Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі 2022 жылғы 16 қыркүйекте Самарқанд қаласында жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қосылсын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2022 жылғы 16 қыркүйекте Самарқанд қаласында жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің қосылатыны туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығын хабардар етсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Бейресми аударма
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі – ШЫҰ) мүше мемлекеттердің үкіметтері,
туризмнің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және Тараптар мемлекеттері халқының мәдени өмірімен жақсырақ танысу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында,
Тараптар арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің өзара мүддесіне сүйеніп,
Тараптар мемлекеттерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуындағы туризмнің маңызды рөлін назарға алып,
Тараптар мемлекеттерінің азаматтары арасындағы достық қатынасты нығайтуда туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын ескеріп,
2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын және 2007 жылғы 16 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартын басшылыққа алып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық және туристік әлеуетін дамыту, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері халықының тарихымен, мәдениетімен, табиғатымен және дәстүрімен танысу мақсатында туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
Тараптар мемлекеттері арасындағы туристік ағынды өзара арттыру мақсатында туризм саласындағы қызметпен айналысатын Тараптар мемлекеттерінің ұйымдары арасындағы тығыз ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі.
2-бап
Тараптар мына бағыттар бойынша ынтымақтастықты ұйымдастыруға жәрдемдеседі:
Тараптар мемлекеттерінің туристік брендін халықаралық конференция, форум, семинар, көрме ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдарында және Интернет дүниежүзілік ақпарат желісіндегі жарияланым арқылы ілгерілету;
туризмді дамыту бойынша әртүрлі іс-шаралар, оның ішінде семинар, конференция мен іскерлік кездесу, бірлескен зерттеу мен симпозиум өткізу, ғылыми және оқу материалдарымен жүйелі түрде алмасу;
Тараптардың мемлекеттері аумағында өткізілетін туристік жәрмеңкеге, форум мен көрмеге қатысу;
сауықтыру туризмі саласындағы ынтымақтастықты дамытуды және туризмде қазіргі заманғы тиімді технологияны енгізуді ынталандыру;
Тараптар мемлекеттерінің туристік ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін өзара танысу сапарын ұйымдастыру;
Тараптар мемлекеттерінің ынтымақтастығын халықаралық стандарттар негізінде, оның ішінде шалғайдағы аумақта туристік инфрақұрылым мен сапалы сервис жасау мақсатында туризмді одан әрі дамыту үшін инвестиция тартуда қолдау;
туристік өнімді және қажет болған жағдайда маршрутты бірлесіп ілгерілету жұмысын жандандыру;
егер Тараптар мемлекеттері арасындағы халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, өзара туристік ағынды арттыру мақсатында олардың арасындағы визалық режимді жеңілдету бойынша шаралар қабылдауды көтермелеу;
Тараптар мемлекеттері мүдделі мекемелерінің мамандарымен тәжірибе алмасу арқылы туристік индустрия өкілдері үшін кадр даярлауға және тағылымдама ұйымдастыруға жәрдемдесу;
туристік кешен мен рекреациялық аймақ (аумақ) жасауды қоса алғанда, туризм саласында ақпарат және жұмыс тәжірибесімен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес берілетін инвестиция саласындағы жеңілдік туралы ақпарат алмасу;
Тараптар мемлекеттерінің заңнамасы шеңберінде туристік әлеуетін жарнамалайтын аудио және бейнематериалды қоса алғанда, туристік басылымдарды және басқа да ақпараттық материалдарды тарату;
халықаралық ұйымдар шеңберінде туризм саласындағы ынтымақтастықты күшейту.
3-бап
Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүрген Тараптар мемлекеттері туристерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қоса алғанда, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша шаралар қабылдайды.
4-бап
Осы Келісімнің ережелерін жүзеге асырумен байланысты мәселелер әрбір нақты жағдайда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің туризм саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі сараптамалық жұмыс тобының отырысы барысында талқыланады және келісіледі.
Сараптамалық жұмыс тобын құру және жұмыс істеу тәртібі осы Келісімді іске асыруға жауапты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органы басшыларымен келісу бойынша айқындалады.
5-бап
Осы Келісімнің ережелерін орындаумен байланысты шығыс Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органға тиісті салаға бөлінген қолда бар қаржы ресурсы шегінде не, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, өтеледі.
6-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерін қозғамайды.
7-бап
Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді іске асыруға жауапты мемлекетінің құзыретті органын (органдарын) тағайындайды.
Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімнің орындалуы туралы хабарламаны тапсырған кезде депозитарийді құзыретті орган (органдар) туралы хабардар етеді. Депозитарий құзыретті орган туралы ақпаратты басқа Тараптарға жолдайды.
Тараптар құзыретті органның (органдардың) өзгергені туралы 30 күн ішінде депозитарийді жазбаша хабардар етеді.
8-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және (немесе) түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы даулы мәселелерді Тараптар келіссөз бен консультация жолымен шешеді.
10-бап
Осы Келісім (5) бес жыл мерзімге жасалады және депозитарий Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісімнің күші келесі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады. Тараптардың әрқайсысы депозитарийге бұл туралы болжамды шығу күнінен кемінде 60 күн бұрын жазбаша нысанда хабарлама жіберіп, осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий мұндай ниет туралы басқа Тараптарға хабарлайды.
11-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін оған қосылғысы келетін кез келген мемлекеттің қосылуы үшін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру жолымен ашық.
ШЫҰ мүшесі болып табылатын қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
ШЫҰ мүшесі болып табылмайтын қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
12-бап
ШЫҰ Хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 30 күн ішінде Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жолдайды.
2022 жылғы 16 қыркүйекте Самарқанд қаласында орыс және қытай тілдерінде бір түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің күші бірдей.
Үндістан Республикасының Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қытай Халық Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін |
Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |
Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін |
Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін |