1. Зиян шегушi мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын санациялау және тарату тетiгi туралы уақытша Ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi жанындағы құрамына Қазақстан Республикасы Экономика министрлiгi, Қаржы министрлiгiнiң, Еңбек министрлiгiнiң, Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң, Әдiлет министрлiгiнiң, Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң басқа да министрлiктер мен ведомстволардың, мемлекеттiк акционерлiк және холдинг компаниялардың өкiлдерiн енгiзе отырып зиян шегушi мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын санациялау және тарату жөнiндегi Республикалық ведомствоаралық комиссия құрылсын. <*>
Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi аталған Комиссияның жеке құрамы туралы Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсыныс енгiзсiн.
Ескерту. 2-тармақтың iшiнде сөздер түзетiлген - ҚРМК-нiң
1995 ж. 11 қаңтардағы N 36 қаулысына сәйкес.
3. Зиян шегушi мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын санациялау және тарату жөнiндегi Республикалық ведомствоаралық комиссия туралы Ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
4. Зиян шегушi мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын санациялау және тарату жөнiндегi Республикалық ведомствоаралық комиссия жұмысына тәуелсiз сарапшылар мен мамандарды тарту жөнiндегi шығындар Қазақстан Республикасының мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң 1993-1995 жылдарға арналған (II кезең) Ұлттық бағдарламасын iске асыруға көзделген республикалық бюджеттегi қаржы есебiнен жүзеге асырылады деп белгiленсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң
1994 жылғы 15 тамыздағы
N 908 қаулысымен
Бекiтiлген
Зиян шегушi мемлекеттiк ауыл шаруашылығы
кәсiпорындарын санациялау және тарату тетiгi туралы
Уақытша ереже
I. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1994 жылдың 2 маусымындағы N 1720 өкiмiн орындау үшiн "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес жасалады және мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының ерекшелiктерiн ескере отырып, дәрменсiз осы кәсiпорындарды қаржы-экономикалық жағынан сауықтыру (санациялау) және тарату тәртiбi мен шартын анықтайды.
2. Ереже дәрменсiз мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын санациялаудың орындылығы туралы шешiм қабылдаудың жалпы тәртiбiн, санациялау бағдарламаларын таңдау тендерiн өткiзудi ұйымдастыру тәртiбiн осы бағдарламаларды жүзеге асыру және санациялау қорытындысын шығару тәртiбi мен шартын, сондай-ақ оларды тарату процедурасын белгiлейдi.
3. Ережеде төмендегiдей ұғымдар пайдаланылады:
санация - шаруашылық жүргiзушi субъектiнi таратуды болдырмау немесе бәсекелестiк қабiлеттiлiгiн арттыру мақсатымен оны қайта құруды және экономикалық әрi қаржы жағдайын сауықтыруға бағытталған басқа да шараларды қамтитын шаралар жиынтығы;
дәрменсiз мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорыны - кiрiссiз жұмыс iстейтiн және несие берушi мен бюджет алдындағы өз мiндеттерiн орындауға қабiлетсiз мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорны (мұнан әрi - мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорны);
санациялау бағдарламасы - құзырлы орган бекiткен кәсiпорында таратуды болдырмау немесе бәсекелестiк қабiлеттiлiгiн арттыру мақсатында оның қаржы-экономикалық жағдайын сауықтыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға бағытталған бағдарлама.
Зиян шегушi мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын санациялау және тарату жөнiндегi Республикалық ведомствоаралық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) - санациялау орындылығы туралы iстi қарау, санациялау бағдарламасын қабылдау және оның қорытындысын шығару үшiн құрылған мемлекеттiк орган;
тендер - шетел инвесторларының қатысуымен өтетiн техникалық және коммерциялық шарттарды қамтиды мемлекеттiк сауда-саттық түрi.
II. Дәрменсiздiк белгiлерi
4. Мынадай мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындары дәрменсiз деп есептеледi:
соңғы үш жыл бойы шығынмен жұмыс iстеген;
республика заңдарымен белгiленген мерзiмде бюджетке және бюджеттен тыс қорларға салық төлеу және қаражат бөлу жөнiндегi өз мiндеттемелерiн орындамайтын;
өзiне мүлiктiк талаптар қойған заңды ұйымдар мен жеке адамдардың барлық талаптары жиынтығын шартпен белгiленген мерзiмде орындауды қамтамасыз етпейтiн;
өз мүлкiнiң құнынан асып түсетiн сомада борыштық қолхаты барлар. Борыштық қолхаттардың сомасы мен мүлiктiң құны Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленген тәртiпте анықталады.
5. Дәрменсiз болып табылатын мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарына арнаулы санация процедуралары қолданылады.
III. Санациялау туралы шешiмдi қарау
тәртiбi мен қабылдау шарты
6. Мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнын санациялау туралы iстi қарау үшiн қарызды азаматтық дауларды шешетiн әдеттегi тәртiпте алудың мүмкiн еместiгi туралы салық және қаржы органдарының, банктердiң, несие берушiлердiң арызы, сондай-ақ борышкер - кәсiпорынның өзiнiң арызы негiз болып табылады, олар Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлiгiне жiберiледi.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi жоғарыда аталған органдар мен адамдардан арызды алған сәттен бастап бiр апталық мерзiмде мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнынан төмендегi құжаттарды талап етедi:
пошталық мекен-жайы, есеп шоты және қызмет ететiн банктiң атауы көрсетiлген реквизиттердi;
мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнының дәрменсiздiгi туралы арыз түскен айдың бiрiншi күнiне дейiнгi бухгалтерлiк балансты;
мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнынан несие берушiлердiң толық тiзiмiн;
мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнына борышкерлердiң толық тiзiмiн;
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң қалауы бойынша дәрменсiз мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнының экономикалық, қаржы және мүлiктiк жағдайы туралы басқа да қажеттi ақпараттарды.
7. Ауыл шаруашылығы министрлiгi мемлекеттiк ауыл шаруашылығы тапсырған материалдарды зерттеп, екi апталық мерзiмде өз ұсыныстарын кәсiпорынды санациялау немесе тарату жөнiндегi Комиссияға жiбередi.
8. Комиссия бiр апталық мерзiмде алдын ала сараптау өткiзiп, төмендегi шешiмдердiң бiрiн қабылдайды;
санациялау мерзiмiн нақты белгiлей отырып несие берушiнiң жазбаша келiсiмiмен дәрменсiз мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнына қатысты санациялау жүргiзудiң орындылығы туралы;
шамасыз мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнына қатысты санация жүргiзудiң орынсыздығы туралы. Бұл жағдайда материалдар тиiстi шешiм қабылдау үшiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне тапсырылады.
Комиссия қабылдаған шешiмге сот арқылы шағым беруге болады. Шағым беру осы Ережемен белгiленген процедураларды орындауды тоқтатпайды.
Дәрменсiз мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнын санациялау туралы шешiм мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнының қаржысы есебiнен баспасөзде мiндеттi түрде жарияланады, сондай-ақ оның еңбек ұжымының назарына жеткiзiледi.
IV. Санациялау процедурасы
9. Мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнын дәрменсiз деп тану туралы шешiм қабылданғаннан кейiн, Комиссия оны санациялаудың ықтимал нұсқаларын қарастырады. Дәрменсiз борышкерге меншiк иесiнiң қаржы жәрдемiн беруi, құрылымдық өзгерiстер жүргiзу және контрактiлiк негiзде әкiмшiлiк басқарушы тағайындай отырып 18 айға дейiн мерзiмге әкiмшiлiк басқаруды енгiзу арқылы оның төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiрудiң нақты мүмкiндiгiнiң болуы санация жүргiзу үшiн негiз болып табылады.
10. Әкiмшiлiк басқарушының кандидатурасын және санациялау бағдарламасын комиссияға облыс әкiмдерiнiң тиiстi органдары ұсынады.
Әкiмшiлiк басқарушыны Комиссия дәрменсiз мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнында әкiмшiлiк басқару енгiзу туралы шешiм қабылдаған сәттен бастап он күннен кешiктiрмей тағайындайды.
Дәрменсiз мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнының лауазымды адамы әкiмшiлiк басқарушы болып тағайындала алмайды.
V. Әкiмшiлiк басқарушының құқықтары мен
мiндеттерi
11. Әкiмшiлiк басқарушы кәсiпорында санация жүргiзу кезiнде:
егер санация бағдарламасында басқадай белгiленбесе, өндiрiс құрылымын өзгертуге және оны қайта бағдарлауды жүргiзуге;
мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнының қызметкерлерiн, оның iшiнде басшыларын тағайындауға және босатуға;
мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнының мүлкiне иелiк етуге, егер Қазақстан Республикасы заңдарымен басқада көзделмеген болса, негiзгi және айналым қаржысын сатуға немесе кепiлге беруге. Бұл ретте негiзгi және айналым қаржысын сату немесе кепiлге беру нәтижесiнде алынған қаражаттың кем дегенде 80 процентi мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнының қаржы жағдайын сауықтыру мақсаттарына және борыштық мiндеттемелерiн өтеуге пайдаланылуы тиiс.
өндiрiстi тiкелей басқаруға құқы бар.
12. Әкiмшiлiк басқарушы өзiне:
жұмыс орнының кем дегенде 70 процентiн сақтау жөнiнде мiндеттеме;
Республика заңдарына сәйкес мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнының қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде босатылған қызметкерлердiң құқықтары мен мүдделерiн мiндеттi түрде қамтамасыз етуге кепiлдiк;
мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнының қарызын өтеу және де санация басталғаннан берi 12 ай өткен соң несие берушiлер талаптарының жалпы сомасының кем дегенде 40 процентiн қанағаттандыру жөнiнде мiндеттеме;
санация барысында кәсiпорынның экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мiндеттеме;
санация бағдарламасында көзделген басқа да шарттарды қабылдайды.
13. Әкiмшiлiк басқарушы өз қызметiнде облыс әкiмдерiне есеп бередi және оған тоқсанына бiр рет санация бағдарламасын жүзеге асыру туралы есеп берiп отырады.
14. Әкiмшiлiк басқарушы өз жұмысы үшiн сыйақы алып отырады, оның мөлшерi контрактiде белгiленедi.
15. Әкiмшiлiк басқарушымен контракт Қазақстан Республикасының заңдарында және контрактiде көзделген негiздер бойынша мерзiмiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.
16. Әкiмшiлiк басқарушысымен контрактiнi мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда, Комиссия қалған мерзiмге жаңа әкiмшiлiк басқарушысын тағайындау немесе санация бағдарламасын мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiм қабылдайды.
Жаңа әкiмшiлiк басқарушы осы Ереженiң 10-тармағында белгiленген тәртiппен тағайындалады.
17. Санация мерзiмi аяқталған соң 10 күн iшiнде әкiмшiлiк басқарушысы Комиссияға санацияланған мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнының қаржы-шаруашылық күйi туралы есеп тапсырады.
Егер санациялау нәтижесiнде кәсiпорынды дәрменсiз деп тану үшiн негiз жойылған болса, Комиссия санацияны тоқтату туралы шешiм қабылдайды.
18. Мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорнын санациялауды жүзеге асырған әкiмшiлiк басқарушы кәсiпорын қаражаты есебiнен бастапқы контрактiде көзделген бiржолғы сыйақы алады, сондай-ақ ол кәсiпорын басшысы (өз келiсiмiмен) болып тағайындалуы мүмкiн.
VI. Кәсiпорынды тарату
19. Егер мемлекеттiк кәсiпорынды санациялау оны сауықтыруға әкелiп соқпағаны және осы Ереженiң 4-тармағында көрсетiлген негiздердiң сақталғаны анықталатын болса, Комиссия кәсiпорынды тарату туралы шешiм қабылдайды. Осы сәттен бастап кәсiпорын Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң қарамағына өтедi. Кәсiпорынды тарату туралы шешiмдi осы кәсiпорынның банкрот болуы туралы мәселенi қараған сот та қабылдауы мүмкiн.
20. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мен оның тиiстi аумақтық органдары бiр апталық мерзiмде:
шешiмдi еңбек ұжымының назарына жеткiзедi;
еңбек ұжымы өкiлдерiнiң қатысуымен тарату комиссиясын тағайындайды және оның қызмет тәртiбiн белгiлейдi;
бұқаралық ақпарат құралдарында қабылданған шешiм туралы хабарлайды және кәсiпорынның несие берушiлерiне екi айлық мерзiмде өз талаптарын тапсыруды ұсынады;
кәсiпорынды, оның мүлкiн ашық коммерциялық байқау немесе инвестициялық тендер шартымен, сондай-ақ аукционда сату туралы хабарлайды. Әрбiр нақты жағдайда сату шартын Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi белгiлейдi.
Осы сәттен бастап кәсiпорын мен оның мүлкiне басшылық жасауды тарату комиссиясы жүзеге асырады, ол Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген кәсiпорын мүлкiн сақтау жөнiндегi, кәсiпорынның несие берушiлерi мен қарыздарының шағымы жөнiндегi барлық iс-әрекеттердi жүргiзедi, сондай-ақ кәсiпорын мен оның мүлкiн сату жөнiндегi коммерциялық конкурсты өткiзудi әзiрлейдi.
21. Кәсiпорынды, оның мүлкiн сату жөнiндегi конкурс несие берушiлердiң талап қоюының жарияланған мерзiмi бiткен соң, бiрақ кәсiпорынды нақты тарату туралы шешiм қабылданған сәттен бастап үш айдан кешiктiрiлмей тағайындалады. Конкурс шарты:
кәсiпорынды тұтастай сатып алуды;
кәсiпорын мiндеттемелерiн қабылдауды;
Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес кәсiпорын қызметкерлерiнiң әлеуметтiк кепiлдiктерiн, құқықтары мен мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттемелер қабылдауды қамтуы керек.
Мыналар конкурстың қосымша шарты болуы мүмкiн:
негiзгi қызмет түрiн сақтау жөнiндегi мiндеттеме қабылдау;
кәсiпорында жұмыс орнының кем дегенде 70 процентiн сақтау;
экономикалық қауiпсiздiк пен айналадағы ортаны қорғау жөнiндегi шаралар өткiзу туралы мiндеттеме.
Кәсiпорынды сату жөнiндегi конкурсты еңбек ұжымы өкiлдерiнiң қатысуымен Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi комитет пен оның аумақтық комитеттерi және тарату комиссиясы өткiзедi.
22. кәсiпорынды, оның мүлкiн сату жөнiндегi конкурсқа қатысуға заңды ұйымдар мен жеке адамдар, соның iшiнде егер конкурс шартында басқадай айтылмаса, шетелдiктер де жiберiледi. Несие берушiлер мен еңбек ұжымы конкурсқа жалпы негiзде қатыса алады.
23. Конкурсты өткiзу кезiнде қатысушылардан алғашқы бағасының 20 процентi мөлшерiнде ақшалай кепiл алынады.
Сатылатын кәсiпорын үшiн ең жоғары баға ұсынған және конкурс шартын орындауға мiндеттеме тапсырған сатып алушы конкурс жеңiмпазы болып табылады.
24. Сауда-саттық егер оған кем дегенде екi сатып алушы қатысқан жағдайда ғана болуы мүмкiн.
Егер конкурсқа қатысуға тек бiр өтiнiш қана келiп түссе, кәсiпорын алғашқы бағасы бойынша өтiнiш бергенге бастапқы бағасы бойынша сатылады.
Кәсiпорынды алғашқы бағасы бойынша сатып алудан бас тартқан жағдайда оны арзандату туралы, бiрақ кем дегенде 30 процентке арзандату туралы шешiм қабылдануы мүмкiн және сауда-саттық бiр ай iшiнде өткiзiледi.
Егер кәсiпорын осы шарттармен де сатылмайтын болса, онда 10 күн iшiнде оның мүлкiн бөлшектеп сату туралы шешiм қабылданады.
25. Кәсiпорын мүлкiн сату нәтижесiнде алынған қаржы республика заңдарына сәйкес бюджет алдындағы мiндеттемелердi өтеуге, несие берушiлердiң талабын қанағаттандыруға, кәсiпорынның босатылған қызметкерлерiне төлем төлеудi қамтамасыз етуге, басқа да мiндеттi төлемдердi жасауға, сондай-ақ тарату комиссиясын ұстауға арналған шығынды қоса алғанда, кәсiпорындарды санациялау және сату жөнiндегi шығындарды өтеуге жұмсалады.
26. Мүлiктiң қалған сатылмаған бөлiгi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi анықтайтын заңды мұрагерiне тапсырылады, оған тапсырылған мүлiк көлемiнде республика заңдарымен белгiленген мiндеттемелердi өтеу мiндетi жүктеледi.
27. Тарату комиссиясы кәсiпорынды немесе оның мүлкiн сатқан сәттен бастап үш күндiк мерзiмде кәсiпорынды мемлекеттiк реестрден шығару үшiн мемлекеттiк тiркеу органдарына осы туралы хабарлайды.
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 15 тамыздағы N 908 қаулысымен Бекiтiлген
Зиян шегушi мемлекеттiк ауыл шаруашылығы
кәсiпорындарын санациялау және тарату жөнiндегi
Республикалық ведомствоаралық комиссия туралы
Ереже
I. Жалпы ережелер
1. Зиян шегушi мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын санациялау және тарату жөнiндегi Республикалық ведомствоаралық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) - мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының санациясы мен банкротқа ұшырауы бойынша ұйымдық-экономикалық шаралар жүйесiн жалпыреспубликалық көлемде iс жүзiне асыру мен үйлестiру үшiн Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi жанынан құрылған алқалық орган. <*>
Ескерту. 1-тармақтың 1 тарауында сөздер түзетiлген - ҚРМК-нiң
1995 ж. 11 қаңтардағы N 36 қаулысына сәйкес.
2. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Экономика министрлiгiнiң, Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң, Қаржы министрлiгiнiң, Еңбек министрлiгiнiң, Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң, Әдiлет министрлiгiнiң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң, Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң, басқа да мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың, мемлекеттiк акционерлiк және холдингтiк компаниялардың өкiлдерi енгiзiледi.
Комиссияның жеке құрамын Экономика министрлiгiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi.
3. Комиссия өз жұмысында Қазақстан Республикасының заңдық және нормативтiк құжаттарын, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
II. Комиссияның мiндетi мен қызметi
Комиссия өзiне жүктелген мiндеттердi шешу үшiн мына қызметтердi атқарады:
санацияның жалпы принциптерi мен тетiктерiн дәрменсiз мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының қаржылық-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған қайта бағдарлауды, қайта құру мен басқа да шараларды белгiлейдi;
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң, басқа да мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың, мемлекеттiк акционерлiк және холдинг компаниялардың, жергiлiктi әкiмдердiң мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын, ұйымдар мен акционерлiк қоғамдарды санациялауды өткiзу жөнiндегi шараларын қарайды;
экономиканың аграрлық секторындағы мемлекеттiк кәсiпорындардың қаржылық-экономикалық жағдайын жақсарту мәселелерiн шешу кезiнде мемлекет мүддесiн бiлдiредi;
дәрменсiз кәсiпорындарды санациялаудың орынды-орынсыздығы жөнiнде шешiм қабылдайды, оларды санациялау бағдарламасын бекiтедi, санациялау кезеңiне әкiмшiлiк басқарушы тағайындайды, дәрменсiз кәсiпорындарды санациялау жөнiндегi шаралардың орындалу барысына, санациялауды өткiзуге қаржының мақсатты пайдаланылуына бақылау жасайды, олардың қызметкерлерiнiң әлеуметтiк қорғалуына кепiлдiктi, санация қорытындысының шығарылуын қамтамасыз етедi;
санациялау орынсыз болғанда немесе кәсiпорындарды санациялау оларды сауықтыруға апармаған жағдайларда дәрменсiз кәсiпорындарды тарату туралы шешiм қабылдайды;
комиссия құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша нормативтiк құжаттар әзiрлеп, басып шығарады, республика үкiметi қарауына дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарды санациялау және сауықтыру саласында практикалық шараларды жүзеге асыру жөнiндегi шешiм жобаларын ұсынады;
мемлекеттiк ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының санациясы мен банкроттығы мәселелерi бойынша министрлiктер мен ведомстволардың, ұйымдар мен мекемелердiң, жергiлiктi әкiмдердiң iс-қимылын үйлестiредi.
III. Комиссия қызметiн ұйымдастыру
1. Комиссияны төраға басқарады, оның құрамына сондай-ақ төрағаның орынбасары мен хатшы кiредi.
2. Шешiм комиссия мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның даусы шешушi мәнге ие.
3. Комиссияның жұмыс мәжiлiстерiнiң ағымдағы регламентi мен кестесiн төраға бекiтедi және ол Комиссияның әрбiр мүшесiне алдын ала жеткiзiледi.
4. Комиссия қажет болғанда мәжiлiс жұмысына тиiстi саланың мамандары мен сарапшыларын тартады.
5. Дәрменсiз кәсiпорындардың iсiн қарау кезiнде Комиссия мәжiлiсiнiң жұмысына несие берушiлердiң өкiлеттi өкiлдерiнiң қатысуға құқы бар.
6. Комиссия шешiмi оның мәжiлiсiнiң хаттамасымен рәсiмделедi. Хаттамаға төраға мен хатшы қол қояды.
7. Комиссия тоқсанына бiр рет өз жұмысы туралы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң алдында есеп бередi.
8. Қаралған iстер бойынша шешiм қабылдағанға дейiн Комиссияның материалдарын жария етуге болмайды.
9. Дәрменсiз кәсiпорындарды тарату жөнiндегi Комиссияның шешiмдерi баспасөзде жарияланады.