Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы теміржол көлігін және инфрақұрылымын, автомобиль жолдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара арқылы автомобиль және теміржол өткізу пункттерін дамыту саласындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Кәрімжанұлы Қарабаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы теміржол көлігін және инфрақұрылымын, автомобиль жолдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара арқылы автомобиль және теміржол өткізу пункттерін дамыту саласындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 22 қарашадағы № 994 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы теміржол көлігін және инфрақұрылымын, автомобиль жолдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара арқылы автомобиль және теміржол өткізу пункттерін дамыту саласындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты назарға ала отырып,
екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынас және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық әлеуетін одан әрі нығайту қажеттігіне сенімді бола отырып,
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы көлікті, көлік инфрақұрылымын және өткізу пункттерін дамыту жөніндегі келісілген іс-қимылдар екі мемлекеттің өзара қарым-қатынасын нығайтуға және Тараптар мемлекеттерінің өзара саудасын, туризмін, транзитін және шекара маңындағы аумақтарын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететінін ескере отырып,
1992 жылғы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы транспорт саласындағы өзара қарым-қатынас шарттары мен ынтымақтастықтың принциптері туралы келісімді негізге ала отырып,
1998 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімді, сондай-ақ 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы теміржол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімді назарға ала отырып,
2018 жылғы 12 тамыздағы Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге жоғары мән бере отырып,
Тараптар мемлекеттерінің аумағында орналасқан көлікті, көлік инфрақұрылымын және өткізу пункттерін дамыту мәселелері бойынша бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып,
тең әріптестік, өзара тиімділік пен сыйластық қағидаттарын негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімнің мақсаттары Тараптардың теміржол көлігін және инфрақұрылымын, автомобиль жолдарын, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара арқылы автомобиль және теміржол өткізу пункттерін дамыту саласындағы өзара іс-қимылын ұйымдастыру, сондай-ақ осы Келісім шеңберінде бекітілетін іс-шаралар жоспарларын ("жол карталарын") іске асыру болып табылады.
1. Мыналар:
Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі;
Ресей Тарапынан – Ресей Федерациясының Көлік министрлігі осы Келісімді іске асыруды үйлестіретін құзыретті органдар (бұдан әрі – құзыретті органдар) болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құзыретті органдар атауларының өзгергені туралы, сондай-ақ көрсетілген мәселелердің басқа органдардың құзыретіне жатқызылғаны туралы Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда дереу хабардар етеді.
Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асырады және мынадай бағыттар:
Тараптар мемлекеттерінің аумағында орналасқан теміржол көлігі инфрақұрылымын және автомобиль жолдары учаскелерін, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағында орналасқан автомобиль және теміржол өткізу пункттерін дамыту жөніндегі іс-шараларды келісу және оларды іске асыруды қамтамасыз ету;
Тараптар мемлекеттерінің аумағында көлік инфрақұрылымы объектілерінің және өткізу пункттерінің тиісті пайдалану жай-күйін және жеткілікті өткізу қабілетін қамтамасыз ету;
көлік және көлік инфрақұрылымын дамыту саласында тәжірибе және ақпарат алмасу;
Тараптар өзара келіскен теміржол көлігін және инфрақұрылымын, автомобиль жолдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара арқылы автомобиль және теміржол өткізу пункттерін дамыту саласындағы ынтымақтастықтың өзге де бағыттары бойынша іс-қимылдың үйлестірілуін қамтамасыз етеді.
Тараптар осы Келісім шеңберінде олардың құзыретті органдары бекітетін:
теміржол көлігін және теміржол көлігінің инфрақұрылымын дамыту;
Тараптар мемлекеттерінің аумағында орналасқан автомобиль жолдары учаскелерін дамыту;
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерін дамыту;
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол өткізу пункттерін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын ("жол карталарын") орындау бойынша келісілген шараларды қабылдайды.
Осы Келісім шеңберіндегі іс-шаралар жоспарларын ("жол карталарын") бекіту кезінде құзыретті органдар Тараптар мемлекеттері арасындағы автомобиль және теміржол тасымалдарында жүк базасының жаңа көлемдерін тарту мақсатында автомобиль және теміржол жүк ағындарын үндестіруді, сондай-ақ олардың аумақтары бойынша автомобиль және теміржол транзиті қажеттілігін де басшылыққа алады.
1. Осы Келісімді іске асыруға жәрдемдесу мақсатында құзыретті органдар Тараптар мемлекеттерінің мүдделі органдары мен ұйымдарын тарта отырып жұмыс тобын құрады.
2. Жұмыс тобының отырыстары жылына кемінде бір рет Тараптар мемлекеттерінің аумағында кезекпен өткізіледі.
3. Құзыретті органдар жұмыс тобы шеңберінде осы Келісімді іске асыру мәселелерін қарайды, сондай-ақ осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген іс-шаралар жоспарларын ("жол карталарын") әзірлеуді, бекітуді және өзекті етуді қамтамасыз етеді.
Осы Келісімнің ережелері ол күшіне енгенге дейін бекітілген, осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген мәселелер бойынша іс-шаралар жоспарларына ("жол карталарына") да қолданылады.
Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді іске асыру бойынша шығыстарды дербес көтереді.
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты Тараптар арасында туындайтын мәселелер мен келіспеушіліктер құзыретті органдар арасында келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.
Егер осы баптың бірінші абзацында аталған келіссөздер мен консультациялар барысында келіспеушіліктер еңсерілмейтін болса, онда олар дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және бір Тарап екінші Тараптың осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
2024 жылғы "___" _______ _____ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін |