Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
Қазақстан Республикасы Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлiгiнiң жанындағы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментi туралы берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң
1995 жылғы 22 ақпандағы
N 189 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасы Құрылыс, тұрғын үй және
аумақтарда құрылыс салу министрлiгiнiң жанындағы
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментi туралы
Ереже
1. Қазақстан Республикасы Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлiгiнiң жанындағы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментi (бұдан әрi - Департамент) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдармен, облыстардың және Алматы қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсiпорындарымен және ұйымдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерiн мемлекеттiк реттеудi дербес жүзеге асыратын өкiмет билiгiнiң орталық атқарушы органы болып табылады.
2. Департамент өз қызметiнде Қазақстан Республикасы Конституциясын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң шешiмдерiн, басқа нормативтiк актiлердi, осы Ереженi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлiгiнiң бұйрықтары мен өкiмдерiн басшылыққа алады.
3. Департамент өз құзыретi шегiнде қолданылып жүрген заңдарға қайшы келмейтiн, меншiк нысандарына қарамастан республиканың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының барлық субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi шешiмдер қабылдайды.
4. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары өз қызметтерiнде қолданылып жүрген заңдар мен департаменттiң құзыретi шегiнде Департаменттiң шешiмдерiн басшылыққа алады.
5. Департаменттiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып саналады:
қалалар мен басқа елдi мекендердiң тұрғын үй қорын, коммуналдық мақсаттағы инженерлiк ғимараттары мен желiлерiн техникалық пайдалану және жөндеу, жылумен жабдықтау, сумен қамтамасыз ету, су бұру тармақтары және жол-көпiр шаруашылығы жүйелерiн дамыту мен олардың жұмыс iстеу берiктiгiн арттыру салаларында мемлекеттiк саясатты жүргiзу, иелiктегi үйлердi орталықтандырылған санитариялық тазарту мен қалалық аумақтарды жинау, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау мен ұқсату, сондай-ақ монша-кiр жуу мен қонақ үй шаруашылығын, халыққа салт-жоралық қызмет көрсетудi және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың материалдық-техникалық базасын дамыта беру;
халықтың және халық шаруашылығының коммуналдық қызметтерге деген қажетiн болжамды бағамдау негiзiнде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың тиянақты жұмыс iстеуiн ескеру арқылы оны дамыту стратегиясы мен тұжырымдамасын әзiрлеу;
Жергiлiктi әкiмдермен бiрлесе отырып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсiпорындары мен ұйымдарының қызметiн үйлестiрiп отыру;
мемлекеттiк және жеке меншiкке негiзделген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектiлерiн ұстау мен жөндеудiң ұйымдық түрлерiн енгiзу жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, тәжiрибенi жинақтау;
жалпы салалық және табиғат қорғау мақсатындағы объектiлердi, су құбыры-канализация шаруашылығының күрделi объектiлерiн жобалау, қаржыландыру және салу барысында тиiмдi инвестициялық саясат жүргiзу;
тұрғын үй қоры мен коммуналдық мақсаттағы объектiлердiң сенiмдi сақталуы, тұрғын жайларды жайластыру деңгейiн одан әрi арттыру, елдi мекендердiң санитарлық жайын жақсарту жөнiндегi шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;
коммуналдық шаруашылықта ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыру, нормативтiк және басшылыққа алынатын құжаттарды әзiрлеу.
6. Департамент өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес:
аймақтық ерекшелiктер мен экологиялық жағдайды ескеру арқылы республика аумағында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың даму заңдылығына кешендi талдау жүргiзедi, зерттейдi және қорытады және оның даму үрдiстерiне болжам жасайды;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық және әлеуметтiк саясатты жүргiзу жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейдi;
салада бiрыңғай қаржы және салық саясатын жүзеге асыру, тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету тарифтерi мен бағалары жөнiнен ұсыныстар әзiрлеуге қатысады;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерi бойынша заңдар мен өзгедей нормативтiк актiлер жобасын әзiрлеуге қатысады және шаруашылықты жүргiзудiң ұйымдық нысандары мен меншiк нысандарына қарамастан, барлық кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың тұрғын үй заңын қолдану практикасын қорытады;
мемлекеттiк және жекешелендiрiлген тұрғын үй қорын пайдаланудың, күтiп ұстаудың және күрделi жөндеудiң перспективалы нысандары бойынша ұсынымдар әзiрлейдi;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсiпорындары мен ұйымдарын мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру жөнiндегi шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға қатысады;
республика аумағында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту және жетiлдiру жөнiнде өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк реттеудi жүзеге асырады;
жергiлiктi атқару органдарымен бiрлесiп, тұрғын үй қорын ұстау мен жөндеу жөнiнде коммуналдық қызмет көрсету нарқын қалыптастыруды ұйымдастырады;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мемлекеттiк және мемлекетаралық бағдарламаларды әзiрлеу мен оларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуге қатысады;
жергiлiктi атқарушы органдармен және атқарушы өкiмет билiгiнiң тиiстi орталық органдарымен бiрлесiп, қалалар мен басқа елдi мекендердi қауiптi табиғи және техногендi процестер мен құбылыстардың әсерiнен қорғау саласында бiрыңғай техникалық саясат жүргiзедi;
жергiлiктi атқару органдарымен бiрлесiп, республика аумағында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың даму болжамдары мен үрдiстерiн ескеру арқылы қалаларды және аудан орталықтарын сумен жабдықтауға арналған жерасты суын iздестiру жөнiндегi гидрогеологиялық жұмыстар жүргiзу жөнiнде Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi мен Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгiне ұсыныстар әзiрлейдi;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында нормативтердiң сақталу мәселелерiне бақылау жасайды;
нарық жағдайында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мұқтажына арналған коммуналдық техникалар мен жабдықтар, құрылғылар, сондай-ақ ауыз суды ұқсатып, залалсыздандыруға арналған материалдар өндiрудi ұйымдастыру жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
тiршiлiктi қамтамасыз етудiң инженерлiк жүйелерiнiң техникалық берiктiгi мен санитарлық-экологиялық қауiпсiздiгiн арттырудың басым бағыттары бойынша ұсыныстар әзiрлейдi;
лицензиялау мен сертификаттау мәселелерi бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсiпорындарын әдiстемелiк және нормативтiк қамтамасыз етудi жүзеге асырады, өз құзыретi шегiнде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметiн лицензиялауға қатысады;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы үшiн қызметкерлердi даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды үйлестiредi;
шет елдермен ғылыми-техникалық және экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысады, өз құзыретi шегiнде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымдары мен кәсiпорындарының шет елдiк жетекшi фирмаларымен байланыс орнатуына жәрдемдеседi, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысады;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ғылыми зерттеулер мен талдаулардың, жаңа технологиялардың нәтижелерiн таратады және оларды пайдалануға жәрдемдеседi;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ақпараттық жүйенi құру және дамыту жөнiнде ұсыныс әзiрлейдi;
су мен ағын судың сапасына лабораториялық бақылау жасау мәселелерi бойынша әдiстемелiк көмек бередi және жұмысты ұйымдастырады, ведомстволық талдау лабораторияларын аттестациялау, тiркеу жөнiндегi жұмысты үйлестiредi;
коммуналдық мақсаттағы iрi де күрделi объектiлердi пайдалануға қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк комиссияларының жұмысына қатысады;
өз қызметiнiң аясына кiретiн мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясының, Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғаныс штабының тапсырмаларын дербес орындайды.
7. Департаменттiң өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн:
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерi бойынша, лицензиялау мен тiркеу мәселелерiн қоса алғанда, әдiстемелiк нұсқаулар мен ведомстволық нормативтiк актiлер әзiрлеуге;
нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзiрлеу мен жүзеге асыруға, оның iшiнде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мұқтажы үшiн жаңа машиналар мен механизмдер, жабдықтар, құрылғылар жасауға;
тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық саласындағы проблемаларды зерттеу және шешу үшiн өз құзыретi шегiнде белгiленген тәртiпте ұйымдарды және бiлiктi мамандарды таратуға;
Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi бекiткен нысандар бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсiпорындары мен ұйымдарынан мемлекеттiк және ведомстволық есептер алуға құқы бар.
8. Департаменттi Қазақстан Республикасының Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрiнiң орынбасары мәртебесiне ие директор басқарады және ол лауазымына қарай алқа мүшесi болып табылады. Директорды Қазақстан Республикасының Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Департамент директорының екi орынбасары, соның iшiнде бiр бiрiншi орынбасары болады, оларды Департамент директорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
9. Департамент директоры:
Департамент жұмысын ұйымдастырады және осы Ережемен белгiленген мiндеттер мен қызметтердi орындау жөнiнен оның қызметiне дербес жауап бередi;
Департаменттiң белгiленген шекте адам саны мен еңбекақы қорын, құрылымы мен штаттық кестесiн бекiтедi;
Департамент қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
өз құзыретi шегiнде Департамент қызметкерлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi бұйрықтар, өкiмдер мен нұсқаулықтар шығарады, нұсқаулар бередi;
өз орынбасарлары мен құрылымдық бөлiмшелер жетекшiлерiнiң арасындағы мiндеттердi бөледi;
мемлекеттiк басқару мен атқарушы өкiмет билiгi орындарында, кәсiпорындар мен ұйымдарда Департамент мүддесiн бiлдiредi;
облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары басшыларын қызметке тағайындау мен қызметтен босатуды облыстардың әкiмдерiмен келiседi;
қолданылып жүрген заңдарға сәйкес, мүлiктi қаржы қаражатын иеленедi және сенiмхат, соның iшiнде сенiм ауыстыру құқығымен сенiмхат бередi, банкiлерде есеп айырысу және басқа шоттар ашады, қаржы тәртiбiнiң сақталуын қамтамасыз етедi.
10. Департаментте Департамент директорының (Кеңес төрағасы), лауазымына қарай Департамент директоры орынбасарларының, Департаменттiң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсiпорындары мен ұйымдарының басшы қызметкерлерiнiң құрамына Кеңес жұмыс iстейдi.
Кеңестiң дербес құрамын және ол туралы ереженi Департамент директорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрi бекiтедi.
11. Департамент заңды ұйым болып табылады, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Елтаңбасы бейнеленген, қазақ және орыс тiлдерiнде өз атауы жазылған мөрi болады.