ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 11-бабының 16) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін бағалау қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 527 қаулысымен бекітілген |
Мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін бағалау қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін бағалау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 11-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді және мүгедектігі бар адамның техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарын, арнаулы жүріп-тұру құралдарына (бұдан әрі – оңалту құралдары), санаторийлік-курорттық емдеуді, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының көрсететін қызметтерін (бұдан әрі – оңалту қызметтерін көрсету) қажетсінуін бағалау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы жүріп-тұру құралдары – мүгедектігі бар адамның жүріп-тұруын қамтамасыз ететін техникалық көмек түрі;
2) медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) – мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеп (белгілемей), куәландырылатын адамның организмі функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған тыныс-тіршілігінің шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларын қажетсінуін айқындау;
3) медициналық куәландыру – жеке тұлғаны оның ауруы болу немесе болмау фактісін анықтау немесе растау, денсаулық жағдайын айқындау мақсатында зерттеп-қарау;
4) мультипәндік топ – пациент организмінің функциялары мен құрылымдарының бұзылу сипатына, оның клиникалық жай-күйінің ауырлығына байланысты қалыптастырылатын әртүрлі мамандар тобы;
5) мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – жеке бағдарлама) – мүгедектігі бар адамды абилитациядан және оңалтудан өткізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін оның жеке қажеттіліктері негізінде белгілейтін құжат;
6) мүгедектігі бар адамның оңалу әлеуеті – медициналық, психологиялық және әлеуметтік факторларды талдау негізінде адам организмінің бұзылған функциялары мен қабілеттерін нақты қалпына келтіру мүмкіндіктерінің көрсеткіші;
7) оңалту болжамы – оңалту әлеуетін іске асырудың болжамды ықтималдығы және мүгедектігі бар адамның қоғамға интеграциялануының болжамды деңгейі;
8) оңалту-сараптамалық диагностика – оңалту әлеуетін, оңалту болжамын бағалау;
9) протездік-ортопедиялық көмек – мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөніндегі медициналық-техникалық көмектің мамандандырылған түрі және оларды пайдалануды үйрету;
10) санаторийлік-курорттық емдеу – адамдардың санаторийлік-курорттық ұйымда уақытша болуы жағдайында жүргізілетін медициналық оңалту түрі;
11) техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар:
протездік-ортопедиялық құралдар – аяқ-қолдың жоқтығын немесе дененің басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудің салдарынан организмнің бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар;
сурдотехникалық құралдар – есту қабілетінің бұзылуын түзеуге және оның орнын толтыруға арналған техникалық құралдар, сондай-ақ дыбысты күшейтетін байланыс және ақпарат беру құралдары;
тифлотехникалық құралдар – мүгедектігі бар адамдардың көру қабілетінің бұзылуы салдарынан жоғалтқан мүмкіндіктерін түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар;
міндетті гигиеналық құралдар – табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған құралдар;
12) тыныс-тіршіліктің шектелуі – адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу және еңбекпен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінapa айырылуы;
13) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеу, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-тарау. Мүгедектігі бар адамдардың оңалту құралдары мен көрсетілетін қызметтерін қажетсінуіне бағалау жүргізу тәртібі
3. Мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына (бұдан әрі – Сыныптауыш) сәйкес мүгедектігі бар адамның қажеттіліктерін бағалау:
Кодекстің 12-бабы 5) тармақшасының он сегізінші абзацына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшінің көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына;
Кодекстің 12-бабы 5) тармақшасының он тоғызыншы абзацына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту қабілетіне байланысты мүгедектігі бар адамдарға ымдау тілі маманының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына;
Кодекстің 12-бабы 5) тармақшасының жиырмасыншы абзацына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда, қамтамасыз ету қағидаларына;
Кодекстің 12-бабы 5) тармақшасының жиырма бірінші абзацына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға санаторийлік-курорттық емдеуді ұсыну қағидаларына сәйкес медициналық, медициналық-әлеуметтік көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, мүгедектігі бар адамның құжаттарын қарау, оны қарап-тексеру (жүгінген кезде), организм функцияларының бұзылу және тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесін, оңалту болжамы мен әлеуетін айқындау жолымен жүргізіледі.
4. Сыныптауышқа сәйкес мүгедектігі бар адамдардың оңалту құралдарын және көрсетілетін қызметтерді қажетсінуін бағалауды:
медициналық ұйымдарда емдеуші дәрігер және (немесе) мультипәндік топ тыныс-тіршілігінің шектелуіне әкелетін организм функциялары тұрақты бұзылған және пациентті "Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № ҚР ДСМ-34 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27505 болып тіркелген) сәйкес МӘС-ке жіберген кезде, сондай-ақ санаторийлік-курорттық емдеу алдында санаторийлік-курорттық картаны толтыру кезінде;
жеке бағдарламаны әзірлеу үшін оңалту-сараптамалық диагностика және МӘС жүргізу кезінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің МӘС бөлімдерінің мамандары жүзеге асырады.
5. Мүгедектігі бар адамның қажеттіліктеріне жүргізілген бағалау негізінде осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген тұлғалар Сыныптауышқа сәйкес оңалту құралдарына және көрсетілетін қызметтеріне ұсынымдар қалыптастырады, олар жеке бағдарламада көрсетіледі.
Мүгедектігі бар балалардың оңалту құралдарын және көрсетілетін қызметтерді қажетсінуін бағалаған кезде олардың психофизикалық және психикалық-тілдік даму деңгейі ескеріледі.
6. Мүгедектігі бар адамның оңалту құралдары мен көрсетілетін қызметтерді қажетсінуі оның қажеттіліктеріне сәйкес бойындағы жоғалтқан тұрмыстық, қоғамдық, кәсіптік қызметті орындау қабілеттерін қалпына келтіру немесе орнын толтыру мүмкіндігі, сондай-ақ оларды нақты пайдалану мүмкіндіктері ескеріле отырып бағаланады.
7. Мүгедектігі бар адамның протездік-ортопедиялық құралдарды және протездік-ортопедиялық көмекті қажетсінуін айқындау кезінде:
1) қолының құрылымы мен функциялары, оның ішінде қолының ұшын пайдалануы;
2) аяқтарының құрылымы мен функциялары, оның ішінде жүруінің, қысқа қашықтыққа жүруінің, тұрғын жай шегінде жүріп-тұруының шектелу дәрежесі;
3) қарапайым және күрделі еркін қимылын, тұру және жүру кезіндегі тепе-теңдігін бақылау;
4) омыртқаның статодинамикалық функциялары;
5) статикалық-кинетикалық функциялар;
6) анатомиялық кемістіктері;
7) көру функциялары;
8) зияткерлік функциялары;
9) ақыл-ес, бағдарлану функциялары және жаһандық психоәлеуметтік функциялар;
10) жүрек-қантамыр жүйесінің, тыныс алу жүйесінің, несеп-жыныс жүйесі функциялары және зат алмасуының бұзылуы;
11) антропометриялық деректер бағаланады.
8. Мүгедектігі бар адамның сурдотехникалық құралдарды қажетсінуін айқындау кезінде:
1) зияткерлік функциялары;
2) жас және физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, базалық жазу және оқу дағдылары;
3) көру функциялары;
4) құлақ протезіне көрсеткіштер, оны жүргізу және тиімділігі;
5) кохлеарлық имплантация операциясын жүргізу және оның тиімділігі бағаланады.
9. Мүгедектігі бар адамдардың тифлотехникалық құралдарды қажетсінуін айқындау кезінде:
1) зияткерлік функциялары;
2) ақыл-ес, бағдарлану функциялары және жаһандық психоәлеуметтік функциялар;
3) жазу және оқу дағдылары, оның ішінде Брайль бойынша;
4) есту функциясы;
5) қол құрылымы мен функциялары, оның ішінде қолының ұшын пайдалануы, қол саусақтарын сезінуі және дәл қимылдарды жүзеге асыруы;
6) аяғының құрылымы мен функциялары;
7) вестибулярлық функциялар;
8) көмірсу алмасу функциялары;
9) артериялық қысым функциялары;
10) көзге қабысатын құрылымдардың функциялары бағаланады.
10. Жүріп-тұру функциялары абсолютті және (немесе) күрделі бұзылу жағдайында мүгедектігі бар адамның арнаулы жүріп-тұру құралдарын және міндетті гигиеналық құралдарды (санитариялық жарақтандырылған кресло-орындық, дәретхана бөлмелеріне арналған қайырмалы тіреуіш тұтқалар, ванна бөлмелеріне арналған тұтқалар) қажетсінуін айқындау кезінде:
1) омыртқа осіне (отырған күйде) түсетін салмақ патологиялық процестің өршуіне әкелетін аурулар мен жарақаттардың, болуы сондай-ақ салдары;
2) өздігінен жүріп-тұру қабілетінің шектелу дәрежесі;
3) зияткерлік функциялар және мотивация функциялары;
4) қол функциялары және бұлшық ет тонусы;
5) жақсырақ көретін көздің көру функциясы;
6) отырғандағы және тепе-теңдікті ұстау қалпын, еркін және еріксіз қозғалыс функцияларын бақылау;
7) ақыл-есі бұзылатын эпилептикалық (құрысу) ұстамалардың болуы;
8) есту функциялары;
9) тұрғын үй дизайнына, жобалау сипатына, салынуына байланысты және қоршаған ортаны жайластырудағы кедергілер (кресло-арбаны пайдалану үшін қоршаған ортаның қолжетімділігі);
10) пациенттің ұзақ қашықтықты еңсеру мақсатында иінтіректі жетегі бар кресло-арбаны пайдалану саласындағы тәжірибесі;
11) тыныс-тіршіліктің белсенді салаларындағы өмір салты: білім, жұмыс, демалыс және бос уақыт;
12) физиологиялық параметрлер:
бөксенің шетінен тізенің ішке бүгілетін жеріне дейінгі аралық;
жамбас буындарының сүйек доғалары арасындағы аралық;
өкшеден бүгілген жамбас деңгейіне дейінгі аралық (артқы жағы бойынша);
орындық бетінен арқалық биіктігінің талап етілетін деңгейіне дейінгі аралық;
орындық бетінен 90 градус бұрышпен бүгілген шынтаққа дейінгі аралық;
антропометриялық деректер (салмақ, бел және жамбас көлемі) бағаланады.
11. Ауруларға және (немесе) жарақаттардың салдарына байланысты зәрді және/немесе нәжісті ұстамау типі бойынша жамбас органдарының функциялары бұзылған кезде мүгедектігі бар адамдардың міндетті гигиеналық құралдарды (несеп қабылдағыш, уроқабылдағыш, нәжіс қабылдағыш, жөргек, сіңіргіш жайма (жаялық), катетер, стоманың айналасындағы теріні қорғау мен тегістеуге арналған герметик-паста, стоманың айналасындағы теріні қорғау мен күтуге арналған қорғаныш крем, стома айналасындағы теріні қорғауға мен күтуге арналған сіңіргіш ұнтақ (опа), иісті бейтараптандырғыш, стома айналасындағы немесе санның ортасындағы теріні күтуге және өңдеуге арналған тазартқыш) қажетсінуін айқындау кезінде:
1) зәр шығару және дефекация функцияларының бұзылу дәрежесі;
2) ақыл-ес, бағдарлану функциялары, жаһандық психоәлеуметтік функциялар;
3) өздігінен жүріп-тұру қабілеті;
4) нейробұлшық ет, қаңқа және қозғалысқа байланысты функциялар (қозғалыс шектеулері), ішкі ағзалардың функциялары (соматикалық аурулар);
5) стомалар кезінде – салған жері мен түрі;
6) стома айналасындағы тері;
7) қуықтың өздігінен босау қабілеті;
8) антропометриялық деректер (салмағы, бел және жамбас көлемі) бағаланады.
12. Мүгедектігі бар адамдардың санаторийлік-курорттық емдеуді қажетсінуін бағалау кезінде пациенттің денсаулық жағдайын бағалау, объективті жай-күйін, алдыңғы емдеу (амбулаториялық, стационарлық) нәтижелерін, зертханалық, функционалдық, рентгенологиялық және басқа да зерттеулердің деректерін талдау негізінде айқындалатын санаторийлік-курорттық емдеуге медициналық көрсетілімдердің, оған қарсы көрсетілімдердің бар-жоғы ескеріледі.
Санаторийлік-курорттық ұйымның бейінін таңдау мәселесін шешу кезінде санаторийлік-курорттық емдеу ұсынылған пациенттің ауруынан басқа ілеспе аурулардың бар-жоғы, курортқа бару шарттары, климаттық-географиялық жағдайлардың қарама-қайшылығы, табиғи емдік факторлардың ерекшеліктері және басқа да емдеу жағдайлары ескеріледі.
13. Мүгедектігі бар адамның жеке көмекшінің әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін қажетсінуін бағалау кезінде организм функцияларының бұзылуы мен өздігінен жүріп-тұруының шектелуінің айқын көрінуі, жеке көмекшінің әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін ұсынуға Кодекстің 12-бабы 5) тармақшасының он сегізінші абзацына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер ескеріледі.
14. Мүгедектігі бар адамның ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін қажетсінуін бағалау кезінде есту және сөйлеу функциялары бұзылуының айқын көрінуі, ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін ұсынуға Кодекстің 12-бабы 5) тармақшасының он тоғызыншы абзацына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер, сондай-ақ ымдау тілін меңгеру дағдылары ескеріледі.