Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә. Смайылов |
Жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы
2018 жылғы 24 наурызда Әбу-Даби қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім
Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі,
өз араларындағы үлкен экономикалық ынтымақтастыққа және атап айтқанда, бір Уағдаласушы Тарап инвесторының басқа Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы инвестицияларына қолайлы жағдай жасауды қалай отырып,
екі Уағдаласушы Тараптың экономикалық әл-ауқаты мақсатында аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес инвесторлардың инвестицияларын көтермелеу мен қорғау және инвестициялар легі мен жеке-дара іскерлік бастаманы ынталандыру қажеттілігін мойындай отырып,
осы Келісімнің инвестициялардың инвестициялау алдындағы кезеңіне қолданылмайтынын назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1. "Инвестициялар" термині бір Уағдаласушы Тараптың инвесторы басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында соңғы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік мақсаттарда салған активтердің кез келген түрін білдіреді және атап айтқанда, бірақ бұларды ғана емес:
а) жылжымалы және жылжымайтын мүлік пен жалға алу, кепіл мен кепілзат сияқты кез келген басқа да мүліктік құқықтарды;
б) компаниялардың үлестерін, акцияларын, борыштық міндеттемелерін және компанияларға катысудың басқа да нысандарын;
в) авторлық құқықтарды, сауда маркаларын, патенттерді, өнеркәсіптік үлгілер мен техникалық процестерді, ноу-хауды, коммерциялық құпияларды, қоса алғанда, аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қорғалатын зияткерлік меншік құқықтарын;
г) заңға немесе шартқа сәйкес берілетін іскерлік концессияларды қамтиды. Табиғи ресурстар осы Келісіммен реттелмейді.
Инвестициялар тауарлар немесе көрсетілетін қызметтерді сату үшін саудалық қаржыландыру және коммерциялық қарыз сияқты коммерциялық мәмілелерге байланысты кредиттер беруді қамтымайды.
Активтер қайта инвестицияланатын нысанның кез келген өзгерісі, мұндай өзгеріс берілген рұқсатқа қайшы келмеген жағдайда, олардың инвестициялар ретіндегі сипатына әсер етпейді.
2. "Инвестор" термині бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын және басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында соңғы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын жеке тұлғаны:
а) Қазақстан Республикасының Үкіметіне қатысты:
i. Қазақстанның азаматтарын;
ii. Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған және тіркелген, инвестициялық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаны;
б) Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметіне қатысты:
i. БАӘ азаматтарын;
ii. мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарды және олардың мекемелерін;
iii. Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған және инвестициялық қызметті жүзеге асыратын кез келген заңды тұлғаны немесе ұйымның басқа нысанын білдіреді.
3. "Кірістер" термині пайданы, пайыздарды, дивидендтерді, роялтиді, лицензиялық және басқа да сыйақыларды қоса алғанда, инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынған қаражатты білдіреді.
4. "Аумақ" термині:
а) Қазақстан Республикасына қатысты:
Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан Республикасы өз егемендігін қолданатын Қазақстан Республикасының аумағын және өздерінің шегінде Қазақстан Республикасы өзінің егемендік құқықтарын жүзеге асыратын және юрисдикциясын қолданатын аймақтарды;
б) Біріккен Араб Әмірліктеріне қатысты:
халықаралық құқық нормаларына және Біріккен Араб Әмірліктерінің заңнамасына сәйкес айрықша экономикалық аймақты, сондай-ақ оның өз юрисдикциясындағы құрлықты және аралдарды қоса алғанда, пайдалы қазбаларды өндіруге және пайдалануға байланысты жүзеге асырылатын кез келген қызметке қатысты Біріккен Араб Әмірліктері егемендігін жүзеге асыратын Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағын және оның аумақтық теңізін, әуе кеңістігін, су асты аймағын білдіреді.
5. "Еркін айырбасталатын валюта" термині халықаралық мәмілелер бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін кеңінен пайдаланылатын және халықаралық валюта нарықтарында еркін өткізілетін валютаны білдіреді.
6. "Ұлттық заңнама" термині Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің заңдарын, жарлықтарын, қаулыларын, қағидалары мен басқа да құқықтық актілерін білдіреді.
2-бап Инвестицияларды көтермелеу
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өздерінің даму мақсаттарына қол жеткізу үшін өз аумағында басқа Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларын көтермелейді және осы инвестицияларға қолайлы жағдай жасайды.
2. Уағдаласушы Тараптар қабылдаушы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес түрлі экономикалық секторлардағы инвестициялық жобаларды құру, дамыту үшін Уағдаласушы Тараптар инвесторларының арасында тиісті бірлескен заңды тұлғаларды қалыптастыруға және құруға септігін тигізеді.
1. Кез келген Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына және кірістеріне басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында ұлттық заңнамаға және осы Келісімге, сондай-ақ халықаралық құқықтың қолданылатын нормаларына сәйкес толық қорғау және қауіпсіздік ұсынылады. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы ДСҰ-дағы өз міндеттемелеріне және мүшелігі шарттарына нұқсан келтірмей, инвестициялардың басқарылуын, қорғалуын, қолдау табуын, пайдаланылуын, иеленілуін немесе билік етудің басқа да нысандарын жүгенсіз, негізсіз немесе кемсітушілік шаралармен нашарлатпайды.
2. Толық қорғау және қауіпсіздік қабылдаушы мемлекеттің өзінің ұлттық және басқа да шетелдік инвестицияларға ұсынатынына қарағанда, Уағдаласушы Тарапқа кез келген міндеттемені туындатпайды.
4-бап Ұлттық режим және барынша қолайлылық режимі
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап егер ұлттық заңнамасында өзгеше көзделмесе, басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторларына және олардың инвестициялары мен инвестициялардан түсетін кірістеріне өз инвесторларына және олардың инвестицияларына инвестицияларды басқаруға, қорғауға, қолдауға, пайдалануға, иеленуге және оларға билік етудің басқа да нысандарына қатысты ұсынатын режимнен қолайлығы кем емес режим ұсынады.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес шектелуге немесе жойылуға тиіс экономиканың зәрулі секторларын және/немесе басқа да қызмет салаларын айқындау құқығын өзіне қалдырады.
3. Әрбір Уағдаласушы Тарап басқа Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларына, олардың инвестицияларына, сондай-ақ инвестициялардан түсетін кірістеріне қолайлылығы инвестицияларды басқаруға, сақтауға, пайдалануға, оларға иелік етуге немесе оларды басқаша иеліктен шығарудың кез келген нысанына қатысты өзі үшінші мемлекеттің инвесторларына және олардың инвестицияларына ұсынатын режимнен кем емес режим ұсынады.
4. Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы Тарапты басқа Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларына және олардың инвестициялары мен инвестициялардан түсетін кірістеріне мыналардың:
а) еркін сауда аймағындағы, кеден одағындағы, валюталық одақтағы, өңірлік немесе екіжақты ынтымақтастықтың ортақ нарығындағы мүшеліктің немесе осыған ұқсас Уағдаласушы Тараптардың кез келгені тарап болып табылатын немесе тарап болуы мүмкін халықаралық келісімнің;
б) Уағдаласушы Тарап мемлекетінің салық салу мәселелеріне қатысты кез келген халықаралық шартының немесе ұлттық заңнамасының нәтижесінде туындайтын кез келген режимнің, преференцияның немесе артықшылықтың қолда бар немесе болашақ пайдасын беруге міндеттейтін ережелер ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
5. Уағдаласушы Тараптар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті алып қоюды белгілеу немесе сақтау құқығын өзіне қалдырады.
6. Анағұрлым айқындылық үшін барынша қолайлылық режимі процестік мәселелер мен сот мәселелеріне қолданылмайды.
5-бап Залалдар мен шығындар үшін өтемақы
1. Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторлары жүзеге асыратын инвестициялар басқа Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы соғыс немесе басқа қарулы қақтығыстар, бүлік, көтеріліс, бүліншілік немесе өзге де осындай оқиғалар салдарынан залалдар шексе, соңғы Уағдаласушы Тарап реституцияға, өтемақыға немесе басқа да өтемге қатысты өз мемлекетінің инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынылатын режимнен қолайлығы кем емес режим ұсынады.
2. Бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің:
а) басқа Уағдаласушы Тараптың қарулы күштерінің немесе биліктерінің оның инвестицияларын немесе олардың бір бөлігін реквизициялауы, немесе
б) жағдайдың қажеттігі талап етпегенде басқа Уағдаласушы Тарап мемлекеті қарулы күштерінің немесе биліктерінің инвестицияларды немесе олардың бір бөлігін бұзуы салдарынан осы баптың 1-тармағында аталған жағдайлардың кез келгенінде залал шегетін кез келген инвесторына, осы баптың 1-тармағына сәйкес соңғы Уағдаласушы Тарап реституцияға, өтемге немесе өтемақыға қатысты өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес барабар, жылдам және тиімді болатын өтемақы ұсынуға тиіс.
6-бап Мемлекет меншігіне алу және экспроприация
1. Бір Уағдаласушы Тарап инвесторлары басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында жүзеге асыратын инвестициялар:
а) қоғамдық мақсаттарда;
б) кемсітпеушілік тәсілмен;
в) тиісті заңды рәсімге сәйкес;
г) осы баптың 3-тармағына сәйкес барабар, жылдам және тиімді өтемақы төлей отырып қабылданатын шараларды қоспағанда, мемлекет меншігіне алынуы, экспроприациялануы, реквизициялануы немесе нәтижесі мемлекет меншігіне алуға, экспроприацияға немесе реквизицияға (бұдан әрі - экспроприация) тең келетін тікелей немесе жанама шараларға ұшырауы мүмкін емес.
2. Экспроприация инвестицияларды қабылдаушы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылғанына көз жеткізу үшін инвестордың әкімшілік органдарға немесе сот органдарына жүгінуге құқығы бар.
3. Экспроприация нәтижесінде туындайтын өтемақы экспроприацияланған инвестициялар құнының сомасына тең болуға тиіс және экспроприациялаудың алдында немесе алда болатын экспроприация туралы көпшілікке белгілі болғанға дейінгі сәтте, олардың қайсысының бұрын болғанына қарай, экспроприацияланған инвестициялардың әділ нарықтық құны негізінде айқындалуға тиіс. Нарықтық құн инвестицияларды қабылдаушы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалуға тиіс.
4. Өтемақы еркін айырбасталатын валютамен және кез келген кідіріссіз төленуге, меншікті экспроприациялау күнінен бастап нақты төлем күніне дейін төлем валютасы үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық мөлшерлеме бойынша пайызды қамтуға тиіс.
5. Осы баптың 1-тармағының ережелері инвестициялардан түсетін ағымдағы кірістерге және таратылған жағдайда, таратудан түсетін түсімге де қолданылады.
6. Уағдаласушы Тараптардың екеуінің де өз аумақтарындағы Уағдаласушы Тараптың инвестицияларын мемлекет меншігіне алу немесе экспроприациялау ниетінің жоқ екені түсініледі. Уағдаласушы Тараптар арасында қол қойылатын жеке келісім шеңберінде әрбір инвестициялық жоба үшін мемлекет меншігіне алудан немесе экспроприациялаудан қосымша кепілдік ұсынуды қарауға уағдаласты.
7-бап Капитал мен кірістерді аудару
1. Мемлекетінің аумағына басқа Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторларының инвестициялары салынған әрбір Уағдаласушы Тарап 2008 жылғы 22 желтоқсанда қол қойылған, екі Уағдаласушы Тараптың арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға сәйкес барлық салықтық міндеттемелер орындалғаннан кейін Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы инвесторларға инвестицияларға жататын төлемдерді еркін аударуды ұсынуға тиіс, ол:
а) инвестицияларды қолдау, басқару немесе ұлғайту үшін бастапқы капиталды және кез келген қосымша соманы;
б) кірістерді;
в) қарыз туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылатын келісімшарт бойынша төлемдерді;
г) акцияларды қоса алғанда, инвестицияларды толық немесе ішінара жоюдан немесе сатудан алынған кірістерді;
д) инвестицияларға байланысты шетелден жалданған персоналдың жалақысы мен басқа да сыйақыларын;
е) осы Келісімнің 5 және 6-баптарына сәйкес төленетін өтемақы бойынша төлемдерді қамтиды.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған төлемдерді аудару еркін айырбасталатын валютамен кідіріссіз және шектеусіз жүзеге асырылады. Талап етілетін аударымдар негізсіз кідіртілген жағдайда, зардап шеккен инвесторға осы валюта үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық мөлшерлеме бойынша пайыз төленеді.
3. Аударымдар инвестицияларды қабылдаушы мемлекеттің аударым күні қолданылатын нарықтық валюта бағамына сәйкес жүзеге асырылады.
Уағдаласушы Тарап осы Келісімнің 7-бабының ережелеріне нұқсан келтірмей басқа Уағдаласушы Тарапқа алдын ала хабарлағаннан кейін:
1) кредиторлардың банкроттығына, төлем қабілетсіздігіне немесе құқықтарын қорғауға;
2) бағалы қағаздарды шығаруға, сатуға не олармен мәмілелер жасауға;
3) сот процестерінде немесе әкімшілік процестерде бұйрықтардың немесе сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етуге;
4) 1944 жылғы 22 шілдеде Бреттон-Вудста қабылданған Халықаралық Валюта Қоры Келісімінің баптарын бұзбай, төлем теңгеріміне байланысты елеулі қиындықтар және сыртқы қаржылық қиындықтар сияқты айрықша мән-жайлар кезінде қабылдануы мүмкін, қажетті уақыт кезеңіне арналған қорғау шараларын қабылдауға қатысты ұлттық заңнаманы әділ, кемсітушіліксіз және адал қолдану арқылы аударымды шектей алады.
1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе оның уәкілетті органы басқа Уағдаласушы Тараптың аумағындағы инвестордың инвестицияларына қатысты берілген кепілдікке (сақтандыру шартына) сәйкес төлемдерді жүзеге асыратын болса, басқа Уағдаласушы Тарап:
а) ұлттық заңнамаға немесе сақтандыру шартына сәйкес осындай инвестордың кез келген құқықтарының немесе талаптарының бірінші Уағдаласушы Тарапқа немесе оның уәкілетті органына көшуін;
б) бірінші Уағдаласушы Тарап немесе оның уәкілетті органы өздерінен алдыңғылар сияқты шамада құқықтар мен талаптарды жүзеге асыруға уәкілетті болатынын мойындайды;
және суброгация негізінде инвестицияларға байланысты міндеттемелерді қабылдайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құқықтар немесе талаптар инвестордың бастапқы құқықтарынан немесе талаптарынан аспауға тиіс.
3. Суброгация мемлекетінің аумағында инвестициялар жүзеге асырылатын Уағдаласушы Тараптың алдын ала келісімінен кейін орын алуға тиіс.
Инвестор мен Уағдаласушы Тарап арасындағы инвестициялық дауларды реттеу
1. Бір Уағдаласушы Тарап пен басқа Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы инвестицияларға қатысты кез келген дау мүмкіндігінше келіссөздер, консультациялар, делдалдық немесе дауларды реттеудің кез келген басқа да тетігін қолдану жолымен достық пейілде реттелуге тиіс.
2. Келіссөздерді бастау үшін инвестор Уағдаласушы Тарапқа жазбаша хабарлама жолдайды, онда:
а) дауласатын инвестордың атауы мен мекенжайы;
б) инвестордың пікірі бойынша осы Келісімнің бұзылған ережелері;
в) талап қою үшін нақты және құқықтық негіздер;
г) сот қорғауы құралдары мен мәлімделген залал сомасы көрсетілуге тиіс.
3. Егер дауды, ол жазбаша нысанда туындаған күнінен бастап алты (6) ай ішінде шешу мүмкін болмаса, ол дау тараптарының қалауы бойынша:
а) аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті соттарының, немесе
б) 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтон қаласында қол қою үшін ашылған Мемлекеттер және басқа да мемлекеттердің азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық төрелігінің (бұдан әрі - төрелік) қарауына беріледі.
4. Осымен әрбір Уағдаласушы Тарап өзі және басқа Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауды осы бапқа сәйкес төрелікке ұсынуға келісімін береді.
5. Даудың қатысушысы бола отырып Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы төрелік рәсімдердің немесе төрелік шешімді орындаудың кез келген сатысында қарсылық білдіре алмайды немесе дауда Уағдаласушы Тарап болып табылатын инвестордың сақтандыруға орай шығындардың бір бөлігін немесе барлығын жабатын өтемді алғандығы фактісін көрсете алмайды.
6. Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық Конвенциясының 48-ден 53-ке дейінгі баптарының талаптары орындалған жағдайда, төрелік соттың шешімі түпкілікті және міндетті болып табылады. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекеттерінің заңдарына сәйкес төрелік шешімнің мойындалуын және орындалуын қамтамасыз етеді.
7. Шешім өз аумағында Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы шешімді шығаратын Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындалады.
11-бап Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды шешу
1. Осы Келісімді түсіндіру мен қолдануға қатысты Уағдаласушы Тараптар арасындағы даулар мүмкіндігінше дипломатиялық арналар арқылы келіссөздер және консультациялар жолымен шешіледі.
2. Егер Уағдаласушы Тараптар арасындағы даулар осы баптың 1-тармағына сәйкес келіссөздер және консультациялар туралы бірінші жазбаша сұрау салу алынғаннан кейін алты ай ішінде реттелмеген болса, дау бір Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша үш мүшеден тұратын төрелік соттың қарауына ұсынылуға тиіс.
3. Төрелік сот әрбір іс үшін мынадай түрде құрылады: төрелік туралы ресми сұрау салу кезінен бастап екі (2) ай ішінде әрбір Уағдаласушы Тарап бір төрешіні тағайындайды. Содан соң осы екі төреші қос Уағдаласушы Тараптың келісуінен кейін үшінші Тараптың азаматын сот төрағасы ретінде таңдайды. Төраға басқа екі төреші тағайындалған күннен бастап екі (2) ай ішінде тағайындалады.
4. Егер осы баптың 3-тармағында көрсетілген кезең ішінде қажетті тағайындаулар жасалмаса, онда кез келген Уағдаласушы Тарап Халықаралық сот төрағасын, оның жеке өзін және жеке-дара сипатта қажетті тағайындауларды жасау үшін шақыра алады. Егер төраға дауға бейтарап және қатысты ретінде қарастырылмайтын мемлекеттің азаматы болып табылса немесе көрсетілген функцияны орындауға өзге де мән-жай кедергі келтірсе, онда мемлекеттің азаматы болып табылмайтын немесе өзге де мән-жай көрсетілген функцияны орындауына кедергі келтірмейтін Халықаралық соттың вице-президенті немесе шені жөнінен үлкен келесі мүшесі қажетті тағайындаулар жасауға тиіс.
5. Төрелік сот шешімді көпшілік дауыспен қабылдайды. Сот шешімі екі Уағдаласушы Тарап үшін түпкілікті және міндетті болып табылады. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзі тағайындаған мүшенің және төрелік процесте өзінің атынан жасалған өкілдіктің шығыстарын көтереді. Уағдаласушы Тараптардың екеуі де төрағаның шығыстарын, сондай-ақ екі Уағдаласушы Тарапқа тең үлеспен бөлінуге тиіс басқа да шығыстарды өздері көтереді. Барлық қалған жағдайларда төрелік сот өзінің рәсімдер қағидаларын айқындайды.
6. Шешім жазбаша нысанда қабылданады және ол қолдануға жарамды нақты және заңдық қорытындыларды қамтуға және әрбір Уағдаласушы Тарапқа жеткізілуге тиіс.
12-бап Инвестицияларға қолданылуы
Осы Келісім кез келген Уағдаласушы Тарап инвесторлары басқа Уағдаласушы Тарап аумағында осы Келісім күшіне енгенге дейін және күшіне енгеннен кейін жүзеге асырған барлық инвестицияларға қолданылады, бірақ осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған және (немесе) реттелген инвестицияларға қатысты кез келген дауға немесе талапқа қолданылмайды.
Уағдаласушы Тараптар осы Келісімді қолдануға қатысты, инвестициялық дауларды реттеуді қоса алғанда, кез келген мәселе бойынша консультациялар жүргізеді. Бұл консультациялар Уағдаласушы Тараптардың бірінің өтініші бойынша дипломатиялық арналар арқылы келісілген жерде және уақытта жүргізіледі.
1. Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
2. Кез келген Уағдаласушы Тараптың осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстары дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда ұсынылады және олардың негізінде өзгерістер мен толықтырулар дайындалған негіздемелерді қамтиды.
15-бап Қызметті жүзеге асыру үшін қойылатын талаптар
Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы ДСҰ-дағы өз міндеттемелеріне және оған мүшелігі шарттарына нұқсан келтірмей, өз аумағында басқа Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына өз өнімінің материалдарын, оны өндіру, пайдалану, тасымалдау, өткізу құралдарын немесе оған ұқсас сатып алу құралдарын сатып алуға қатысты кемсітушілік салдары болатын міндетті шараларды колданбауға тиіс.
16-бап Басымдықтар беруден бас тарту
1. Егер инвестор осы Келісімнен пайда алу мақсатында заңды тұлғаны өзгеше жолмен құру арқылы қолжетімді болмайтын пайда алу үшін үшінші Тараптың азаматтығын алатын болса, Уағдаласушы Тарап оған осы Келісімнің басымдықтарын беруден бас тартуы мүмкін.
2. Өз инвестицияларын делдалдық жолмен салған инвесторға да осы Келісімнің басымдықтарын беруден бас тартылуы мүмкін.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы жазбаша хабарламалардың соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынғаннан кейін он бесінші (15) күні күшіне енеді.
Қолданылу мерзімі және қолданылуын тоқтату
1. Осы Келісім он (10) жыл кезеңге жасалды және Уағдаласушы Тараптың кез келгені басқа Уағдаласушы Тарапқа бастапқы немесе кез келген келесі он (10) жылдық кезең өткенге дейін бір (1) жыл бұрын өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлағанша автоматты түрде басқа он (10) жылдық кезеңдерге ұзартылады.
2. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің 1-18-баптарының ережелері осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған күннен бастап кейінгі он (10) жылдық кезеңде күшінде қалады.
2018 жылғы 24 наурызда Абу-Даби қаласында әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей тең түпнұсқалы болып табылады.
Осы Келісімнің ережелері әртүрлі түсіндірілген жағдайда, Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының | Біріккен Араб Әмірліктерінің |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |