Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтiк
Республикасы арасындағы Экономика, өнеркәсiп, ғылым және техника
саласында кең ауқымды ынтымақтастықты дамыту туралы Бонн
қаласында 1992 жылғы 22 қыркүйекте қол қойылған Шарт бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi
аталған Шарттың бекiтiлген туралы герман жағын хабардар етсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы мен Германия
Федеративтiк Республикасы арасында экономика,
өнеркәсiп, ғылым мен техника саласындағы кең
ауқымды ынтымақтастықты дамыту туралы
ШАРТ
(1994 жылғы 11 қаңтарда күшіне енді - ҚР халықаралық
шарттары бюллетені, 2002 ж., N 9, 59-құжат)
Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтiк Республикасы, бұдан
былай "Уағдаласушы Тараптар" деп аталады,
1975 жылғы 1 тамыздағы Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық жөнiндегi Кеңестiң Қорытынды актiсiнiң, 1990 жылғы 21 қарашадағы жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясының, сондай-ақ Еуропа елдерi қауiпсiздiк Кеңесiнiң /ЕЕХҚ/ басқа да құжаттарының принциптерi мен қағидаларын басшылыққа ала отырып,
1990 жылғы 3 қазанда бiртұтас Германия құрылғаннан және 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк егемендiгi жарияланғаннан бергi жерде өзара қарым-қатынастарды халықаралық-құқықтық негiзде құруға және оларды 1992 жылғы 22 қыркүйектегi Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтiк Республикасы арасындағы қатынастардың негiздерi туралы Бiрлескен мәлiмдемеге сәйкес кеңiнен дамытуға деген бекем ниетпен,
Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтiк Республикасы арасында экономика, өнеркәсiп, ғылым мен техника саласындағы кең ауқымды ынтымақтастық екi мемлекеттiң де халықтарының әл-ауқатын жақсартуға жәрдемдесетiнiне кәмiл сенiп,
Қазақстан Республикасының нарықтық экономикаға өтудi жүзеге асыруға деген ұмтылысын ескерiп,
немiс тектi қазақстандық азаматтар да екi мемлекет арасында бiр-бiрiне сенiм негiзiнде экономикалық қатынастарды жолға қою iсiне маңызды үлес қосып отырғанын сезiнiп, төмендегiлер жөнiнде уағдаласты:
1-бап
Уағдаласушы Тараптар теңдiк, алаламау және өзара тиiмдiлiк принциптерiн басшылыққа ала отырып, экономика, өнеркәсiп, ғылым мен техника саласында екi жақты қатынастарды ұдайы тереңдету мен жан-жақты ету жөнiнде күш-жiгерiн жұмсайтын болады.
2-бап
Уағдаласушы Тараптар тиiстi ұлттық заңдар негiзiнде және ұлттық әрi халықаралық мiндеттемелерге сәйкес тиiстi шаралар қолдану жолымен екi мемлекеттiң кәсiпорындары мен ұйымдары арасындағы сауда-саттыққа және ынтымақтастыққа жәрдемдесетiн болады.
Осыған орай қаржыландыру мен орташа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi несиелер беру мәселелерiнiң маңызын ескерiп, олар аталған мақсатта тиiстi ұлттық және халықаралық құқықтық ұйғарымдар мен ережелердi ұстана отырып, экспорттың несиелер үшiн мүмкiндiгiнше қолайлы шарттар мен кепiлдiктер беретiн болады. Бұл ретте Уағдаласушы Тараптар экспорттық кепiлдiктер мен тиiстi екiншi Уағдаласушы Жақтың экономикалық және қаржылық потенциалы арасындағы өзара байланысты ескерiп отырады.
Уағдаласушы Тараптар екi мемлекеттiң кәсiпорындары мен ұйымдары арасындағы бөгетсiз байланыстарды қамтамасыз ету үшiн құқықтық әрi материалдық алғышарттарды жасайтын болады.
Бұл мақсатты жүзеге асыруда немiс экономикасы өкiлiнiң Бюросы маңызды рөл атқаратын болады. Қазақстан Республикасы бұл Бюросының қызметiне жәрдем көрсетуге әзiр екенiн мәлiмдейдi.
3-бап
Уағдаласушы Тараптар дәлме-дәл әрi өзектi экономикалық және iскерлiк ақпараттың маңызын сезiнедi. Сондықтан да олар екi мемлекет арасындағы экономикалық қатынастарды кеңейту үшiн екiжақты экономикалық айырбасқа қатысушы - кәсiпорындар мен өзге де ұйымдарға қажеттi ақпарат берудi қамтамасыз ету жолында ынтымақтастық жасайтын болады. Екi мемлекет арасындағы экономикалық қатынастарды тереңдету үшiн дұрыс әрi салыстырмалы статистикалық деректердiң маңызын ескере келiп, Уағдаласушы Тараптар Германия Федеративтiк Республикасының Федералдық статистикалық ведомствосы мен Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi арасындағы тығыз ынтымақтастықты қолдайды.
4-бап
Уағдаласушы Тараптар екi мемлекеттiң кәсiпорындары мен ұйымдары арасындағы iскерлiк қатынастарға кедергiлердi ысырып тастауға немесе бiрте-бiрте жоюға өздерiнiң әзiр екенiн мәлiмдейдi. Нормалардағы айырмашылықтардың салдарынан осындай кедергiлердiң тууын болдырмау үшiн олар құзырлы органдардың бұл салада тығыз ынтымақтасуына жақтаушылық бiлдiредi. Мұндай ынтымақтастықтың егжей-тегжейi жеке уағдаластықтарда реттелетiн болады.
5-бап
Қазақстан Республикасы немiс кәсiпорындары мен ұйымдарына өткiзу нарқына кiру үшiн үшiншi елдердiң кәсiпорындары мен ұйымдарына берiлетiндей тең құқықтар беруге әзiр екенiн мәлiмдейдi. Германия Федеративтiк Республикасы Еуропа Қауымдастығы шеңберiнде қазақ кәсiпорындары мен ұйымдарына өткiзу нарқына кiрудiң мүмкiндiгiнше неғұрлым кең құқықтар берiлуi үшiн атсалысады. Ол сонымен бiрге Еуропа Қауымдастығының Қазақстан Республикасына салыстырмалы халықаралық мәртебесi деңгейiнде басқа елдерге берiлетiндей жеңiлдiктер берiлуiн жақтайды.
6-бап
Уағдаласушы Тараптар мемлекеттердiң әрқайсысында қолданылып жүрген заңдарға сәйкес фирмалар мен ұйымдардың филиалдарын құруға жәрдемдесу үшiн өздерiнiң әзiр екенiн мәлiмдейдi. Бұл орайда олар филиалдардың орындарын ерiктi түрде таңдау принципiн басшылыққа алады. Екi мемлекеттiң фирмалары мен ұйымдарына қолданылып жүрген халықаралық мiндеттемелер шеңберiнде үшiншi елдердiң фирмалары мен ұйымдарына қарағанда қолайлылығы кем емес режим берiлуге тиiс. Бұл ереже бiрдей деңгейде тиiстi мемлекеттiң қолданылып жүрген заңдары шеңберiнде мамандар мен басшыларды еңбекке орналастыру мен олардың жұмыспен қамтылуы жөнiнде де қолданылады.
Уағдаласушы Тараптар ұлттық заңдар шеңберiнде және халықаралық сауда практикасына сәйкес тиiсiнше екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында орналасқан фирмалар мен ұйымдардың филиалдарына филиалдың ағымдағы жұмысы үшiн қажеттi жабдықтар мен материалдарды әкелуге рұқсат етедi.
Уағдаласушы Тараптар тиiсiнше екiншi мемлекетте коммерциялық мақсаттармен уақытша жүрген, өз фирмалары жөнiнде айрықша бiлiмдi басшы қызметкерлер немесе мамандар, немесе жоғары яки салыстырмалы бiлiмi бар мамандар болып табылатын азаматтарға, сондай-ақ олардың жақын туыстарына тиiстi аумақ бойынша жүрiп-тұру мәселелерiнде, сол сияқты мемлекеттердiң әрқайсысында қолданылып жүрген заңдар мен мемлекетаралық уағдаластықтарға сәйкес сол елде болуға әрi жұмыс iстеуге, iскерлiк немесе осыған байланысты қызмет атқаруға қажеттi өзге де шарттарды орындауға рұқсат беру мәселелерiнде қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететiн болады.
Уағдаласушы Тараптар қолданылып жүрген заңдар мен мемлекетаралық уағдаластықтар ережелерiнiң негiзiнде еңбекақы табу мақсатымен тиiсiнше екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағына келушi азаматтардың болуына және қызмет iстеуiне барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мәселелерiнде де тең деңгейде ынтымақтастық жасайтын болады.
7-бап
Экономикалық ынтымақтастық нысандарын ерiктi түрде таңдап алу, бiрлескен, сондай-ақ дербес өндiрiстi қосқанда, мамандандыру, қосалқы мердiгерлiк, лицензиялық келiсiмдер, бiрлескен және дербес кәсiпорындар және қолданылып жүрген заңдарға сәйкес тиiсiнше жүзеге асырылатын күрделi қаржы жұмсаудың басқа да нысандары екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында ешқандай шектелуге жатпайды.
8-бап
Уағдаласушы Тараптар өзара тауар айналымын жан-жақты ету және оны сапа жағынан жетiлдiру мақсатымен сауда жасауға жәрдемдесу үшiн өз мүмкiндiктерi шеңберiнде лайықты шаралар қолданатын болады. Бұған жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысуға жәрдемдесу, семинарлар өткiзу, сондай-ақ өзара сауда жасасуға септiгiн тигiзетiн өзге де байланыстар жатады.
9-бап
Уағдаласушы Тараптар энергия көздерi мен шикiзат материалдарын барлау, өндiру және бөлу iсiнде өзара бiрлесiп iс-қимыл жасау өзара тиiмдi ынтымақтастық үшiн айрықша тәуiр перспективалар ашатыны жайында келiстi. Сондықтан, олар екi мемлекеттiң кәсiпорындары мен ұйымдарының тиiстi қызметiн де мүмкiндiктерi шеңберiнде қолдайды және кеңейтедi.
10-бап
Уағдаласушы Тараптар ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiруде, сақтауда,
ұқсатуда және бөлуде ынтымақтастық жасауға айрықша назар аударуға келiстi.
Осы мақсатпен олар өз мүмкiндiктерi шеңберiнде екi мемлекеттiң
кәсiпорындары мен ұйымдарының тиiстi қызметiн, атап айтқанда,
ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiруге, тасымалдауға және ұқсатуға арналған
машиналар мен жабдықтарды жасау саласындағы қызметiн қолдайтын және
көтермелейтiн болады.
11-бап
Уағдаласушы Тараптар екi мемлекеттiң кәсiпорындары мен ұйымдардың:
- машина жасау,
- автомобиль жасау,
- электротехника,
- химия және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық қолдау және
көтермелеу жайында келiстi.
Аталған тiзбе осымен тәмамдалмайды. Өзара мүдделi болып табылатын, ең
әуелi, орташа және шағын кәсiпорындардың қатысуымен, экономиканың барлық
салаларында ынтымақтастық жүзеге асырылатын болады.
12-бап
Уағдаласушы Тараптар шаруашылық инфрақұрылымының, атап айтқанда, көлiк пен осы заманғы байланыс жүйелерiн жасап, кеңейту саласының жобалары бойынша ынтымақтастық туралы уағдаласты.
13-бап
Уағдаласушы Тараптар қазақ экономикасын қайта құруға бағытталған күш-жiгердiң табысты болуы үшiн әскери өндiрiстi азаматтық өнiмдер шығаруға /конверсия/ көшiрудiң өзектi мәнi бар екенiне келiстi. Сондықтан олар бұл салада тығыз ынтымақтасу жайында уағдаласты және өз мүмкiндiктерi шеңберiнде тиiстi жобаларды қолдайтын болады. Қазақстан Республикасы қолданылып жүрген заңдарға сәйкес мүдделi немiс кәсiпорындарына өз қажеттерiне талдау жасау үшiн - мұның өзi конверсия жобаларын жасау үшiн алғы шарт болып табылады - тиiстi өндiрiстерге жол ашуды қамтамасыз етуге қажеттi шаралардың бәрiн қолдануға әзiр екенiн мәлiмдейдi.
14-бап
Уағдаласушы Тараптар бұл елде iс-қимыл жасайтын ұйымдар шеңберiнде шикiзат материалдары мен энергия көздерiн тиiмдi, экологиялық жағынан қауiпсiз пайдалану саласындағы ынтымақтастықты тереңдете түседi.
Олар өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты экологиялық мониторинг, технологиялық қауiп пен апаттан сақтандыру, улы және қауiптi қалдықтарды өңдеу мен бiржола көму, ауа мен су ресурстарының ластануына жол бермеу және оны азайту сияқты салаларда қолдануға әзiр екенiн мәлiмдейдi.
15-бап
Уағдаласушы Тараптар, өз мүмкiндiктерi шеңберiнде, ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа жәрдемдесетiн болады. Осы мақсатпен олар ғылыми-техникалық проблемаларды шешу және бiрлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру үшiн екi мемлекеттiң ғалымдары, мамандары, ғылыми ұйымдары мен кәсiпорындары арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықты қолдайды.
Мұндай ынтымақтастықтың нақтылы мазмұны екi мемлекеттiң мүдделi ұйымдары арасындағы жеке уағдаластықтармен белгiленетiн болады.
16-бап
Уағдаласушы Тараптар экономикалық, өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастық үшiн интеллектуалдық меншiк құқықтарын тиiмдi қорғау iсiнiң шешушi маңызы бар екенiн мойындайды. Бұл салада, оған, атап айтқанда, авторлық құқықтар, патенттер, пайдалы модельдер, өнеркәсiп үлгiлерi мен модельдерi, тауар белгiлерi, тауар атаулары, өндiрiстiк және коммерциялық құпиялар, технология, "ноу-хау" және "гудвил" кiредi, олар интеллектуалдық меншiктi қорғау үшiн олардың аумағында қолданылатын құқылық ұйғарымдар мен рәсiмдер туралы ақпарат алмасудың көмегiмен ынтымақтасуға өздерiнiң әзiр екендiгiн мәлiмдейдi.
17-бап
Уағдаласушы Тараптар тиiстi аумақта күрделi қаржы жұмсауды көтермелеу мен оны өзара қорғау экономикалық ынтымақтастықтың табысты болуының және екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағынан күрделi қаржы тартудың маңызды алғышарты болып табылады деген өз пайымдауын қуаттайды.
Егжей-тегжейi Уағдаласушы Тараптар арасында күрделi қаржы жұмсауды көтермелеу мен өзара қорғау туралы Шартпен реттелетiн болады.
18-бап
Уағдаласушы Тараптар Қазақстандағы немiс тектi азаматтар екi мемлекет арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту iсiнде дәнекерлiк қызмет атқаратынын мойындай отырып, олардың екiжақты экономикалық әрi iскерлiк қатынастарға қатысуына жәрдемдесуге уағдаласты. 1992 жылғы 22 қыркүйектегi Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтiк Республикасы арасындағы қатынастардың негiздерi туралы Бiрлескен мәлiмдемеге сәйкес Қазақстан Республикасы қазақстандық немiс тектi азаматтардың Қазақстанда тұрғын-жайларын сақтау үшiн экономикалық алғышарттар жасауға ұмтылатын болады, сондай-ақ Германия Федеративтiк Республикасының осы ұлтқа көмек беру жөнiндегi, атап айтқанда, орташа және шағын кәсiпкерлiк саласындағы бағдарламаларының жүзеге асырылуына мүмкiндiк туғызады және қолдайды.
19-бап
Германия Федеративтiк Республикасы Қазақстан Республикасында нарықтық экономиканы құруды қолдауға өзiнiң әзiр екенiн мәлiмдейдi.
Халықаралық ұйымдардың жәрдемдесу жөнiнде жүзеге асырып отырған шараларына қосымша ретiнде ол консультациялық және техникалық көмек берудi ұсынады. Ол, атап айтқанда, Германия Федеративтiк Республикасының жаңа Федералдық жерлерiнде жоспарлы шаруашылықтан нарықтық экономикаға өту барысында жинақталған тәжiрибенi Қазақстан Республикасына беруге әзiр.
Уағдаласушы Тараптар Қазақстан Республикасында нарықтық құрылымдарды қалыптастыруда, сондай-ақ тиiстi қажеттерге қарай, атап айтқанда, нарық заңдарын әзiрлеу кезiнде консультациялық қолдау көрсету iсiнде тығыз ынтымақтасуға уағдаласты. Германия Федеративтiк Республикасы сол сияқты әлеуметтiк қамтамасыз ету жүйесiн құру iсiнде де консультациялық қолдау көрсетуге әзiр.
Уағдаласушы Тараптар консультациялық қолдау басымдылығы бар мынадай негiзгi бағыттарда:
- кәсiпорындарды жекешелендiру мен монополиясыздандыруға;
- орташа және шағын кәсiпкерлiк құрылымдарды құруға;
- қаржылық қызмет көрсету жөнiндегi жүйенi құруға шоғырландырылуы тиiс деген ортақ пiкiрге келдi.
Қазақстан Республикасындағы немiс сарапшыларының консультациялық қызметiнiң шарттары жеке үкiметаралық келiсiммен реттелетiн болады.
20-бап
Уағдаласушы Тараптар нарықтық реформаларды жүргiзу барысында экономика басшылары мен мамандарын кәсiптiк даярлау, олардың бiлiктiлiгiн арттырудың басымдылығы бар екенiне келiсiп, бұл салада тығыз ынтымақтасуға уағдаласты. Германия Федеративтiк Республикасы жәрдемдесу жөнiндегi қазiргi бағдарламаларды Қазақстан Республикасына таратуға және, мүмкiндiгiнше, оларды кеңейтуге өзiнiң әзiр екенiн мәлiмдейдi.
Уағдаласушы Тараптар кәсiптiк даярлау саласында өз ынтымақтастығын тереңдетуге өз кәсiпорындары мен ұйымдарын ынталандыратын болады.
21-бап
Уағдаласушы Тараптар өзiн-өзi басқаратын экономикалық одақтар, қауымдастықтар, экономиканы басқару жөнiндегi басқа да мемлекеттiк емес құрылымдар нарықтық құрылымның берiк құрамдас бөлігi болып табылатынына бiрдей көзқараста. Германия Федеративтiк Республикасы өзiнiң мүмкiндiгi шеңберiнде, Қазақстан Республикасының жоғарыда аталған құрылымдарды, атап айтқанда, сауда-өнеркәсiп палаталарының жүйесiн құруға бағытталған күш-жiгерiн қолдауға және ынталандыруға өзiнiң әзiр екенiн мәлiмдейдi.
22-бап
Уағдаласушы Тараптар экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi қазақ-герман Кеңесi екi мемлекеттiң шаруашылық жағынан кооперациялануы үшiн ұйымдық негiз болып табылады деген ортақ пiкiрдi ұстанады. Экономикалық ынтымақтастық Кеңесiнiң мiндетi екi мемлекеттiң экономикалық қарым-қатынастарына, олардың кәсiпорындары арасындағы iскерлiк байланыстарға серпiн беру және Қазақстан Республикасындағы нарықтық реформалар барысына жәрдемдесу мақсатымен Уағдаласушы Тараптардың ынтымақтастығы саласында басымдылықты анықтау болып табылады.
Экономикалық ынтымақтастық Кеңесi өз мәжiлiстерiн мүмкiндiгiне қарай жылына екi рет, екi Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағында кезекпен өткiзедi. Мәжiлiстер Қазақстан Республикасы Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мен Германия Федеративтiк Республикасының Экономика жөнiндегi федералдық министрлiгiнiң басшы өкiлдерiнiң бiрлесiп төрағалық етуiмен өткiзiлетiн болады.
Экономикалық ынтымақтастық Кеңесiнiң жеке мәжiлiстерiнiң күн тәртiбi Уағдаласушы Тараптар арасында әрбiр ретте алдын-ала келiсу арқылы анықталады. Бұл орайда Уағдаласушы Тараптар тақырып икемдiлiгi мен мәжiлiстер бағдарламасының тиiмдi болу талаптарын басшылыққа алады.
Экономикалық ынтымақтастық Кеңесi екi елдiң кәсiпорындары арасындағы ынтымақтастыққа баса назар аударады. Сондықтан бiрлескен мәжiлiстерге екi мемлекеттiң кәсiпорындарының басшылары мен экономика саласындағы басқа да жауапты өкiлдерi қатысады. Бұған қоса, нарықтық экономика саласындағы консультация жөнiнде бiр жұмыс тобы болады, оның мәжiлiстерi, негiзiнен алғанда, Уағдаласушы Тараптардың Yкiметтерi өкiлдерiнiң басқаруымен өткiзiледi.
Уағдаласушы Тараптар экономикалық ынтымақтастық Кеңесiнiң мәжiлiсi әрбiр жағдайда экономикалық саясат мәселелерi жөнiндегi пiкiр алысуға пайдаланылуға тиiс деген ортақ пiкiрге келедi.
23-бап
Уағдаласушы Тараптар Қазақстан Республикасы, мүмкiндiгiнше тез арада, бүкiл дүниежүзiлiк экономиканың еңбек бөлiсу жүйесiне, сондай-ақ халықаралық саудаға қосылса жөн болар едi деген пiкiрге келiседi. Германия Федеративтiк Республикасы Қазақстан Республикасының тиiстi талпынысын қолдауға келiстi.
Уағдаласушы Тараптар өздерi мүше болып табылатын немесе мүше болуға әзiрленiп жүрген барлық халықаралық ұйымдар мен мекемелермен тығыз ынтымақтастық туралы келiсiмге қол жеткiздi.
24-бап
Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың Yкiметтерi оның күшiне енуi үшiн қажеттi iшкi мемлекеттiк рәсiмдердiң орындалуы туралы бiр-бiрiне ноталар тапсырған күнi күшiне енедi. Соңғы нотаның келiп түскен күнi Шарттың күшiне енген уақыты болып есептеледi.
25-бап
Осы Шарт он жыл мерзiмге жасалады. Содан соң, егер Уағдаласушы Тараптардың бiреуi оның iшiнде қалу мерзiмi бiткенге дейiн кемiнде алты ай бұрын оны бекерге шығару туралы жазбаша нысанда мәлiмдемесе өзiнен өзi бес жылға ұзартылып отырады.
26-бап
Осы Шарт күшiне енген күннен бастап Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтiк Республикасы арасындағы қарым-қатынастарда Кеңестiк Социалистiк Республикалар Одағы мен Германия Федеративтiк Республикасы арасында экономика, өнеркәсiп, ғылым мен техника саласында кең ауқымды
ынтымақтастықты дамыту туралы 1990 жылғы 9 қарашада жасалған Шарт өз күшiн
жояды.
Бонн қаласында 1992 жылғы 22 қыркүйекте екi түпнұсқа дана болып,
әрқайсысы қазақ, немiс және орыс тiлдерiнде жасалды, әрi барлық текстердiң
күшi бiрдей.
Шарттың қазақша және немiсше текстерiн түсiндiруде алшақтық туа
қалса, онда орыс тiлiндегi текстке басымдылық берiледi.
(Қолдары)
Мамандар:
Қасымбеков Б.А.
Багарова Ж.А.