Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2023 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сейшел Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 қарашадағы № 1013 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сейшел Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сейшел Республикасының Үкіметі
Тараптар мемлекеттері арасындағы достық қатынастарға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып;
өз мемлекеттері азаматтарының өз елдерінің аумағына келуін жеңілдетуге ниет білдіре отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары – осы Келісімнің 2-бабында тізбеленген жарамды жол жүру құжаттарының иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына бір немесе бірнеше мәрте келу, одан кету, транзитпен өту, уақытша болу үшін келген күннен бастап әрбір 180 (жүз сексен) күнтізбелік күн кезеңінде 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге визалық талаптардан босатылады.
2. Бизнес жүргізу, жұмысқа орналасу немесе оқу мақсатымен екінші Тарап мемлекетінің аумағына осы баптың 1-тармағында көзделген барынша көп мерзімнен ұзағырақ қалуға ниет білдірген Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары – жарамды жол жүру құжаттарының иелері қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес қажет етілетін тиісті визаны алуға тиіс.
2-бап
1. Қазақстан Республикасының жарамды жол жүру құжаттары:
1) дипломатиялық паспорт;
2) қызметтік паспорт;
3) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
4) қайтып оралуға арналған куәлік.
2. Сейшел Республикасының жарамды жол жүру құжаттары:
1) кәдімгі паспорт;
2) ресми паспорт;
3) дипломатиялық паспорт;
4) қайтып оралуға арналған куәлік.
3-бап
Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық және жолаушылар қатынастары үшін ашық пункттер арқылы келе алады және одан кете алады немесе транзитпен өте алады және соңғы аталған Тарап мемлекетінің шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың келуіне, кетуіне және транзитпен өтуіне қатысты қолданылатын заңнамасын сақтауға тиіс.
4-бап
1. Осы Келісім Тараптардың өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті немесе халық денсаулығын сақтау мақсатында екінші Тарап мемлекеті азаматтарының келуіне немесе болуына рұқсат беруден бас тарту құқығын шектемейді.
2. Осы Келісім Тараптардың екінші Тарап мемлекетінің нон-грата персоналарына немесе қошталмайтын азаматтарына себептерін көрсетпей өз мемлекетінің аумағына келуге тыйым салу немесе олардың өз мемлекетінің аумағында болуын тоқтату құқығын шектемейді.
5-бап
Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта жарамды жол жүру құжаттарын жоғалтып немесе бүлдіріп алған жағдайда осы мемлекеттің аумағынан өздеріне осы мақсаттар үшін өз мемлекеті тағайындаған дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме берген жаңа жарамды жол жүру құжаттарының негізінде кетеді.
6-бап
Еңсерілмейтін күш мән-жайларының салдарынан өздері келген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағынан кете алмайтын Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары осы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына өздерінің болуын қабылдаушы мемлекеттің аумағынан кету үшін қажетті уақыт кезеңіне ұзартуға рұқсат алу үшін құжаттамамен растап жүгінуге тиіс.
7-бап
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 2-бабында тізбеленген өздерінің жарамды жол жүру құжаттарының үлгілерімен алмасады.
2. Жаңа жол жүру құжаттары енгізілген немесе қолданыстағы құжаттарға өзгерістер енгізілген жағдайда Тараптар бірін-бірі тиісті түрде дереу хабардар етеді және дипломатиялық арналар арқылы осындай жол жүру құжаттарының үлгілерін, сондай-ақ олардың қолданылуына қатысты ақпаратты олар ресми енгізілгенге немесе өзгертілгенге дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын жібереді.
8-бап
1. Тараптардың әрқайсысының ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті немесе халық денсаулығын қорғау мақсатында дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша хабардар ету арқылы осы Келісімнің қолданысын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұруға құқығы бар. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткеннен кейін тоқтатыла тұрады. Тараптар осы Келісімнің қолданысын уақытша, толық немесе ішінара қалпына келтіру күнін дипломатиялық арналар арқылы келіседі.
2. Осы Келісімнің қолданысын осы баптың 1-тармағына сәйкес тоқтата тұру осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұруды жүзеге асыратын Тарап мемлекетінің аумағында жүрген екінші Тарап мемлекеті азаматтарының құқықтарын қозғамайды.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
10-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін әрі осы Келісімнің 11-бабында көзделген рәсімге сәйкес күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
11-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кейін күшіне енеді.
2. Әрбір Тарап осы Келісімді екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ету арқылы тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн өткен соң тоқтатылады.
2023 жылғы "22" қыркүйекте Нью-Йорк қаласында әрқайсысы қазақ және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Сейшел РеспубликасыныңҮкіметі үшін |