып немесе пайдаланбай (дербес деректерді жинауды, жазуды, жүйелеуді, жинақтауды, сақтауды, нақтылауды (жаңартуды, өзгертуді), шығарып алуды, пайдалануды, беруді (таратуды, ұсынуды, қол жеткізуді), иесiздендiруді, бұғаттауды, өшіріп тастауды (жоюды қоса алғанда) дербес деректермен жасалатын кез келген әрекет (операция) немесе осындай әрекеттердің (операциялардың) жиынтығы;
"зейнетақылар" – мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес зейнетақыға белгіленетін төлемдерді (қосымша ақыларды) және арттыруларды қоса алғанда, осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында көрсетілген ақшалай төлемдер;
"зейнетақы жарналары":
Армения Республикасында – зейнетақыға құқық беретін салықтар және (немесе) өзге де жарналар;
Беларусь Республикасында – міндетті зейнетақыны сақтандыруға сақтандыру жарналары;
Қазақстан Республикасында – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналары;
Қырғыз Республикасында – Зейнетақы қорына және Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына сақтандыру жарналары;
Ресей Федерациясында – міндетті зейнетақыны сақтандыруға сақтандыру жарналары;
"дербес деректер" – солардың негізінде айқындалған немесе айқындалатын дербес деректер субъектісіне қатысты, субъектінің жеке басын тікелей немесе жанама сәйкестендіруге мүмкiндiк беретiн электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіштегі мәліметтер;
"жұмыс өтілі" – жұмыс және (немесе) өзге де қызмет кезеңі (оның ішінде зейнетақы жарналарын төлей отырып), сондай-ақ зейнетақыға құқықты айқындау және оның мөлшерін есептеу кезінде мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес есепке алынатын өзге де кезеңдер;
"еңбекші" – басқа мүше мемлекеттің аумағында еңбек немесе өзге де қызметті жүзеге асыру арқылы зейнетақы құқықтары қалыптасатын не қалыптасқан мүше мемлекеттің азаматы;
"уәкілетті органдар" – зейнетақымен қамсыздандыру саласында реттеуді жүзеге асыратын және (немесе) медициналық-әлеуметтік сараптама (кешенді куәландыруды) жүргізуді жүзеге асыратын органдардың (мекемелердің) қызметін регламенттейтін мүше мемлекеттің атқарушы билік органдары;
"отбасы мүшесі" – еңбекшімен некеде тұратын адам, сондай-ақ оның асырауындағы балалары және жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес отбасы мүшелері болып танылатын басқа да адамдар.
Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және тиісті мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалған мағыналарда қолданылады.
Адамдар тобы және қолдану саласы
1. Осы Келісім еңбекшілерге және отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады.
2. Осы Келісім мынадай зейнетақыларға қолданылады:
2.1. Армения Республикасында:
1) еңбек зейнетақысы:
жасына байланысты;
жеңiлдiкті шарттардағы;
еңбек сіңірген жылдары үшін;
мүгедектігі бойынша;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;
ішінара;
2) міндетті жинақтаушы зейнетақы:
аннуитет;
бағдарламалық төлем;
біржолғы төлем;
мұрагерлерге төленетін біржолғы төлем.
Бұл ретте Армения Республикасында міндетті жинақтаушы зейнетақы Армения Республикасының заңнамасына сәйкес тағайындалады және төленеді.
2.2. Беларусь Республикасында:
еңбек зейнетақысы;
жасына байланысты;
еңбек сіңірген жылдары үшін (әскери қызметшілердің, соларға теңестiрiлген адамдардың, олардың отбасы мүшелерінің және мемлекеттік қызметшілердің зейнетақыларынан басқа);
мүгедектігі бойынша;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша.
2.3. Қазақстан Республикасында:
қалыптасқан зейнетақы жарналары есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері;
зейнеткерлік жасқа толуына байланысты;
егер мүгедектiк мерзiмсiз болып белгiленсе, бірінші және екінші топ мүгедектігі белгіленген кезде;
мұрагерлерге біржолғы төлем.
2.4. Қырғыз Республикасында:
1) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру бойынша зейнетақылар:
жасына байланысты;
мүгедектігі бойынша;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;
2) мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатынан зейнетақының жинақтаушы бөлігі;
3) мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатынан зейнетақы жинақтарының қаражаты есебінен төлемдер.
2.5. Ресей Федерациясында:
1) сақтандыру зейнетақысы:
қарттық бойынша;
мүгедектігі бойынша;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;
2) егер осы Келісімде өзгеше көзделмесе, сақтандыру зейнетақысына бекітілген төлем, сақтандыру зейнетақысына бекітілген төлемді арттыру және (немесе) ұлғайту және сақтандыру зейнетақысына қосымша ақы;
3) жинақтаушы зейнетақы;
4) зейнетақы жинақтарының қаражаты есебінен төлемдер.
3. Зейнетақылардың (жәрдемақылардың) өзге де түрлері еңбекші (отбасы мүшесі) тұратын мемлекеттің заңнамасына сәйкес тағайындалады және төленеді.
4. Осы Келісім осы баптың 2-тармағында көрсетілген ережелерді өзгертетін және (немесе) толықтыратын және осы Келісімнің нормаларына қайшы келмейтін зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамада реттелетін қатынастарға да қолданылады.
Еңбекшілердің тең құқықтары
1. Еңбекшілердің зейнетақы құқықтарын қалыптастыру жұмысқа орналастырушы мемлекет азаматтарының зейнетақы құқықтары қалыптастырылатын дәл сондай шарттарда және дәл сондай тәртіппен зейнетақы жарналары есебінен жүзеге асырылады.
2. Еңбекшілерге (отбасы мүшелеріне) зейнетақыны тағайындау және төлеу құқығын іске асыру жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарына арналған дәл сондай шарттарда жүзеге асырылады.
3. Еңбекшінің (отбасы мүшесінің) зейнетақыны тағайындау және төлеу үшін тұратын мемлекетінің құзыретті органына және (немесе) жұмысқа орналастырушы мемлекеттің құзыретті органына жүгінуге құқығы бар.
Зейнетақымен қамсыздандыру мақсатында бір мүше мемлекеттің құзыретті органына өтінішті және басқа да құжаттарды беру күні оларды басқа мүше мемлекеттің құзыретті органына берген күн болып есептеледі.
Осы Келісімді іске асыру шеңберінде құжаттарды құзыретті органдар арасында қайта жіберу мерзімі өтінішті қарау және зейнетақыны белгілеу туралы шешім қабылдау мерзіміне қосылмайды.
4. Егер осы Келісімде өзгеше белгіленбесе, еңбекшіге (отбасы мүшесіне) тұрғылықты жерінің басқа мүше мемлекеттің аумағында болуы негізінде зейнетақыны тағайындаудан және төлеуден бас тартылмайды.
Аумақтардың теңдігі және зейнетақыны экспорттау
1. Зейнетақыларды құзыретті органдар, оның ішінде еңбекші (отбасы мүшесі) басқа мүше мемлекеттің аумағында тұрып жатқан жағдайда да төлейді.
Еңбекшінің (отбасы мүшесінің) тұратын мемлекетінің не зейнетақыны тағайындаған мүше мемлекеттің аумағында зейнетақы алуға құқығы бар.
2. Егер осы Келісімде өзгеше белгіленбесе, еңбекшінің (отбасы мүшесінің) тұрғылықты жерінің басқа мүше мемлекеттің аумағында болуы негізінде зейнетақылардың мөлшері азайтылмайды, оларды төлеу тоқтатыла тұрмайды немесе тоқтатылмайды.
3. Осы баптың 1-тармағы бірінші абзацының және 2-тармағының ережелері мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес еңбекшінің (отбасы мүшесінің) осы мүше мемлекеттің аумағындағы тұрғылықты жерін ескере отырып белгіленетін төлемдерге (қосымша ақыларға) қолданылмайды.
4. Мына ақшалай төлемдер еңбекші тиісті мүше мемлекеттің аумағында тұрған жағдайда ғана жүргізіледі:
1) Армения Республикасында – еңбек зейнетақысының бөлігі ретінде негізгі зейнетақы және зейнетақыға үстемеақылар;
2) Беларусь Республикасында – өзге қызметтің заңнамаға сәйкес ескерілген кезеңдерін және (немесе) зейнетақы жарналары төленбеген өзге де кезеңдерді негізге ала отырып есептелген зейнетақы бөлігі, сондай-ақ зейнетақыға белгіленетін үстемеақылар, төлемдер (қосымша ақылар) және арттырулар;
3) Қырғыз Республикасында – Қырғыз Республикасы бюджетінің қаражаты есебінен зейнетақының базалық бөлігі мен төлемдер;
4) Ресей Федерациясында – сақтандыру зейнетақысына бекітілген төлем, сақтандыру зейнетақысына бекітілген төлемді арттыру және (немесе) ұлғайту және сақтандыру зейнетақысына қосымша ақы, зейнетақы құқықтарын ақшалай мәнінде валоризациялау.
5. Мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген қосымша ақылар мен өзге де төлемдерді белгілеу кезінде еңбекшіге (отбасы мүшесіне) барлық мүше мемлекеттерде тағайындалған зейнетақылар есепке алынады.
6. Еңбекші (отбасы мүшесі) бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына қоныс аударған жағдайда, егер еңбекші (отбасы мүшесі) зейнетақыға құқығын қоныс аударғанға дейін іске асырған болса, осы Келісімнің 12-бабы қолданыла отырып, оны қайта қарау (қайта есептеу) жүргізіледі. Бұл ретте осы Келісім күшіне енгеннен кейін жиналған еңбек өтілі үшін зейнетақыға құқық қайта қаралмайды.
Отбасы мүшесінің зейнетақыға құқығы
1. Еңбекші қайтыс болған жағдайда отбасы мүшесінің мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес зейнетақыға құқығы бар.
2. Мөлшері зейнетақыны тағайындайтын мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес отбасы мүшелерінің санына байланысты зейнетақыға құқықты айқындау кезінде барлық отбасы мүшелері есепке алынады.
Зейнетақыға құқықты іске асыру
1. Бір мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес зейнетақыны тағайындау және төлеу басқа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес еңбекшінің (отбасы мүшесінің) бір мезгілде зейнетақының осы және (немесе) басқа түрін тағайындау және төлеу құқығына әсер етпейді.
2. Осы Келісімнің ережелерін ескере отырып зейнетақыны тағайындауды мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес еңбекшінің (отбасы мүшесінің) зейнетақыға құқығы туындаған кезде осы мүше мемлекеттің құзыретті органы басқа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы еңбекшінің (отбасы мүшесінің) зейнетақыға құқығы туындаған күніне қарамастан жүргізеді.
Зейнетақыға құқықты айқындау
1. Әрбір мүше мемлекет зейнетақыға құқықты осы Келісімнің ережелерін ескере отырып, өзінің аумағында жиналған жұмыс өтілін негізге алып, өз заңнамасына сәйкес айқындайды.
2. Егер бір мүше мемлекеттің аумағында жиналған жұмыс өтілі зейнетақыға құқықтың туындауы үшін жеткіліксіз болса, мұндай жұмыс өтілі уақыты бойынша тура келген жағдайларды қоспағанда, басқа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес осы мүше мемлекеттердің аумақтарында жиналған жұмыс өтілі ескеріледі.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес Ресей Федерациясында зейнетақыға құқықты айқындау кезінде жеке зейнетақы коэффициентінің шамасы Ресей Федерациясының аумағында, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының аумағында жиналған жұмыс өтілінің кезеңдері үшін айқындалады.
Егер осы тармақтың бірінші абзацына сәйкес айқындалған жеке зейнетақы коэффициентінің шамасы зейнетақыға құқықтың туындауы үшін жеткіліксіз болса, онда мүше мемлекеттердің аумақтарында жиналған 1 жыл жұмыс өтілі үшін 1-ге тең жеке зейнетақы коэффициентінің шамасы ескеріледі. Бұл ретте 1 ай жұмыс өтілі толық күнтізбелік жыл үшін–коэффициенттің 1/12 бөлігін, ал 1 күн толық күнтізбелік жыл үшін– коэффициенттің 1/360 бөлігін құрайды.
4. Бір мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгілі бір мамандық бойынша, белгілі бір лауазымдағы немесе белгілі бір еңбек шарттары мен ұйымдардағы жұмысқа байланысты зейнетақыға құқықты айқындау кезінде басқа мүше мемлекеттің аумағында жиналған осыған ұқсас жұмыс өтілі бірінші мүше мемлекеттің аумағында жиналған жұмыс өтілімен қосылмайды, бірақ жалпы негіздерде жұмыс өтілі ретінде ескеріледі.
5. Жинақтаушы зейнетақыны, сондай-ақ мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша еңбек (сақтандыру) зейнетақыларын қоспағанда, осы Келісімге сәйкес зейнетақыға құқық заңнамасына сәйкес еңбекші (отбасы мүшесі) зейнетақы тағайындауға үміткер болатын мүше мемлекеттің аумағында жиналған кемінде толық 12 ай жұмыс өтілі болған кезде туындайды.
Жинақтаушы зейнетақыға, сондай-ақ мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша еңбек (сақтандыру) зейнетақысына құқық мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленеді.
Зейнетақы мөлшерін есептеу
Әрбір мүше мемлекет зейнетақының мөлшерін өзінің заңнамасына сәйкес жиналған зейнетақы құқықтарын негізге ала отырып және осы Келісімнің ережелерін ескере отырып, осы мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен есептейді.
Медициналық куәландыру және мүгедектікті белгілеу
1. Мүгедектікті белгілеу мақсатында еңбекшіні (отбасы мүшесін) медициналық зерттеп қарау тұратын мемлекетінің заңнамасына сәйкес оның тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылады.
