Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 9 қарашадағы № 798 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Тараптар)
қалыптасқан өзара достық қарым-қатынастарды және әскери саладағы ынтымақтастықты күшейтуге ниет білдіре отырып,
1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы шарттың ережелерін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қазақстан Тарапы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін және қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету мақсатында Қырғыз Тарапына әскери мүлікті өтеусіз беру түрінде әскери-техникалық жәрдем көрсетеді.
Әскери мүліктің атаулары мен көлемдерін осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 2 ай мерзімде Тараптардың уәкілетті органдары дипломатиялық арналар арқылы келіседі.
Қырғыз Тарапы Қазақстан тарапынан алған әскери мүлікті тек қана осы Келісімнің мақсатында пайдаланады, үшінші Тарапқа бермейді және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге қарсы пайдаланбайды.
2-бап
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
Қырғыз Тарапынан – Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.
Уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
3-бап
Қазақстан Тарапы әскери мүлікті Қазақстан Республикасының аумағынан Қырғыз Республикасының аумағына (Қой-Таш елді мекені) дейін автомобиль көлігімен жеткізуді қамтамасыз етеді, онда Тараптардың уәкілетті органдары тағайындаған өкілдер актіні ресімдей отырып, әскери мүлікті қабылдау-беруді жүргізеді. Қой-Таш елді мекеніне дейінгі көлік шығыстарын Қазақстан Тарапы төлейді.
4-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамалармен ресімделеді.
5-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
6-бап
Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Қазақстан Тарапының жазбаша хабарламасын Қырғыз Тарапы дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім Қырғыз Тарапына осы Келісімге сәйкес берілетін әскери мүлік толық берілген сәттен бастап өз қолданысын тоқтатады, оны Тараптар дипломатиялық арналар арқылы растайды.
202__ жылғы "___"__________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз РеспубликасыныңҮкіметі үшін |