Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) "Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құралатын топтардың алдын ала бару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 26 наурыздағы № 266 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құралатын топтардың алдын ала бару қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құралатын топтардың алдын ала бару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 46-бабына, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 191-бабына, "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-17-бабына, "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 47-8-бабына, "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабына, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 150-бабына сәйкес әзірленді.";
14-тармақ алып тасталсын;
17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Топтар алдын ала баруды жүргізген кезде ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы:
1) алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарды кедергісіз таңдап, оларға баруға;
2) алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәларсыз әңгімелесуге;
3) азаптаулардың және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын басқа да әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылуы туралы хабарлар мен шағымдарды қабылдауға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге да құқықтарды иеленуге құқылы.
18. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы алдын ала барған кезде алдын ала баратын мекемелерде және ұйымдарда ұсталатын адамдарға және (немесе) олардың заңды өкілдеріне олардың құқықтарын түсіндіреді.";
20, 21, 22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдарға, сондай-ақ көрсетілген мекемелер мен ұйымдардың персоналына құрметпен қарауға тиіс.
Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар алдын ала бару барысында адамдардың жеке өмірі туралы өздеріне мәлім болған мәліметтерді осы адамдардың келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
21. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдардың қызметіне араласуына жол берілмейді.
Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар заңсыз әрекет жасаған жағдайда алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің басшысы Уәкілді жазбаша хабардар етеді.
22. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қауіпсіздігін, оның ішінде аумақта бірге жүруді қамтамасыз ету алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігіне жүктеледі. Мекеме мен ұйымның әкімшілігі қауіпсіздікке төнетін нақты қауіп-қатер және әңгімелесудің құпиялылығын шектеу қажеттігі туралы ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыны хабардар етеді.
23. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдармен әңгімелесудің құпиялылығын шектеуден бас тартуы жазбаша ресімделеді.";
26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"26. Алдын ала барған кезде алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдарды азаптау және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын өзге де әрекет түрлерінің белгілері анықталған жағдайда ұлттық алдын алу тетігінің тобына қатысушылар бұл туралы прокуратура органдарына және Уәкілге дереу хабарлайды.";
2) "Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 сәуірдегі № 301 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 39-бабына, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 184-бабына, "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-10-бабына, "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 47-1-бабына, "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 143-бабына сәйкес әзірленді.";
5-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының басқа жерге жолға шығуына байланысты, оның ішінде Үйлестіру кеңесінің жұмысына қатысуы жөніндегі шығыстар:
алдын ала баратын жерде болған әрбір күн үшін алдын алу тетігіне қатысушыға екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тәулікақы төленеді;
тұрғын үй-жай жалдау бойынша ұсынылған құжаттар (фискалдық чек, кассалық кіріс ордері, шот-фактура, шот, жүкқұжат, хабарлама, тұру құжаттарын дара кәсіпкер ұсынған жағдайда тұлғаның мүлікті жалға беруге құқығын растайтын құжаттар (жалдау шарты, патент, куәлік және қонақүй қызметтерін берушілер ұсынатын басқа да растайтын құжаттар) бойынша, бұл ретте бір тәулікке тұрғын үй-жай жалдау шығыстарының сомасы Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында айлық есептік көрсеткіштің жеті еселенген мөлшерінен, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен, аудан орталықтарында, аудандық маңызы бар қалаларда және Ақмола облысы Бурабай ауданының Бурабай кентінде айлық есептік көрсеткіштің төрт еселенген мөлшерінен, ауылдық округтерде айлық есептік көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;
ұсынылған жол жүру құжаттарының негізінде теміржолмен жол жүргенде баратын жерге және тұрақты жұмыс орнына кері жол жүру бойынша – купелі вагонның тарифі бойынша (жұмсақ дивандары төменде орналасқан, қалпын реттейтін отыруға арналған құрылғылы жұмсақ креслолары бар екі орындық купелі вагондарды (СВ), сондай-ақ "Турист" және "Бизнес" жүрдек пойыздар кластарын қоспағанда); су жолдарымен, тас жолмен және топырақты жолдармен – сол жердегі қалыптасқан жол жүру құны бойынша;
баратын жерге және жұмыс (қызмет) орнына кері жол жүрген кезде жол жүру билеттері мен қонақүйдегі орынды брондау, сондай-ақ пойыздардағы төсек-орын жабдықтарын пайдалану құны – осы шығыстарды растайтын құжаттар болған кезде;
баратын жерге және негізгі жұмыс (қызмет) орнына кері жол жүру құжаттары болмаған кезде шығыстар теміржол немесе өзен/теңіз вокзалының немесе автовокзалдың анықтамасы негізінде көлікпен жүрудің ең төмен құны бойынша өтеледі;
теміржол станциясы, кемежай, әуежай елді мекеннің шегінен тысқары жерде орналасса, растайтын құжаттар болса, оларға автокөлікпен (таксиден басқа) жол жүру бойынша;
ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының тұрақты тұратын жеріне күн сайын қайтуға мүмкіндігі болатын жерге алдын ала барған кезде жол жүру құжаттары болса, көліктік шығыстар ғана өтеледі, тәулікақы төленбейді;".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |