"Жер туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар 1995 жылғы 22 желтоқсандағы N 2717
U952717_
және "Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы N 2723
U952723_
Жарлықтарына сәйкес жер рыногын және жер пайдалану құқығын қалыптастыру үшiн жер реформасын жүргiзу барысын жеделдету және жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. Облыстардың әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi ауыл шаруашылығы кәсiпорындары мен ұйымдарында жер үлестерiн дербестендiру жөнiндегi жұмыстарды жеделдетсiн және таратылған немесе қайта құрылған ұжымшарлардың мүшелерiне, мемлекеттiк ауыл шаруашылығы ұйымдарының мемлекеттiк емес ұйымға қайта құрылған қызметкерлерiне, сондай-ақ зейнеткерлерге және осы шаруашылықтардың өндiрiстiк және әлеуметтiк-мәдени қызмет көрсету салаларында жұмыс iстейтiн және олардың аумағында тұратын, заңдарға сәйкес шартты жер үлесiне белгiлi құқығы бар азаматтарға 1996 жылғы 1 қыркүйекке дейiн жер үлесiне құқығы туралы куәлiктi берудi аяқтасын.
2. Қазақстан Республикасының жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi 1996-1998 жылдар iшiнде жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға жер учаскесiне меншiк құқығы, тұрақты жер пайдалану құқығы туралы актiлердi берудi қамтамасыз етсiн.
3. Облыс әкiмдерiне:
1997 жылдың аяғына дейiн облыстық және аудандық мақсаттағы қалаларда жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк басқару органдарын, оларды ұстауға кететiн шығындарын жергiлiктi бюджет есебiнен қаржыландыра отырып, құру;
поселкелiк, ауылдық (селолық) округтер әкiмдерiнiң аппаратында жерге орналастыру қызметiн құру мәселесiн қарау ұсынылсын.
4. Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi селолық елдi мекендердiң шекараларында аумақтардың жер-шаруашылығын орналастыруды 1996-1998 жылдарда жүргiзетiн болсын.
5. Қазақстан Республикасының Жер қатынастарын және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi, облыстардың және аудандардың әкiмдерi 1996 жылы аграрлық секторда шаруашылық жүргiзудiң жаңа нысандарының қалыптасуына талдау жүргiзсiн және селода жер реформасын одан әрi жетiлдiру бағыттары туралы Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсыныс енгiзсiн.
6. Қазақ акционерлiк агроөнеркәсiп банкiне, Қазақстан Республикасының "Тұрғынүйқұрылысбанкi" Мемлекеттiк тұрғын үй құрылыс банкiне 1996 жылғы қыркүйектiң 1-не дейiн жер учаскелерiн және жер пайдалану құқығын кепiлге бере отырып ипотекалық кредиттеу жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн банктiк құрылымдар құру жөнiндегi мәселенi қарасын және ол бойынша тиiстi ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзсiн.
7. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi республикалық бюджеттiң жобаларын жасау барысында Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi бойынша республикада жер реформасын жүзеге асыруға қажеттi қаржы бөлудi көздесiн.
8. Қазақстан Республикасының Жер қатынастарын және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi "Жер туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына сәйкес жер реформасын жүргiзу, нарыққа көшу жағдайларында жер қатынастарын реттеу жөнiндегi ережелердi жүзеге асыру барысы туралы түсiндiру жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарында күшейтетiн болсын.