Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Беларусь Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Беларусь Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 маусымдағы № 437 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Беларусь Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты басшылыққа ала отырып,
мұнай және мұнай өнімдерін беру және еуразиялық экономикалық интеграция жолында ілгерілеу саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілікті негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісім шығарған елі Қазақстан Республикасы болып табылатын электр энергиясын, газ бен көмірді қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметі бірыңғай тауар номенклатурасының 27-тобында сыныпталатын Тауарларды (бұдан әрі – Тауарлар) Қазақстан Республикасынан Беларусь Республикасына беру бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың шарттарын айқындайды.
Тараптар арасындағы Тауарларды беру саласындағы ынтымақтастық өзара мүдделерді қорғауға негізделеді және Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.
Осы Келісімнің 8-бабы 1-тармағының 2-абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасынан Беларусь Республикасына берілетін Тауарлар Беларусь Республикасы ішкі нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған.
1. Қызметті үйлестіру және осы Келісімнің орындалуын бақылау үшін Тараптар мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:
Қазақстан тарапынан – көмірсутектер және ЕАЭО СЭҚ ТН 27-тобында сыныпталатын тауарлар өндіру саласындағы құзыретті орган;
Беларусь тарапынан – Беларусь мемлекеттік мұнай және химия концерні, Беларусь Республикасының Экономика министрлігі.
Қазақстан тарапы осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде көмірсутектер және ЕАЭО СЭҚ ТН-нің 27-тобында сыныпталатын тауарларды өндіру саласындағы құзыретті мемлекеттік органның атауы туралы дипломатиялық арналар арқылы Беларусь тарапын хабардар етеді.
2. Осы Келісім шеңберінде Тауарлар тасымалын жоспарлау мен ұйымдастыруды қамтамасыз ететін уәкілетті ұйымдар:
Қазақстан тарапынан – "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "ҚТЖ" ҰК" АҚ);
"ҚТЖ-Жүк тасымалы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – ұлттық жүк тасымалдаушы);
"ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор);
Беларусь тарапынан ‒ "Белорусская железная дорога" мемлекеттік бірлестігі;
"Гомельтранснефть Дружба" ашық акционерлік қоғамы болып табылады.
3. Құзыретті органдар және/немесе уәкілетті ұйымдар немесе олардың атаулары өзгерген жағдайда Тараптар бір ай мерзімде бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.
1. Тараптардың құзыретті органдары Қазақстан Республикасынан Беларусь Республикасына әкетуге рұқсат етілген Тауарлар тізбесін (бұдан әрі – тізбе) бекітеді, ол қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және Қазақстан Республикасында ратификациялауға жатпайды және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес күшіне енуге арналған мемлекетішілік рәсімдердің орындалуын талап етпейді.
Тараптардың құзыретті органдары бекітілген тізбеге өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.
2. Тараптардың құзыретті органдары жыл сайын ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 желтоқсанына дейін келесі күнтізбелік жылға Қазақстан Республикасынан Беларусь Республикасына Тауарларды беру көлемдерін көздейтін Беларусь Республикасының аумағында Тауарларды өндірудің, ішкі тұтынудың, берудің, импорттау мен экспорттаудың ведомствоаралық балансын (бұдан әрі – баланс) келіседі.
Тараптардың құзыретті органдары ағымдағы жылдың 15 қарашасынан кешіктірмей балансқа өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.
Тараптар осы Келісімге сәйкес уәкілетті ұйымдарды тарта отырып, Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің (резиденттерінің) тізбеге сәйкес Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Беларусь Республикасына беруді жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды.
1. Тізбеде көзделген Тауарларды Қазақстан Республикасынан Беларусь Республикасына ағымдағы күнтізбелік жылға арналған баланста көзделген көлемдерден артық беруге тыйым салынады.
Тізбеде көзделмеген Тауарларды Қазақстан Республикасынан Беларусь Республикасына беруге тыйым салынады.
2. 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қағидаттарына сәйкес баланста көзделген Тауарларды Қазақстан Республикасынан Беларусь Республикасына беру кедендік әкету баждары қолданылмай жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасында еңсерілмейтін күш жағдайы (техногендік апаттар, табиғи катаклизмдер, әскери іс-қимылдар мен төтенше жағдай) туындаған кезде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі нарықты қорғау мақсатында Қазақстан тарапының құзыретті органы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Беларусь Республикасына әкетуге уақытша шектеулер белгілеуге құқылы.
Қазақстан тарапының құзыретті органы Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Беларусь Республикасына әкетуге уақытша шектеулер енгізілгенге дейін 20 (жиырма) күн бұрын дипломатиялық арналар арқылы хабарлама жібереді, сондай-ақ осы шара туралы Беларусь тарапының құзыретті органына жұмыс тәртібінде хабарлайды.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген әкетуге уақытша шектеулер белгіленген жағдайда осындай шектеулердің күші осы Келісімнің қолданылуы кезеңінде оның шеңберінде жасалған, олар бойынша алдын ала төлем жүргізілген, Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілерінің шарттарында (келісімшарттарында) көзделген Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілерінің міндеттемелерді орындауын қозғамайды.
1. Қазақстан мұнайын Беларусь Республикасына беру Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілерінің уағдаластықтары шеңберінде және Қазақстан тарапының құзыретті органы жоспарланған айдың алдындағы айдың 20 (жиырмасы) күніне дейін ай сайын түзету мүмкіндігімен тоқсан сайын бекітетін мұнайды тасу графиктеріне сәйкес Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдаланушыларының өтінімдері негізінде баланста көзделгеннен аспайтын көлемдерде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан тарапының құзыретті органы мұнай өнімдерін өндірушілердің және/немесе мұнай берушілердің өтінімдері және мұнай өнімдерін өндіру мен тұтынудың ішкі балансы негізінде жоспарланған айдың алдындағы айдың 25 (жиырма бесінші) күніне дейін ай сайын түзету мүмкіндігімен тоқсан сайын мұнай өнімдерін баланста көзделгеннен аспайтын көлемдерде Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарынан Беларусь Республикасына мұнай өнімдерін беру жоспарын бекітеді.
Өнім берушілер мәлімдеген көлемдердің Тараптардың балансында көзделген көлемдерге арақатынасы асып кеткен кезде өнім беру жоспары Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарында мұнай берушілердің қайта өңдеу көлемдері шегінде өтінімдерге тікелей пропорционал түрде бөлінеді.
1. Зертханалық зерттеулер мен сынақтар жүргізу мақсатында әуе көлігімен әкету жағдайларын, көлік құралдарын дайындаушы зауыт көздеген көлік құралдарының отын бактарында, сондай-ақ көлемі 20 (жиырма) литрден аспайтын жекелеген ыдыстарда әкету жағдайларын қоспағанда, тізбеде көзделген Тауарларды Қазақстан Республикасынан Беларусь Республикасына әуе/авто көлікпен тасымалдауды жүзеге асыруға тыйым салынады.
2. Тізбеде көзделген Тауарларды тасымалдау құбыржол көлігі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Тізбеде көзделген Тауарларды Беларусь Республикасына тасымалдау жүк пойыздарын қалыптастырудың қолданыстағы жоспарына сәйкес маршруттар бойынша мемлекеттік шекаралардың Қазақстан – Ресей, Ресей – Беларусь учаскелерінде орналасқан тиісті теміржол шекара өтпелері арқылы теміржол көлігімен жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Тізбеде көзделген Тауарларды теміржол көлігімен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде мұнай тасу графигінде және/немесе мұнай өнімдерін беру жоспарында тиеп-жөнелту (Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттары) және межелі станция атауы, жүк жөнелтушінің, жүктің атауы және тиеп-жөнелту көлемі көрсетіледі.
5. Тараптардың жүк жөнелтушілері мен жүк алушыларының Тауарларды жүру жолында басқа мекенжайға жіберуге өтінім беруіне және мәлімделген межелі станцияны өзгертуді жүзеге асыруына (басқа мекенжайға жіберуіне) тыйым салынады.
6. Қазақстан тарапының құзыретті органы мұнай тасу графигі және/немесе мұнай өнімдерін беру жоспары бекітілгеннен кейін бір жұмыс күні ішінде осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген ай сайынғы мұнай тасу графигін және/немесе мұнай өнімдерін беру жоспарын Қазақстан тарапының уәкілетті ұйымдарына жібереді.
Қазақстан тарапының құзыретті органы мұнай тасу графигі және/немесе мұнай өнімдерін беру жоспары бекітілгеннен кейін бір жұмыс күні ішінде осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген ай сайынғы мұнай тасу графигінен және/немесе мұнай өнімдерін беру жоспарынан Беларусь Республикасы бағыты бойынша үзінді көшірмені "Белнефтехим" концерніне жұмыс тәртібінде жібереді.
7. Қазақстан тарапының уәкілетті ұйымдары ай сайынғы мұнай тасу графигінің және/немесе мұнай өнімдерін беру жоспарының негізінде Қазақстан Республикасының теміржол көлігі және магистральдық құбыржол саласындағы заңнамасына сәйкес тізбеде көзделген Тауарларды тасымалдау жоспарын қалыптастырады.
8. Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілерінің тізбеде көзделген Тауарларды тасымалдауға арналған өтінімдерін қабылдауды мұнай тасу графигінің және/немесе мұнай өнімдерін беру жоспарының негізінде уәкілетті ұйымның атынан Қазақстан тарапының ұлттық жүк тасымалдаушысы және/немесе магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы жүзеге асырады.
Уәкілетті ұйымдар тізбеде көзделген Тауарларды тасу жоспарына шаруашылық жүргізуші субъектілердің мұнай тасу графигінде және/немесе мұнай өнімдерін беру жоспарында көзделген өтінімдерін ғана қосады.
Уәкілетті ұйымдар шаруашылық жүргізуші субъектілердің Тауарлар тізбесіне енгізілмеген Тауарларын Беларусь Республикасына тасымалдауға арналған өтінімдерін қабылдамайды.
9. Уәкілетті ұйымның атынан Қазақстан тарапының ұлттық жүк тасымалдаушысы және магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы есепті айдан кейінгі айдың 15 (он бесі) күніне дейін ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, Бірыңғай тарифтік-статистикалық жүк номенклатурасының жүк номенклатуралары бойынша мұнай тасу графигіне және/немесе мұнай өнімдерін беру жоспарына сәйкес тиеп-жөнелту көлемдері туралы есепті Қазақстан тарапының құзыретті органына ұсынады.
1. Қазақстан Республикасына әкетуді қоспағанда, тізбеде көзделген, осы Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасынан Беларусь Республикасына берілетін Тауарлар Беларусь Республикасынан тыс жерге әкетуге жатпайды.
Осы Келісімге сәйкес ЕАЭО СЭҚ ТН 27-тауарлық тобының жекелеген позицияларында сыныпталатын мынадай тауарлар: "Мозырский НПЗ" ААҚ мен "Нафтан" ААҚ өндірген мазутты (2710 19 510 1 – 2710 19 680 9, 2710 20 310 1 – 2710 20 390 9); кальций қосылған және кальций қосылмаған мұнай коксын (2713 11 000 0 және 2713 12 000) әкетуді қоспағанда, мұнайдан өндірілген, Қазақстан Республикасынан Беларусь Республикасына берілетін Тауарлар Беларусь Республикасынан тыс жерге әкетуге жатпайды.
Осы бапта белгіленген әкетуге тыйым салуды қамтамасыз ету мақсатында Беларусь тарапы оны болғызбау бойынша қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етеді. "Белнефтехим" концерні есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20 (жиырмасы) күніне дейін Қазақстан Республикасынан Тауарларды әкелу көлемдері, Қазақстан Республикасынан берілетін мұнайды Беларусь мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу көлемдері, сондай-ақ осы мұнайдан өндірілген мұнай өнімдерін пайдалану бағыттары туралы ақпаратты Қазақстан тарапының құзыретті органына береді.
2. Қазақстан тарапы Беларусь Республикасының осы баптың 1-тармағында көзделген міндеттемелерді бұзуы фактілерін анықтаған жағдайда Қазақстан тарапы бұзушылық фактісінің анықталғаны туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы Беларусь тарапына жібереді.
Қазақстан тарапы бұзушылық фактісінің анықталғаны туралы алғашқы хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы Беларусь тарапына жіберген күннен бастап күнтізбелік бір ай ішінде Тараптар және олардың құзыретті органдары осы Келісімнің 10-бабына сәйкес шаралар қабылдайды.
Егер Тараптар анықталған бұзушылық фактілері бойынша уағдаластыққа қол жеткізбеген жағдайда Қазақстан тарапы тізбеде көзделген Тауарларды Беларусь Республикасына беруді тоқтату тұру құқығын өзіне қалдырады.
1. Беларусь тарапы ағымдағы күнтізбелік жылдың 15 қарашасына дейін Қазақстан тарапына баланстың орындалғаны және оның ағымдағы күнтізбелік жылда күтілетін орындалуы туралы ақпарат береді.
2. Тараптардың құзыретті органдары ағымдағы күнтізбелік жылы беру жылынан кейінгі жылдың 28 ақпанына дейін тізбеде көзделген Тауарлардың экспорты мен импорты туралы статистикаға қатысты Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасымен және үшінші мемлекеттермен өзара саудасының статистикасын салыстырып-тексеруді жүргізеді.
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге, Тараптардың бірінің осы Келісім бойынша міндеттемелерді орындауы үшін кедергі келтіретін мән-жайлардың туындауына байланысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
1. Осы Келісім бір Тарап екінші Тараптың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 10 (он) күн өткен соң құбыржол көлігімен мұнай беру бөлігінде Келісімнің ережелерін уақытша қолдана бастайды.
2. Егер Тараптардың бір де біреуі осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы кемінде 6 (алты) ай бұрын екінші Тарапты жазбаша түрде хабардар етпесе, ол 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
20___ жылғы "___" ________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, беларусь және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін негізге алынады.
Қазақстан Республикасының | Беларусь Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |