"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 65-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасында Де Монтфорт Қазақстан университеті (De Montfort University Kazakhstan) (бұдан әрі – университет) құрылсын.
Университет қызметінің негізгі нысанасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы білім беру қызметтерін ұсыну болып табылады.
2. Университет:
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Де Монтфорт Лестер университетінің (De Montfort University Leicester) атынан Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін шетелдік оқу орны болып табылады;
Қазақстан Республикасының аумағында жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға мәртебесі болады деп белгіленсін.
3. Университет жалпы білім беретін пәндерді қоса отырып, аккредиттелуі Қазақстан Республикасының аумағында танылатын Де Монтфорт Лестер университетінің білім беру бағдарламалары негізінде білім беру қызметін жүзеге асырады.
4. Университетте білім беру процесі ағылшын тілінде жүргізіледі, үлесі 70 %-тен аспайтын Де Монтфорт Лестер университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен басқа да халықаралық қызметкерлер тартылады, күндізгі және қашықтан оқыту нысаны бойынша жүзеге асырылады.
5. Білім беру қызметін ұйымдастыру, оқуға қабылдау және білім беру сапасын басқару тәртібі Де Монтфорт Лестер университетінің білім беру сапасынан төмен емес деңгейде білім беруді қамтамасыз ететін университеттің ішкі құжаттарымен реттеледі.
6. Университетті қаржыландыру инвестициялық қаражат және білім алушылардың оқу ақысынан түсетін қаражат, заңды және жеке тұлғалардың қайырымдылық жарналары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
7. Университет жыл сайын Қазақстан Республикасының азаматтарына қабылданатын студенттердің жалпы санының кемінде 7 %-і көлемінде гранттар мен стипендиялар бөледі. Гранттардың мөлшерін университет дербес айқындайды.
8. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
9. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |