Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 5 желтоқсандағы № 977 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындау қағидаларында:
3-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Өтінімдерді қабылдау аяқталған кезде 18 бен 35 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, бұрын халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған туындылары бар, қазақстандық әдебиетті дамыту үшін шығармашылық әлеуеті бар жас жазушылар мен ақындар Президенттік сыйлыққа үміткер бола алады.";
7-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Жас жазушылар мен ақындар күнтізбелік жылдың 30 маусымына дейінгі мерзімде уәкілетті органға қағаз және электрондық түрде мынадай құжаттарды жібереді:
1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Президенттік сыйлық алуға өтінім;
2) үміткердің жеке куәлігінің көшірмесі;
3) Қазақстан Жазушылар одағының Президенттік сыйлыққа үміткерге шығармашылық мінездемесі;
4) Президенттік сыйлыққа үміткер жариялаған немесе үміткер туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері (бар болса);
5) екінші деңгейдегі банкте банктік шотының бар екенін растайтын анықтаманың көшірмесі;
6) үміткердің жетістіктерін айғақтайтын өзге де материалдар (бар болса).";
13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Президенттік сыйлықты тағайындау туралы шешім Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шығарылған сәттен бастап күшіне енеді және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
14. Президенттік сыйлыққа ие болған тұлғаларға "Қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты" атағы беріледі, осы Қағидаларға 2-қосымшадағы сипаттамаға сәйкес диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы тапсырылады.
Президенттік сыйлықтың лауреатына ақшалай сыйақының мөлшерін комиссия ол берілетін жылы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген сомалар шегінде айқындайды.
Президенттік сыйлықпен марапаттау рәсімі күнтізбелік жылдың оныншы желтоқсанына дейін салтанатты жағдайда өткізіледі.
Уәкілетті орган ақшалай сыйақыны күнтізбелік жылдың жиырмасыншы желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімде Президенттік сыйлық лауреатының банктік шотына аударады.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |