Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Айтбайұлы Өскенбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат беріле отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 27.04.2022 № 253 қаулысымен.3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 8 қарашадағы № 839 қаулысымен Мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі
интермодальдық шешімдер арқылы халықаралық жүк тасымалдарын оңайлатуға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының арасындағы жүк тасымалдарының ұлғаюын ескере отырып,
Еуропа, Балтық өңірі, Қара теңіз, Орта Шығыс және Кавказ мемлекеттерінің көлік желілерін интеграциялау мақсатында,
тарихи Жібек жолын қайта жаңғыртуға және Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісі арқылы Қазақстан мен Түркияны қосатын Орталық көлік дәлізін жақсартуға ниет білдіре отырып,
әлеуметтік, экономикалық және экологиялық артықшылықтары бар балама шешімдер ұсыну мақсатында автожол жүйесіне қосымша заманауи теміржол және су көлігі жолдарын дамытуға жәрдемдесу қажеттігін ұғына отырып,
халықаралық жүк тасымалдарын оңайлату үшін құрамдастырылған тасымалдар жүйесінің жоғары әлеуеті мен мүмкіндігі бар екенін болжай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Қолданылу саласы
1. Осы Келісім Тараптардың бірі мемлекеттерінің аумағында тіркелген көлік құралымен Тараптардың әрбірінің мемлекеттерінің аумақтары арасында немесе бір немесе екі Тарап мемлекетінің аумағы арқылы транзитпен теміржол, су және/немесе автомобиль жолдары арқылы орындалатын халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары саласында қолданылады.
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде келтірілген анықтамалар мыналарды білдіреді:
а) интермодальдық жүк тасымалы − интермодальдық/құрамдастырылған жүк тиелетін көлік бірлігінде жүк жөнелтушіден жүк алушыға дейін жүкті тасымалдау үшін көліктің әр түрін дәйектілікпен пайдалану;
б) құрамдастырылған жүк тасымалы − интермодальдық жүк тасымалы, бұл ретте жолдың басым бөлігі теміржолдарға немесе теңіз жолына келеді, сондай-ақ бастапқы және/немесе соңғы кезеңі автомобиль жолдары арқылы барынша қысқа жолмен орындалады;
в) автокөлік құралы − моторлы көлік құралы Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағында тіркелген және жүкті тек автомобильмен тасымалдау үшін пайдаланылатын моторлы көлік құралын немесе автокөлік құралдарының құрамасын (тіркемесі, жартылай тіркемесі бар автокөлік құралдары) білдіреді;
г) интермодальдық/құрамдастырылған тасымалдың жүк тиелетін бірлігі − құрамдастырылған тасымалдар үшін жарамды контейнер, алынбалы шанақ, жартылай тіркеме/тіркеме, жүкке арналған моторлы автокөлік құралы;
д) құрамдастырылған жүк терминалы − интермодальдық/құрамдастырылған тасымалдар кезінде жүк тиелетін бірліктерді тиеп-түсіруге және сақтауға бейімделген орын;
е) құрамдастырылған жүк терминалына/терминалынан тасымалдау − интермодальдық/құрамдастырылған тасымалдың жүк тиелетін бірлігін мемлекеттік шекараны кесіп өту пунктінен немесе Тараптар мемлекеттерінің аумағындағы жөнелту пунктінен маршрутта жақын маңдағы теміржол терминалына немесе теңіз портына дейін өткізу; теміржол терминалынан немесе теңіз портынан маршрутта жақын маңдағы мемлекеттік шекараны кесіп өту пунктіне немесе межелі пунктке дейін автомобиль жолы арқылы өткізу;
ж) ілесіп алып жүретін аралас тасымал − автокөлік құралдарын жүргізуші ілесіп жүріп көліктің басқа түрімен (мысалы: пойызбен немесе пароммен) тасымалдау;
з) ілесіп алып жүрмейтін аралас тасымал − автокөлік құралдарын немесе тіркемелерді жүргізуші ілесіп жүрмей көліктің басқа түрімен тасымалдау немесе көліктің бірнеше түрімен контейнерлерді немесе алынбалы шанақтарды тасымалдау;
и) арнайы рұқсат − аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес тасымалдаушыға үлкен габаритті, ауыр салмақты және қауіпті жүктерді автокөлік құралымен тасымалдауды орындау құқығын беретін құжат;
к) бірлескен комитет − осы Келісімнің 9-бабының ережелерiне сәйкес құрылған "Халықаралық құрамдастырылған тасымалдар жөніндегі бірлескен комитет";
л) тасымалдаушы − Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес кез келген жүк тиелетін бірлікті жалға алу, сатып алу немесе лизингке алу арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдарын орындауға құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға;
м) тиеу габариті − көпірлер, туннельдер және көлік инфрақұрылымының басқа да құрылысжайлары арқылы қауіпсіз өтуді қамтамасыз ету үшін Тараптар рұқсат еткен теміржол көлік құралдарының және жүктің ең жоғары биіктігі мен ені.
