Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовке 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 25 сәуірдегі № 243 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті бұдан әрі "Келісім" деп аталатын 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің 7-бабын басшылыққа ала отырып,
Келісімге мынадай өзгерістер енгізу туралы келісті:
Келісімнің атауындағы және одан әрі бүкіл мәтін бойынша "Қырғыз Республикасының Үкіметі" деген сөздер тиісті септіктер мен септеулердегі "Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті" деген сөздермен ауыстырылсын.
Келісімнің 3-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
1. "Қазақстан тарапы Қырғыз тарапына Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жыл сайын мынадай қағидат бойынша 50 орынға дейін оқытуды ұсынады:
– Қырғыз Республикасының азаматтарына "ақпараттық- коммуникациялық технологиялар", "инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары", "ауыл шаруашылығы және биоресурстар" – 15 адам (бакалавриат – 10, магистратура – 5), "денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" – 5 адам, "үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасы (6 жыл оқу) және резидентура (5 жылға дейін оқу)", "педагогикалық ғылымдар", "өнер және гуманитарлық ғылымдар", "әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат", "бизнес, басқару және құқық" – 10 адам (бакалавриат – 5, магистратура – 5) білім беру салалары бойынша;
– Қырғыз Республикасының азаматтары болып табылатын ұлты қазақ адамдарға "ақпараттық-коммуникациялық технологиялар", "инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары", "ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "педагогикалық ғылымдар", "өнер және гуманитарлық ғылымдар", "әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат", "бизнес, басқару және құқық" білім беру салалары бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 20 оқу орнына дейін (бакалавриат – 10, магистратура – 10).
2. Қырғыз тарапы Қазақстан тарапына техникалық мамандықтар бойынша – 4 адамды (бакалавриат – 2, магистратура – 2), медициналық мамандықтар бойынша – 3 адамды (специалитет/ординатура – 3), гуманитарлық-экономикалық мамандықтар бойынша – 3 адамды (бакалавриат – 2, магистратура – 1) оқытуды ұсынады.
3. Қазақстан тарапы жыл сайын 30 наурызға дейін Қырғыз тарапына жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының атауларын береді.
Қырғыз тарапы жыл сайын 30 наурызға дейін Қазақстан тарапына жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарының атауларын береді.
4. Жіберуші Тарап жыл сайын 30 мамырдан кешіктірмей қабылдаушы Тарапқа оқуға кандидаттардың қажетті құжаттарын ұсынады.
5. Қазақстан тарапы жыл сайын 1 шілдеге дейін Қырғыз тарапына кандидаттардың жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдануы туралы растауды жібереді.
6. Қырғыз тарапы жыл сайын 1 шілдеге дейін Қазақстан тарапына жоғары кәсіптік білім беретін білім беру ұйымдарына кандидаттардың қабылдануы туралы растауды жібереді.
7. Бакалавриат, магистратура, резидентура, специалитет/ординатура бағдарламалары бойынша оқу мерзімі қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес айқындалады.".
Осы Хаттама Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және Келісімнің 10-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енеді және Келісімнің қолданысы тоқтатылуымен бір мезгілде өзінің қолданысын тоқтатады.
202__ жылғы "___" __________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде Тараптар арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ ҮШІН |
ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢМИНИСТРЛЕР КАБИНЕТІ ҮШІН |