Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 14 қазандағы № 759 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларында:
15 және 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Тізілімге енгізілген отандық тауар өндірушілер, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер және уәкілетті ұйым ағымдағы қаржы жылының 1 шілдесіне дейінгі мерзімде орындаушыны таңдау мақсатында уәкілетті органның немесе қаражат алушыларда болғанда, алушылардың атына Баға белгілеу қағидаларына сәйкес конкурстық құжаттаманы – жоспарлы калькуляцияны ұсынады.
Тізілімге енгізілген, заттай және арнаулы мүлікті, жеке қорғану құралдарын өндіруге маманданатын отандық тауар өндірушілер, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер өнімнің техникалық тапсырманың талаптарына сәйкестігін тексеруді жүзеге асыру үшін ағымдағы қаржы жылының 1 шілдесіне дейінгі мерзімде алушылардың атына пайдаланылатын шикізаттың сапасын растайтын құжаттармен қоса мәлімделетін өнімнің үлгілерін ұсынады.
Мәлімделетін өнімнің үлгілері осы Қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша журналда тіркеледі.
Тізілімге енгізілген отандық тауар өндірушілердің, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілердің жоспарлы калькуляцияны ұсынуы олардың келіскенін және техникалық тапсырмада көзделген шарттарды сақтап, қорғаныстық тапсырыс өнімін жеткізуді жүзеге асыру мүмкіндігін растау болып табылады.
Жоспарлы калькуляцияны ұсынған кезде баламалы техникалық тапсырмаларды ұсынуға тыйым салынады.
16. Қаражат уәкілетті органда болғанда, орындаушыны таңдау мақсатында уәкілетті органның конкурстық комиссиясы (комиссиялары) (бұдан әрі – орындаушыларды таңдау жөніндегі комиссия) құрылады.
Орындаушыларды таңдау жөніндегі комиссияға қызмет бағыты бойынша алушының арнайы білімі бар өкілдері (мамандары) енгізіледі.
Заттай және арнайы мүліктің, жеке қорғану құралдарының үлгілерін бекіту және олардың техникалық тапсырманың талаптарына сәйкестігін тексеру мақсатында алушының өкілдері қатарынан комиссия құрылады.
Заттай және арнайы мүліктің, жеке қорғану құралдарының үлгілерін бекіту жөніндегі комиссия (комиссиялар) құрамын және оның жұмыс тәртібін алушы айқындайды.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Заттай және арнайы мүліктің, жеке қорғану құралдарының үлгілерін бекіту жөніндегі комиссия ағымдағы қаржы жылының 15 тамызына дейінгі мерзімде заттай және арнайы мүліктің, жеке қорғану құралдарының үлгілерін бекітеді және олардың техникалық тапсырманың талаптарына сәйкестігін тексереді.
Комиссия ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейінгі мерзімде заттай және арнайы мүлік, жеке қорғану құралдары үлгілерінің техникалық тапсырманың талаптарына сәйкес келмеуін анықтаған кезде алушы анықталған сәйкессіздіктерді жою қажеттігі туралы ұйымды жазбаша түрде хабардар етеді.
Ұйым хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде үлгілерді қоса беріп, алушыны анықталған кемшіліктердің жойылғаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді. Комиссияның қарауы үшін пысықталған үлгілер белгіленген мерзімде ұсынылмаса, ұйым ұсынған жоспарлы калькуляция ашып қаралмайды.
Алушы ағымдағы қаржы жылының 20 тамызына дейінгі мерзімде қаражат уәкілетті органда болғанда, уәкілетті органның атына үлгілерді бекіту туралы акт жібереді.";
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"22. Уәкілетті орган немесе қаражат алушыда болғанда, алушы тізілімге енгізілген ұйымдар қатарынан орындаушыларды таңдауды конкурстық негізде жүргізеді.
Заттай және арнаулы мүлік, жеке қорғану құралдары бойынша орындаушыларды таңдау үлгілерін заттай және арнаулы мүліктің, жеке қорғану құралдарының үлгілерін бекіту жөніндегі комиссия бекіткен тізілімге енгізілген ұйымдар арасынан жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдау рәсімін өткізген уақытта орындаушыларды таңдау жөніндегі комиссия отырысына конверттерді (баға ұсыныстарын) аудио-, бейнетіркеумен ашып қарау және комиссия мүшелері отырыс хаттамасына қол қойған кезде қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарының конкурсқа қатысатын өкілдері қатысуға құқылы.
Орындаушыларды таңдау мақсатында жоспарлы калькуляцияны ұсынған ұйымдар күнін, уақытын және орнын көрсете отырып, орындаушыларды таңдаудың алдағы рәсімі туралы күнтізбелік 5 күн бұрын электрондық пошта арқылы хабардар етіледі.
Жоспарлы калькуляциясы бар конверттерді ашып қарауды орындаушыларды таңдау жөніндегі комиссия ұйымдарға хабарламада көрсетілген күні, уақытта және орында орындаушыларды таңдау жөніндегі комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілігінің қатысуымен жүргізеді.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс істеу қажет болған кезде қорғаныстық тапсырыстың нақты іс-шарасы шеңберінде тізілімге енгізілген ұйымда мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер пайдаланылатын жұмыстарды жүргізуге рұқсатының бар-жоғы ескеріледі.";
32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"32. Айрықша жағдайларда кенеттен туындаған қауіптер пайда болған, төтенше жағдай туындаған, төтенше жағдай енгізілген кезде, мемлекетте қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз етумен байланысты міндеттерді шешу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын жауынгерлік әзірлікте ұстау кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің немесе Республикалық жедел штабының міндеттерін шешу мақсатында қаражат уәкілетті органда болғанда, уәкілетті орган және қаражат алушыларда болғанда, алушылар қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдау рәсімін қажеттігіне қарай жүргізеді.
Орындаушыны таңдау рәсімін жүргізу туралы шешімді орындаушыларды таңдау жөніндегі комиссия қабылдайды.
Бұл ретте жоспарлы калькуляция уәкілетті органның немесе алушының тиісті сұрау салуы алынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынылады.";
81-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"81. Қорғаныстық тапсырыс өнімін өндіруге қажетті меншік немесе жалдау құқығындағы өндірістік үй-жайлардың, меншік құқығындағы технологиялық жабдықтардың, білікті мамандардың көлемінен және санынан айырылған және/немесе олар азайған кезде тізілімге енгізілген ұйым күнтізбелік жиырма күн ішінде бұл туралы уәкілетті органды тиісті құжаттарды қоса беріп хабардар етеді.
Тізілімге енгізілген ұйым қорғаныстық тапсырыс өнімін өндіруге қажетті өндірістік, оның ішінде кемінде үш жыл мерзімге ұзақ мерзімді жалдау құқығындағы үй-жайлардың, меншік құқығындағы технологиялық жабдықтар мен білікті мамандар көлемінің және/немесе санының ұлғайғаны туралы уәкілетті органды өз қалауы бойынша хабардар етеді.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |