Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің |
|
2022 жылғы 6 мамырдағы № 289 қаулысымен бекітілген |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы КЕЛІСІМ
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі бұдан әрі Тараптар деп аталып,
2003 жылғы 22 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісімнің ережелерін назарға ала отырып,
Тараптардың экономикалық және қоғамдық мүдделерін қорғау мақсатында ынтымақтастық деңгейін арттыруға ұмтыла отырып,
Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру қажеттілігін мойындай отырып,
Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылау жүргізу мерзімдерін қысқарту және оны оңайлату үшін жағдай жасау мақсатында,
ақпарат алмасуды дамытуды және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлатуды және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
Тараптар осы Келісімді іске асыруға Тараптардың кеден органдарына:
Қазақстан Республикасында – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне;
Түркия Республикасында – Түркия Республикасының Сауда министрлігіне уәкілеттік береді.
Уәкілетті органдар өзгерген жағдайда Тараптар бір-бірін мұндай өзгерістер туралы дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
Ақпарат алмасу және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату (бұдан әрі – ААКБРО) ақпарат алмасудың техникалық шарттарына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы ақпарат алмасуға негізделген.
1. Берілетін ақпараттың құрамы осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын оған қосымшаға сәйкес қалыптастырылады.
2. ААКБРО қолданылатын сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың (сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың) тауарлары бойынша ақпарат алмасу онлайн режимінде жүзеге асырылады.
3. Тараптардың кеден органдары осы Келісімге күшіне енгеннен кейін 6 (алты) ай ішінде ААКБРО-ны іске асыру үшін ақпарат алмасудың техникалық шарттарын әзірлейді және пилоттық жобаны іске асыруға кіріседі.
4. ААКБРО барлық көлік түрлеріне және барлық тауарлар түрлеріне қолданылатын кең таралған практиканы білдіреді.
5. Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін Тараптардың кеден органдары тұрақты негізде ақпарат алмасуға кіріседі.
6. ААКБРО сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын қазақстанның және Түркияның тұлғаларына (сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға) қатысты олардың келісуімен қолданылады.
7. Тараптардың кеден органдары осы Келісімге қатысты ААКБРО-ға қатыспайтын, сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға (сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға) қатысты осы Келісімнің ерікті сипатына нұқсан келтіруі мүмкін қарама-қайшылықтардан аулақ болады.
8. ААКБРО айқын, болжамды және кемсітпейтін болып табылады. ААКБРО-ны іске асыру практикасы жосықсыз бәсекелестіктің туындауына әкеп соқпайды.
Сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар (сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар), ААКБРО-ны қолданылатын Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес, бұл мүмкін болған жағдайларда, тәукелерді басқару жүйесінің негізінде мынадай артықшылықтарға ие болады:
а) өткізу пункттерінде шекарадан өтудің басым тәртібі;
б) кедендік бақылау уақытын қысқарту мақсатында кедендік формальдылықтарды оңайлату;
в) кеден ісі саласында құқық бұзушылықтардың немесе контрабанданың белгілері болған жағдайларды қоспағанда, өткізу пункттерінде кедендік жете тексеруден босату.
1. Тараптардың кеден органдары осы Келісімнің шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік операцияларды жасау, кедендік тазартуды жүргізу және кедендік бақылау үшін алынған, оның ішінде осы Келісімнің 4-бабында көзделген ақпарат пен құжаттарды пайдалануға кепілдік береді.
2. Тараптардың кеден органдары алған ақпарат пен құжаттар тек кедендік мақсаттарда ғана пайдаланылады және ақпаратты берген Тараптың кеден органының алдын ала жазбаша рұқсатынсыз үшінші тұлғаларға берілуі мүмкін емес.
3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқталған жағдайда осы баптың 2-тармағы күшінде қалады.
Мемлекеттер арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы электрондық ақпарат алмасуды ұйымдастыру кезінде Тараптардың кеден органдары Біріккен Ұлттар Ұйымының, Дүниежүзілік кеден ұйымының нормаларын, стандарттарын және ұсынымдарын, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын басшылыққа алуға, ақпарат алмасу жөніндегі халықаралық озық тәжірибені ескеруге тиіс.
Осы Келісімнің ережелері бұзылған жағдайда Тараптардың кеден органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес барлық қажетті шараларды қолдануға және осындай бұзушылықтар туралы, сондай-ақ ақпарат алмасу кезінде алынған Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы деректердің айырмашылықтары және (немесе) бұрмалануы туралы бір-бірін хабардар етуге тиіс.
Тараптардың кеден органдары:
а) ақпарат алмасудың техникалық шарттарын және деректерді өңдеу мен беру технологияларын, сондай-ақ ААКБРО-ға қатысты ақпаратты қорғау жөніндегі талаптарды әзірлеу және келісу;
б) осы Келісімді қолдану барысында туындаған техникалық проблемаларды реттеу мақсатында тікелей байланыстарды жүзеге асыруға уәкілетті кеден органдарының құзыретті лауазымды адамдарының тізімін айқындайды.
Келісімге күшіне енгеннен кейін Тараптардың кеден органдары:
а) ақпарат алмасудың техникалық шарттарын;
б) берілетін деректердің тізбесін, құрылымын, тілі мен форматын;
в) ақпаратты қорғау жөніндегі талаптарды;
г) ААКБРО рәсімдері шеңберінде Тараптардың кеден органдары арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру тәртібін келіседі және бекітеді.
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және іске асыру кезінде туындайтын даулар Тараптардың кеден органдары арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі. Осылайша реттелмеген мәселелер дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.
2. Егер Тараптардың кеден органдары өзге мерзімді келіспеген болса, осы баптың 1-тармағына сәйкес Тараптардың кеден органдарының консультациялары жазбаша сұрау салуды алғаннан кейін күнтізбелік 20 (жиырма) күн ішінде жүргізілетін болады.
1. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
2. Өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
1. Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы бірін-бірі хабардар ететін дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кейін күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа осы Келісімнің қолданысын тоқтатуға өзінің ниеті туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы жолдай отырып, оны тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісім осындай хабарламаны алған күннен бастап 3 (үш) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату бұрын басталған транзит бойынша операцияларды және өзге де жүргізілетін рәсімдерді қозғамайды.
2022 жылғы ___ _____ ______ қаласында әрқайсысы қазақ, түрік, ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтiндер бiрдей тең түпнұсқа болып табылады.
Түсіндіру кезінде алшақтық болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтіннің басым күші болады.
Қазақстан Республикасының | Түркия Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімге қосымша |
Берілетін ақпараттың құрамы
1. Бағыты – экспорт.
2. Кедендік рәсім.
3. Кеден органының коды.
4. Жөнелтушінің/экспорттаушының атауы.
5. Жөнелтушінің/экспорттаушының Салық/Бизнес-сәйкестендіру нөмірі.
6. Барлық тауарлар.
7. Барлық орындар.
8. Декларацияның тіркеу нөмірі.
9. Шығарылған күні.
10. Алушының атауы.
11. Алушының Салық/Бизнес-сәйкестендіру нөмірі.
12. Декларанттың атауы.
13. Декларанттың Салық/Бизнес-сәйкестендіру нөмірі.
14. Көлік құралының жөнелту кезіндегі нөмірі.
15. Көлік құралының шекарадағы нөмірі.
16. Көлік құралының кедендік шекарадан өту кезіндегі түрі.
17. Жөнелтуші елдің кедені.
18. Межелі елдің кедені (ақпарат болған жағдайда).
19. Шығарылған елі.
20. Жеткізу шарты (жеткізу базисі және географиялық пункттің атауы).
21. Келісімшарттың нөмірі мен күні.
22. Инвойстың нөмірі мен күні.
23. Келісімшарт валютасы.
24. Келісімшарт валютасының бағамы.
25. Шот бойынша жалпы сомасы.
26. Тауардың сипаттамасы.
27. Декларациядағы тауардың нөмірі.
28. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауар коды (10 белгі).
29. Брутто салмағы, кг.
30. Нетто салмағы, кг.
31. Қосымша өлшем бірлігі.
32. Қосымша өлшем бірлігіндегі тауар саны.
33. Тауардың фактуралық құны.
34. Тауардың статистикалық құны.
35. Тауардың кедендік құны.