Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мальдив Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Әділұлы Жалғасбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мальдив Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға уәкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 28 сәуірдегі № 257 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мальдив Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мальдив Республикасының Үкіметі
Тараптардың мемлекеттері арасындағы достық қатынастарға жәрдемдесуге тілек білдіре отырып,
Тараптардың мемлекеттері аумағында өз мемлекеттері азаматтарының келуін жеңілдету мақсатында
төмендегілер туралы келісті.
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары – жарамды жол жүру құжаттарының иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында өздері келген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын кезеңге бір мәрте немесе көп мәрте келу, кету, транзитпен өту, уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады.
2. Іскерлік мақсаттарда, жұмысқа орналасу немесе оқу мақсаттарында екінші Тарап мемлекетінің аумағында осы баптың 1-тармағында көзделген ең ұзақ кезеңнен ұзағырақ қалуға ниет білдіруші бір Тарап мемлекетінің азаматтары – жарамды жол жүру құжаттарының иелері осы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес талап етілетін тиісті визаны алуға тиіс.
1. Мыналар:
1) дипломатиялық паспорт;
2) қызметтік паспорт;
3) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
4) қайтып оралуға арналған куәлік Қазақстан Республикасының жарамды жол жүру құжаттары болып табылады.
2. Мыналар:
1) дипломатиялық паспорт;
2) ресми паспорт;
3) әдеттегі паспорт;
4) уақытша жол жүру құжаты Мальдив Республикасының жарамды жол жүру құжаттары болып табылады.
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынаспен саяхаттаушылар үшін ашық пункттер арқылы келіп, кете алады, транзитпен өте алады және соңғы Тарап мемлекетінің шетел азаматтарына немесе азаматтығы жоқ адамдарға келуге, кетуге және транзитке қатысты қолданылатын заңнамасын сақтауға тиіс.
1. Осы Келісім Тараптардың өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті немесе халық денсаулығын қорғау мақсатында екінші Тарап мемлекеті азаматтарының келуіне немесе болуына рұқсат беруден бас тарту құқығын шектемейді.
2. Осы Келісім Тараптардың екінші Тарап мемлекетінің нон-грата персоналарына немесе қош көрмейтін азаматтарына себептерін көрсетпей өз мемлекетінің аумағына келуге тыйым салу немесе өз мемлекетінің аумағында олардың болуын тоқтату құқығын шектемейді.
Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта жарамды жол жүру құжаттарын жоғалтып немесе бүлдіріп алған жағдайда осы мемлекеттің аумағын өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттің дипломатиялық немесе консулдық өкілдігі өздеріне берген жаңа жарамды жол жүру құжаттарының негізінде визалық талаптарды орындай отырып тастап шыға алады.
Тараптардың бірінің мемлекетінің форс-мажорлық мән-жайлар салдарынан өздері келген күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағынан кетуге мүмкіндігі жоқ азаматтары өздерінің болуын болу мемлекетінің аумағынан кету үшін қажетті уақыт кезеңіне дейін ұзартуға рұқсат алу үшін осы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына растайтын құжаттармен жүгінуге тиіс.
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген өздерінің жарамды жол жүру құжаттарының үлгілерімен алмасады.
2. Жаңа жол жүру құжаттары енгізілген немесе қолданыстағылары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-біріне дереу хабарлайды және дипломатиялық арналар арқылы осындай жол жүру құжаттарының үлгілерін, сондай-ақ олардың қолданылуына қатысты ақпаратты олар ресми енгізілгенге немесе өзгертілгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей жібереді.
1. Тараптардың әрқайсысының екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті немесе халық денсаулығын қорғау мақсатында осы Келісімнің қолданылуын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұруға құқығы бар. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң тоқтатыла тұрады. Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданылуы уақытша, толық немесе ішінара қалпына келтірілетін күнді келіседі.
2. Осы Келісімнің қолданылуын осы баптың 1-тармағына сәйкес тоқтата тұру осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұруды іске асыратын Тарап мемлекетінің аумағындағы екінші Тарап мемлекеті азаматтарының құқықтарын қозғамайды.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кейін күшіне енеді.
2. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданылуын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен кейін тоқтатылады.
20_ жылғы "___" ____ _________________ қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Мәтіндер арасында сәйкессіздіктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының | Мальдив Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |