Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Экономикалық дауларды шешуге арналған аралық сот туралы
Үлгi ереже бекiтiлсiн.
2. Экономикалық дауларды шешуге арналған аралық сот туралы
Үлгi ереже жарияланған кезiнен бастап күшiне енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң
1993 жылғы 4 мамырдағы
N 356 қаулысымен
Бекiтiлген
Экономикалық дауларды шешуге арналған
аралық сот туралы
Үлгi ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық құқықтарды қорғауды аралық сот жүзеге асыра алады.
2. Аралық сот - шаруашылық ұйымдары арасындағы экономикалық қатынастарды өзара тиiмдi негiзде дамытуға көмектесетiн, тараптардың өз мiндеттемелерiн орындау кепiлдiктерiнiң құқылық құралы.
3. Аралық сот дегенiмiз тараптар өз араларындағы дауларын шешу үшiн сайлайтын сот. Соттың құрамын тараптар анықтайды. Аралық сотқа жүгiну тараптардың келiсiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
4. Аралық сот нақты бiр дауды қарау үшiн немесе тұрақты жұмыс iстейтiн негiзде (әртүрлi ұйымдар, сауда палаталары, тауар және қор биржалары жанында) құрылуы мүмкiн.
5. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотқа жүгiну кезiнде тараптар осы орган мүшелерi немесе басқа адамдар, соның iшiнде осы сот ұсынатын адамдар арасынан төрешi сайлауына болады.
6. Тараптардың арасында пайда болған немесе болашақта пайда болатын дауларды шарттағы немесе контрактiдегi аралық соттың қарауына беретiндiгi туралы тараптардың келiсiмi болса, олар тиiстi төрелiк сотқа жүгiну құқығынан айырылады ("Қазақстан Республикасы төрелiк соттарының шаруашылық дауларын шешу тәртiбi туралы" Заңның 77-бабы, 2-тармақ).
7. Дауды аралық соттың қарауына беру жазбаша келiсiмде көзделiп, жауап берушi осы Ереженiң 14-тармағында көзделген мерзiмде аралық соттың құрамын құрудан жалтарған жағдайда тиiстi тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың төрағасы талап қоюшының өтiнiшi бойынша аралық судьяларының кандидатураларын ұсыну жолымен аралық сот құрамын құруға шара қолданады.
8. Осы Ережеге сәйкес iстi төрелiк жолмен қарауға келiсе отырып, тараптар аралық соттың шешiмiн кiдiрiссiз орындауға мiндеттенедi және тиiстi төрелiк сотқа немесе басқа сот органына кез келген түрде аппеляция беру мен шағым жасау жөнiндегi құқығынан бас тартады.
9. Аралық сот "Қазақстан Республикасының төрелiк соты туралы" және "Қазақстан Республикасы төрелiк соттарының шаруашылық дауларын қарау тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Заңдарына, халықаралық келiсiмдер мен халықаралық шарттарға сәйкес төрелiк соттарға қарасты дауларды шешедi.
10. Тараптардың кем дегенде бiреуi басқа мемлекеттiң аумағында болған кезде, не шетелдiк инвестициямен жұмыс iстейтiн кәсiпорын, ұйым болған кезде, егер тараптардың келiсiмiмен өзгеше көзделмеген болса, осы Ереже қолданылмайды.
11. Осы Ережеде "аралық сот" терминi жеке төрешiнi немесе тараптар ұсынған барлық төрешiлердi қамтиды. Осы Ереже бойынша аралық iс қарайтын барлық төрешiлер (оларды тараптар ұсынған-ұсынбағанына қарамастан) толық тәуелсiз болып, ешкiмге бұрмауға тиiс.
12. Әрбiр төрешi өзiнiң ешкiмге бұрмайтынына және тәуелсiздiгiне күмән туғызатын жағдайлардың жоқ екендiгi туралы декларацияға қол қояды.
2. Аралық сот құру тәртiбi
13. Осы Ережеге сәйкес төрелiк iс қозғағысы келетiн тарап бұл туралы екiншi тарапқа бағалы, тапсырысты хатпен, телекспен және телефакспен хабарлап, төрешiлердiң кандидатураларын атайды.
14. Аралық сотта дауды қарау туралы ұсынысты алған тарап
оны алған күннен бастап он күн мерзiм iшiнде осы ұсыныспен өзiнiң
келiсетiнi туралы жазбаша жауап беруге немесе оны қабылдамайтыны
туралы хабарлауға тиiс.
15. Аралық сот жазбаша келiсiмi болған жағдайда бiр судья
немесе судьялардың кез келген тақ саны құрамында сайланады. Егер
аралық соттың үш немесе одан көп мүшесi болса, олар төраға
сайлайды.
16. Дауды аралық сотта қарау және соттың құрамы туралы
келiсiмге қол жеткен жағдайда төрелiк iс қозғаған тарап аралық
судьялардың бiрiне талап қойылған өтiнiш жолдайды, онда мыналар
көрсетiледi:
талап қойылған өтiнiштiң уақыты мен нөмiрi;
тараптардың атауы, олардың мекен-жайы, есеп айырысу
деректерi;
егер талап бағалануға тиiс болса, талаптың құны;
қойылған талап;
талап қою негiзделген жағдайлар әрi оларды айғақтайтын
жағдайлар, қойылған талаптың негiзделген есебi, талап қою қандай
заңдарға негiзделген;
өтiнiшке қоса берiлiп отырған құжаттар тiзбесi.
17. Талап қойылған өтiнiшке:
тараптардың дауды аралық соттың шешуiне беретiнi туралы
келiсiмнiң бар-жоғын;
қойылған талаптарды;
талап қойылған өтiнiш көшiрмесiнiң төрелiк процеске
қатысушыларға жiберiлгендiгiнiң дәлелдерiн айғақтайтын құжаттар
қоса тiркеледi.
18. Жауап берушiлер аралық сот пен талап қоюшыға қойылған
талаптарды қабылдамауының себептерi туралы түсiнiк және өз
қарсылығын негiздеу үшiн сiлтеме құжаттарды беруге мiндеттi.
19. Аралық сот талап қойылған өтiнiштi алған уақыт төрелiк
iс қарау басталған уақыт деп саналады.
20. Белгiленген тәртiппен аралық сотқа талап қою өткен
талап мерзiмiн доғарады.
3. Аралық соттың дауларды қарау тәртiбi
21. Тараптар аралық сотта iс қарау тәртiбiн дербес белгiлеуге
құқылы.
22. Тараптар келiскен немесе осы Ережеде айтылатын процедура ережелерi болмаған жағдайда аралық сот даудың әдiл, тез, үнемдi әрi түпкiлiктi шешiлуiн қамтамасыз ету үшiн қолдануға болатын заң шегiнде жұмыс iстеуге құқылы.
23. Даулар тараптардың бiрiнiң тұрған жерi бойынша немесе аралық соттың ұйғарымымен ол iс мүддесiн көздей отырып, дауды қарау дұрыс деп тапқан басқа жерде қаралады.
24. Аралық сот талап қойылған өтiнiштi қабылдай отырып тараптарға ол бойынша iс қозғалғаны туралы, оны қарайтын күнi, сағаты және орыны туралы хабарлайды.
25. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаған болса, аралық соттың барлық мәжiлiстерi мен тыңдаулары жабық өткiзiледi.
26. Егер тараптар iстi тек қана құжаттар негiзiнде қарауға уағдаласпаған болса, аралық сот кез келген тарапты тыңдай алады.
27. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаған болса, төрелiк iс-қарау төрелiк келiсiмi бар құжат толтырылған тiлде жүргiзiледi.
28. Аралық сотта кез келген тараптың атынан практик заңгерлер немесе тиiстi өкiлеттiгi болған жағдайда басқа да кез келген өкiлдер қатысуы мүмкiн.
29. Дауға қатысушы тараптар iс материалдарымен танысуға, айғақтар беруге, өтiнiштер жасауға, төрелiк процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, аралық сотқа ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге, төрелiк процесс барысында пайда болған барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерiн келтiруге, мәлiмдемелер мен дәлелдерге қарсылық бiлдiруге құқылы.
30. Аралық сот экономикалық дауларды шешкен кезде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарын, қаулылары мен өкiмдерiн және Министрлер Кабинетiнiң қаулылары мен шешiмдерiн, дауға қатысты басқа да нормативтiк құжаттарды басшылыққа алады.
31. Бiрнеше төрешi болып, олар белгiлi бiр мәселе бойынша келiсiмге келе алмаса, шешiм көпшiлiк дауыспен қабылданады.
32. Аралық соттың шешiмi жазбаша түрде баяндалады, онда:
шешiм қабылданған уақыт, аралық соттың құрамы, дау қаралған орын мен уақыт;
дауға қатысушылардың атауы, олардың өкiлдерiнiң фамилиялары мен лауазымдары;
даудың мәнi, дауды қарауға қатысқан адамдардың арыздары мен түсiнiктерi;
iстiң сот анықтаған жағдайлары, шешiм қабылдауға негiз болған
айғақтар, шешiм қабылдаған кезде сот басшылыққа алған заңдар;
қабылданған шешiмнiң мазмұны, төленетiн ақы сомасын және iстi
қарауға байланысты басқа да шығындарды бөлу;
қабылданған шешiмдi орындау мерзiмi мен тәртiбi көрсетiлуге
тиiс.
33. Шешiм сот мәжiлiсiнде хабарланып, төрелiк шығындар бес
күн мерзiмде төленетiн жағдайда куәландырылған көшiрмелер
түрiнде тараптарға жiберiледi.
34. Аралық сот он күн iшiнде кез келген тараптың өтiнiшi
бойынша немесе өз ықтияры бойынша есептерде жiберiлген кез келген
қатенi, жаңылыс жазылған немесе жаңылыс басылған жерлердi, не осы
сияқты басқа қатенi түзетуге құқылы.
4. Аралық соттың шешiмiн орындау
35. Аралық соттың шешiмi ерiктi түрде және шешiмде белгiленген тәртiп пен мерзiмде орындалады. Егер шешiмде орындалу мерзiмi көрсетiлмеген болса, онда дереу орындалуға тиiс.
36. Аралық сот қараған iс шешiм шығарылғаннан кейiн бес күн мерзiмi iшiнде шаруашылық даулардың қай салаға жататыны ескерiле отырып, тиiстi төрелiк сотқа сақтау үшiн тапсырылады.
Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта қаралған iс осы аралық сотта сақталады.
37. Жауап берушi шешiмдi аралық сот белгiлеген мерзiмде орындамаған жағдайда талап қоюшы осы iс сақтауында жатқан төрелiк сотқа немесе тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотқа шешiмдi лажсыз орындату жөнiнде бұйрық беру туралы өтiнiш жасауға құқылы.
38. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот өтiнiштi алған кезден бастап бес күн мерзiмде оны бұйрық беруге құқылы төрелiк сотқа жiбередi.
39. Арыз аралық сот шешiмiн орындау мерзiмi аяқталған кезден бастап бiр ай iшiнде берiлуi мүмкiн.
40. Арызға аралық сот шешiмiнiң орындалмағанын растайтын құжаттар мен мемлекеттiк баж алымын төлеу айғақтары қоса тiркеледi.
41. Белгiленген мерзiмдi бұзып, не қажеттi құжаттар тiркелмей берiлген арыздарды төрелiк сот қарамай қайтарады.
42. Арызды қарау нәтижелерi бойынша бұйрық беру туралы, не бұйрықты беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарылады.
43. Төрелiк сот аралық соттың шешiмiн орындауға бұйрық беруден:
тараптар дауды аралық сотта қарауға келiспеген;
аралық соттың құрамы немесе дауды қарау процедурасы тараптардың дауды аралық сотта қарау туралы келiсiмiне сай келмеген;
аралық соттың шешiмi қарсы қабылданған тарап аралық сотта iс қарау күнi туралы тиiсiнше хабар алмаған немесе басқадай себептер бойынша өз түсiнiгiн бере алмаған жағдайда бас тартуға құқылы.
44. Егер аралық соттың лажсыз мәжбүрлеп орындатуға бұйрық беру туралы арызды қарау кезiнде шешiм заңдарға сәйкес келмейтiндiгi анықталса, төрелiк сот шешiм қабылдаған аралық сотқа iстi жаңадан қарау үшiн жiбередi.
45. Iстi сол аралық сотта қарау мүмкiн болмаған кезде iстiң сотта қарауға жататындығына белгiлi болуына қарай талап төрелiк сотқа қойылуы мүмкiн.
5. Қорытынды ережелер
46. Аралық сот немесе аралық судьялар осы Ережеге сәйкес жүргiзiлген кез келген төрелiк iс қарауға байланысты әдейi әрi қасақана құқық бұзғаны үшiн жауапты болатын жағдайлардан басқа уақытта қандай да бiр әрекеттер мен кемшiлiктер үшiн кез келген тараптың алдында жауапты болмайды.
47. Төрелiк iс қарауға қатысып, осы Ереже талаптарының бұзылуына дереу қарсылық бiлдiрмеген тарап қарсылық беру құқығынан бас тартқан тарап деп саналады.
48. Осы Ережеге кiрмеген барлық мәселелер бойынша аралық сот заңның және осы Ереженiң рухына сай жұмыс iстейдi және өзiнiң шешiмi заң жүзiнде орындалатын болуы үшiн ақылға сыйымды күш-жiгердiң бәрiн жұмсайды.