Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. 1993 жылдың 1 қаңтарынан бастап айына кемiнде екi рет көлемiн бес баспа парақтан асырмай бiр кiтапшада қазақ және орыс тiлдерiнде "Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлер жинағын" (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ) шығару орынды деп саналсын.
2. "Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлер жинағында" Президенттiң жарлықтары, қаулылары мен өкiмдерi, Министрлер Кабинетiнiң қаулылары, сондай-ақ мемлекетаралық және үкiметаралық келiсiмдер жарияланады деп белгiленсiн.
Жинаққа енгiзiлген актiлердiң өзiнiң реттiк нөмiрi болады.
3. Жинақты шығару функциясы Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетiнiң Iс басқармасы мен жалпы бөлiмiне, жариялауға жататын материалдарды iрiктеу - Заң бөлiмiне жүктелсiн.
Материалдарды жинақтап-әзiрлеу, басылымның сапасына жауапкершiлiк - "Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлер жинағының" Редакциясына жүктелсiн.
4. Қазақстан Республикасының Байланыс министрлiгi және оның жергiлiктi жерлердегi органдары "Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлер жинағына жылма-жыл жазылуды және жөнелтiп тұруды ұйымдастыратын болсын.
Облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi, республиканың мемлекеттiк комитеттерi, министрлiктерi мен ведомстволары аталған жинақты насихаттау және жазылуды өткiзуге тиiсiнше ықпал етсiн.
5. Қазақстан Республикасының Президентiнiң жарлықтары, қаулылары, өкiмдерi, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулылары, сондай-ақ мемлекетаралық және үкiметаралық келiсiмдер қажет болған жағдайда газеттер мен өзге де баспасөз органдарында жариялануы, теледидар мен радиодан хабарландырылуы, телеграф арқылы, телефакс арқылы берiлуi, тиiстi мемлекеттiк және басқа ұйымдарға жiберiлуi мүмкiн. Мұндай жарияланымдарды iрiктеп алу мен әзiрлеудi Жалпы бөлiм және Қазақстан Республикасының Президентiнiң Баспасөз хатшысының қызметi жүзеге асырады.
Ескерту. 5-тармақ сөздермен толықтырылды - ҚРМК-нiң
1994 ж. 21 шiлдедегi N 825 қаулысымен.
6. Қазақстан Республикасының Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң мемлекеттiк немесе өзге де заң жолымен арнайы қорғалатын құпия болып табылатын мәлiметтерi бар актiлерi жариялауға жатпайды. Мұндай жағдайда құжаттардың түпнұсқа текстерiнде құпиялылығы туралы белгi қойылады және олар тиiстi тәртiп бойынша өзiнiң күшi таратылған ұйымдар мен азаматтарға жеткiзiледi.
Қазақстан Республикасының Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң мұндай актiлерiнiң мазмұнын белгiленген тәртiппен баспасөз басылымдарында баяндап беруге болады.
7. Жариялауға жататын Қазақстан Республикасының Президентiнiң жарлықтарын, қаулылары мен өкiмдерiн, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулыларын, Қазақстан Республикасының Премьер-министрiнiң өкiмдерiн Аппараттың Жалпы бөлiмi мiндеттi түрде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне, Экономика министрлiгiне, Әдiлет министрлiгiне, Қаржы министрлiгiне, статистика және талдау жөнiндегi Мемлекеттiк комитетiне, сондай-ақ республиканың мүдделi министрлiктер мен басқа мемлекеттiк басқару органдарына, ұйымдарға Аппараттың мәселенi әзiрлеген бөлiмiнiң толтырған жөнелтiм көрсеткiшiне сәйкес жiбередi.
8. Қазақ ССР Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы 23 тамыздағы N 488 қаулысының күшi жойылған деп танылсын (ҚазССР, ҚЖ, 1991 жыл, N 20, 137-бап).
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi