Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Конвенция депозитарийі – Нидерланды Корольдігінің Сыртқы істер министрлігін апостиль қою өкілеттіктері берілген мемлекеттік органдарды тағайындаудағы өзгерістер туралы хабардар етсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2023 жылғы 19 қыркүйектегі № 815 қаулысымен бекітiлген |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар
1. "Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыруды талап етудің күшін жоятын конвенция (Гаага, 1961 жылғы 5 қазан) ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 сәуірдегі № 545 қаулысында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Апостиль қою бойынша өкілеттіктерге ие ұйымдар ретінде мына мемлекеттік органдар айқындалсын:
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі – әділет, азаматтық хал актілерін тіркеу органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға;
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарға;
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі – бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарға;
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі – көші-қон полициясының құрылымдық бөліністерінен шығатын ресми құжаттарға, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнайы мемлекеттік архивінен және оның аумақтық бөліністерінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне;
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлiгi – Қазақстан Республикасының мемлекеттік архивтерінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшiрмелерiне;
Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі (келісу бойынша) – сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға;
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгі – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнен және (немесе) олардың аумақтық бөлiмшелерiнен шығатын ресми құжаттарға;
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы (келісу бойынша) – прокуратура, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға;
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне.
Көрсетілген органдар апостиль қою жөніндегі өкілеттіктерді өздерінің аумақтық органдарына беруге құқылы.";
көрсетілген қаулыға қосымшаның орыс тіліндегі мәтіні жаңа редакцияда жазылды, мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді.
2. "Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі туралы ережеде:
15-тармақ мынадай мазмұндағы 118-1) тармақшамен толықтырылсын:
"118-1) көші-қон полициясының құрылымдық бөліністерінен шығатын ресми құжаттарға, Министрліктің арнайы мемлекеттік архивінен және оның аумақтық бөліністерінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қояды;".
3. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 387 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі туралы ережеде:
15-тармақ мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
"5-1) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен және (немесе) олардың аумақтық бөлімшелерінен шығатын ресми құжаттарға апостиль қою;".
4. "Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ережені бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 357 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ережеде:
15-тармақ мынадай мазмұндағы 22-1) тармақшамен толықтырылсын:
"22-1) Министрліктің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қояды;".