Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.08.2013 № 796 қаулысымен.
"Мемлекеттiк кәсiпорындар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 19 маусымдағы Заң күшi бар N 2335 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. Мемлекеттiк кәсiпорындарды құру тәртiбi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.
2. Мемлекеттiк кәсiпорындарды құру жөнiндегi әдiстемелiк басшылық пен бақылау функциялары Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiне жүктелсiн.
3. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi, басқа да орталық және атқарушы органдары үстiмiздегi жылдың 1 желтоқсанына дейiн Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiне ведомствоға бағынысты республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесiн республиканың Экономика министрлiгi бекiткен нысан бойынша ұсынсын.
4. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi үстiмiздегi жылдың 20 желтоқсанына дейiн республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiтуге ұсынсын.
5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетi тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкiмдерiмен бiрге 1996 жылғы 1 қаңтарға дейiн коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесiн айқындасын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
1995 жылғы 30 қарашадағы
N 1636 қаулысымен
БЕКIТIЛГЕН
Мемлекеттiк кәсiпорындарды құру тәртiбi туралы
ЕРЕЖЕ
Осы Ереже "Мемлекеттiк кәсiпорындар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 19 маусымдағы Заң күшi бар N 2335 Жарлығына сәйкес мемлекеттiк кәсiпорындарды құру тәртiбiн белгiлейдi.
Мемлекеттiк кәсiпорындар Қазақстан Республикасы Президентiнiң жоғарыда аталған Жарлығымен белгiленген салаларда құрылады.
Шаруашылық жүргiзу құқығына да, жедел басқару құқығына да (қазыналық кәсiпорындар) негiзделген республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарды құру өкiлеттi органдардың мүдделi министрлiктермен және мемлекеттiк комитеттермен келiсiлген ұсыныстары негiзiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысына сәйкес жүргiзiледi.
Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар жөнiнде мемлекеттiк басқару функциясын, сондай-ақ мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң функциясын жүзеге асыратын мемлекеттiк уәкiлдi органдар - Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi немесе Қазақстан Республикасының Үкiметi осындай iске уәкiлдiк берген өзге де мемлекеттiк органдар болып табылады.
Уәкiлдi орган Қазақстан Республикасының Үкiметiне республикалық мемлекеттiк кәсiпорынды құрудың орынды екендiгiнiң қажеттi негiздемесi, оның iшiнде кәсiпорынның фирмалық атауы, оның нысаны (шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы), оның қызметiнiң мәнi мен мақсаты, кәсiпорынның тұрған жерi, құрылтайшы туралы мәлiмет, жарғылық қордың мөлшерi, оның құрылатын мерзiмi және басқалар бар ұсыныстар бередi.
Ұсыныстар алдын-ала әзiрленiп, бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен, Экономика министрлiгiмен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен, Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен келiсуi керек.
Өндiрiстiк қызмет саласына қарай республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарды құру жөнiндегi ұсыныстар басқа да салалық министрлiктермен не мемлекеттiк комитеттермен келiсiлуi керек.
Коммуналдық меншiктегi мемлекеттiк кәсiпорындарды құру уәкiлдi органдардың министрлiктер мен мемлекеттiк комитеттердiң жергiлiктi аумақтық органдарымен келiсiлген ұсыныстары негiзiнде тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер әкiмдерiнiң шешiмдерiмен жүргiзiледi.
Коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындар жөнiнде мемлекеттiк басқару функциясын, сондай-ақ мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң функциясын жүзеге асыратын мемлекеттiң уәкiлдi органдары жергiлiктi атқарушы органдар болып табылады, бұған тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкiмi уәкiлдiк бередi.
Уәкiлдi орган коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорынды құрудың орынды екендiгiнiң қажеттi негiздемесi, оның iшiнде кәсiпорынның фирмалық атауы, оның нысаны (шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы), оның қызметiнiң мәнi мен мақсаты, кәсiпорынның тұрғын жерi, құрылтайшы туралы мәлiмет, жарғылық қордың мөлшерi, оның құрылатын мерзiмi және басқалар бар ұсыныстар бередi.
Ұсыныстар алдын-ала әзiрленiп, бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнiң, Экономика министрлiгiнiң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң, Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң жергiлiктi аумақтық органдарымен келiсiлуi керек.
Өндiрiстi қызмет саласына қарай коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындарды құру жөнiндегi ұсыныстар басқа министрлiктер мен мемлекеттiк комитеттердiң аумақтық органдарымен де келiсiлуi керек.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кәсiпорындарын басқа мемлекеттердiң аумағында құру туралы шешiм тиiстi мемлекеттердiң үкiметтерi арасындағы немесе сол мемлекеттердiң осыған арнайы уәкiлдiк берген басқа органдармен келiсiм бойынша қабылданады.
Шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген мемлекеттiк кәсiпорын өзiнiң мүлкi есебiнен басқа мемлекеттiк еншiлес кәсiпорынды құра алады. Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорын шаруашылықты жүргiзуге құқылы кәсiпорын түрiнде құрылады.
Республикалық мемлекеттiк кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң рұқсаты бойынша тиiстi мемлекеттiк кәсiпорынның бұйрығымен құрылады. Үкiметтiң еншiлес кәсiпорын құруға берген рұқсатын негiзгi кәсiпорынды мемлекеттiк басқарудың жоғары тұрған органы Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен алдын-ала келiскеннен кейiн алады.
Коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкiмiнiң рұқсаты бойынша шешiм шығару жолымен тиiстi мемлекеттiк кәсiпорынның бұйрығымен құрылады. Әкiмнiң еншiлес кәсiпорын құруға берген рұқсатын негiзгi кәсiпорынды мемлекеттiк басқарудың жоғары тұрған органы алады.
Үкiмет (тиiстi әкiмшiлiк-аумақты бiрлiк әкiмi) республикалық мемлекеттiк кәсiпорын (коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорын) құру туралы қаулы (шешiм) қабылдағаннан кейiн құрылтайшы мемлекеттiк кәсiпорынның жарғысын бекiтедi.
Шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорын мемлекеттiк тiркеуден өтер кезде құрылтайшы жарғылық қорды толық қалыптастыруға тиiстi.
Мемлекеттiк кәсiпорынды мемлекеттiк тiркеу және қайта тiркеу қолданылып жүрген заңға сәйкес жүзеге асырылады.