Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Пана іздеген адамдар жаппай ағылып келген кезде оларды уақытша қоныстандыру пункттерінде қабылдау мен орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 12 шiлдедегi № 554 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Пана іздеген адамдар жаппай ағылып келген кезде оларды уақытша қоныстандыру пункттерінде қабылдау мен орналастыру қағидаларында:
3-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) пана іздеген адам – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы босқын мәртебесін беру туралы өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана сұрауға ниет білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;";
6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Пана іздеген адамдарды ұйымдасқан есепке алу, тіркеу мақсатында ЖАО жаппай ағылып келген жерлерде ішкі істер, денсаулық сақтау және ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесіп сұрыптау пункттерін, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарымен бірлесіп уақытша қоныстандыру пункттерін өрістетеді.
7. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ЖАО-ға уақытша қоныстандыру пункттерін дайындауда жәрдем көрсетеді, сондай-ақ пана іздеген адамдарды қабылдау мен орналастыруға арналған сұрыптау пункттері мен уақытша қоныстандыру пункттерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |