ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 2020 жылғы 16 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі
"Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Төтенше жағдай кезеңінде, сондай-ақ ол аяқталған күнінен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде жарамдылық мерзімі өткен немесе мерзімі өтетін мынадай құжаттар көрсетілген кезеңде Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылсын:
1) "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттар;
2) жүргізуші куәліктері, оның ішінде уақытша, міндетті техникалық қарап-тексеруден өту туралы куәліктер;
3) азаматтық және қызметтік қаруды және оның патрондарын сатып алуға, сақтауға және алып жүруге рұқсаттар;
4) кіруге және кетуге арналған рұқсаттар (визалар), Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға арналған рұқсаттар, еңбекші көшіп келушіге және шетелдік жұмыс күшін тартуға жұмыс берушіге рұқсаттар, пана іздеуші адамның куәлігі.
2. Төтенше жағдай режимі кезеңінде және ол аяқталған күнінен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде он алты жасқа толған және жеке басты куәландыратын құжат алмаған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін туу туралы куәлік немесе Қазақстан Республикасы азаматының паспорты көрсетілген кезеңде жеке басын куәландыратын негізгі құжат болып табылады деп белгіленсін.
3. Виза алуды талап етпейтін тәртіппен келген, сондай-ақ төтенше жағдай режимінің қолданылу кезеңінде мерзімі өткен Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу туралы шешім қабылданған шетелдіктердің Қазақстан Республикасында рұқсат етілген болу мерзімі төтенше жағдай режимінің қолданылу мерзімі аяқталған күнінен бастап күнтізбелік 60 күнге ұзартылсын.
4. Осы қаулы 2020 жылғы 16 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |