"Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2049 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге "Ақтөбе" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі – "Ақтөбе" АЭА) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) "Ақтөбе" АЭА туралы ереже;
2) "Ақтөбе" АЭА нысаналы индикаторлары бекітілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 8 қаңтардағы № 3 қаулысымен бекітілген |
"Ақтөбе" арнайы экономикалық аймағы туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. "Ақтөбе" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі – АЭА) Ақтөбе облысында Ақтөбе қаласының оңтүстік бөлігіндегі "Оңтүстік айналма жол" айналма жолының бойында А. Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайын қоса алғанда 858 гектар аумақта, осы Ережеге қосымшаға сәйкес шекарада орналасқан.
АЭА аумағы Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады.
2. АЭА:
1) қазіргі заманғы жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, инвестициялар тарту, экономика салалары мен өңірлерге жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру;
2) тиісті салалардың дамуына және Ақтөбе облысының бәсекеге қабілетті аумағында өндірілетін тауарлардың тиімділігін арттыруға ықпал ететін өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру және импортқа тәуелділікті азайту;
3) Қазақстан, Орталық Азия және Ресей нарықтарында өнімді тиімді сатуға мүмкіндік беретін, компоненттер мен тораптарды экономикалық тиімді жеткізу үшін Ресей шекарасына жақын орналасуын, сондай-ақ "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізіне қолжетімділікті қоса алғанда, өндірістік және логистикалық процестерді тиімді ұйымдастыру үшін географиялық орналасудың артықшылықтарын пайдалану мақсатында құрылады.
3. АЭА қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң) және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен реттеледі.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамада қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4. АЭА аумағында арнайы құқықтық режим белгіленеді.
5. Әуеайлақ маңындағы аумақта және әуе трассалары шегінде жергілікті жерлерде кедергілер болып табылатын объектілерді салу, электр беру желілерін орнату және басқа да құрылыстарды орналастыру үшін; нәтижесінде әуе кеңістігінде радиотолқынды, көрінетін, акустикалық және сәулеленудің өзге де түрлері жүргізілетін жұмыстарды жүргізу үшін; құстардың жаппай жиналуына жағдай жасайтын немесе ұшудың көрінуін нашарлататын объектілерді, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдаланумен тікелей байланысты емес, бірақ АЭА аумағында ұшу қауіпсіздігіне, әуе кемелері жабдықтарына және олардағы адамдарға әсер ететін кез келген басқа қызметті орналастыру үшін Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Заңында көзделген тиісті рұқсатты алу қажет.
2. "Ақтөбе" арнайы экономикалық аймағын басқару
6. АЭА басқару Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. "Ақтөбе" арнайы экономикалық аймағының аумағында салық салу
7. АЭА аумағында салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледі.
4. Кедендік реттеу
8. АЭА аумағында немесе оның бір бөлігінде еркін кеден аймағы кедендік рәсімі қолданылады.
9. Еркін кеден аймағы кедендік рәсімі қолданылатын АЭА аумағы кедендік бақылау аймағы болып табылады. АЭА аумағы кедендік бақылау жүргізу мақсатында жайластырылған болуға тиіс. АЭА аумағын жайластыруға қойылатын талаптарды, оның ішінде осындай аумақтың периметрін қоршау және бейнебақылау жүйесімен жарақтандыру жөніндегі талаптарды кеден саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
5. Шетел азаматтарының "Ақтөбе" арнайы экономикалық аймағының аумағында болуының тәртібі
10. АЭА аумағында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының кіруінің, одан кетуінің, транзитпен өтуінің және болуының Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімдерде белгіленген тәртібі қолданылады.
6. Қорытынды ережелер
11. Осы Ережеде белгіленген шарттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен өзгертілуі мүмкін.
12. АЭА Заңда көзделген негіздер бойынша таратылады.
13. АЭА-ны басқару Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
14. "Ақтөбе" АЭА құрылған мерзімнің аяқталуына байланысты таратылған кезде Ақтөбе облысының әкімдігі:
1) көрсетілген мерзім өткенге дейін кемінде үш ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында АЭА-ның алдағы таратылуы, оның таратылуына байланысты өтініштер мен наразылықтарды қабылдау тәртібі мен мерзімдері туралы хабарландыру жариялайды;
2) АЭА аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға оның аумағында орналасқан тауарларды өзге кедендік рәсіммен қайта ресімдеу тәртібін түсіндіруді қамтамасыз етеді;
3) АЭА таратылғаннан кейін бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне АЭА қызметінің нәтижелері туралы есеп ұсынады.
15. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен АЭА мерзімінен бұрын таратылған кезде рәсім осы Ереженің 13-тармағында көзделген рәсімдер сақталып, алты айдан кешіктірілмейтін мерзімде аяқталуға тиіс.
16. Осы Ережемен реттелмеген АЭА қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
________________________
"Ақтөбе" арнайы экономикалық аймағы туралы ережеге қосымша |
"Ақтөбе" арнайы экономикалық аймағы шекарасының жоспары
"Ақтөбе" АЭА аумағы Ақтөбе облысында Ақтөбе қаласының оңтүстік бөлігіндегі "Оңтүстік айналма жол" айналма жолының бойында А. Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайын қоса алғанда 858 гектар аумақта орналасатын болады.
______________________
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 8 қаңтардағы № 3 қаулысымен бекітілген |
"Ақтөбе" арнайы экономикалық аймағының нысаналы индикаторлары
Р/с № | Мақсаттар, міндеттер және көрсеткіштер | Өлшем бірлігі | 2025 жылға қарай нысаналы индикаторға қол жеткізу | 2030 жылға қарай нысаналы индикаторға қол жеткізу | 2035 жылға қарай нысаналы индикаторға қол жеткізу | 2040 жылға қарай нысаналы индикаторға қол жеткізу | 2049 жылға қарай нысаналы индикаторға қол жеткізу |
1 | Инвестициялардың жалпы көлемі, оның ішінде: | млрд теңге | 0,5 | 82,3 | 162,4 | 170,7 | 170,7 |
1.1. | шетелдік инвестициялар көлемі | млрд теңге | 0,05 | 8,23 | 16,24 | 17,07 | 17,07 |
1.2. | отандық инвестициялар көлемі | млрд теңге | 0,45 | 74,07 | 146,16 | 153,63 | 153,63 |
2 | АЭА аумағында тауарларды және көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) өндіру көлемі | млрд теңге | 0,0 | 88,5 | 229,1 | 302,3 | 397,5 |
3 | Қатысушылар (компаниялар) саны | бірл. | 0 | 23 | 38 | 38 | 38 |
4 | Қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын адамдардың саны | адам | 0 | 7 | 10 | 12 | 15 |
5 | АЭА аумағында құрылатын жұмыс орындарының саны | адам | 0 | 2 686 | 4 445 | 4 662 | 4 872 |
6 | АЭА аумағындағы өндірістің жалпы көлеміндегі қазақстандық қамту үлесі | % | 15% | 25% | 35% | 45% | 60% |
7 | Кәсіпорындардың инновациялық белсенділік деңгейі | % | 1,9 | 2,4 | 3,1 | 4 | 5 |
___________________________