Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мүше мемлекеттердің Түркі академиясының бюджетіне міндетті жарналарының шәкілі туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлы Тілеубердіге Мүше мемлекеттердің Түркі академиясының бюджетіне міндетті жарналарының шәкілі туралы хаттамаға Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. "Мүше мемлекеттердің Түркі академиясының бюджетіне міндетті жарналарының шәкілі туралы хаттамаға қол қою" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қарашадағы № 748 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А.Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2020 жылғы 21 қазандағы № 689 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Мүше мемлекеттердің Түркі академиясының бюджетіне міндетті жарналарының шәкілі туралы хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Әзербайжан Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Түркия Республикасының Үкіметтері, 2012 жылғы 23 тамыздағы Түркі академиясын құру туралы келісімнің ережелеріне сүйене отырып, мүше мемлекеттердің Түркі академиясының бюджетіне міндетті жарналарының мынадай шәкілін төмендегідей белгілеуге келісті:
Әзербайжан Республикасы – 25 %
Қазақстан Республикасы – 44,5 %
Қырғыз Республикасы – 0,5 %
Түркия Республикасы – 30 %
Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы депозитарий соңғы жазбаша хабарламаны алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
Осы Хаттаманың депозитарийі Қазақстан Республикасы болып табылады.
______ жылғы " " _____________ ___________қаласында әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және ағылшын тілдерінде бір данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында айырмашылық болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін |
Түркия Республикасының Үкіметі үшін |