Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 21.06.2023 № 492 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 маусымдағы № 906 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесінде:
3-2 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3-2. Жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджетті әзірлеу барысында көзделген теңгенің АҚШ долларына есептік бағамына қатысты валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы өзгерген, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздарды дисконтпен шығарған жағдайларда үкіметтік борыш лимиті асып түсуі мүмкін.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті жылға арналған лимиті жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының, үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемдері негізге алынып қалыптастырылады.";
көрсетілген Ережеге 1 және 3-қосымшалар осы қаулыға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Үкіметтік борыш лимитін айқындау формулалары
Lgov = Lgov1 + Вdеf + (Dgov * Е), мұндағы
Lgov – жоспарланатын қаржы жылына арналған, теңгемен есептелетін үкіметтік борыш лимиті;
Lgov1 – жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы үкіметтік борыш лимиті;
Вdеf – жоспарланатын қаржы жылында республикалық бюджет тапшылығын ішкі нарықта ұлттық валютамен үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың жалпы көлемі;
Dgov – жоспарланатын қаржы жылында республикалық бюджет тапшылығын сыртқы нарықта үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың АҚШ долларындағы кросс-бағамды ескере отырып келтірілген жалпы көлемі;
Е – жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджетті әзірлеу барысында көзделген теңгенің АҚШ долларына есептік бағамы.
Жоспарланатын қаржы жылына арналған үкіметтік борыш лимитін айқындау кезінде мынадай талаптар орындалуға тиіс:
В1< (ExGB * 0,15) - В2, мұндағы
B1 – жоспарланатын қаржы жылына үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың көлемі;
ExGB – жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының көлемі;
B2 – жоспарланатын қаржы жылына арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекеттің кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемі.
Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау формулалары
Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау кезінде мынадай талаптар орындалуға тиіс:
B2 < (ExGB * 0,15) - В1, мұндағы
В2 – жоспарланатын қаржы жылына арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемі;
ExGB – жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының көлемі;
B1 – жоспарланатын қаржы жылына үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың көлемі.