2. Мүгедектіктің тобы, мерзімі және себебі (еңбек қызметіне қабілетінің шектелу дәрежесі) туралы шешімдерді заңнамасына сәйкес тиісті зейнетақыны тағайындау және төлеу жүргізілетін мүше мемлекеттің медициналық-әлеуметтік сараптаманы (кешенді куәландыруды) жүзеге асыратын органы (мекемесі), оның ішінде сырттай қабылдайды.
Қажет болған кезде басқа мүше мемлекеттердің тиісті мекемелері берген анықтамалар мен медициналық қорытындылар назарға алынады.
Бұл шешімдер өтеусіз негізде қабылданады.
Мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы
1. Еуразиялық экономикалық комиссия мүше мемлекеттерден осы Келісімнің реттеу нысанасына қатысты ақпаратты сұратуға, сондай-ақ осы Келісімді қолдану мәселелері бойынша ұсынымдар қабылдауға құқылы.
2. Уәкілетті органдар осы Келісімді қолдану аясына қатысты өз мемлекеттерінің заңнамасындағы барлық өзгерістер туралы бір-біріне ақпарат береді.
3. Уәкілетті органдар мен құзыретті органдар осы Келісімді іске асыруға байланысты мәселелер бойынша бір-бірімен өтеусіз негізде (оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып) өзара іс-қимыл жасайды.
Құзыретті органдар сұрау салу бойынша немесе жеке бастамасымен осы Келісімді қолдану үшін маңызы бар мән-жайлар туралы қажетті мәліметтерді бір-біріне ұсынады, сондай-ақ осы мән-жайларды белгілеу үшін шаралар қабылдайды.
4. Құзыретті органдар зейнетақы мөлшерінің өзгеруіне немесе оны төлеуді тоқтатуға әкеп соғатын мән-жайлар туралы бір-біріне ақпарат береді.
5. Мүгедектікті белгілеу, зейнетақыға құқықты айқындау, зейнетақыны тағайындау және төлеу үшін қажетті, бір мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген құжаттарды басқа мүше мемлекет осындай құжаттарды танудың осы басқа мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген рәсімдерін өткізбестен таниды.
Құзыретті органдар еңбекшіден (отбасы мүшесінен) құжаттардың зейнетақыны тағайындайтын (төлейтін) мүше мемлекеттің мемлекеттік тіліне нотариат куәландырған аудармасын сұратуға, сондай-ақ қажет болған жағдайда құжаттарды верификациялау мақсатында тиісті сұрау салулар жіберуге не ақпараттық дерекқорларға жүгіну арқылы алынған мәліметтерді пайдалануға құқылы.
6. Еңбекшіге (отбасы мүшесіне) бір мүше мемлекеттің құзыретті органы артық төлеген зейнетақы сомалары зейнетақы төлемінің тоқтатылуына байланысты өз бетінше ұстап қалу мүмкін болмаған жағдайда, осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында көзделген және басқа мүше мемлекеттің құзыретті органы төлейтін зейнетақыдан осы мүше мемлекеттің пайдасына ұсталуы мүмкін.
7. Осы Келісімді іске асыру Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі бекітетін осы Келісімнің нормаларын қолдану бойынша уәкілетті органдар, құзыретті органдар мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы өзара іс-қимыл тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
Дербес деректер
Дербес деректер осы Келісімді іске асыру мақсатында беріледі және таратылуы шектелген (құпия) мәліметтер болып табылады.
Уәкілетті органдар мен құзыретті органдар дербес деректерді өңдеуді осы органдар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Өтпелі ережелер
Зейнетақыны тағайындау және төлеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
осы Келісім күшіне енгеннен кейін жиналған жұмыс өтілі үшін зейнетақыны аумағында тиісті жұмыс өтілі жиналған мүше мемлекет тағайындайды және төлейді;
осы Келісім күшіне енгенге дейін жиналған жұмыс өтілі үшін зейнетақы – мүше мемлекеттердің заңнамасына және 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтары құқықтарының кепілдіктері туралы келісімге, ал Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы үшін 2006 жылғы 24 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы шартқа сәйкес тағайындалады және төленеді.
Уәкілетті және құзыретті органдар
Уәкілетті және құзыретті органдар туралы мәліметтерді мүше мемлекеттер Еуразиялық экономикалық комиссияға осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны жіберген кезде ұсынады.
Мүше мемлекеттер өздерінің уәкілетті органдарының немесе құзыретті органдарының өзгергені туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны бір айлық мерзімде хабардар етеді.
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісімді қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледi.
2. Осы Келісімге мүше мемлекеттердің өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
3. Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіреді.
4. Осы Келісім мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
20__ жылғы ____ _____________ ___________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Армения Республикасы үшін | Беларусь Республикасы үшін |
Қазақстан Республикасы үшін | Қырғыз Республикасы үшін |
Ресей Федерациясы үшін |