Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы N 27 Нормативтік қаулысымен.
Еңбектiң қауiпсiз жағдайларын және кен, құрылыс жұмыстары мен өзге жұмыстардың қауiпсiздiгiн қорғауға бағытталған заңдарды қолдану жөнiндегi сот практикасының жинақталған қорытындыларын талқылай келiп, Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Пленумы мынаны атап көрсетедi: бұл категориядағы iстердi қараған кезде соттар заңдардың және СССР Жоғарғы Сотының Пленумы мен Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының басшы түсініктемелерінің дұрыс қолданылуын негiзiнен қамтамасыз етiп отыр.
Сонымен бiрге соттардың қызметiнде кемшiлiктер мен қателiктер де бар.
Іс бойынша барлық мән-жайларды жан-жақты, толық әрi объективтi түрде зерттеу туралы заң талаптары әрдайым орындала бермейдi, сотталушы адамның еңбектi қорғау мен жұмыс қауiпсiздiгiнiң қандай ережелерiн бұзғаны зерттелмейдi, айыптының әрекетi (әрекетсiздiгi) мен содан туындаған зардаптардың арасындағы себепшi байланыс анықталмайды.
Қылмыстарды заң бойынша квалификациялау туралы мәселенi шешкен кезде қателiктерге жол берiледi. Лауазымды қызметкер емес адамдардың не жәбiрленушi бұзушылық болған кәсiпорынға, мекемеге, ұйымға қатысы жоқ бөтен адам болған жағдайда, оның iс-әрекетін Қылмыстық кодекстiң 126-статьясы бойынша квалификациялау жағдайлары орын алып отыр.
Тәжiрибе көрсетiп отырғанындай, қарапайым қауiпсiздiктi сақтамау, жұмысты қауiпсiз жүргiзу жөнiндегi нұсқау талаптарын орындамау, техникалық инспекторлардың нұсқауларын елемеу жарақаттанудың негiзгi себебi болып табылады. Алайда соттар қайғылы жағдайға әкеп соқтырған нақты себептердi көбiнесе анықтамайды, заңмен берiлген профилактикалық сипаттағы шараларды жеткiлiктi түрде тиiмдi пайдаланбайды. Жеке ұйғарымдардың сапасы көбiнесе төмен болады, көшпелi сот мәжiлiстерiн ұйымдастыру iсi тиiстi деңгейде емес.
Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етеді:
1. Еңбектi қорғау мен кен, құрылыс және өзге жұмыстардың қауiпсiздігі ережелерiн бұзуға байланысты iстердi қарау жөнiндегi жұмыста орын алып отырған кемшiлiктерге соттардың назары аударылсын.
Бұл категориядағы iстердi заңның және СССР Жоғарғы Сотының Пленумы мен Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумы түсініктемелерінің талаптарына қатаң сәйкес дер кезiнде әрi дұрыс қарауды қамтамасыз етуге соттарды мiндеттейтiн болсын.
2. Iстердi қараған кезде соттар еңбек қорғау және жұмыс қауiпсiздiгi ережелерiн бұзудың мән-жайын жан-жақты, толық әрi объективтi зерттеу үшiн шаралар қолданып, қылмыс жасауға кiнәлi адамдардың бәрi жөнiнде жазаның мiндеттi түрде қолданылуын қамтамасыз етiп, азаматтардың негiзсiз сотталуына жол бермеуге тиiс. Соттар, атап айтқанда, кiнәлiнiң әрекетi немесе әрекетсiздiгiмен болған (не болуға тиiстi) зардаптың арасында себептi байланыс бар ма, бұл жәбiрленушінің өрескел абайсыздығының нәтижесiнде болған жоқ па деген мәселелердi анықтауға мiндеттi.
3. Iстердi қараған кезде соттар СССР Жоғарғы Соты Пленумының жоғарыда аталған қаулысында айтылған ұсыныстар мен түсiнiктемелердi орындап, бұл орайда Қазақ ССР қылмыстық заңдары "кен жұмыстары" деген жалпы ұғымнан бұл жұмыстардың "шахталардағы жұмыстар" деген бiр бөлiгiн бөлiп қарайтынын ескеруге тиiс.
Қылмыстық кодекстiң 207-статьясында атап көрсетiлген "шахталардағы жұмыстар" деп шахталарды, кенiштердi және жер асты әдiсiмен пайдалы қазбалар өндiру жөнiндегi өзге де өнiм өндiру орындарын салу, қайта құру, пайдалану және жөндеу жұмыстарын түсiну керек екендiгi соттарға түсiндiрiлсiн.
Жердiң бетiнде әкiмшiлiк корпустарының шахта үстiндегi үйлерiн, қоймалар, цехтар және шахтаға қызмет көрсететiн өнеркәсiптiк-азаматтық құрылыстың басқа да объектiлерiн салған кезде адамдардың қайғылы жағдайға ұшырауына не ауыр зардаптарға әкеп соқтырған жалпы еңбек қорғау ережелерiн не құрылыс жұмыстары ережелерiн бұзу "шахталардағы жұмыстар" деген ұғымға кiрмейдi, ол Қылмыстық кодекстiң 206-статьясы бойынша квалификациялануға тиiс.
Пайдалы қазбаларды ашық әдiспен өндiру жөнiндегi кен жұмыстарының қауiпсiздігі, сондай-ақ пайдалы қазбалар өндiруге байланысты емес жер асты ғимараттарын (метрополитен, тоннель және т.б.) салу мен жөндеу жөнiндегi жұмыстарын жүргiзу ережелерiн бұзу да тап осы статья бойынша квалификациялануға тиiс.
4. Қылмыстық кодекстiң 207-статьясының диспозициясы шахталардағы техникалық пайдалану ережелерiн ғана емес, сонымен қатар жарылысқа, өртке, адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр жарақаттарға әкеп соқтырған қауiпсiздiк ережелерiн де бұзуды көздейтiн болғандықтан, бұл жағдайда айыптылардың iс-әрекетiн жарылысы болу қаупi бар кәсiпорындарда қауiпсiздiк ережелерiн бұзғаны және өрт қауiпсiздiгi ережелерiн бұзғаны үшiн жауаптылық көздейтiн Қылмыстық кодекстiң 208 және 208-1-статьялары бойынша қосымша квалификацияламай, Қылмыстық кодекстiң жоғарыда аталған статьясы бойынша квалификациялау керек.
Кен жұмыстары жүргiзiлетiн өзге объектiлерде (шахталардан басқа), сондай-ақ құрылыста және халық шаруашылығының басқа да салаларында жарылыс пен өртке қарсы күресу шараларын көздейтiн қауiпсiздiк ережелерiн бұзу туралы iстер бойынша соттар айыптының iс-әрекетiн Қылмыстық кодекстiң 208-статьясы немесе 208-1-статьясы бойынша квалификациялауға тиiс.
5. Қылмыстық кодекстiң 206, 207-статьялары бойынша шахталардың кен, құрылыс жұмыстарының жұмыс жүргiзу қауiпсiздiгiн реттейтiн ережелердi бұзғандық үшiн жауаптылық көздейтінін соттар ескеруi керек. Халық шаруашылығының басқа салаларында еңбек қорғау ережелерiн бұзған жағдайда жауаптылық Қылмыстық кодекстiң 126-статьясы бойынша, не қызмет бабындағы қылмыс үшiн немесе адамға қарсы қылмыс үшiн жауаптылық көздейтiн статьялар бойынша туындайды.
6. Өрт қауіпсiздігі ережелерiн бұзу жеке қылмыс құрамын құрайды және кен (шахталардан басқа), құрылыс жұмыстарының қауіпсiздiк ережелерiн бұзу деген ұғымды қамтымайды. Заңда көзделген зардаптарға әкеп соқтырған осы және басқа бұзушылықтар болған жағдайда, жасалған iс-әрекеттердi Қылмыстық кодекстiң 206 және 208-1-статьяларының жиынтығымен квалификациялауға жатады.
7. Соттарға бұл категориядағы iстердi қараған кезде ауыр зардаптарға әкеп соқтырған себептер мен жағдайларды анықтау, бұл орайда шаруадағы қырсыздық, еңбек пен мемлекеттiк тәртiптi бұзу, қызметкерлердiң өз мiндеттерiне жауапсыз қарау жағдайларына ерекше назар аудара отырып, жеке ұйғарым шығару және оларды iске асыруға қол жеткiзу мiндеттелсiн.
Актуалды iстердi көшпелi сот мәжiлiстерiнде қарау практикаға енгiзiлсiн, көбiнесе бұл iстер жұртшылық өкiлдерiн қатыстыра отырып қаралатын болсын.
8. Осы қаулының қабылдануына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Еңбек қорғау және қауіпсiздiк техникасы ережелерiн бұзушылық туралы iстер жөнiндегi сот практикасы туралы" 1967-жылғы 24-марттағы N 2 қаулысы Пленумының 1967-жылғы 26-октябрьдегі N 10 1968-жылғы 12-июньдегі N 5 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен қоса күшін жойды деп танылсын.