Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2022 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парагвай Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парагвай Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парагвай Республикасының Үкіметі
екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтуға ниет білдіре отырып, сондай-ақ дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттар иелерінің Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіруін жеңілдету мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары Парагвай Республикасының аумағына алғаш келген кезден бастап 180 (жүз сексен) күн ішінде 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзім ішінде визасыз келе алады, кете алады, транзитпен өте алады немесе бола алады.
2. Жарамды дипломатиялық немесе ресми паспорттардың иелері болып табылатын Парагвай Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағына алғаш келген кезден бастап 180 (жүз сексен) күн ішінде 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзім ішінде визасыз келе алады, одан кете алады, транзитпен өте алады немесе бола алады.
2-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген адамдардың болу мерзімін екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелген консулдық мекеме немесе дипломатиялық өкілдік берген жазбаша сұрау салудың негізінде қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органдары ұзарта алады.
3-бап
Жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері болып табылатын, Тараптың бірінің мемлекетінің аумағында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерге, консулдық мекемелерге немесе халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктерге тағайындалған кез келген Тарап мемлекетінің азаматтары, сондай-ақ дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттардың иелері болып табылатын олардың отбасы мүшелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына оларды аккредиттеу мерзімі ішінде визасыз келе алады, одан кете алады, транзитпен өте алады немесе бола алады.
4-бап
Жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері болып табылатын кез келген Тарап мемлекетінің азаматтары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын сақтау шартымен халықаралық қатынастар үшін ашық пунктер арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады және одан кете алады.
5-бап
Тараптар тиісті дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың үлгілерімен, сондай-ақ осындай құжаттардың толық сипаттамасымен осы Келісім күшіне енген күннен бастап 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы алмасады. Тараптар жоғарыда көрсетілген паспорттарға өзгерістердің енгізілгені туралы олар бекітілген күнге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді және жаңа паспорттардың үлгілерін жолдайды.
6-бап
Дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері болып табылатын Тараптардың азаматтары олардың екінші Тарап мемлекетінің аумағында болуы кезінде 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне нұқсан келтірместен қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.
7-бап
Осы Келісім Тараптардың құзыретті органдарының екінші Тарап мемлекеті кез келген азаматының, егер ол "нон-грата персона" деп танылса, өз мемлекетінің аумағына кіруіне рұқсат беруден бас тарту немесе болуын тоқтату құқығын шектемейді.
8-бап
Кез келген Тарап мемлекетінің азаматтары қабылдаушы мемлекеттің аумағында болуы кезінде дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттар жоғалған, ұрланған, қолданыс мерзімі өтіп кеткен немесе бүлінген жағдайда өз мемлекетінің аумағында сол мемлекеттің консулдық мекемесі немесе дипломатиялық өкілдігі жеке тұлғасын растау үшін берген жаңа паспорттардың немесе басқа да тиісті құжаттардың негізінде қайтып орала алады.
9-бап
1. Тараптардың әрқайсысының ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және халық денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ету арқылы осы Келісімнің қолданысын уақытша ішінара немесе толық тоқтату құқығы бар. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен соң күнтізбелік 7 (жеті) күн өткеннен кейін тоқтатыла тұрады.
2. Осы Келісімнің күшін қалпына келтіру бір Тараптың екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етуі арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдайда осы Келісім осындай хабарлама алынған күннен бастап 7 (жеті) күн өткен соң қайта күшіне енеді.
10-бап
Осы Келісімді түсіндіру және (немесе) қолдану кезінде Тараптар арасында туындайтын кез келген дау дипломатиялық арналар арқылы консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.
11-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
12-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың ешқайсы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа өзінің оның күшін жою ниеті туралы тиісті жазбаша нысанда хабардар етпесе, ұқсас бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданысы екінші Тарап осындай хабарламаны алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң тоқтатылады.
2022 жылғы "22" қыркүйекте Нью-Йорк қаласында әрқайсысы қазақ, испан және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Мәтіндер арасында алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Парагвай РеспубликасыныңҮкіметі үшін |