Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы N 27 Нормативтік қаулысымен.
Жергілікті әдет-ғұрып сарқыншақтарын құрайтын қылмыстар туралы істер жөніндегі сот практикасы қорытындыларының нәтижелерін талқылай келіп, Пленум бұл категориядағы істерді республика соттары негізінен дұрыс шешетінін атап көрсетеді.
Сонымен бірге бұл істерді қараған кезде соттар материалдық және процессуалдық право нормаларын қолдануда қателіктер жібереді, Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының басшы түсініктемелерін толық көлемде орындап отырмайды.
Істің мән-жайын, сотталушы мен жәбірленушінің кім екені туралы мәліметтерді толық әрі жан-жақты зерттеу туралы заң талаптары әрдайым орындалып отырмайды.
Қылмыстарды квалификациялауда қателіктер жіберіледі.
Жекелеген соттар қылмысты тікелей орындаушыларды соттаумен шектеліп, қылмысқа қатысушыларды жауапқа тарту туралы мәселені шешпейді.
Кейде соттар жазаны даралап беру принципін бұзады.
Қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға тиісті көңіл бөлінбейді. Жеке ұйғарымдар қажет болған жағдайлардың бәрінде бірдей шығарыла бермейді.
Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Пленумы
Қаулы етеді:
1. Жергілікті әдет-ғұрып сарқыншақтарын құрайтын қылмыстар туралы істерді қараудағы кемшіліктерді жою қажеттігіне соттардың назарын аударуға.
2. Іс жүзінде некелі жағдайда тұру - бірге тұратын және ортақ шаруашылық жүргізетін еркек пен әйелдің заң жүзінде ресімделмеген неке ынтымағы екені соттарға түсіндірілген. Он алты жасқа толған қызбен бір ғана жыныс қатынасына түсу - қылмыстық жолмен жазаланатын іс-әрекет бола алмайды.
3. ҚК-тің 105-бабында көрсетілген қылмыс субъектісі болып тек қана іс жүзінде неке қию сәтінде некелік жасқа келген ер адам ғана бола алады. (Пленумның 1996 жылғы 20-желтоқсандағы N 11 қаулысының редакциясында).
4. Әйелді некелеуге, некелік жағдайда бірге тұра беруге зорлау және әйелдің өз қалауы бойынша некелесуіне кедергі жасау деп әйелдің некелік статусын еркін анықтауына кедергі жасау мақсатымен күш жұмсау немесе психикалық ықпал жасаудың кез келген түрін (жәбірленуші мен оның жақын адамдарын өлтіремін, денеге жарақат жасаймын, мүлкін құртамын деп қорқыту, семьядағы немесе қызметтегі тәуелділігін пайдалану және т.б.) түсіну керек.
Әйелді некелесуге зорлау - адам қылмыстық мақсатына жеткен-жетпегеніне қарамастан, бір ғана зорлау фактісі болғанның өзінде аяқталған қылмыс болып саналады.
5. Әйелді некелесуге зорлау мақсатымен ұрлау (алып қашу) - жәбірленушіге не оның жақын адамдарын күш жұмсап немесе психикалық ықпал ету, алдау арқылы немесе әйелдің дәрменсіздігін пайдалана отырып оны бас бостандығынан зорлап айыру екендігі түсіндірілсін. Мұндай жағдайда бас бостандығынан айыру әйелді тұрақты немесе уақытша тұратын жерінен зорлап алып кетуден де, сондай-ақ әйелді оның еркіне қарамастан белгілі бір жерде ұстаудан да (қамап қоюдан) көрінеді.
6. Әйелді некелесуге зорлау мақсатымен ұрлау - қылмыстық мақсаттың жүзеге асырылуына, күш көрсету тәсіліне және бас бостандығынан айыру кезеңінің ұзақтығына қарамай-ақ оны жүріп-тұру правосынан айырған сәттен бастап аяқталған қылмыс деп есептеледі. Сондықтан мұндай іс-әрекетті әйел ұрлаушылар ұстап алған әйелді ол қарсыласқандықтан қашып кеткендіктен, басқа адамдар араласқандықтан немесе айыптыларға қатысы жоқ өзге де мән-жайларға байланысты өздері уәделескен жерге жеткізе алмаған реттерде де аяқталған қылмыс деп есептеу керек.
7. Әйелді алып қашу жолымен онымен некелескісі келген адам да, алып қашуға тікелей қатысқан өзге адам да Қылмыстық кодекстің 106-статьясының 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты орындаушы болуы мүмкін.
Қылмысқа қатысудың басқа түрлерінің бәрін Қылмыстық кодекстің 17-статьясы және 106-статьясының 2-бөлігі бойынша квалификациялау керек.
8. Соттар әйелді шын мәнінде алып қашу мен әйелдің келісімі бойынша алып қашқандай етіп көрсететін символдық алып қашуды ажырата білуге тиіс, символдық алып қашу - дәстүрді сақтау және ол үйлену тойын жоралау сипатын білдіреді, ал кейбір реттерде - әйелдің өз қалауымен некелесуіне кедергі жасайтын ата-аналарының немесе өзге адамдардың еркіне қарсы қолданатын құрал болып табылады, мұндай жағдайда, қылмыстық жолмен жазаланатын іс-әрекет бола алмайды.
9. Қылмыстық кодекстің 106-статьясының 2-бөлігінде және 116-статьясында көрсетілген қылмыстарды квалификациялаған кезде соттар Қылмыстық кодекстің 106-статьясының 2-бөлігінде көрсетілген қылмыстың объектісі тек қана әйел болатынын және оны некелесу мақсатымен алып қашатынын ескеруі керек. Егер әйелдің туысқандарын немесе жақын адамдарын оны босатқаны үшін ақы төлеуге көндіру мақсатымен, не басқа бір арам пиғылмен, сондай-ақ кек алу мақсатымен және басқа бір зұлымдық ниетпен ұрласа, мұндай іс-әрекет Қылмыстық кодекстің 116-статьясы бойынша квалификациялануға тиіс.
Әйелді некелесуге, некелі жағдайда тұра беруге көндіру мақсатымен, не әйелдің өз қалауы бойынша некелесуіне кедергі жасау мақсатымен басқа адамды (еркекті немесе әйелді) ұрлау, Қылмыстық кодекстің 106-статьясының 1-бөлігінде және 116-статьясында көрсетілген қылмыстар жиынтығы бойынша квалификациялануға тиіс.
10. Әйелді некелесуге, некелі жағдайда тұра беруге көндіру, әйелдің өз қалауы бойынша некелесуіне кедергі жасау, сондай-ақ зорлаумен, денені жарақаттаумен, азаптаумен және тағы сондайға ұштастырып әйелді алып қашу Қылмыстық кодекстің 106-статьясы бойынша және Қылмыстық кодекстің және адамға қарсы қылмыстар туралы тиісті статьялары бойынша квалификациялануға тиіс.
11. Соттар екі әйел және көп әйел алу заңға сәйкес некеге тіркелген- тіркелмегеніне қарамастан, шаруашылық бірге жүргізіп, еркектің бірнеше әйелмен бір мезгілде некелі жағдайда бірге тұруы екенін ескеруі керек.
Шаруашылықты бірге жүргізу - еркек пен әйел үшін ортақ шаруашылықта еңбек қызметін бірлесіп жүзеге асыру және осы шаруашылықтан түскен еңбек кірістерін бірлесіп пайдалану деп түсіну керек.
Мұндай жағдайда ортақ шаруашылық жүргізу еркек пен әйел бір үйде тұрған кезде ғана емес, әйелдер бөлек тұрса да, олардың шаруашылықтары айыпкердің шаруашылығымен біртұтас болуы да мүмкін.
Некеде тұрған адамның басқа әйелдермен жыныс қатынасында болғанын екі әйел немесе көп әйел алушылық деп қарауға болмайды.
12. Соттар жергілікті әдет-ғұрып сарқыншақтарын құрайтын қылмыстар жасаған адамдарға жазаның түрі мен мөлшерін тағайындаудың қатаң дербес қаралуын қамтамасыз етуге, жазаны істің нақты мән-жайын, іс-әрекеттің сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін айыпкердің кім екені туралы мәліметтерді, айыпты ауырлататын және жеңілдететін барлық мән-жайды ескере отырып жаза тағайындауға міндетті.
13. Осы категориядағы істерді қараған кезде соттар іс материалдарын мұқият зерттеу негізінде қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға және жеке ұйғарымдар шығару арқылы оларды жою үшін шаралар қолдануға міндетті.
14. Жергілікті әдет-ғұрып сарқыншақтарын құрайтын қылмысқа қарсы күресте жұртшылықтың ролін арттыру мақсатында сот органдарының қызметкерлері халыққа қолданылып жүрген заңдардың нормаларын түсіндіру ісіне белсене қатысуға тиіс.
15. Облыстық, Алматы қалалық соттары осы категориядағы істерді соттардың дұрыс қарауын қадағалауды күшейтіп, анықталған кемшіліктерді жою үшін шаралар қолданылсын. 16. Осы қаулының қабылдануына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Жергілікті әдет-ғұрып сарқыншақтарын құрайтын қылмыстар туралы істер жөніндегі сот практикасы туралы" 1963 жылғы 19 июньдегі N 4 қаулысының күші жойылды деп танылсын.