Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркі Академиясы арасындағы Түркі Академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркі Академиясы арасындағы Түркі Академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы
КЕЛІСІМ
Қазақстан Республикасының Үкіметі және "Түркі Академиясы" (бұдан әрі "Академия" деп аталады),
2012 жылғы 23 тамызда Бішкек қаласында жасалған Түркі Академиясын құру туралы келісімнің ережелерін назарға ала отырып,
осы Келісімнің 3-бабында Түркі Академиясын Қазақстан Республикасы Нұр-Сұлтан қаласында орналастыру көзделетінін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Анықтамалар
Осы Келісімде:
"Қабылдаушы ел" - Қазақстан Республикасы;
"Мүше мемлекеттер" - Келісімнің тараптары болып табылатын мемлекеттер;
"Түркі кеңесі" - Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі;
"Ғылыми кеңес" - құрамына әр мүше мемлекеттен бір өкіл, Академияның президенті мен вице-президенттері кіретін алқалы баскару органы;
"Президент" - Түркі Академиясының президенті;
"Академия қызметкерлері" президенттен және вице-президенттерден, ғылыми персоналдан, әкімшілік персоналдан және жалпы қызмет көрсету персоналынан тұрады;
"Академиялық персонал" ғылыми жобалардың талаптарына сәйкес келісімшарт негізінде жалданатын ғалымдар мен сарапшылардан тұрады;
"Әкімшілік персонал" келісімшарт негізінде жалданатын әкімшілік персоналдан тұрады;
"Жалпы қызмет көрсету персоналы" келісімшарт негізінде жалданатын техникалық персоналдан тұрады;
"Академияның ғимараты" - өз қызметін жүзеге асыру үшін Академия пайдаланатын ғимараттар немесе ғимараттардың бір бөлігі және іргелес аумақ;
"Академияның меншігі" - Академияның ғимаратын қоспағанда, ақша қаражатын және өз қызметін жүзеге асыру үшін Академияға тиесілі және/немесе оның билігіндегі басқа да меншікті қоса алғанда, барлық мүлік.
"Архивтер және құжаттар" - Академияға тиесілі немесе оның иелігіндегі жазбалар, кітаптар, хат-хабар, бухгалтерлік жазбалар және барлық қаржылық құжаттар, қолжазбалар, фотосуреттер мен кинокартиналар, фильмдер, дыбыстық жазбалар, компьютерлік бағдарламалар, жазба материалдары, бейнетаспалар мен дискілер, деректерді қамтитын дискілер мен таспалар;
"Асырауындағы адамдар" - Академия қызметкерлерінің толық асырауындағы жұбайы/зайыбы, некеге тұрмаған 18 жасқа толмаған балалары, сондай-ақ ата-анасы.
2-бап Мақсат
Осы Келісімнің мақсаты - Қабылдаушы елдегі қызметі кезеңінде Академияның мәртебесін, артықшылықтары мен иммунитетін, Академияның мүлкін және қызметкерлерін айқындау.
3-бап Түркі Академиясы
1. Академия Нұр-Сұлтан қаласында Қабылдаушы ел берген ғимаратта орналасқан.
2. Қабылдаушы ел Академия рәсімдеріне сәйкес Академияның өз қызметкерлеріне қолданылатын өзінің меншікті қағидаларын әзірлеу құқығын таниды.
4-бап Құқықтық субъектілік және құқықтық қабілеттілік
Қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасына және Келісімге сәйкес Академияның халықаралық құқықтық субъектілігі бар; Академия:
1) келісімшарттар жасасу;
2) мүлік сатып алу және оған билік ету;
3) сотта талапкер және жауапкер болу;
4) шоттар ашу және ақша қаражатымен транзакцияларды жүзеге асыру құқықтық субъектілігіне ие.
5-бап
Процестік әрекеттерден иммунитет
1. Академия, оның ғимараты және мүлкі:
1) Академияға тиесілі немесе оның атынан жүргізілетін көлік құралымен жасалған жол-көлік оқиғасына байланысты азаматтық талап қоюларды, егер залал сақтандырумен өтелмейтін болса;
2) Академия немесе оның қызметкерлері тарапынан әрекеттен немесе әрекетсіздіктен орын алған өлімге не жеке келтірілген зиянға байланысты азаматтық талап қоюларды қоспағанда, өз қызметіне қатысты процестік әрекеттердің барлық түрінен иммунитетті пайдаланады.
2. Түркі кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесі осы иммунитеттен бас тарту туралы шешім қабылдай алады. Иммунитеттен бас тарту Академияның мүлкін тәркілеу немесе мәжбүрлеп иеліктен айыру жөніндегі шараларға қолданылмайды.
3. Академияның меншігіне, сол сияқты ғимаратына атқарушы, әкімшілік, сот және заңдық әрекеттер жолымен тінту, алып қою, тәркілеу, мәжбүрлеп иеліктен айыру және араласудың кез келген басқа да нысаны қолданылмайды.
4. Қабылдаушы ел Академияның немесе оның қызметкерлерінің Қабылдаушы елдегі қызметінен туындайтын қылмыстық сипаттағы әрекеттерді қоса алғанда, қандай да бір әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін қандай да бір жауаптылықта болмайды.
6-бап
Жылжымайтын мүлікті пайдалану
1. Қабылдаушы ел Академияға берген ғимарат осы Келісімге сәйкес Академияның мақсаттарына қол жеткізу үшін ғана пайдаланылуға тиіс.
2. Қабылдаушы елдің уәкілетті органдары Академияның кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті әкімшілік жағдайларды жасайды.
7-бап Архивтер және ресми құжаттама
Академияның ресми хат-хабарына, архивіне және басқа да ресми байланыс түрлеріне қол сұғылмайды.
8-бап Түркі Академиясының эмблемасы мен туы
Академияның эмблемасы оның ғимараттарында орнатылады. Түркі кеңесі мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің тулары да Академия ғимаратында орналастырылуы мүмкін. Түркі кеңесінің туы Түркі Академиясының да туы болып табылады.
9-бап Қаражаты мен валюталары
Академия өз мақсаттарын іске асыру үшін:
1) ақша қаражатын, оның ішінде кез келген шетел валютасында, алтынды иеленуге, банктік шоттарды ұстауға және олармен кез келген валютада операцияларды жүзеге асыруға;
2) Қабылдаушы елдің ішінде немесе басқа елдерге өзінің ақша қаражатын еркін аударуға, кез келген валютаны басқасына айырбастауға құқылы.
10-бап Академияны кедендік төлемдер мен салықтардан босату
1. Түркі Академиясын құру туралы келісімнің 2-бабында көзделген мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келетін қызметтен алынған Академияның кірісі салық салудан босатылады. Академияның тек осындай қызметті жүзеге асыру мақсаттары үшін пайдаланылатын мүлкі мүлік салығынан, жер және көлік салығынан босатылады.
2. Түркі Академиясын құру туралы келісімнің 2-бабында көзделген мақсаттар мен міндеттерге сай пайдаланылатын, Академия әкелетін архивтер мен құжаттар кедендік баждар, алымдар мен салықтар салудан босатылады. Мұндай тауарларды беруге және өткізуге оларды әкелу кезінде төленбеген кедендік төлемдерді және шығыстарды төлеген кезде жол беріледі.
3. Қабылдаушы елдің Үкіметі Академияны және Қабылдаушы елдің азаматтарын қоспағанда, оның қызметкерлерін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасына салынған, төленуге жататын салықтардан босату жөнінде тиісті шараларды қабылдайды.
11-бап Коммуникациялар мен жарияланымдар
1. Қабылдаушы ел Академия тарапынан барлық ресми мақсаттар үшін жасалатын еркін ақпараттық өзара іс-қимылға рұқсат береді және оны қорғайды.
2. Академияның жарияланымдарына, фотосуреттері мен кинокартиналарына, фильмдері мен дыбыстық жазбаларына цензура қолданылмайды.
3. Осы баптағы ештеңе осы Келісімде айқындалған сақтық шараларын қабылдауға кедергі деп түсіндірілмеуге тиіс.
12-бап Ғимараттың орналасуы мен қауіпсіздігі
1. Қабылдаушы ел Академияға ғимаратты өтеусіз пайдалану шартымен береді.
2. Ғимаратты Академия қызметкерлерінің салғырттығы мен ұқыпсыздығы себебінен келтірілген зақымдардан жөндеуді Академия өзі жүргізеді. Ғимаратты дүлей зілзалалар мен басқа да себептерге байланысты талап етілетін жөндеу Қабылдаушы елдің міндеттемесі болып табылады.
3. Академия ғимаратта қандай да бір өзгерістерді жүргізбейді. Қабылдаушы елдің жазбаша рұқсатын тиісті түрде алмайынша, оны кеңейтпейді, кішірейтпейді.
4. Академия ғимаратты сақтауға қатысты Қабылдаушы елдің тиісті ұлттық заңнамасын және қағидаларын сақтайды.
5. Академия ғимаратты босатуға шешім қабылдаған жағдайда, ол оны тиісті күйінде қайтаруға тиіс. Тиісті күйінде қайтару ғимараттың табиғи тозуын ескеруді білдіреді.
6. Академия өзіне берілген артықшылықтарды үшінші тарапқа бермейді, ғимаратты немесе оның бір бөлігін үшінші тарапқа қосалқы жалдауға бермейді, үшінші тараптың өз ғимаратына орналасуына немесе оны пайдалануына мүмкіндік бермейді.
7. Мүлік салығын Қабылдаушы ел төлейді.
Қабылдаушы ел Академия ғимаратын күшпен басып кіруден немесе оған бүлінуден қорғау үшін барлық тиісті шараларды қабылдауға міндетті. Қажет болған кезде, Қабылдаушы елден ғимаратты қорғаудың қосымша шаралары сұратылуы мумкін.
9. Қабылдаушы елдің уәкілетті органдары өз міндеттемелерін орындау мақсатында Академияның ғимаратына Президенттің жазбаша рұқсатымен ғана кіре алады.
13-бап Академияның Президенті мен вице-президенттері
1. Қабылдаушы елдің азаматтары болып табылмайтын немесе Қабылдаушы елде тұрақты тұратын адамдар болып табылмайтын Академияның президенті мен вице-президенттері және олардың асырауындағы адамдар Қабылдаушы елдегі дипломатиялық агенттерге 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының 29-36-баптарына сәйкес берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
2. Академияның президенті мен вице-президенттері Қабылдаушы елдің азаматтары немесе Қабылдаушы елде тұрақты тұратын адамдар болып табылған жағдайларда, олар өзінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде жасаған ресми әрекеттеріне қатысты ғана юрисдикциядан иммунитетті және қол сұғылмаушылықты пайдаланады.
14-бап Академияның қызметкерлері
1. Академияның кызметкерлері ресми тәртіппен және өз өкілеттіліктері шегінде айтылған немесе жазылған және өздері жасаған барлық әрекеттерге қатысты Қабылдаушы елдің юрисдикциясынан иммунитетті пайдаланады.
2. Қабылдаушы елдің азаматтарын және Қабылдаушы елде тұрақты тұратын адамдарды қоспағанда, Академияның қызметкерлері Академия төлейтін жалақыға және сыйақыға салынатын салықтан босатылады.
3. Қабылдаушы елдің азаматтарын немесе Қабылдаушы елде тұрақты тұратын адамдарды қоспағанда, Академияның Президенті, вице-президенттері және ғылыми қызметкерлері мынадай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады:
а) халықаралық ұйымдардың тиісті дәрежедегі лауазымды адамдарына берілетін артықшылықтар беріледі;
b) асырауындағы адамдармен бірге халықаралық ұйымдардың тиісті дәрежедегі лауазымды адамдарына берілетін халықаралық дағдарыстар кезіндегі репатриация бойынша жеңілдіктерді иеленеді;
c) Қабылдаушы елдің заңнамасына сәйкес жеке қолдану үшін тауарлар мен көлік құралдарын кедендік төлемдерсіз әкелуге және әкетуге құқығы бар. Мұндай тауарларды Қабылдаушы елдің аумағында беруге және өткізуге оларды әкелу кезінде төленбеген кедендік төлемдер төленген кезде ғана жол беріледі.
4. Қабылдаушы елдің азаматтары немесе Қабылдаушы елде тұрақты тұратын адамдар болып табылмайтын Академияның президентіне, вице-президенттеріне және олардың асырауындағы адамдарға тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізу олардың бағасына салынған және төленуге жататын салықтарды төлеуден немесе өтеуден босатылады.
5. Академия қызметкерлеріне артықшылықтар мен иммунитеттер олардың жеке басының пайдасы үшін емес, Академияның кез келген жағдайда кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ғана беріледі.
6. Түркі кеңесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің Академияның президенті мен вице-президенттерін қоса алғанда, Академияның кез келген қызметкеріне берілген иммунитеттен, оның пікірінше, иммунитет сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіретін және одан Академияның мүдделеріне нұқсан келтірмей бас тартуға болатын жағдайда, бас тартуға құқығы бар. Қабылдаушы ел де Түркі кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесінен Қабылдаушы елдің заңдары мен қағидаларын өрескел бұзған Академияның кез келген қызметкеріне берілген иммунитеттен бас тартуды талап ете алады.
7. Осы Келісімге және Түркі Академиясын құру туралы келісімге сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын барлық адамдар, өздерінің артықшылыктары мен иммунитетгеріне нұқсан келтірмей, Қабылдаушы елдің заңдарын және қағидаларын сақтауға міндетті.
8. Президент Академия қызметкерлерінің есімдері мен лауазымдары, олардың асырауындағы адамдар және оларға енгізілген өзгерістер туралы Қабылдаушы елге ақпарат береді.
9. Ерекше жағдайларда және Қабылдаушы елдің тиісті заңнамасы шеңберінде Академия қызметкерлерінің отбасылары, егер олар Қабылдаушы елде аккредиттеу куәліктерін негізгі ұстаушымен бірге тұрып жатса, еңбек нарығына қол жеткізе алады. Олар ақы төленетін еңбек қызметіне қатысқан жағдайда, артықшылықтар мен иммунитеттердің күші жойылуға тиіс.
10. Осы Келісімге сәйкес берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдалануға қатысты пікірлер қайшылықтары болған жағдайда, тараптар өзара консультациялар жүргізеді.
11. Академия Академияның қызметкерлерін және олардың асырауындағы адамдарды медициналық сақтандырумен, сондай-ақ әлеуметтік сақтандырумен және олардың еңбек (қызметтік) міндеттерін атқаруы кезіндегі жазатайым оқиғалардан әлеуметтік сақтандырумен Қабылдаушы елдің заңнамасында белгіленген тәртіппен қамтамасыз етеді.
15-бап Аккредиттеу куәліктері
Академияның ресми сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Академияның қызметкерлеріне және олардың асырауындағы адамдарға (Қабылдаушы елдің азаматы болып табылатын Академия қызметкерлерінің асырауындағы адамдарды қоспағанда) Қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасына сәйкес тиісті аккредиттеу куәліктерін береді.
16-бап Зейнетақымен қамтамасыз ету
Академия қызметкерлерінің зейнетақы жинақтарын қамтамасыз ету мақсатында Академия оларға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын жүзеге асырады.
17-бап Келу, болу және кету
Қабылдаушы ел ұлттық заңнамаға сәйкес мына адамдардың:
1) Академия қызметкерлерінің және олардың асырауындағы адамдардың;
2) Ғылыми кеңес мүшелерінің;
3) Академияның қызметіне қатысатын сарапшылардың;
4) ресми қонақтардың Қабылдаушы елге келуін/кетуін және онда болуын жеңілдету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
18-бап Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім оны ратификациялау туралы Қабылдаушы ел дипломатиялық арналар арқылы Академияны хабардар еткен күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісімге Қабылдаушы ел мен Академия арасында жазбаша нысанда келісілген кез келген өзгерістер мен толықтырулар осы баптың 1-тармағында жазылған рәсімге сәйкес күшіне енеді. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалар түрінде қабылданады.
3. Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты барлық даулар мен келіспеушіліктер Қабылдаушы ел мен Академия арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.
4. Осы Келісім тараптардың бірі алты ай бұрын екінші тарапқа жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы мәлімдемейінше, белгіленбеген мерзімге күшінде қалады.
Осыны растау үшін тиісті уәкілеттік берілген өкілдер осы Келісімге қол қойды.
2020 жылғы Нұр-Сұлтан қаласында қазақ және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтін бірдей теңтүпнұсқалы.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін қолданылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Түркі Академиясыүшін |