Құзыретті органдар
1. Осы Келісімде Тараптардың құзыретті органдары болып:
- Қазақстан Республикасынан – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі;
- Түркия Республикасынан – Көлік және инфрақұрылым министрлігі айқындалады.
2. Көрсетілген құзыретті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне дереу хабар береді. Бұл өзгерістер осы Келісімнің үзіліссіз болуына немесе орындалуына әсер етпеуге тиіс.
Ілесіп алып жүретін құрамдастырылған жүк тасымалы
1. Мемлекеттік шекараны кесіп өтуден немесе Тараптар мемлекеттерінің аумағында орналасқан кез келген жүк тиеу пунктінен басталатын және басқа Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан құрамдастырылған тасымалдарды түсіру пункттерінде аяқталатын, тіркелген көлік құралдарымен жүк тасымалдары операциялары үзіліссіз жүзеге асырылуға тиіс.
2. Тараптар халықаралық нормаларға сәйкес мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде жүк пойыздарының болу уақытын қысқартуға күш-жігерін жұмсайды.
Ілесіп алып жүрмейтін аралас тасымал
1. Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан құрамдастырылған тасымалдардың екі жүк терминалы арасында интермодальдық/құрамдастырылған көліктік жүк тиелетін бірлікті тасымалдау осы Тарап мемлекетінде тіркелген көлік құралдарымен ғана жүзеге асырылады.
2. Осындай көліктік операцияларды жүзеге асыруға арналған құрамдастырылған жүк терминалдары Бірлескен комитет отырысында айқындалады және тізімге енгізіледі.
3. Тараптар автомобиль көлігінен неғұрлым сенімді, экологиялық және тиімді көлік түріне жүкті ауыстырып салу мақсатында Еуропа, Балтық өңірі, Қара теңіз және Орта Шығыс өңірлері мемлекеттерінің халықаралық саудасының контейнерлік блок-пойыз операцияларының ұлғаюына байланысты болатын өңірлік бастамалар мен халықаралық жобаларға ықпал ету үшін қажетті күш-жігер жұмсайды.
Мемлекеттік шекараны кесіп өту
1. Тарап мемлекетінің аумағына келу немесе одан кету кезінде құрамдастырылған жүк тасымалдарын орындайтын көлік құралдары, жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ тасымалданатын тауарлар осы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес бақылаудан өтеді, қолданыстағы рұқсат болмаған жағдайда көлік құралы келетін Тарап мемлекетінің аумағында тасымалдарды жүзеге асыруға жіберілмейді.
2. Тасымалдаушы немесе көрсетілетін қызметтерді беруші және олардың командасы Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын және нұсқаулықтарын (қағидаларын) сақтайтын болады.
Құрамдастырылған жүк тасымалдарын жылжыту
1. Тараптар мемлекеттерін байланыстыратын теміржол желілерінде, атап айтқанда халықаралық контейнерлік блок-пойыздар мен Ro-La операциялары үшін Тараптар тиісті жалғанымдарды береді және транзиттік қызметтерді көрсетеді.
2. Тараптар өз мемлекетінің аумағында пойыздарды қабылдау кезінде кедендік рәсімдерді барынша қысқа мерзімдерде аяқтауға күш-жігерін жұмсайды.
3. Тараптар пойыздардың мемлекеттік шекаралар арқылы жедел өтуі үшін жағдай жасау мақсатында өз мемлекетінің аумағында қажетті инфрақұрылым ұсынады және тиісінше жайластырады.
Теміржол-паром және Ro-Ro операцияларын жеңілдету
1. Тараптар халықаралық теміржол паромында жүк тасымалдарының және порттар арқылы Ro-Ro операциялардың кепілдіктерін қамтамасыз ету үшін Каспий теңізі арқылы тұрақты теміржол-паром және Ro-Ro операцияларын жүзеге асырады.
2. Тараптар мемлекеттерінің аумақтарын байланыстыратын теміржол желілерінде, әсіресе контейнерлік, теміржол-паром және Ro-Ro операциялары үшін Тараптар тиісті жалғанымды және транзиттік көрсетілетін қызметтерді қамтамасыз етеді.
3. Тараптар, қажет болған жағдайда, маршрут бойынша үзіліссіз көлік тізбегін тиісті түрде қамтамасыз ететін құрамдастырылған көлік тасымалдарын тиімді орындауды қамтамасыз ету үшін бір-біріне қажетті жәрдем көрсетеді.
Ынтымақтастық және Бірлескен комитет
1. Тараптар осы Келісімді орындау мақсатында құзыретті органдар арасында ақпарат алмасуға жәрдемдеседі.
2. Тараптар құрамдастырылған тасымалдар, атап айтқанда логистикалық орталықтар/құрамдастырылған жүк терминалдары/құрғақ порттар саласында кәсіби және техникалық тәжірибе алмасады. Осыған байланысты, Тараптар, қажет болған жағдайда, өз қызметкерлерінің құрамдастырылған тасымалдар саласындағы білімін арттыру үшін оқу сессиялары мен семинарлар ұйымдастыруға келісті.
3. Осы Келісімді орындауға қатысты барлық мәселелерді реттеу мақсатында Тараптар Бірлескен комитет құрады, ол Тараптар өкілдерінен тұрады. Бірлескен комитет Тараптардың мемлекеттік лауазымды адамдарынан, сондай-ақ құрамдастырылған тасымалдар секторының өкілдерінен тұрады.
4. Бірлескен комитеттің бірінші отырысы өткізілетін нақты күні мен орны осы Келісім күшіне енген күннен бастап дипломатиялық арналар арқылы айқындалатын болады. Бірлескен комитет өз отырыстарын Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында кезектілікпен, жылына бір реттен сиретпей өткізеді. Бірлескен комитеттің алдағы отырыстарының күн тәртібі белгіленген отырысқа дейін 2 апта бұрын Тараптардың назарына жеткізілуге тиіс.
5. Құрамдастырылған тасымалдарды дамыту және көтермелеу мақсатында Тараптар Бірлескен комитет шеңберінде өзара түсінушілік негізінде құрамдастырылған тасымалдардың көрсетілетін қызметтерін жеңілдететін құжаттарды шығарады.
6. Осы Келісімді орындау мен іске асырудан басқа, Бірлескен комитет осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын құрамдастырылған тасымалдар саласындағы мәселелерді талқылау және шешу үшін жауапты. Бірлескен комитет осы Келісімнің ережелеріне өзгерістер немесе толықтырулар ұсына алады, олар осы Келісімнің 15-бабының ережелеріне сәйкес қолданылады.
Бұзушылықтар
1. Егер тасымалдаушы/көліктік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын тұлға, олардың мүшелері немесе қызметкерлері басқа Тарап мемлекетінің заңнамасын немесе осы Келісімнің ережелерін бұзса, осындай бұзушылық болған Тараптың құзыретті органдары мынадай шаралар қабылдауы мүмкін:
а) Тиісті тасымалдаушыны қолданыстағы заңнаманың ережелерін сақтау қажеттігі туралы хабардар етеді;
б) Тасымалдаушы немесе көрсетілетін қызметтерді беруші елеулі бұзушылық жасаған жағдайда, тиісті тасымалдаушы лицензиясының қолданысын тоқтата тұрады немесе тиісті тасымалдаушыға тасымалдарды орындауға тыйым салады.
2. Тараптардың құзыретті органдары осындай бұзушылықтарға қатысты қабылданған шаралар туралы бір-біріне хабар береді.
3. Осы бап тармақтарының ережелері осындай бұзушылық болған Тарап мемлекетінің заңнамасын іске асыруға кедергі келтірмейді.
Деректерді қорғау
1. Тараптар ресми статистикалық деректер мен есептерді қоспағанда, осы Келісіммен реттелетін барлық деректер мен ақпараттың басқа Тараптың рұқсатынсыз үшінші тұлғаларға берілуден қорғалатынын таниды.
2. Сот немесе әкімшілік рәсімдерге жататын, қылмыстарға немесе тергеуге қатысты кез келген айғақтар немесе дәлелдемелер мемлекеттік мекемелерге, прокуратураға және соттарға берілуі мүмкін. Осы Келісіммен реттелетін деректер мен ақпаратты тарату Тараптардың құзыретті органдарының жазбаша рұқсат беруіне жатады.
Форс-мажор
Тараптар төтенше жағдайларда немесе құрамдастырылған жүк тасымалы 12 сағаттан астам тоқтап қалған жағдайда, өзара келісілген бірлескен әрекеттерді орындауға келіседі.
Ұлттық заңнаманы сақтау
Әрбір Тарап мемлекетінің аумағында көлік тасымалдарын жүзеге асыратын автотасымалдаушылар мен көлік құралдарының экипажы осы мемлекеттің заңнамасын сақтауға тиіс.
Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттерінің ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіретін транзиттік жол жүруді шектеуге қатысты шараларға кедергі келтірмеуге тиіс.
Мұндай шаралар қолданылған жағдайда, тиісті Тарап осы шаралардың мазмұнын, енгізілу күні мен ұзақтығын қамтитын ресми хат-хабар арқылы басқа Тарапқа хабар беруге тиіс.
Дауларды реттеу
Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге қатысты Тараптар арасында туындауы мүмкін кез келген даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер мен консультациялар арқылы тілектестік жағдайда шешеді.
Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, бұлар оның ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
Күшіне енуі және тоқтатылуы
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
Әрбiр Тарап Келісімнің қолданысын тоқтату шешімі туралы басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 180 күн өткен соң тоқтатылады.
201__ жылғы "__" ______ ______ қаласында әрқайсысы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде екі данадан жасалды әрі барлық мәтін бірдей түпнұсқалы болып табылады.
Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Түркия РеспубликасыныңҮкіметі үшін |