"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 1-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған жеке кәсіпкерлік субъектілерін креативті индустриялар субъектілеріне жатқызу өлшемшарттары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 маусымдағы № 447 қаулысымен бекітілген |
Жеке кәсіпкерлік субъектілерін креативті индустриялар субъектілеріне жатқызу өлшемшарттары
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін креативті индустриялар субъектілеріне жатқызу өлшемшарттары:
1) креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің экономикалық қызметті жүзеге асыруы;
2) авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар объектісіне мүліктік құқықтарды растау;
3) зияткерлік қызметтің нәтижелерін және осындай қызметтен табыс табуды қоса алғанда, шығармашылық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыру болып табылады.
2. Креативті индустриялар субъектілеріне жатқызу өлшемшарттарына сәйкестік мыналармен:
1) 1-тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген өлшемшарт бойынша әділет, мемлекеттік кірістер органдарының, ұлттық статистика бюросының мемлекеттік ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтермен;
2) 1-тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген өлшемшарт бойынша тиісті авторлық немесе лицензиялық шарттың болуымен;
3) 1-тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген өлшемшарт бойынша "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін тауарды сату не қызмет көрсету (жұмысты орындау) бойынша азаматтық-құқықтық мәміле жасау фактісінің құжаттық куәлігімен, оның ішінде банктік шоттан үзінді көшірмемен расталады.