Реформаны тереңдету және экономикалық дағдарыстан шығу жөнiндегi Үкiметтiң iс-қимыл Бағдарламасына сәйкес, тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету жүйесiн жетiлдiру, бәсекенi дамыту және жекешелендiру процесiн жеделдету мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi "Қазақгаз" және "Алаугаз" мемлекеттiк холдинг компанияларының құрамына енетiн кәсiпорындардың тiзбесi бойынша өзгерiстер жүргiзсiн, соның iшiнде:
"Алаугаз" мемлекеттiк холдинг компаниясына "Жетiсугаз" мемлекеттiк кәсiпорынын берсiн;
"Қазақгаз" мемлекеттiк холдинг компаниясына Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарын табиғи және сұйық газбен қамтамасыз ету жөнiндегi кәсiпорындарды қосымша берсiн.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi:
жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргiзетiн және қызмет көрсететiн монополист емес газ шаруашылығы кәсiпорындарын кейiннен оларды жекешелендiре отырып, акционер етудi жүргiзсiн;
айрықша маңызды халық шаруашылық мәнi бар газ саласындағы кәсiпорындарда чектiк аукциондарда акция сату тоқтатылсын;
осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бiр ай мерзiмде газ саласындағы кәсiпорындарды жеке жоба бойынша жекешелендiрудiң бағдарламасын әзiрлесiн және оны Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлiгiмен, Экономика министрлiгiмен, Қаржы министрлiгiмен келiссiн.
3. Бәсеке түзу мақсатында кез келген шаруашылық жүргiзушi субъектiге меншiк нысанына қарамастан, табиғи газды дербес алуға және оны магистральды газ құбырлары мен жергiлiктi газ бөлу жүйелерiн олардың қуаты шегiнде пайдалана отырып, сатуға шарт жасасу құқы берiлсiн.
4. Магистральды газ құбырларымен және жергiлiктi газ бөлу жүйелерiмен табиғи газ тасымалдаудың тарифiн және халыққа арналған табиғи газдың бағасын "Қазақгаз" және "Алаугаз" мемлекеттiк холдинг компанияларының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетi бекiтедi деп белгiленсiн.
Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетi Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлiгiмен бiрлесiп, он күн мерзiмде табиғи газдың бағасы мен тарифiн қалыптастырудың тетiгiн әзiрлейтiн болсын.
5. Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп, 1995-1996 жылдар iшiнде тұтынушыларға арналған табиғи газға бағаны саралаудан халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалымсыз бөлiгiне нысаналы өтеуге кезең-кезеңiмен көшудi жүзеге асырсын.
6. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлiгi Экономика министрлiгiмен және Қаржы министрлiгiмен бiрлесiп, тұтынылған газдың көлемiне тең келетiн бағам айырбасына байланысты берешектi бөлудi назарда ұстап, дер кезiнде жүргiзiлмеген төлемдер үшiн бағам айырмасын есепке ала отырып, табиғи газ тұтынушыларынан қаржылар қайтару тетiгi жөнiнде бiр ай мерзiмде ұсыныс әзiрлесiн және Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне енгiзсiн.
7. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлiгi Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен бiрлесiп газ есептегiштi қолдана отырып, халыққа газ беруге кезең-кезеңiмен көшу жөнiнде шаралар әзiрлейтiн болсын.
8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бiр ай мерзiмде аталған қаулымен енгiзiлген өзгерiстердi ескере отырып, "Қазақгаз" және "Алаугаз" мемлекеттiк холдинг компанияларының жарғылық қорларын қалыптастырсын.
9. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлiгi министрлiктiң қолда бар құрылымында республиканы газбен қамтамасыз етудi үйлестiру мен перспективада дамыту жөнiнде қызмет қарастырсын.
10. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Энергия көздерiне бағаны ырықтандыру және жекелеген қызмет түрлерiне тарифтi реттеу туралы" 1994 жылғы 23 наурыздағы N 288
қаулысының
(Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 15, 145-бап) 6-тармағы және 7-тармағының екiншi абзацы күшiн жоғалтты деп танылсын.
11. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне осы қаулыға сәйкес Үкiметтiң бұрын қабылданған шешiмдерiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы ұсыныс енгiзетiн болсын.
Қазақстан Республикасы
Премьер-министрiнiң
бiрiншi орынбасары