Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Əбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің | |
2024 жылғы 17 сәуірдегі № 295 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім
Бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" және жеке-жеке "Тарап" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті,
неғұрлым тығыз екіжақты экономикалық ынтымақтастық үшін, атап айтқанда, теңдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген бір мемлекет инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестицияларына қолайлы жағдайлар жасауға ниет білдіре отырып;
инвестициялық бастамаларды ынталандыру үшін екі мемлекетте де инвестицияларды көтермелеу мен қорғаудың және өркендеуге қол жеткізудің артып келе жатқан маңыздылығын мойындай отырып;
осы мақсаттарға ұлттық корпорациялар үшін денсаулық сақтау, қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, еңбек және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына қатысты ұлттық нормалар мен қағидаларды бұзбай қол жеткізуге болатынын, осылайша тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етуді мойындай отырып;
осындай инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде технологияларды берудің, жұмыс орындарын құрудың және адам ресурстарын дамытудың маңыздылығын мойындай отырып;
әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағында шетелдік инвестицияларды реттеу және инвестициялық қызметтің ұлттық заңнамаға, мемлекетінің даму саясаты мен стратегияларына сай келуін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдау құқығын сақтайтындығын мойындай отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-тарау. Жалпы ережелер
Егер өзгеше белгіленбесе, осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай сөздер мен терминдер тиісті мағыналарға ие болады:
1. Инвестициялар – бір Тарап мемлекеті инвесторының меншігіндегі немесе тікелей немесе жанама бақылауындағы және екінші Тарап мемлекетінің аумағында осындай Тарап мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамасына сәйкес экономикалық қызмет объектілеріне салынған активтердің барлық түрін білдіреді және капитал салу, кіріс немесе пайда күту, тәуекелді немесе белгілі бір уақыт аралығын қабылдау, қабылдаушы мемлекеттің экономикалық дамуына үлес қосу сияқты инвестициялық сипаттамаларға ие болады, атап айтқанда, мыналарды:
ақшалай қаражатты;
жылжымалы және жылжымайтын мүлікті;
мүліктік құқықтарды (ипотека, мүлікті ұстап қалу құқығы, кепіл және басқалар);
акцияларды және заңды тұлғаға қатысудың өзге де нысандарын;
облигацияларды және басқа да борыштық міндеттемелерді;
зияткерлік меншік құқықтарын (оның ішінде тауар белгілері, авторлық және сабақтас құқықтар, патенттер, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер, интегралдық микросхемалар топологиялары, селекциялық жетістіктер, тауарлар шығарылған жерлердің атаулары, географиялық нұсқамалар, фирмалық атаулар және ноу-хау);
лицензияға негізделген немесе Тарап мемлекетінің мемлекеттік органдары ұсынған өзге де нысандағы қызметті жүзеге асыруға арналған кез келген құқықты;
Тарап мемлекетінің табиғи ресурстарын іздеуге, әзірлеуге, өндіруге немесе пайдалануға арналған концессияларды қоса алғанда, Тарап мемлекетінің заңнамасына негізделген концессияларды;
инвестициялардан алынған және Тарап мемлекетінің аумағында қайта инвестицияланған пайданы немесе кірістерді;
Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында тыйым салынбаған инвестициялаудың өзге де нысандарын қамтиды.
Мүлік инвестицияланатын нысан немесе осы нысанды өзгерту оның инвестиция ретіндегі сипатына әсер етпейді.
2. Инвестор меншікті, қарыз қаражатын немесе тартылған қаражатты тікелей инвестициялар нысанында салуды жүзеге асыратын инвестициялық қызметтің кез келген жеке және заңды тұлғаларын білдіреді.
Жеке тұлға бір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес оның азаматы болып табылатын адамды білдіреді.
Осы Келісім шеңберінде Тараптар мемлекеттері өзге азаматтығы бар Қырғыз Республикасының азаматын Тараптар мемлекеттерінің аумағында экономикалық қызметі жүзеге асырылатын Қырғыз Республикасының азаматы ретінде ғана қарастырады.
Өзге азаматтық – Қырғыз Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес Қырғыз Республикасы азаматының шет мемлекеттің немесе бірнеше шет мемлекеттің азаматтығының болуын білдіреді.
Заңды тұлға Тараптардың бірінің мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес негізделген немесе тиісті тәртіппен құрылған және осындай Тарап мемлекетінің аумағында нақты экономикалық қызметпен бірге өзінің орналасқан жері бар кез келген заңды тұлғаны білдіреді.
Инвестор осы Келісімнің 11-бабына қатысты осы баптың 2-тармағында көзделген шарттардың орындалғанын дәлелдеу ауыртпалығын көтереді.
3. Аумақ дегеніміз:
3.1) Қазақстан Республикасына қатысты – оның мемлекеттік егемендігі қолданылатын құрлықты, суды, жер қойнауын және әуе кеңістігін қоса алғанда, мемлекеттік шекара шегіндегі Қазақстан Республикасының аумағын, сондай-ақ халықаралық шарттарға және оның ұлттық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы егемен құқықтарын және юрисдикциясын жүзеге асыратын немесе одан әрі жүзеге асыра алатын мемлекеттік шекарадан тыс кез келген аймағын білдіреді;
3.2) Қырғыз Республикасына қатысты – оның мемлекеттік егемендігі қолданылатын құрлықты, суды, жер қойнауын және әуе кеңістігін қоса алғанда, мемлекеттік шекара шегіндегі Қырғыз Республикасының аумағын, сондай-ақ халықаралық құқыққа, халықаралық шарттарға және оның ұлттық заңнамасына сәйкес Қырғыз Республикасы егемен құқықтарын және юрисдикциясын жүзеге асыратын немесе одан әрі жүзеге асыра алатын мемлекеттік шекарадан тыс кез келген аймағын білдіреді;
4. Шара – Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдаған заң, қаулы, қағидалар, рәсімдер, шешім, әкімшілік шара нысанындағы немесе кез келген басқа нысандағы Тараптың кез келген шарасын білдіреді.
5. Табыс – пайданы, дивидендтерді, пайыздарды, капитал өсімінен түсетін кірістерді, роялти есебінен жасалған төлемдерін, зияткерлік меншік құқығына байланысты төлемдерді және басқа да барлық заңды кірістерді қоса алғанда, инвестициялардан алынған немесе алынатын соманы білдіреді. "Инвестициялар" терминін айқындау мақсатында инвестицияланған кірістер инвестициялар ретінде қаралады және активтер инвестицияланатын немесе қайта инвестицияланатын нысандардың кез келген түрінің өзгеруі олардың инвестициялар ретіндегі сипатына әсер етпейді.
6. Еркін пайдаланылатын валюта 1994 жылғы 22 шілдедегі Халықаралық валюта қоры (бұдан әрі "Қор" деп аталатын) келісімінің баптарына және оған енгізілетін түзетулерге сәйкес айқындалатын "Еркін қолданыстағы валюта" дегенді білдіреді.
7. Реквизициялау табиғи зілзалалар, авариялар, эпидемиялар, эпизоотиялар жағдайларында және төтенше сипаттағы өзге де мән-жайлар кезінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда оған мүліктің нарықтық құнын төлей отырып, мемлекеттік органдардың шешімі бойынша қоғамның мүддесінде мүлікті меншік иесінен алып қоюды білдіреді.
8. ИДРХО – ИДРХО Конвенциясы құрған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықты білдіреді.
9. ИДРХО Конвенциясы 1965 жылғы 18 наурыздағы Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияны білдіреді.
10. ИДРХО-ның Қосымша қағидалары 2006 жылғы 10 сәуірде өзгертілген және күшіне енген Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық хатшылығының әкімшілік іс жүргізуіне арналған қосымша алаңның қағидаларын білдіреді.
11. ИДРХО-ның Төрелік регламенті 2006 жылғы 10 сәуірде өзгертілген және күшіне енген төрелік талқылау қағидаларын (Төрелік қағидаларын) білдіреді.
12. Нью-Йорк конвенциясы 1958 жылғы 10 маусымдағы Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенцияны білдіреді.
13. ЮНСИТРАЛ Төрелік регламенті 1976 жылғы 15 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы ұсынған Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының төрелік регламентін білдіреді.
1. Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің инвесторлары өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырған инвестицияларға жол береді.
2. Осы Келісімнің ережелері болған оқиғалардан туындайтын талаптарға немесе осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған талаптарға қолданылмайды. Неғұрлым түсінікті болу үшін, осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған немесе шешілген немесе туындауы ықтимал дауларға осы Келісім қолданылмайды.
3. Осы Келісімнің ережелері:
3.1) Тараптардың қолдауымен алынатын қарыздарды, кепілдіктерді немесе сақтандыруды қоса алғанда, Тарап өкілдік еткен мемлекеттік сатып алуға, жер қатынастарына, субсидияларға немесе гранттарға немесе мұндай субсидиялар немесе гранттар тек қана Тарап мемлекетінің инвесторларына немесе олардың инвестицияларына берілетініне қарамастан, мұндай субсидияларды немесе гранттарды алуға немесе үздіксіз алуға байланысты кез келген шарттарға;
3.2) осы Келісімнің 21-бабында ("Салық салу") көрсетілген жағдайларды қоспағанда, әрбір Тараптың аумағындағы салық салу мәселелеріне қолданылмайды. Осы Келісімде ештеңе де 1997 жылғы 8 сәуірдегі Қырғыз Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге ("ҚСБК") сәйкес әрбір Тараптың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды. Осы Келісім мен ҚСБК арасында кез келген сәйкессіздік болған жағдайда, соңғысы сәйкессіздік бөлігінде басым күшке ие болады.
2-тарау. Қорғау
3-бап
Инвестицияларды көтермелеу және қорғау
1. Әрбір Тарап өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес инвестицияларға жәрдемдесу мақсатында екінші Тарап мемлекетінің инвесторларын көтермелейді және оларға қолайлы жағдай жасайды.
2. Тараптардың кез келгенінің инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар әділ және тең құқықты режимді, сондай-ақ екінші Тарап мемлекетінің аумағында толық қорғауды және қауіпсіздікті пайдаланады.
3. Неғұрлым айқындық үшін "әділ және тең құқықты режимге" сілтеме жасау сот немесе әкімшілік іс жүргізу барысында сот төрелігінен бас тартпау және әдеттегі халықаралық құқықтың ең төмен стандартына сәйкес процестік нормаларды бұзбау міндеттемесін білдіреді. "Толық қорғау және қауіпсіздік" сілтеме жасау әдеттегі халықаралық құқықтың ең төмен стандартына сәйкес талап етілетін қарым-қатынастың ең төмен стандарты шеңберінен шығатын қарым-қатынасты талап етпейді.
4. Осы Келісімнің немесе Тарап мемлекеттері бір мезгілде қатысушылары болып табылатын жекелеген халықаралық шарт ережелерінің бірінің бұзылуы осы баптың бұзылуын білдірмейді.
5. Неғұрлым айқындық үшін, егер Тарап инвестордың заңды үмітіне сәйкес келмейтін шараларды қабылдаса немесе қабылдамаса, нәтижесінде ұсынылған инвестицияның мөлшерінің жоғалуына немесе азаюына әкелсе де, осы бапты бұзу болып табылмайды.
Ұлттық режим және неғұрлым қолайлы режим
1. Әрбір Тарап өз аумағында осыған ұқсас мән-жайларда екінші Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларын басқаруға, қызмет көрсетуге, пайдалануға, қолдануға немесе оларға билік етуге қатысты инвестицияларына өз инвесторларына және олардың инвестицияларына жасайтын қолайлы режимнен кем емес режимді ұсынады.
2. Әрбір Тарап өз аумағындағы осыған ұқсас мән-жайларда екінші Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларын басқаруға, қызмет көрсетуге, пайдалануға, қолдануға немесе оларға билік етуге қатысты инвестицияларына кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына және олардың инвестицияларына беретін режимнен кем емес қолайлы режимді ұсынады.
3. Неғұрлым айқындық үшін осы баптың "ұқсас мән-жайларына" сілтеме жасау инвестицияның барлық мән-жайларын, оның ішінде әрбір нақты жағдайда мыналарды:
3.1) үшінші тұлғаларға және жергілікті қоғамдастыққа әсер етуді;
3.2) қоршаған ортаға юрисдикция шегінде барлық инвестициялардың жиынтық әсерін қоса алғанда, жергілікті, өңірлік немесе ұлттық ортаға әсер етуді;
3.3) инвестор орналасқан секторды;
3.4) тиісті шараның мақсатын;
3.5) заңды қоғамдық әл-ауқат немесе жария тәртіп мақсаттары негізінде инвесторлар немесе инвестициялар арасында тиісті режимде айырма жүргізілгенін немесе жүргізілмегенін;
3.6) әдетте қолданылатын тиісті шараға қатысты реттеу процесін; және
3.7) қарастырылып отырған шараға қатысты инвестицияға немесе инвесторға тікелей қатысты басқа факторларды жан-жақты зерделеуді қажет етеді.
4. Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономиканың сезімтал секторларын және (немесе) шектелуі немесе осы міндеттеменің қолданылу аясынан шығарылуы ықтимал осымен байланысты басқа да қызмет түрлерін айқындау құқығын өзіне қалдырады.
5. Осы бап инвестор мен мемлекет арасындағы кез келген Тарап үшінші Тараппен жасасқан инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы халықаралық екіжақты шарттарда көзделген дауларды реттеу туралы ережеге қолданылмайды.
6. Осы бап осы Келісімге қол қойылған күнге дейін күшіне енген қолданыстағы екіжақты немесе көпжақты халықаралық инвестициялық шарттарға сәйкес Тарап ұсынатын режимге қолданылмайды.
1. Тараптардың ешқайсысы, егер мынадай шарттар сақталмаса, екінші Тарап мемлекетінің инвесторларының инвестицияларын мемлекет меншігіне алуға немесе оларды тікелей немесе жанама түрде инвестицияларынан айыратын қандай да бір басқа шараларды қабылдамауға тиіс:
1.1) шара қоғамдық мүдде үшін қабылданады;
1.2) шара Тараптардың заңнамасында белгіленген шарттар мен тәртіпке сәйкес қабылданады;
1.3) шара кемсітусіз түрде қабылданады; және
1.4) шара Тараптардың заңнамасында белгіленген тәртіппен өтемақыны кешіктірмей төлей отырып қабылданады.
2. Егер материалдық немесе материалдық емес меншікке немесе инвестициялардағы мүліктік мүддеге қатысты (қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы негізінде айқындалатын) құқықтарды қозғамаса, Тараптардың әрекеті немесе бірқатар әрекеттері экспроприацияны білдіре алмайды.
3. Инвестициялар мемлекет меншігіне алынған кезде немесе меншік құқығын ресми түрде беру немесе тікелей тыйым салу арқылы тікелей қабылданған кезде тікелей экспроприация орын алады.
4. Егер Тарап мемлекетінің шарасы немесе бірқатар шаралары меншік құқығын ресми түрде бермей немесе тікелей тыйым салусыз тікелей экспроприацияға баламалы әсер етсе, жанама экспроприация орын алады, бұл инвесторды өзінің инвестицияларындағы негізгі меншік атрибуттарынан, оның ішінде өзінің инвестицияларын пайдалану, иелену және басқару құқығынан, заңды мәртебесінен ресми түрде бермей немесе тікелей тыйым салмай-ақ айтарлықтай айырады деген мағынада түсіну керек.
5. Тарап мемлекетінің әрекеті немесе бірнеше әрекеті жанама экспроприация болып табылатындығын анықтау әрбір нақты жағдайда, атап айтқанда, мынадай факторларды ескере отырып, фактілерге негізделген зерделеудің жүргізілуін талап етеді:
5.1) Тарап мемлекеті әрекеттерінің экономикалық салдары, Тарап мемлекеті әрекетінің немесе бірнеше әрекетінің инвестициялардың экономикалық құнына теріс әсер ету фактісі жанама экспроприацияның орын алғанын куәландырмайды;
5.2) Тарап мемлекетінің әрекеттері инвестициялармен қамтамасыз етілген нақты, негізделген үміттерге қайшы келетін дәреже; және
5.3) Тарап мемлекетінің ниетін қоса алғанда, оның әрекеттерінің сипаты.
Неғұрлым айқындық үшін инвестордың инвестициялармен қамтамасыз етілген үміттері негізді ме деген сұрақ Тарап инвесторға міндетті жазбаша кепілдіктер бергеніне, сондай-ақ тиісті сектордағы мемлекеттік реттеудің сипаты мен ауқымына байланысты болады.
6. Осы бап зияткерлік меншік құқықтарына қатысты берілген мәжбүрлі лицензияларды беруге, зияткерлік меншік құқықтарын осындай беру, күшін жою, шектеу немесе құру зияткерлік меншік туралы қолданылатын халықаралық шарттарға сәйкес келетін шамада жоюға, шектеуге немесе құруға қолданылмайды.
1. Екінші Тарап мемлекетінің аумағында соғыс, қарулы қақтығыс, төтенше жағдай, мемлекеттік төңкеріс, тәртіпсіздіктер немесе еңсерілмейтін күштің басқа да осындай оқиғалары салдарынан инвестициялары шығынға ұшыраған бір Тарап мемлекетінің инвесторларына екінші Тарап мемлекеті реституцияға, өтеуге, өтемақыға немесе басқа да реттеуге қатысты, егер мұндайлар болса, онда бұл режим неғұрлым қолайлы болғанына қарай соңғы Тарап мемлекеті өз инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынатын режимнен кем емес қолайлы режимді ұсынады.
Кез келген жиынтық өтемақы еркін айырбасталатын валютамен жүзеге асырылады және осы Келісімнің 7-бабына ("Аударымдар") сәйкес еркін аударылатын болуға тиіс.
2. Егер бір Тарап мемлекетінің инвесторы осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда, екінші Тарап мемлекетінің аумағында:
2.1) соңғы Тараптың қарулы күштерінің немесе билігінің оның инвестицияларын немесе олардың бөлігін реквизициялауы; немесе
2.2) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген жағдайдың қажеттілігі мен талап етілмеген соңғы Тарап мемлекетінің қарулы күштері немесе билігі оның инвестицияларын немесе оның бір бөлігін жоюы салдарынан шығынға ұшыраса, соңғы Тарап инвесторға мұндай шығын үшін орынды болатындай реституцияны, өтемақыны немесе екеуін де ұсынады.
1. Барлық салықтық міндеттемелер орындалғаннан кейін әрбір Тарап екінші Тарап мемлекеті инвесторларының өз аумағындағы инвестицияларына байланысты барлық аударымдарды өз аумағында еркін және кідіріссіз орындау үшін рұқсат етеді. Мұндай аударымдар:
1.1) бастапқы жарнаны қоса алғанда, капиталға салымды;
1.2) пайданы, дивидендтерді, капитал өсімінен түсетін кірістерді, инвестициялардың барлығын немесе кез келген бөлігін сатудан немесе инвестицияларды ішінара немесе толық жоюдан түскен кірісті;
1.3) пайыздарды, роялтиді, басқару қызметтері үшін төлемдерді, техникалық қолдау төлемдерін және басқа да төлемдерді;
1.4) қарыз туралы шартқа сәйкес жасалған төлемдерді қоса алғанда, инвестормен немесе қарыз туралы шарт жасасуға байланысты төлемдерді;
1.5) осы Келісімнің 5-бабына ("Экспроприация") және 6-бабына ("Шығын үшін өтемақы") сәйкес төлемдерді; және
1.6) осы Келісімнің 3-тарауына ("Дауларды реттеу") сәйкес туындайтын төлемдерді қамтиды.
2. Әрбір Тарап аударым кезінде белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша еркін қолданылатын валютада жүргізілетін осындай аударымдарға рұқсат береді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына нұқсан келтірмей, Тарап өзінің ұлттық заңнамасын теңқұқықты, кемсітушіліксіз және адал қолдануы арқылы мыналарға:
3.1) банкроттыққа, төлем қабілетсіздігіне немесе кредиторлардың құқықтарын қорғауға;
3.2) эмиссияларға, бағалы қағаздармен, фьючерстермен, опциондармен немесе деривативалармен саудаға немесе мәмілелерге;
3.3) құқық қорғау органдарына немесе қаржылық реттеу органдарына жәрдемдесу қажеттігі туындаған жағдайда қаржылық есептілік пен аударымдарды есепке жазуға;
3.4) қылмыстық құқық бұзушылық қылмыстарға;
3.5) сот немесе әкімшілік іс жүргізуде бұйрықтардың немесе сот шешімдерінің сақталуын қамтамасыз етуге; немесе
3.6) әлеуметтік қамсыздандыруға, зейнетақыға немесе жинақ ақшаның жинақталуының міндетті бағдарламасына қатысты аударымдардың алдын алады.
4. Тараптар осы баптың 3-тармағының 3.4) тармақшасы ақшаны жылыстатудың, терроризмді қаржыландырудың және жаппай қырып-жою қаруын таратудың алдын алу үшін қаржылық шараларды әзірлеу тобының халықаралық стандарттарына сәйкес қабылданған шараларға қолданылуы мүмкін екенін түсінеді.
5. Осы Келісімнің 8-бабында ("Төлем балансын қорғауға арналған шектеулер") көзделген жағдайларды қоспағанда немесе Қордың талабы бойынша, Қор Келісімінің баптарына сәйкес осы Келісімдегі ешнәрсе Қор мүшелерінің құқықтары мен міндеттемелерін, оның ішінде Тарап осындай аударымдарға қатысты осы Келісімге сәйкес оның міндеттемелеріне байланысты емес капиталмен жасалған кез келген операциялар үшін шектеулер енгізбеген жағдайда, Келісімнің баптарына сәйкес жүргізілетін айырбастау операцияларын пайдалануды қозғамайды.
Төлем балансын қорғауға арналған шектеулер
1. Төлем балансының елеулі қиындықтары және сыртқы қаржылық қиындықтар немесе олардың қауіп-қатері жағдайында, Тарап инвестициялармен байланысты төлемдерге немесе аударымдарға шектеулерді белгілей алады немесе қолдай алады. Экономикалық даму процесіндегі Тараптың төлем балансына ерекше қысымның, оның экономикалық даму бағдарламаларын жүзеге асыру үшін жеткілікті басқалармен қатар, қаржылық резервтердің деңгейін сақтауды қамтамасыз ету үшін шектеулерді қолдану қажеттілігін туындатуы мүмкін екендігі мойындады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған шектеулер:
2.1) Қор Келісімінің баптарына сәйкес болуға тиіс;
2.2) екінші Тарап мемлекетінің коммерциялық, экономикалық және қаржылық мүдделеріне артық залал келтіруді болғызбайды;
2.3) осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар кезінде қажеттіліктің шегінен шықпайды;
2.4) осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайды жақсарту шаралары бойынша уақытша болып табылады және біртіндеп жойылады;
2.5) кемсітушіліксіз негізде және кез келген үшінші мемлекетке қарағанда екінші Тарап мемлекетінде қолайлылығы жағынан кем болмайтындай түрде қолданылады.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес белгіленген немесе сақталған кез келген шектеулер немесе олардағы кез келген өзгертулер туралы екінші Тарапқа 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде хабарлануға тиіс.
4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес кез келген шектеулерді белгілейтін Тарап екінші Тараппен шектеулер қабылданғанға дейін, сондай-ақ одан кейін ол қабылдаған шектеулерді қарау үшін консультациялар жүргізеді.
1. Егер Тараптың бірі (немесе ол анықтаған агенттік, институт, орган немесе корпорация) инвестицияларға немесе оның кез келген бөлігіне қатысты берілген өтеуді нәтижесінде, осы Келісім бойынша олардың кез келген талаптарына қатысты өзінің инвесторларына төлемдерді жүзеге асырады, екінші Тарап бірінші Тараптың (немесе өзі анықтаған кез келген агенттік, институт, орган немесе корпорация) суброгацияға байланысты құқықтарын жүзеге асыруға және өзінің инвесторларының талаптарын қоюға құқылы екенін мойындайды. Субрагацияланған құқықтар немесе тараптар аталған инвесторлардың бастапқы құқықтарынан немесе талаптарынан аспауы тиіс.
2. Бір Тараптың (немесе өзі анықтаған кез келген агенттік, институт, орган немесе корпорация) өз мемлекетінің инвесторларына жүргізген кез келген төлемі, осы инвесторлардың осы Келісімнің 3-тарауының ("Дауларды реттеу") 1-бөліміне ("Тарап пен екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды реттеу") сәйкес екінші Тарапқа қарсы талаптарын қою құқығына әсер етпейді.
3-тарау. Дауларды реттеу
1-бөлім. Тарап пен екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды реттеу
Осы бөлім инвестордың немесе оның инвестицияларының шығындарының немесе залалдарының себебі болып табылатын, осы Келісімге сәйкес Тарап міндеттемелерінің болжамды бұзылуына қатысты бір Тарап пен екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларға қолданылады.
1. Тараптар бастапқы кезден дауды консультациялар және келіссөздер арқылы шешуге ұмтылады.
2. Егер дау осы баптың 1-тармағында көзделгендей консультацияларға және келіссөздерге сұрау салу күнінен бастап 6 (алты) ай ішінде шешілмесе, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, дауласушы инвестор (бұдан әрі – "талап қоюшы") дауды:
2.1) ұлттық соттар мұндай дауға қатысты юрисдикцияға ие болған жағдайда дауласушы Тарап мемлекетінің ұлттық соттарына;
2.2) ИДРХО Конвенциясына және ИДРХО Төрелік регламентіне сәйкес;
2.3) ИДРХО қосымша қағидаларына сәйкес;
2.4) ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентіне сәйкес; немесе
2.5) егер дауласушы Тараптар оған келіссе, кез келген басқа төрелік институттарға немесе кез келген басқа төрелік қағидаларға сәйкес ұсына алады.
3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес әрбір Тарап осы бөлімнің ережелеріне сәйкес дауды төрелікке ұсынуға мынадай жағдайларда жазбаша келісім береді:
3.1) талап қоюшының немесе оның инвестицияларының шығынына немесе залалына себеп болып табылатын, осы Келісімге сәйкес міндеттемелердің бұзылуы туралы талап қоюшыға мәлім болған немесе мәлім болуы тиіс кезден бастап 3 (үш) жыл ішінде дауды осындай төрелікке ұсынады;
3.2) талап қоюшы осы бөлімде жазылған рәсімдерге сәйкес төрелікке жазбаша келісімін береді;
3.3) талап қоюшы жауапкерге дауды төрелікке беру ниеті туралы талаптарын ұсынуға дейін кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күнге дейін жазбаша хабарламаны береді, және ол:
(i) талап етушінің атын және мекенжайын қамтиды;
(ii) дауларды реттеу бойынша юрисдикция ретінде, осы баптың 2-тармағында баяндалған юрисдикцияның бірін білдіреді;
(iii) дау бойынша іске қатысты осы баптың 2-тармағында айқындалған кез келген істі дауды реттеудің кез келген басқа юрисдикцияда (осы баптың 7-тармағында айқындалған уақытша қорғау шараларына арналған істерді қоспағанда) бастау және жалғастыру құқықтарынан бас тартуын білдіреді; және
(iv) осы Келісімге сәйкес жауапкердің болжамды бұзушылығын (болжанатын бұзушылықтар туралы ережені қоса алғанда), дау үшін заңды және іс жүзіндегі негіздерді, болжамды осы бұзушылықтар салдарынан туындаған арыз берушінің немесе оның инвестицияларының шығындары немесе залалдары туралы қысқаша мәліметті қамтиды.
4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес келісім және осы бөлімге сәйкес төрелікке талапты ұсыну:
4.1) дау тараптарының жазбаша келісімі туралы ИДРХО Конвенциясының ІІ тарауының ("Орталықтың юрисдикциясы") және ИДРХО Қосымша қағидаларының; және
4.2) "Жазбаша түрдегі келісімдер" туралы Нью-Йорк конвенциясының ІІ-бабының талаптарына сәйкес болуы қажет.
5. Егер дауласушы тараптар өзгеше ескертпесе, төрелік сот үш төрешіден тұрады, олар кез келген Тарап мемлекетінің азаматтары немесе тұрақты резиденттері болмауы тиіс. Әрбір дауласушы тарап бір төрешіні тағайындайды және дауласушы тараптар төрелік соттың төрағасы болатын үшінші төреші туралы уағдаласуға тиіс. Егер төрелік сот талаптарды төрелікке ұсыну күнінен бастап 90 (тоқсан) күнтізбелік күн ішінде не төрешіні тағайындау кезінде дауласушы тараптың сәтсіздігіне байланысты тағайындалмаса, не егер тараптар төрағаны тағайындау туралы келісімге келе алмаса, төрелік соттың бас хатшысы дауласушы тараптың бірінің сұрау салуы бойынша өз қалауы бойынша тағайындалмаған төрешіні немесе төрешілерді тағайындайды. Соған қарамастан, төрелік соттың бас хатшысы төрағаны тағайындаған кезде оның Тараптардың ешбір мемлекетінің азаматы немесе тұрақты резиденті емес екендігін куәландыруы қажет.
6. Егер дауласушы Тараптар өзгеше ескертпесе, сот қолданатын төрелік қағидаларына сәйкес, орны Нью-Йорк конвенциясына қатысушы болып табылатын мемлекеттің аумағында болуы керек екенін көздей отырып, төреліктің орнын айқындайды.
7. Тараптардың ешқайсысы талап қоюшыға оның құқықтары мен мүдделерін сақтау бойынша осы баптың 2-тармағында айтылған дауды реттеу жөніндегі кез келген юрисдикцияда талқылау қозғалғанға дейін, залалды өтеуге немесе жауапкердің соттарында немесе әкімшілік соттарында дауды мәні бойынша шешуге байланысты емес уақытша қорғау шараларын іздеуге кедергі жасамауға тиіс.
8. Тараптардың ешқайсысы оның мемлекетінің инвесторы және екінші Тарап осы бөлімге сәйкес ұсынуға уағдаласқан дауларға қатысты мұндай Тарап осындай дау бойынша шығарылған шешімді сақтамағанша немесе орындамағанша дипломатиялық қорғауды ұсынбайды немесе халықаралық талапты енгізбейді. Осы тармақтың мақсаттары үшін дипломатиялық қорғау дауларды реттеуге ықпал етудің жалғыз ниетімен бейресми дипломатиялық алмасуды қамтымайды.
9. Осы бөлімге сәйкес төрелікке берілген талап Нью-Йорк конвенциясының 1-бабы мақсатында коммерциялық қатынастардан немесе аударымнан туындайтын мәселе ретінде қаралуға тиіс.
10. Кез келген төрелік шешім дауласушы тараптар үшін түпкілікті және міндетті болып табылады. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес шешімді тануды және оның сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.
2-бөлім. Тараптар арасындағы дауларды реттеу
Осы бөлім Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруден және қолданудан туындайтын дауларды реттеуге қатысты қолданылады.
Консультациялар және келіссөздер
1. Кез келген Тарап осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты консультацияларды жазбаша нысанда сұрата алады. Егер Тараптар арасындағы даулар осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындаса, олар мүмкіндігінше консультациялар және келіссөздер арқылы өзара келісім негізінде шешіледі.
2. Егер дау осындай келіссөздерге немесе консультацияларға жазбаша нысанда сұрау салынған күннен бастап 6 (алты) ай ішінде осылайша шешілмеген жағдайда, кез келген Тарап мұндай дауды осы бөлімге сәйкес құрылған төрелік соттың қарауына немесе Тараптардың келісуі бойынша кез келген басқа халықаралық соттың қарауына ұсына алады.
1. Төрелік рәсім бір Тараптың (өтініш беруші Тарап) екінші Тараптан (жауап беруші Тарап) дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама беруі кезінде іске қосылады. Мұндай хабарлама 2 тарау ("Қорғау") ережелерін, өтінішті болжамды бұзылған, заңды және нақты негіздерін баяндаудан, осы Келісімнің 13-бабына ("Консультациялар және келіссөздер") сәйкес консультациялар мен келіссөздердің дамуының және нәтижелерінің қысқаша баяндалуынан, осы бөлімге сәйкес өтініш беруші Тараптың рәсімді бастау ниетінен және осындай өтініш беруші Тарап тағайындаған төрешінің толық деректерінен тұрады.
2. Мұндай хабарламаны бергеннен кейін 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде жауап беруші Тарап өтініш беруші Тарапқа өзі тағайындаған төрешінің атын хабарлайды.
3. Екінші төреші тағайындалған күннен бастап кейінгі 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде Тараптар өзара келісу бойынша төрелік соттың төрағасы болатын үшінші төрешіні тағайындайды. Егер Тараптар үшінші төрешіні тағайындау бойынша өзара келісімге келмеген жағдайда, Тараптар тағайындаған төрешілер 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде төрелік сот төрағасы болатын үшінші төрешіні тағайындайды.
4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарындағы төрешілерді іріктеуге қатысты екі Тарап және тиісті жағдайларда өздері тағайындаған төрешілер, Тараптардың бірінің азаматтары немесе тұрақты резиденттері болып табылатын төрешіні таңдамайды.
5. Егер осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдерде талап етілетін тағайындаулар жүргізілмесе, кез келген Тарап тағайындалмаған төрешіні немесе төрешілерді тағайындау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық сотының төрағасын шақыра алады. Егер төраға Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы немесе тұрақты резиденті болып табылса не әрекет етуге қабілетсіз болса, вице-төраға қажетті тағайындауларды орындау үшін шақырылады. Егер вице-төраға Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы немесе тұрақты резиденті болып табылса не әрекет етуге қабілетсіз болса, Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы да, тұрақты резиденті де болып табылмайтын, қызмет жағынан жоғары тұрған Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық сотының мүшесі қажетті тағайындауларды орындау үшін шақырылады.
6. Егер осы бапқа сәйкес тағайындалған төреші әрекет етуден бас тартса немесе әрекет етуге қабілетсіз болса, құқық мирасқоры бастапқы төрешіні тағайындау үшін айқындалған тәртіппен тағайындалады. Құқық мирасқорының бастапқы төреші сияқты дәл сондай билікке және міндеттерге ие болады.
1. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, төрелік талқылауды өткізу орнын сот белгілейді. төрелік сот өзінің құзіретіне жататын барлық мәселелерді шешеді және Тараптар арасындағы кез келген уағдаластыққа қатысты өзінің рәсімдерін айқындайды. Төрелік сот рәсімдердің кез келген сатысында Тараптарға дауды келіссөздер мен консультациялар арқылы шешуді ұсына алады. Төрелік сот барлық сатыларда Тараптарға ашық тыңдауды қамтамасыз етеді.
2. Төрелік сот өзінің шешімін көпшілік дауыспен шығарады. Шешім жазбаша нысанда шығарылады және қолданылатын нақты және заңды негіздерден тұруға тиіс. Қол қойылған шешім әрбір Тарапқа ұсынылады. төрелік сот шешімі Тараптар үшін соңғы және міндетті болып табылады.
3. Осы бөлімге сәйкес құрылған төрелік сот даулы мәселелерді осы Келісімге, сондай-ақ халықаралық құқықтың қолданылатын нормалары мен қағидаттарына сәйкес шешеді.
4. Әрбір Тарап төрелік процестері өзі тағайындаған сот мүшесінің және оның өкілдігінің шығындарын өтейді. Төрелік сот төрағасының шығыстарын және төрелікті өткізуге байланысты өзге де шығыстарды Тараптар тең бөліктерде өтейді.
Үшінші тараптың дауларды қаржыландыруы
1. "Үшінші тараптың дауларды қаржыландыруы" дауласушы тарап болып табылмайтын, бірақ дауласушы тараппен талқылауға арналған шығыстардың бір бөлігін немесе барлығын, оның ішінде даудың нәтижесіне байланысты қайырымдылық жасау, грант беру, сыйақы туралы кез келген келісімдер және/немесе сыйақыға айырбастау арқылы қаржыландыру мақсатында келісім жасасатын кез келген жеке немесе заңды тұлғаның дауларды қаржыландыруын білдіреді.
2. Дауды үшінші тараптар қаржыландырған жағдайда, осындай қаржыландырудан пайда көретін дау Тарапы даудың екінші Тарапына және сотқа немесе төрелікке қаржыландыру туралы келісімнің болу фактісі мен сипатын, сондай-ақ қаржыландыруды жүзеге асыратын үшінші тараптың атауы мен мекенжайын ашып көрсетеді.
3. Мұндай хабарлама талап қою берілген кезде жіберіледі немесе егер талап қою берілгеннен кейін қаржылық келісім жасалса не субсидия немесе дотация берілсе келісім жасалғаннан кейін не субсидия немесе дотация берілгеннен кейін кідіріссіз беріледі.
4-тарау. Қорытынды ережелер
Егер бас тартушы Тарап заңды тұлғаның үшінші мемлекеттің немесе бас тартушы Тарап мемлекетінің тұлғаларына тиесілі немесе олар бақылайтынын және екінші Тарап мемлекетінің аумағында айтарлықтай іскерлік операциялары жоқ екенін анықтаса, Тарап алдын ала хабарламалар және консультациялар болған жағдайда екінші Тарап мемлекетінің заңды тұлғасы болып табылатын екінші Тарап мемлекетінің инвесторына және осындай инвестордың инвестицияларына осы Келісімнің пайдасынан бас тарта алады.
Орталық банктердің артықшылықтарынан бас тарту
Осы Келісімнің ешбір ережесі халықаралық келісімдерге, конвенцияларға және (немесе) қолданылатын кез келген құқыққа сәйкес Тараптардың орталық банктеріне берілетін кез келген иммунитеттерден, артықшылықтардан немесе ерекшеліктерден және (немесе) Тараптардың орталық банктеріне меншік құқығында және (немесе) өзге де жолмен тиесілі мүліктен бас тарту, шегіну немесе өзге де өзгерту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
1. Мұндай шаралар шарттардың басымдылығына қарай екінші Тарапқа немесе екінші Тарап мемлекетінің инвесторларына қарсы еркін немесе ақталмаған кемсітушілікке әкелмейтіндей түрде қабылданбаған немесе Тарап мемлекетінің аумағында, екінші Тарап мемлекетінің инвесторларының инвестицияларына салынған шектеулерді бұрмаламайтын жағдайда осы Келісімнен ештеңе де Тараптың:
1.1) қоғамдық әдепті қорғау немесе қоғамдық құқықтық тәртіпті қолдау үшін қажетті;
1.2) адамдардың денсаулығын сақтау, жануарлардың немесе өсімдіктердің саламаттылығын, қоршаған ортаны қорғау үшін қажетті;
1.3) көркемдік, тарихи немесе археологиялық құндылықтың ұлттық қазынасын қорғаумен;
1.4) табиғи ресурстарды сақтаумен;
1.5) осы Келісімнің ережелеріне қайшы келмейтін заңдар мен ережелерді сақтау үшін қажетті, оның ішінде:
(i) алаяқтық немесе алдау жағдайларының алдын алу немесе инвестициялық шарттар бойынша міндеттемелерді орындамау салдарын жоюмен;
(ii) жеке деректерді өңдеумен және таратумен және жеке жазбалар мен шоттардың құпиялылығын қорғаумен байланысты тұлғалардың жеке өміріне қолсұқпаушылықты қорғаумен;
(iii) қауіпсіздікпен байланысты шараларды қабылдауын немесе күшіне енгізуінің алдын алатындай түсіндірілмеуге тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағының 1.1) тармақшасында айқындалған шаралар қоғамның негізгі мүдделеріне шынайы және елеулі қатер төнген жағдайларда ғана қолданылуы мүмкін.
Қауіпсіздік бойынша ерекшеліктер
Осы Келісімде ешнәрсе де:
1) Тараптан ол ашылуы оның қауіпсіздігінің елеулі мүдделеріне қайшы келеді деп есептейтін кез келген ақпаратты беруді талап ету; немесе
2) Тарапқа халықаралық бейбітшілікті немесе қауіпсіздікті қолдауға немесе қалпына келтіруге немесе өзінің жеке қауіпсіздігінің елеулі мүдделерін қорғауға қатысты өз міндеттемелерін орындау үшін қажетті деп саналатын шараларды қабылдауына кедергі келтіру ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
1. Осы Келісімнің 3-тарауының ("Дауларды реттеу") 5-бабы ("Экспроприация") және 1-бөлімі ("Тарап пен екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды реттеу") салық салу шараларына мұндай салық салу шаралары экспроприацияны білдіретіндей шамада қолданылады.
Салық салу шараларына қатысты осы Келісімнің 5-бабына ("Экспроприация") сілтеме жасауға ұмтылатын инвестор, ең алдымен осы баптың 2-тармағында көрсетілген екі Тараптың құзыретті органдарына осы Келісімнің 3-тарауының ("Дауларды реттеу") 1-бөліміне ("Тарап пен екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды реттеу") сәйкес осы Келісімнің 5-бабында ("Экспроприация") көзделгендей, салық салу шарасы экспроприацияны қамтитыны туралы мәселе бойынша хабарлама жіберген сәтте жүгінуге тиіс.
Егер екі Тараптың құзыретті органдары мәселені қарауға келіспесе немесе оны қарауға келісе отырып, осы Келісімнің 5-бабында ("Экспроприация") көзделгендей бұл шара экспроприация болып табылмайтынымен келіспесе, мұндай жүгінген кезден бастап 6 (алты) ай ішінде инвестор осы Келісімнің 3-тарауының ("Дауларды реттеу") 1-бөліміне ("Тарап пен екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауларды реттеу") сәйкес өзінің талабын төрелікке бере алады.
2. Осы баптың мақсаттары үшін "құзыретті орган" салықтық әкімшілендіру саласындағы уәкілетті органды білдіреді.
3. Осы Келісімнің 5-бабына ("Экспроприация") қатысты салық салу шарасы экспроприация болып табылатынын бағалау кезінде, мынадай пайымдаулар өзекті болып табылады:
3.1) салықтарды енгізу тұтастай алғанда экспроприация болып табылмайды. Инвестицияларға қатысты жаңа салықтық шараларды қарапайым енгізу немесе салықтарды бір заңды құзырдан артық енгізу өз бетінше экспроприация болып табылмайды;
3.2) халықаралық салықтық саясатқа, қағидаттар мен практикаға сәйкес келетін салық салу шаралары экспроприация болып табылмайды. Атап айтқанда, салықтан жалтаруды алдын алуға немесе салық төлеуден жалтаруға бағытталған салық салу шаралары тұтастай алғанда экспроприациялық ретінде қаралмауы тиіс; және
3.3) белгілі бір ұлттың инвесторларына немесе жекелеген салық төлеушілерге бағытталмайтын кемсітпеушіліксіз негізде қолданылатын салық салу шаралары ықтималдығы шамалы экспроприацияны білдіреді. Егер инвестицияларды жүзеге асыру кезінде салық салу шаралары күшіне енген болса және осындай шара туралы ақпарат жария етілсе немесе өзге түрде көпшілікке қолжетімді болса, ол экспроприацияны білдірмеуі тиіс.
Осы Келісімге Тараптардың жазбаша келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің 24-бабында ("Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату") көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Әрбір Тарап өзінің заңдарын, қағидаларын, рәсімдерін, әкімшілік нұсқамаларын және жалпы қолданылатын сот шешімдерін, сондай-ақ өз мемлекетінің аумағында екінші Тараптың инвесторының инвестицияларына әсер етуі мүмкін халықаралық шарттарды дереу жариялауға немесе өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген өзге де тәсілмен көпшіліктің назарына жеткізуге тиіс.
Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім 10 (он) жыл бойы қолданылады және егер бастапқы немесе кез келген кейінгі кезең өткенге дейін бір жылдан кешіктірілмей Тараптардың бірі екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімді ұзартпау ниеті туралы хабардар етпесе, автоматты түрде осындай он жылдық кезеңдерге ұзартылады.
Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданылу мерзімі ішінде жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты тоқтатылған күнінен бастап 10 (он) жыл ішінде оның іске асырылуына әсер етпейді.
Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің қолданысы тоқтатылады.
3. Осыны куәландыру үшін өздерінің тиісті үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
2024 жылғы "__" ______ _________ қаласында қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіннің бірдей күші бар.
Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтық туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ |
ҚЫРҒЫЗРЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ |
ҮКІМЕТІ ҮШІН ҮШІН |
МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТІ |
_______________________ _______________________ |