Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Майданұлы Сәтқалиевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 21 желтоқсандағы № 1172 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
теңдік, өзара пайда және ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастық қағидаттарын негізге ала отырып,
екі мемлекет арасындағы достық байланыстарын нығайту ниетін растай отырып,
Тараптар мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу және энергетика саласындағы Қазақстан – Ресей қатынастарын одан әрі тереңдету мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісім жабдықты жобалау, дайындау және жеткізу бойынша жұмыстарды орындауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобаларын (бұдан әрі – жобалар) іске асыру, жобалардың әрқайсысы үшін талап етілетін және келісілген көлемде жобалармен талап етілетін барлық жүйелері, ғимараттары мен құрылысжайлары бар жаңа жылу электр орталықтарын салу мен пайдалануға беруді, сондай-ақ жеңілдікті (субсидияланған) қаржыландыруды ұйымдастыру немесе Қазақстан тарапына Ресейдің мемлекеттік экспорттық кредитін беру туралы сұрау салуды қарау бойынша Тараптардың ынтымақтастық шарттарын айқындайды.
Осы Келісімді орындау жөніндегі қызметті үйлестіруді және оның орындалуын бақылауды Тараптардың мынадай құзыретті органдары жүзеге асырады:
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;
Ресей тарапынан – Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі.
Құзыретті органдар ауыстырылған жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.
Жобаларды іске асыруға жауапты Тараптардың уәкілетті ұйымдары:
Қазақстан тарапынан – тапсырыс берушінің (бұдан әрі – тапсырыс беруші) функцияларын жүзеге асыратын "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамы;
Ресей тарапынан – бас мердігердің (бұдан әрі – мердігер) функцияларын жүзеге асыратын "Интер РАО" компаниялар тобына кіретін және осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін өзінің қосалқы мердігерлері (бұдан әрі – қосалқы мердігерлер) ретінде тиісті ұйымдарды тартуға құқылы "Интер РАО – Экспорт" жауапкершілігі шектеулі қоғамы болып табылады.
Жобаларды іске асыру мақсатында "ИНТЕР РАО – Экспорт" жауапкершілігі шектеулі қоғамы Қазақстан Республикасының аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын жобалауға және салуға арналған жекелеген келісімшарттар бойынша (бұдан әрі – келісімшарттар) мердігер функцияларын орындау үшін "Интер РАО" компаниялар тобына кіретін мамандандырылған жобалау компаниясын, ал "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамы келісімшарттар бойынша тапсырыс берушінің функцияларын орындау үшін "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамына қатысты үлестес компания болып табылатын мамандандырылған жобалау компаниясын құруға құқылы, осыған байланысты осы Келісімге тиісті өзгерістер енгізілетін болады.
Тараптардың уәкілетті ұйымдары жобаларды іске асыруды мынадай кезеңдер шеңберінде жүзеге асыратын болады:
№ 1 кезең – жылу электр орталықтарын кейіннен қатты отыннан табиғи газға ауыстыру ықтималдығын ескере отырып, жобалардың әрқайсысы бойынша қажетті сараптамалар жүргізе отырып, жобалау құжаттамасын әзірлеу (бұдан әрі – № 1 кезең);
№ 2 кезең – осы Келісімге қол қойылған күні Ресей Федерациясының аумағында қолданыста болатын нормалардың талаптарына сәйкес қазандық қондырғыларының экологиялық көрсеткіштерін қамтамасыз ете отырып, генерациялайтын жабдыққа қатысты жұмыс құжаттамасын әзірлеу, жабдықтар мен материалдар жеткізілімін жүзеге асыру, құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарын орындау, қызметтер көрсету (бұдан әрі – № 2 кезең);
№ 3 кезең – Қазақстан тарапы жобаларға қатысты осы Келісімнің 5-бабының сегізінші абзацында көрсетілген мерзімдерде айқындайтын және ұсынатын Қазақстан Республикасының аумағындағы қолданыстағы нормалардың талаптарына сәйкес жылу электр орталықтарының экологиялық көрсеткіштерін қамтамасыз ете отырып, газ тазарту жүйесіне қатысты жұмыс құжаттамасын әзірлеу, жабдықтар мен материалдар жеткізілімін жүзеге асыру, құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарын орындау, қызметтер көрсету (бұдан әрі – № 3 кезең).
Тараптардың уәкілетті ұйымдары жобаларды іске асыру және жеткізілімдерді, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді орындау шарттары мен параметрлерін өздерінің арасында жасалатын жекелеген келісімшарттарда көрсетеді, онда жобалау, жабдықтар мен материалдарды жеткізу, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі, бағалары, төлем шарттары, міндеттемелерді орындау мерзімдері, әрбір келісімшарт бойынша мердігер мен тапсырыс беруші арасындағы міндеттемелерді егжей-тегжейлі бөлу, сондай-ақ олардың жауапкершілігі айқындалады.
Бұл ретте жобаларды іске асырудың көрсетілген шарттары мен параметрлері жоғарыда көрсетілген жеткізілімдерді, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді орындаудың жекелеген кезеңдері көрсетіле отырып, жобалардың әрқайсысы бойынша бір келісімшарт шеңберінде де, сондай-ақ № 1 кезең шеңберінде жобалау құжаттамасын әзірлеуге арналған жекелеген келісімшарттарға (жобалау келісімшарттары) және № 2 мен № 3 кезеңдер шеңберінде жұмыс құжаттамасын әзірлеуге, жеткізілімдерді жүзеге асыруға, құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарын орындауға, қызметтер көрсетуге арналған жекелеген келісімшарттарға (құрылыс келісімшарттары) қол қою арқылы Тараптардың уәкілетті ұйымдарының қалауы бойынша айқындалады.
Тараптар:
Жобаларды Ресей Федерациясынан жеткізілетін жабдықтар мен материалдарды дайындауға қатысты осы Келісімге қол қойылған күні қолданыста болатын Ресей Федерациясының нормаларына, қағидалары мен стандарттарына сәйкес іске асыруды;
үшінші елдерден жеткізілетін жабдықтар мен материалдарға қатысты осы Келісімге қол қойылған күні қолданыста болатын осындай үшінші елдердің нормаларына, қағидалары мен стандарттарына сәйкес жобаларды іске асыруды;
жобалауға және құрылыс-монтаждау жұмыстарына жататын, осы Келісімге қол қойылған күні қолданыста болатын Қазақстан Республикасының нормаларына, қағидалары мен стандарттарына сәйкес жобаларды іске асыруды;
экспортты (кредиттер бойынша жеңілдікті (субсидияланған) пайыздық мөлшерлемелерді) Ресейдің мемлекеттік қолдау тетігі шеңберінде берілетін қаржыландыруды ескере отырып, Тараптардың уәкілетті ұйымдарының – келісімшарттарға және Ресейдің қаржыландыру ұйымдарының – Ресей Федерациясының құқығын қаржыландыру туралы келісімдерге қолданылатын құқық ретінде келісімшарттар мен қаржыландыру туралы келісімдер бойынша Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы Халықаралық коммерциялық төрелік сотын (Мәскеу қаласы) немесе келісімшарттардың тараптарымен, қаржыландыру туралы келісімдердің тараптарымен келісілген Ресей Федерациясының аумағындағы өзге де төрелік мекемені дауларды қарау (төрелік) орны ретінде енгізуді растайды.
Келісімшарттарда көзделген жеткізілімдерді, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қаржыландыру мақсатында Тараптар Қазақстан тарапынан уәкілетті ұйым немесе қарыз алушы ретінде әрекет ете алатын, "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамына қатысты үлестес компания болып табылатын мамандандырылған жобалау компаниясы мен Ресейдің қаржыландыру ұйымдары арасында жекелеген келісім(-дер) (жоғарыда және бұдан әрі – қаржыландыру туралы келісім(-дер)) жасасуды қамтамасыз етеді.
Келісімшарттарда көзделген жеткізілімдерді, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қаржыландырудың шарттары мен параметрлерін жасалатын қаржыландыру туралы келісімдер шеңберінде Қазақстан тарапынан уәкілетті ұйым және Ресейдің қаржыландыру ұйымдары айқындайды.
Қаржыландыру туралы келісімдерді жасасу № 1 кезеңді орындау, осы Келісімнің 7-бабының тоғызыншы абзацында белгіленгендей, жобаларды іске асыру бюджеттері мен графиктерін келісу қорытындылары бойынша жүзеге асырылатын болады. Жобалар бойынша № 1 кезеңді қаржыландыру Қазақстан тарапынан уәкілетті ұйымның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
№ 2 кезең мен № 3 кезеңді қаржыландырудың мерзімдері мен көлемін айқындау кезінде Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес кредиттер бойынша жеңілдікті (субсидияланған) пайыздық мөлшерлемелер ұсыныла отырып, қаржыландыру туралы келісімдер бойынша № 2 кезеңді қаржыландыруға басымдық беру арқылы экспортты мемлекеттік қолдау тетігінің талаптары шеңберінде қаржыландырудың жалпы көлемінде ресейлік тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің көзделген үлесін қамтамасыз ету қажеттілігі ескерілетін болады.
Келісімшарттар бойынша Ресейде өндірілетін жоғары технологиялық өнімдер, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер жеткізілімдерін қаржыландыру мақсатында Ресей тарапы Ресейдің қаржыландыру ұйымдары ұсынатын кредиттер бойынша жеңілдікті (субсидияланған) пайыздық мөлшерлемелерді ұсыну мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан тарапынан уәкілетті ұйымның немесе қарыз алушы ретінде әрекет ете алатын, "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамына қатысты үлестес компания болып табылатын мамандандырылған жобалау компаниясының қаржыландыру туралы келісім(-дер) бойынша төлем міндеттемелері, оның ішінде Ресейдің қаржыландыру ұйымдарына қолайлы болу үшін мыналар ұсыныла отырып қамтамасыз етіледі:
"Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының кепілдіктері;
Келісімшарттар бойынша тапсырыс берушінің құқықтарын кепілге қою;
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен тапсырыс беруші арасындағы электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы инвестициялық келісімдер бойынша тапсырыс берушінің құқықтарын кепілге қою;
"Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен тапсырыс беруші арасындағы электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарттар бойынша тапсырыс берушінің құқықтарын кепілге қою.
Қазақстан тарапы жоғарыда көрсетілген қамтылымдардың ұсынылуына ықпал етеді.
Жобаларды іске асыру мақсатында Қазақстан тарапы:
жобаларды іске асыру үшін қажетті барлық рұқсат беру және (немесе) хабарлама жасау құжаттарын, келісімдерді, лицензияларды және басқа да құжаттарды беруге ықпал етеді;
қаржыландыру туралы келісімдер мен мәмілелерді немесе олар бойынша міндеттемелердің орындалуы қамтамасыз етілетін шарттарды жасасу және орындау үшін қажетті барлық рұқсат беру және (немесе) хабарлама жасау құжаттарын, келісімдерді, лицензияларды және басқа да құжаттарды беруге ықпал етеді;
жобаларды іске асыруға байланысты қызметті жүзеге асыру шеңберінде оларды іске асырудың бүкіл кезеңіне Ресей тарапының уәкілетті ұйымында, оның Қазақстан Республикасының аумағындағы өкілдігінде (филиалында) және (немесе) еншілес қоғамында, сондай-ақ қосалқы мердігерлерде және олардың мердігерлерінде жұмыс істейтін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары арасынан шыққан персоналдың Қазақстан Республикасының аумағына келуі, кетуі, болуы және жұмыс істеуі үшін кедергісіз және алымдар мен жарналарды алмастан барлық қажетті жағдайлардың жасалуын қамтамасыз етеді;
жобалар бойынша барлық құжатты (келісімшарттар, қаржыландыру туралы келісімдер және жобалар бойынша өзге де келісімдер, жобалау, техникалық және өзге де құжаттама) дайындау кезінде орыс тілін негізгі тіл ретінде қолдануды растайды;
Ресей тарапының уәкілетті ұйымына техникалық-экономикалық негіздемені, құрылыс алаңы, қолданыстағы жабдық (бар болса), инженерлік желілер, геодезиялық (реперлік) нүктелер бойынша бастапқы деректерді және жобаларды іске асыру үшін қажетті басқа да ақпаратты қоса алғанда, қолда бар техникалық құжаттаманы жинауды және беруді қамтамасыз етеді;
Тапсырыс беруші немесе қарыз алушы ретінде әрекет ете алатын, "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамына қатысты үлестес компания болып табылатын мамандандырылған жобалау компаниясы мен Ресейдің қаржыландыру ұйымдары арасында қаржыландыру туралы келісім жасалмаған жағдайда, осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген шарттармен жобалар бойынша жеткізілімдерді, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қаржыландыру үшін Ресейдің мемлекеттік экспорттық кредитін Қазақстан тарапына беруге сұрау салуды дайындауды және Ресей тарапына жіберуді қамтамасыз етеді және Ресей тарапымен өзара іс-қимыл жасай отырып, жобалар бойынша жеткізілімдерді, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қаржыландыру үшін Қазақстан тарапына Ресейдің мемлекеттік экспорттық кредитін беру туралы үкіметаралық сипаттағы жеке халықаралық шартты жасасуды қамтамасыз етеді;
осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 2 (екі) ай ішінде Ресей тарапына және Ресей тарапынан уәкілетті ұйымға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген электр орталықтарының экологиялық көрсеткіштеріне (SO2, NOх және шығымдық газдардағы қатты бөлшектердің құрамына қатысты) қатысты нормаларды беруді қамтамасыз етеді;
мыналарды:
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен тапсырыс беруші арасындағы электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы инвестициялық келісімдер жасасуды қамтамасыз етеді, оларда электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі көрсетілетін қызметтердің алдын ала жеке тарифтері, сатып алу көлемі мен мерзімі айқындалатын болады. Инвестициялық келісімдер қаржыландыру туралы келісім бойынша негізгі борышты қайтаруды және сыйақы мөлшерлемесін қоса алғанда, жобаларды іске асыру кезінде жұмсалған шығындарды қайтаруды қамтамасыз етеді (жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және ведомстводан тыс мемлекеттік сараптамадан өту қорытындылары бойынша электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі көрсетілетін қызметке жеке тарифтер түзетілуге тиіс).
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен тапсырыс беруші арасындағы электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы инвестициялық келісімдер негізінде жасалған "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" жауапкершілігі шектеулігі серіктестігі мен тапсырыс беруші арасындағы электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарттар жасасуды қамтамасыз етеді.
"Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" жауапкершілігі шектеулігі серіктестігімен жасалатын жоғарыда көрсетілген шарттар бойынша Қазақстан тарапынан уәкілетті ұйым алдындағы міндеттемелер "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі № 588 Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан мемлекетті қаржылық қолдау тетігі пайдаланыла отырып қамтамасыз етіледі.
Жобаларды іске асыру мақсатында Ресей Тарапының уәкілетті ұйымы мынадай іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді:
1. Келісімшарттарға қол қойылғанға дейін:
"Көкшетау" ЖЭО, "Семей" ЖЭО, "Өскемен" ЖЭО-2 (бұдан әрі – генерациялау объектілері) бойынша, оның ішінде жылу электр орталықтарын кейіннен қатты отыннан табиғи газға ауыстыру үшін, Қазақстан Тарапы жобалардың параметрлерін таңдауы және бекітуі үшін техникалық шешімдерді көздейтін негізгі техникалық шешімдерді әзірлеу;
тапсырыс беруші келіскен негізгі техникалық шешімдердің негізінде жобалар бойынша жобалау-іздестіру жұмыстарын орындауға техникалық тапсырмалар мен техникалық-коммерциялық ұсыныстарды дайындау.
2. Келісімшарттарға қол қойылғаннан кейін және олардың шарттарына сәйкес:
жеткізу, жұмыс және көрсетілетін қызметтер көлемін айқындау мақсаттары үшін жобалар бойынша жобалау құжаттамасын, сондай-ақ жобаларды іске асыру графиктерін әзірлеу. Жобалар бойынша жобалау құжаттамасын әзірлеу келісімшарттардың талаптарына сәйкес тапсырыс берушінің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Мердігер жобалау құжаттамасын әзірлеу үшін өзінің қосалқы мердігері(-лері) ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілетін лицензиялары бар жобалау ұйымын(-дарын) тартады;
жобалау құжаттамасын әзірлеу және сараптамадан өткізу қорытындылары бойынша келісімшарттар бойынша жеткізілімдердің, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің келісілген көлемінде жобаларды іске асыру бюджеттері мен графиктерін нақтылау;
негізгі және қосалқы жабдықтарды сатып алу, оның ішінде Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес экспортты мемлекеттік қолдау тетігінің талаптарын ескере отырып, мердігер келісімшарттарда келісілген көлемде жеткізуді жүзеге асыруға, жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге тартатын қосалқы мердігерлерді таңдау;
жобалар бойынша жұмыс құжаттамасын әзірлеу және осы Келісімге қол қойылған күні қолданыстағы Қазақстан Республикасының нормаларына, қағидалары мен стандарттарына сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарының орындалуын жобалаушының авторлық қадағалауы;
Ресей Федерациясынан және үшінші елдерден жабдықтар мен материалдарды келісімшарттардың талаптарына сәйкес көлемде және номенклатура бойынша жеткізу (жеткізу көлеміне келісімшарттарда келісілген талаптарға сәйкес монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары кезеңінде және жабдықты кепілдік пайдалану кезеңінде дайындаушы ұйымдардың стандарттарына сәйкес қосалқы бөлшектер енгізіледі);
келісімшарттарда көзделген құрылыс-монтаждау жұмыстарын, іске қосу-баптау жұмыстары мен сынақтарды орындау және кепілдік міндеттемелерді орындау;
авторлық қадағалау мен құрылыс бақылауын, құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарын жүзеге асыру, пайдалануға беру үшін келісімшарттар шеңберінде мердігер персоналын, қосалқы мердігерлер мен олардың мердігерлерін Қазақстан Республикасына іссапарға жіберу, сондай-ақ жабдықты кепілдікпен пайдалану кезеңінде қажеттігіне қарай ресейлік сарапшыларды іссапарға жіберу;
жобаларды іске асыру графиктерін орындау бойынша есептілікті жоспарлау, бақылау және жүргізу;
генерациялау объектілерінің әрқайсысында жабдықты қауіпсіз пайдалану үшін тапсырыс берушінің пайдалану персоналын дайындау.
Осы Келісімде көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Тарапы тапсырыс берушінің мынадай іс-шараларды орындауын қамтамасыз етеді:
1. Келісімшарттарға қол қойылғанға дейін:
генерациялау объектілерін салу алаңдарына қатысты ақпаратты таңдау және оны мердігерге беру, желілерге (сумен жабдықтау, электр желілері, жылу желілері, отынмен жабдықтау) қосылу нүктелері туралы ақпаратты қоса алғанда, қосылуға техникалық шарттар алу;
Мердігермен келісілген көлемде және мердігермен келісілген мерзімде негізгі техникалық шешімдерді әзірлеу үшін қажетті бастапқы деректерді ұсыну;
Жобалар бойынша жобалау-іздестіру жұмыстарын орындауға арналған техникалық тапсырмалар мен техникалық-коммерциялық ұсыныстарды келісу.
2. Келісімшарттарға қол қойылғаннан кейін және олардың талаптарына сәйкес:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жобаларды іске асыру және генерациялау объектілерін кейіннен пайдалану үшін талап етілетін, оның ішінде жабдықтар мен материалдарды жобалауға, жеткізуге, қызметтер көрсетуге байланысты және қажетті мамандандырылған ұйымдарды тартуды қоса алғанда, объектіні пайдалануға беру үшін талап етілетін сараптамалардың қорытындыларын, рұқсаттарды, хабарламаларды және бастапқы-рұқсат беру құжаттамасына басқа да құжаттарды уақтылы алу;
Осы Келісімнің 3-бабына ескере отырып Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының құзыретті органдарынан экологиялық лицензиялар мен рұқсаттар алу;
келісімшарттар бойынша жеткізілімдердің, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің келісілген көлемінде сараптамадан өткен жобалау құжаттамасының негізінде мердігер айқындаған жобаларды іске асыру бюджеттері мен графиктерін келісу;
келісімшарттар бойынша жылу электр орталықтарын салу үшін жер учаскелерін (алаңдарын) мердігерге уақытша пайдалануға беру;
құрылыс алаңына тікелей жақын орналасқан және қолжетімді болған жағдайда, мердігер персоналын, оның қосалқы мердігерлері мен олардың мердігерлерін орналастыру үшін қойма аумақтарын, тұрмыстық және кеңсе үй-жайларын ұсыну;
жобаларды іске асыру мақсатында мердігерге Қазақстан Республикасында оның өкілдіктерін (филиалдарын) және (немесе) еншілес қоғамдарын ашуға жәрдемдесу;
іске қосу-баптау жұмыстарын, кешендік сынамалау және генерациялау объектілерін пайдалануға беру кезеңінде отынмен, сумен, бумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету;
мердігердің басшылығымен кешендік сынамалау және генерациялау объектілерін пайдалануға қабылдау;
мердігердің келісімі бойынша дайындаушы зауыттарда жабдықтарды қабылдауға қатысу;
генерациялау объектілерін іске қосу-баптау жұмыстарына, сынақтарға, кешендік сынамалауға және пайдалануға қабылдауға қатысу үшін білікті персоналды ұсыну;
осы Келісімге және жобалар бойынша жеткізілімдердің, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің шарттарына сәйкес орындалатын барлық жеткізілімдердің, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тұрақты, тиісті және уақтылы қаржыландырылуын көрсетілген мақсаттарда Ресейдің қаржыландыру ұйымдарымен қаржыландыру туралы жеке келісім(-дер) жасасу арқылы не жобалар бойынша жеткізілімдерді, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді қаржыландыру үшін Қазақстан Тарапына Ресейдің мемлекеттік экспорттық кредитін беру туралы үкіметаралық сипаттағы жеке халықаралық шарттың шеңберінде қамтамасыз ету. Жобалар бойынша жаңа жылу электр орталықтары пайдалануға берілгеннен кейін тапсырыс беруші көрсетілген жылу электр орталықтарын пайдалануды және оларға техникалық қызмет көрсетуді пайдалану және техникалық қызмет көрсету бойынша нұсқаулықтарға сәйкес жүзеге асырады (егер өзге пайдаланушы ұйымды Қазақстан Тарапы айқындамаса).
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасы, оның ішінде осы Келісімге қол қойылған күні қолданыста болатын жария-құқықтық сипаттағы нормалар өзгерген жағдайда, Ресей тарапының уәкілетті ұйымының, оның Қазақстан Республикасының аумағындағы өкілдігінің (филиалының) және (немесе) еншілес қоғамының, жобаларды іске асыруға қатысатын қосалқы мердігерлер мен олардың мердігерлерінің, сондай-ақ Қазақстан азаматтары болып табылмайтын осындай ұйымдар жалдаған персоналдың, сондай-ақ қаржыландыру туралы келісімге қатысатын Ресейдің қаржыландыру ұйымдары жағдайының нашарлауына әкеледі, мұндай өзгерістер Ресей тарапының уәкілетті ұйымының, оның Қазақстан Республикасының аумағындағы өкілдігінің (филиалының) және (немесе) еншілес қоғамының, қосалқы мердігерлер мен олардың мердігерлерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын осындай ұйымдар жалдаған персоналдың, сондай-ақ қаржыландыру туралы келісімге қатысатын Ресейдің қаржыландыру ұйымдарының жобаларын іске асыруға байланысты қызметіне қатысты қолданылмайды.
Осы баптың мақсаттарында жағдайдың нашарлауы, оның ішінде жобаларды іске асыру шеңберінде осы Келісімнің 5-бабының сегізінші абзацында көзделген тәртіппен қабылданған құрылыс нормалары мен қағидаларының, экологиялық нормалардың және қағидалардың талаптарын қатаңдату деп түсініледі.
Осы Келісімді қолдануға және (немесе) түсіндіруге қатысты Тараптар арасындағы даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
Осы Келісімге өзгерістер енгізу Тараптардың жазбаша келісімі бойынша жүзеге асырылады және жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
Тараптар жобаларды іске асыру шеңберінде туындайтын салық салу, кедендік ресімдеу және лицензиялау мәселелері және олар бойынша преференциялық шарттарды, сондай-ақ осы Келісімге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетін жеңілдіктер мен преференцияларды белгілеу жобалар бойынша № 1 кезең басталғанға дейін Тараптардың талқылауына жататыны туралы келісімге келді. Көрсетілген мәселелер бойынша уағдаластықтарға қол жеткізген кезде Тараптар осы Келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі жекелеген хаттамаларға қол қояды. Осы абзацта белгіленген мәселелер бойынша Тараптардың уағдаластықтары болмаған жағдайда Ресей Тарапы біржақты тәртіппен Келісімнің қолданысын тоқтату туралы мәлімдеуге құқылы.
Осы Келісім оған қол қойылған күннен бастап 10 күн өткен соң уақытша қолданылады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
Қаржыландыру туралы келісім(-дер) жасалмаған жағдайда не Ресей Тарапының уәкілетті ұйымы жобаларды орындауды және Қазақстан Тарапынан уәкілетті ұйымның немесе қаржыландыру туралы келісімдер бойынша қарыз алушы ретінде әрекет ете алатын "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамына қатысты үлестес компания болып табылатын мамандандырылған жобалау компаниясының міндеттемелерін толық орындауды аяқтағаннан кейін Тараптар осы Келісімнің қолданысын тоқтату күнін дипломатиялық арналар арқылы ноталар алмасу жолымен айқындайды.
202_ жылғы "__" ____ _____ қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін |