Елiмiздiң сақтандыру жүйесiн кешендi және дәйектi дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi: 1996-1998 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығын дамытудың негiзгi бағыттары мақұлдансын (қоса берiлiп отыр). Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 25 маусымдағы N 791 қаулысымен Бекiтiлген 1996-1998 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығын дамытудың негiзгi бағыттары 1. Кiрiспе
Қазақстан Республикасының егемен мемлекет ретiнде еңсе көтеруi қаржы-кредит саласындағы реформаны айтарлықтай жеделдетудi айрықша талап етедi. Сақтандыру жүйесiндегi нарықтық экономикаға көшу жағдайында қаржы-кредит саласының құрамдас бөлiмi ретiнде оған экономикалық тұрақтылыққа қол жеткiзуде маңызды роль берiлген. Алайда сақтандыру жүйесiн дамыту iсi өндiрiс пен қызмет көрсету саласында айтарлықтай алға басып кете алмай отыр, ал қызмет көрсету сақтандырушылардың маңызды мiндетi болып табылады.
Елiмiзде белсендi түрде жүзеге асырылып жатқан нарықтық қатынасқа көшу нәтижесiнде көптеген шаруашылық жүргiзушi субъектiлер пайда болды. Бұл бiр жағынан сақтандыру қызметiне деген тұтынушылық сұранымның өсуiне, ал екiншi жағына - кәсiпкерлiк қызмет нысаны ретiнде сақтандырумен айналысуға мүмкiндiк бередi. Зiлзала апаттарының, әртүрлi кездейсоқ оқиғалардың, шаруашылық қызметтiң кез келген саласындағы коммерциялық тәуекелдердiң қолайсыз салдарын жою сақтандыру ұйымдарының есебiнен жүргiзiлетiн болса, онда мемлекетте сақтандырудың дамуына мүдделi болады, сөйтiп материалдық нұқсанның орнын толтыруға қажет мемлекеттiк бюджет қаражаты босайды.
Республикамызда жүрiп жатқан реформалар шетел инвесторлары үшiн қолайлы жағдайлар туғызуда. Капиталдың сақталуына кепiлдiк беру жөнiндегi сақтандыру сипатындағы шаралар инвестициялық бағдарламаның ажыратылмайтын бөлiгi болуға тиiс. Қаржы қаражаттарын ұлттық экономикамызға салудың қауiпсiз шарттары ең алдымен сақтандыру нарығының шаруашылық тетiгiне кепiлдiк бередi.
Сақтандыру нарығын дамытудың негiзгi бағыттары елiмiздiң сақтандыру нарығын одан әрi дамыту жөнiндегi бiрiншi кезектегi жалпы мемлекеттiк шара ретiнде жасалған, әрi Үкiметтiң 1996-1998 жылдары реформаны тереңдету жөнiндегi iс-қимыл бағдарламасының шараларымен үйлестiрiлген. Мұнда отандық және де шетелдiк сақтандыру ұйымдарының, ғалымдар мен мамандардың ұсыныс-пiкiрлерi ескерiлiп, сақтандыру қорғанысы жүйесi жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру көзделген.
2. Сақтандыру нарығының қазiргi жағдайы
Сақтандыру қоғамының - әлеуметтiк-экономикалық қызметi санатының бiрi болып табылатындықтан онда елімiздiң жалпы экономикалық жағдайының барлық қиыншылықтары айқын көрiнiс тапқан.
Осыған қарамастан Қазақстан Республикасында сақтандыру саласындағы нарықтық қатынасты бiртiндеп қалыптастыру мен тереңдету жүрiп жатыр. Бұған елiмiздегi тұрақты саяси жағдай мен мемлекет тарапынан жүргiзiлiп отырған реформалар ықпалын тигiзуде.
Егер 1994 жылы сақтандыру қызметiмен айналысу құқығына 22 компания ие болса, 1995 жылдың соңына таман жалпы жарғылық капиталдары 403,7 миллион теңге болатын 53 компания лицензияға ие болды. Сақтандыру операцияларының көлемi де өсуде. 1995 жылы сақтандырудың барлық түрлерi бойынша сақтандыру төлемдерi 1994 жылмен салыстырғанда 5,9 есе артты және 682,4 миллион теңгенi құрады, 195,3 миллион теңге сақтандыру өтемi төлендi, бұл 1994 жылға қарағанда 3,6 есе көп. Сақтандыру ұйымдары олардың өздерiне 24,5 миллиард теңгенiң мөлшерiнде сақтандыру жауапкершiлiгiн қабылдауға мүмкiндiк беретiн 572,2 миллион теңге сомада сақтандыру резервтерiн құрды. Сақтандыру қызметiне деген сұраным құрылымы экономиканың қазiргi заманға нарықтық секторын құрудың ерекшелiктерiмен айқындалады. Қазақстан Республикасы сақтандырушыларының қоржыны негiзiнен сақтандырудың мынадай түрлерiнен тұрады: қызметкерлердi - бақытсыз оқиғалардан және аурудан, өмiрдi және медициналық сақтандыру - кәсiпорындардың, қаржы тәуекелдерiнiң, жердегi көлiк құралдарының, жүктердiң, заңды тұлғалардың мүлiктерiнiң есебiнен.
Сақтандырудың бiздiң елiмiзде экономикалық саясаттың нақты құралы, оның қаржы-кредиттiк және инвестициялық бағыттарының ықпалды әрi тиiмдi тұтқасы болуы үшiн, оған бiрiншi кезекте құқықтық негiз беру қажет болды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының егемендi мемлекет ретiнде қалыптасуы жылдарында сақтандырудың құқықтық базасын қалыптастыру және сақтандыру қызметiнде нарықтық құрылымды дамыту үшiн iргелес қалаған бiрқатар заң актiлерi қабылданды.
Сақтандыру саласындағы монополия 1992 жылы Қазақстан Республикасының "Сақтандыру туралы" Заңының қабылдануымен аяқталды. Бұл заң актiсi сақтандыру нарығын қалыптастырудың бастапқы сәтi болды. "Сақтандыру нарығын құру мен дамыту жөнiндегi ұйымдастыру-құқықтық шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1994 жылғы 16 сәуiрiндегi N 1658 Жарлығы сақтандыру қызметiн лицензиялауды көздеп, ұсақ және тұрлаусыз сақтандырушылардың сейiлуiне ықпал еттi.
Сақтандыру бизнесiнiң мемлекеттiң өмiрлiк маңызды мүдделерiн шешу және сақтандыру қызметтерiн көрсету саласындағы қатынастарды одан әрi реформалау үшiн рөлi, халықаралық сақтандыру бизнесiне эволюциялық кiрудiң зор қажеттiгi ескерiле отырып 1995 жылғы 3 қазанда "Сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығы шықты. Осы Жарлыққа сәйкес шетелдiк заңды тұлғалар мен шетел азаматтары республика сақтандыру ұйымдарының қатысушылары бола алады. Сондай-ақ қазақстандық сақтандырушылар да өздерiнiң тәуекелдерiн шетелдiк қайта сақтандырушыларда тiкелей қайта сақтандыруға құқық алды. Ұлттық ашық сақтандыру нарығы - бұл тек қана шетелдiк капиталдың, бiлiмнiң және халықаралық тәжiрибенiң тасқыны ғана емес, бұл жергiлiктi және әлемдiк нарықтарда шетелдiк және қазақстандық капиталдың инвестицияларын қорғаудың кепiлi.
Мемлекеттiк салық саясатында зор қадам жасалды. Ендiгi жерде сақтандырушылар сақтандыру жөнiндегi шығындарды салықтық есептеулерге жатқызады және бұл жалпы әлемдiк дағдыға сәйкес келедi.
Республиканың сақтандыру ұйымдары - бұл көпшiлiк жағдайларда акционерлiк қоғамдар нысанында құрылған көп салалы компаниялар. Және заңмен, асып кеткенде экономикалық қазiргi жағдайы үшiн, жарғылық қордың мөлшерiне талап айтарлықтай арттырылғанына қарамастан сақтандырушылар санының өсуi баяу, бiрақ бiр қалыпты.
Сонымен қатар, соңғы жылдары азаматтарға ұсынылатын сақтандыру қызметiнiң ауқымы мен көлемi айтарлықтай азайды. Бұған халықтың әл-ауқатының төмендеуi, өндiрiстiң құлдырауы, инфляциялық процестер әсерiн тигiздi. Сақтандыру негiзiнен сақтандыру субъектiлерiнiң тар шеңберiнiң (құрылтайшылар, коммерциялық құрылымдар) арасында және сақтандыру принциптерiне толықтай жауап бермейтiн жағдайларда (бiр ай мерзiмге өмiрдi сақтандыру, мүлiктiк қайтарымдық сақтандыру) жүзеге асырылуда.
Бұған қоса сақтандыру нарығы алдында инфрақұрылымдардың жоқтығы, сақтандыру ұйымдарының аз қуаттылығы, кадрлардың бiлiктiлiгiнiң жетiмсiздiгi сияқты проблемалар тұр.
Негiзгi бағыттармен белгiленген шаралар бiрiншi кезекте сақтандыру нарығын қалыптастыруға және оның әлемдiк сақтандыру шаруашылығына кiруiне ықпал ететiн жоғарыда келтiрiлген проблемаларды кешендi және дәйектi шешуге бағытталуы қажет.
3. Сақтандыру нарығын дамытудың негiзгi
мiндеттерi
Сақтандыру нарығын дамытудың негiзгi мiндеттерi:
сақтандыру қорғанысымен тәуекелдiң барлық түрiн барынша қамтуды қамтамасыз ету, халыққа, меншiк нысанына қарамастан кәсiпорындар мен ұйымдарға, көрсетiлетiн қызметтердiң көлемiн кеңейту, жаңа сақтандыру технологияларын енгiзу, қазақстандық экономиканың тұрақтылығына үлес қосу;
сақтандыру нарығына Қазақстан Республикасының үкiметiнiң қаржы тәуекелi жөнiндегi кепiлдiгiн бiртiндеп беру;
мемлекеттiк бюджеттiң пайда базасын сақтандыру қызметiне икемдi салық салу есебiнен толықтыру;
алыс және жақын шетелдердегi халықаралық сақтандыру нарықтарына шығу;
шетелдiк инвесторлардың Қазақстан Республикасының сақтандыру жүйесiне сенiмiн нығайту;
тұрақты валютаны жергiлiктi сақтандыру ұйымдарының өздерiнiң ұсталымдарын өсiру жолымен шетелге қайта сақтандыру арналары бойынша аударуды барынша қысқарту;
iрi тәуекелдердi, оның iшiнде шетелдiк және де отандық инвесторларды, конверсиялық, жекешелендiру және инфрақұрылымдық жобаларды, сондай-ақ экспорттық кредиттердi сақтандыруға қабiлеттi қаржылық тұрақты қазақстандық сақтандыру ұйымдарының желiлерiн кеңейту;
сақтандыру ұйымдарының банктерiмен, құнды қағаздар және жылжымайтын мүлiктер нарықтарымен өзара байланысын нығайту; сақтандыруға деген мемлекеттiк шығынды төмендету; сақтандыру ұйымдарының шетелдiң қатысуымен жасалған бiрлескен желiлерiн құру; мемлекеттiк және жекеше, мiндеттi және ерiктi сақтандыруды үйлестiру; сақтандыру процесiнiң барлық сатысындағы тәуекелдердi басқару тетiгiн жетiлдiру (тәуекел-менеджмент); өмiрдi ұзақ мерзiмдi негiзде сақтандырудың тетiктерiн құру; сақтандыру ұйымдарының сақтанушылар алдындағы мiндеттемелерiн кепiлдi орындауы; меншiктiң барлық нысандарындағы сақтандыру ұйымдары үшiн бiрдей жағдай жасау; сақтандыру жөнiндегi заңдарды жетiлдiру; халықтың сақтанушылық мәдениетiн қалыптастыру; шет елдердiң тәжiрибелерiн тиiмдi пайдалану және қолдану; сақтандыру ұйымдары қызметкерлерiнiң оқуларын ұйымдастыру, бiлiктiлiгiн арттыру болып табылады.
Сақтандыру нарығы алдында тұрған сақтандыру қызметiн дамыту
жөнiндегi бағдарлама болуын талап ететiн мiндеттердi шешу сақтандыру ұйымдарының қызметiн одан әрi жетiлдiрусiз мүмкiн емес. Осы мақсатпен әрбiр сақтандыру ұйымдарына 1997-1998 жылдарға арналған жұмыстардың мыналарды қамтитын кешендi бағдарламасын жасауға ұсынылады: сақтандыру ұйымының жоспарланып отырған кезеңге арналған негiзгi мiндеттерiн айқындау; осы мақсатта құрылымдық бөлiмшелер құрудың орындылығын айқындау; нарыққа және ондағы өзiнiң жағдайына жан-жақты талдау жүргiзу; маркетингтiң стратегиясын әзiрлеу; қабылданған жоспарлар мен мiндеттердi жүзеге асыру. Дамудың кешендi бағдарламасы: сақтандыру полистерiн сату көлемiн арттыру; операциялардың тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету; клиенттердiң сұрау салуларына кететiн уақытты қысқарту; штаттағы қызметкерлер мен сақтандыру агенттерiнiң өнiмдi жұмыстарын ынталандыру;
сақтандыру полистерiн банктер, байланыс бөлiмшелерi, тұрмыстық қызмет көрсету мекемесi, кәсiптiк ассоциациялар мен одақтар арқылы сатудың осы заманғы арналарын iздестiру және тиiмдi пайдалану жөнiндегi шараларды қамтуы қажет.
Сақтандыру нарығын одан әрi дамыту сақтандыру ұйымдарын бiрiктiрудiң сан түрлi нысандарын: сақтандыру мен қайта сақтандыру пулдарын, өзара сақтандыру және бiрге сақтандыру қоғамын, мамандандырылған ұйымдарды көздейдi.
Қазақстан Республикасының сақтандыру заңдары қандай да бiр монополистiк билеу iс-қимылына тыйым салатынын ескерiп, Қазақстан Республикасының Шетелдiк сақтандыру жөнiндегi мемлекеттiк компаниясын Мемлекеттiк сақтандыру ұйымы етiп қайта ұйымдастыру қажет. Осыған байланысты 1996 жылдың III-тоқсанында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының Шетелдiк сақтандыру жөнiндегi мемлекеттiк компаниясымен бiрлесiп Қазақстан Республикасының Үкiметiне осы мәселе жөнiндегi ұсыныстар мен құжаттар пакетiн ұсынады.
4. Сақтандырудың тиiмдi жүйесiн дамытудың
жолдары мен әдiстерi
4.1. Сақтандырудың заң базасын жетiлдiру
Тұрақты да бәсекеге түсе алатын сақтандыру нарығын құру мен дамытудың негiзгi шарттарының бiрi сақтандыру ұйымдарын құру, жұмыс iстеу және жою процестерiн қамтамасыз ететiн құқықтық негiз болып табылады.
Сақтандыру заңдары елiмiздiң iшiнде де, сол секiлдi әлемдiк сақтандыру нарығында да Қазақстан Республикасына және оның заңдарына деген зор сенiмдi нығайтуды, қазақстандық сақтандыру ұйымдарының қаржылық жағдайының нығайтуы және олардың сақтандыру қызметiн көрсетудiң халықаралық нарығына эволюциялық өтуi үшiн жағдай жасауы қажет.
Өтпелi кезең сақтандыру субъектiлерiнiң оның стандарттарын әлемдiк практикада жалпы қабылданғанға, бiрақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүдделерiн ескерiп жақындастырудағы құқық қатынастарын реттеушi заң актiлерiн кезең-кезеңмен жетiлдiрудiң қажеттiгiн күштеп таңатын, қызметiнiң барлық саласында болатын сапалық өзгерiстермен сипатталады.
Осыған байланысты 1996-1998 жылдар iшiнде Қазақстан Республикасы мемлекеттiк сақтандыруды қадағалаудың (бұдан әрi - Мемсаққадағалау), сақтандырушылар бiрлестiктерiнiң тарапынан сақтандыру ұйымдары қызметтерiн ашудың, жабудың және оларды лицензиялаудың тетiктерi жетiлдiрiлетiн болады. Бәрiнен бұрын бұл ұйымдастырылатын сақтандыру ұйымының өмiршеңдiгiн бағалауға мүмкiндiк беретiн атқаратын қызметiне сәйкестiгiне стандарттар енгiзу, қызмет жоспарына, қаржы көздерiне, клиенттiк базасына, инвестиция стратегияларына, тәуекелдердi бөлуге, активтердiң қоржынын құруға, iшкi бақылау процедурасына егжей-тегжейлi талдау жүргiзу жолымен сақтандыру ұйымдарының құрылтайшыларына, олардың қаржылық жағдайларына, басшыларының бiлiктiлiгi мен беделiне деген талаптарға қатысты.
Қазақстан Республикасындағы кiшi әрi орташа бизнестiң дамуына көмек көрсету үшiн заңды тәртiпте өзара сақтандыру қоғамын құрудың мүмкiндiгiн бекiту қажет. Бұл мақсат үшiн 1996 жылдың II-жарты жылдығында Мемсаққадағалау сақтандырушылар бiрлестiктерiмен бiрлесiп Өзара сақтандыру қоғамы туралы ереженiң жобасын әзiрлейтiн болады.
1996-1998 жылдардың iшiнде Мемсаққадағалау, сақтандырушылар бiрлестiктерi Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас салық инспекциясымен бiрлесiп сақтандыру операциясына салық салу мәселесiн жетiлдiрудi сақтандыру iсiнiң өзiндiк ерекшелiгiн ескерiп зерделейтiн болады.
Мiндеттi сақтандырудың мәселелерiн мазмұндайтын республикадағы заң актiлерiн жүзеге асыру мақсатында Мемсаққадағалау 1996-1998 жылдар iшiнде Қазақстан Республикасының тиiстi министрлiктермен, мемлекеттiк комитеттерiмен және басқа да атқарушы органдарымен бiрлесiп мұнай операцияларын, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершiлiгiн, автокөлiк құралы иесiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн, ауыл шаруашылығын сақтандыруды және мiндеттi сақтандырудың басқа да түрлерiн ұйымдастырудың тәртiбi мен оны жүргiзудiң шарттарын әзiрлеуге қатысады.
Сақтандырудың мiндеттi түрлерiн жүргiзудi қарастыратын заңдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн Мемсаққадағалау 1997 жылдың iшiнде "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Қазақ ССР-нiң қолданылып жүрген кодексiне заңды және жеке тұлғалардың мiндеттi сақтандыру туралы заңды орындамағаны үшiн жауапкершiлiктерi туралы толықтырулар бойынша ұсыныс енгiзедi.
1996 жылдың iшiнде сақтандыру мәселелерi бойынша қолданылып жүрген заң және басқа да нормативтiк актiлерiн "Сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына сәйкес келтiру жөнiндегi жұмыс жалғастырылатын болады.
4.2. Сақтандырушылардың қаржылық тұрақтылығын
нығайту
Сақтандырушының қаржылық тұрақтылығы сақтанушының мүддесiн қорғауды қамтамасыз етуге қызмет көрсетедi. Сақтанушы сақтандыру оқиғасы болған кезде, оның тартқан зардабының уақтылы және толық өтелетiнiне сенiмдi болуы керек.
"Сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығында сақтандыру ұйымдарының жарғылық қорының мөлшерiне, сақтандыру резервтерiн қалыптастыруға және орналастыруға, төлем қабiлетiне кепiлдiктi қамтамасыз ету шарттарына талап көзделген. Мемсаққадағалау мен сақтандыру ұйымдарының қызметi сақтандырушылардың тұрақтылығын және сенiмдiлiгiн нығайтуға, ұлттық сақтандыру нарығының қалыпты дамуына ықпал ететiн осы талаптарды бұлжытпай орындауға бағытталуға тиiс. Осы мақсатта Мемсаққадағалау сақтандырушылар бiрлестiктерiмен бiрлесiп сақтандыру ұйымдарының қаржылық жағдайын бағалау жүйесiн (өлшемiн) жасайды.
Сақтандырушының сенiмдiлiгiнiң басты көрсеткiштерiнiң бiрi оның жарғылық қорының мөлшерi болып табылады. Бұл көрсеткiштiң маңыздылығы сақтандыру ұйымы қызметiнiң бастапқы кезеңiнде айрықша зор. Осыған байланысты жарғылық қордың мөлшерiне деген талап заңмен арттырылды (ең төменгi есептiк көрсеткiштен 40 мың кем емес).
1996 жылдың басында көптеген сақтандыру ұйымдарындағы жарғылық қордың мөлшерi сақтандыру заңдарында көрсетiлген нормадан төмен болды. Осыған байланысты сақтандырушылардың қызметi үстiмiздегi жылдың аяғына дейiн проблемаларды шешуге бағытталатын болады.
Жарғылық қордың мөлшерiн арттыру жолдары:
ұсақ ұйымдарды бiрiктiру немесе қосу;
отандық және шетелдiк инвесторларды тарту;
сақтандыру ұйымының ағымдағы қызметiнiң есебiнен толықтыру болуы тиiс.
Бiрiншi жол ұсақ сақтандырушыларды бiр ұйымға бiрiктiрудi немесе олардың базасында iрi сақтандыру компанияларының филиалдары мен өкiлдiктерiн құруды көздейдi.
Сақтандыру саласында нарықтық қатынасқа көшу, ұлттық нарықтың игерiлмеуi, сақтандырудың жаңа болашағы зор түрлерiн енгiзу осы проблеманы шешудiң екiншi жолын алдын ала айқындауға тиiс.
Қазақстандық сақтандыру нарығын нығайту үшiн маңызды рөл тек қаржының жағдайын нығайтуға ғана мүмкiндiк берiп қоймай халықаралық тәжiрибенi, бiлiмдi, жаңа технологияны енгiзуге, отандық сақтандырушылардың әлемдiк сақтандыру нарығына шығуына, бiрлескен кәсiпорындар мен инфрақұрылымдар институттарын құруға ықпал ететiн шетелдiктердiң қатысуына бөлiнедi.
Шетелдiктердiң қатысуымен жұмыс iстейтiн сақтандыру ұйымдары жергiлiктi және халықаралық нарықтардағы қазақстандық және шетелдiк инвестицияның кепiлi болуы, зардапты өтеу мәселелерiнде бюджетке түсетiн ауырлықты төмендетуге мүмкiндiк беруi қажет, республика экономикасын сыртқы және iшкi инвестициялардың құйылуына ықпал етедi.
Сақтандыру жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңдары шетелдiк заңды тұлғалар мен шетел азаматтарының қазақстандық сақтандыру нарығында сақтандыру операцияларын жүргiзуге қатысуының шарты мен нысандарын бiр мәндi айқындайды. Олардың жарғылық капиталға қатысу үлесi 50 проценттен аса алмайды. Бұл талап қазақстандық заң жергiлiктi сақтандырушыларға қатысты бiркелкi мемлекеттiк қолдаушылық сипатына ие екендiгiне куә болады.
Ұлттық сақтандыру нарығында шетел сақтандыру компаниялары тарапынан бәсекелестiктi шектеу жөнiндегi қабылданған шаралардың орындылығы өзiнен-өзi белгiлi, өйткенi қазiр жергiлiктi сақтандыру ұйымдарының бiрде бiреуi батыстың сақтандыру нарығы алыптарымен бәсекеге түсуге дәрменсiз. Бұл үшiн, сарапшылардың баға беруi бойынша, қазақстандық сақтандыру кәсiпорындары кем дегенде 100-150 миллион доллар сақтандыру резервтерiн жинауы қажет.
Қазақстандық сақтандырушылардың капиталды, бiлiм мен жұмыс тәжiрибесiн жинауына қарай, тең құқықты бәсекелестiк үшiн алғы шарт пайда болады.
Экономикалық, талдамалық және ұйымдастырушылық жұмыстар мәселелерiн қамтитын сақтандырушының тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi мiндеттер кешенiн шешу үшiншi бағыттың негiзi болуы қажет.
Сақтандыру ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын бағалау проблемасы оның жұмысының процесiнде барынша өткiр тұратын болады және Мемсаққадағалау мен жұмыс тәжiрибесi бар сақтандырушылардың мiндетi мiндеттемелердi орындау үшiн күнiбұрын белгiлi шаралар қарастыруға және қабылдауға мүмкiндiк беретiн тетiктердi жетiлдiруден тұрады.
Сақтандырушының қаржылық жағдайы, оның төлем қабiлеттiлiгi мен сақтандыру шарттары бойынша қабылдаған мiндеттеменi орындау мүмкiндiгi туралы нақты бiлу үшiн сақтандырушының инвестициялық тәуекелiн ескеретiн активтердiң өтiмдiлiгiн бағалау кезiнде коэффициенттердiң арнаулы жүйесiн жасау қажет.
Сақтандырушылардың қаржылық тұрақтылығын анықтау үшiн келешекте сақтандыру саласындағы мамандар мен түрлi мамандықтардың сарапшыларын бiрiктiретiн және коммерциялық негiзде жұмыс iстейтiн ақпараттық-сараптық талдамалық орталық құру керек. Мұндай орталық жоғары тәуекелдегi аймақта орналасқан iрi, мейлiнше қауiптi объектiлер мен объектiлердi сақтандыруға қабылдау, қажеттi статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету, авариялардың, апаттардың және басқалардың салдарынан болған зардаптарды анықтау мәселелерiн шешу кезiнде сақтандыру ұйымдарына көмек көрсету үшiн айрықша қажет.
Сақтандырушылардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудiң жолдары мен әдiстерi Мемсаққадағалау мен сақтандырушылар бiрлестiктерiнiң бiрлескен сақтандыру ұйымдарын қаржылық нығайту жөнiндегi бiрлескен iс-қимыл жоспарында өз көрiнiсiн табады. Бұл жоспарды әзiрлеудi және жүзеге асыруды 1996 жылдың II-жарты жылдығында бастау жоспарлануда. Жоспар сақтандыру ұйымдарының тиiмдiлiгiн арттыру жолдарын белгiлеуi, сақтандырушылардың инвестициялық саясатының артықшылығын және қосымша резервтiк қорларды құрудың принциптерiн анықтауы, сақтандыру ұйымдарының сақтандыру нарығы инфрақұрылымымен өзара iс-қимылының әдiстерiн қарастыруы тиiс.
4.2.1. Сақтандыру ұйымдарының инвестициялық қызметi
Сақтандыру резервтерi екi функция атқарады: сақтандырушының төлем қабiлетiне кепiлдiк беруге қызмет етедi және ұлттық экономикадағы инвестициялық қордың маңызды көзi болып табылады. Дұрыс жүргiзiлген инвестициялық саясат қаржылық жағдайды нығайтуға, яғни қосымша инвестициялау үшiн бос қаражаттың мөлшерiн көбейтуге ықпал етедi.
Қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сақтандыру резервтерiн құрудың көзi тек сақтандыру төлемiнен аударымдар жасау болып табылады. "Сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заң күшi бар Жарлығымен бұл аударымдардың мөлшерi айқындалған (25 проценттен кем емес және 90 проценттен артық емес).
Қаржы жылының қорытындысы бойынша Мемсаққадағалау сақтандырушыларға көмек ретiнде сақтандырудың ерiктi түрi бойынша сақтандыру қорына аударымдардың мөлшерi жөнiнде экономикалық негiзделген ұсыным (заңда белгiленген норманың шеңберiнде) бередi.
Сақтандыру ұйымдары өз қызметтерiнде активтердiң мiндеттемелерден асып түсуiн қамтамасыз етуге ұмтылуы тиiс. Осыған байланысты 1996 жылдың екiншi жарты жылдығында Мемсаққадағалаудың тарапынан сақтандырушылардың активтерi мен мiндеттемелерiнiң арақатынасының нормативтiк мөлшерiнiң есебi жөнiнде ұсыным әзiрленетiн болады.
Сақтандыру резервтерi тек сақтандырушылардың сақтандыру шарттары бойынша өз мiндеттемелерiн орындауларын қамтамасыз ету үшiн ғана арналғаны ескерiлiп, оның қызметi инвестицияның басымдықты бағытын таңдауға бағытталуға тиiс, сондай-ақ нақты депозиттiк салымдардың, бағалы қағаздардың және басқа да салымдар түрлерiнiң тәуекелдiгiн бағалауға бағытталуы керек.
"Сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығы Сақтандырушыларды қорғау мақсатында сақтандыру резервтерiн инвестициялау, көлемдердiң арақатынасы және орналасу шарттары (диверсификация, қайтармалылық, пайдалылық және өтiмдiлiк) жөнiндегi бағытты айқындады.
Инвестициялық қызметтiң бағытын таңдау кезiнде сақтандырушы өзiнiң мiндеттемелерiн орындау жөнiндегi шүбәсiз кепiлдiктi қамтамасыз ету үшiн инвестициялық тәуекелдiгiн азайтуы керек. Сақтандырушылардың ақшаларымен айтарлықтай тәуекелдi, оның iшiнде күмәндi операциялар жасауға жол бермейтiн тәртiп қолданылуы қажет.
Сақтандыру ұйымдарының инвестициялық қызметiнiң болашақтағы бағыты олардың қаржылық нарықтағы түсiмдiлiгiнiң өсуiне байланысты мемлекеттiк бағалы қағаздарды иелiкке алу болып табылады.
Сақтандырушылардың инвестициялық қызметi оларды тұрғысы мен қайтарымдылық мерзiмi бойынша әртүрлi жылжымайтын мүлiк объектiлерi мен жердi тұрақты пайдалану құқығына салу жолымен сақтандыру қорларын инвестициялаудың диверсификациясын қамтамасыз етуге бағытталуы тиiс. Бұл инвестицияланатын қаражатты жоғалтудың ықтималдығын барынша азайтуға мүмкiндiк бередi.
Банктер құрылымдарының нығаюына қарай сақтандырушылардың қорлық қаражаттарды банкiлердiң депозиттерiне орналастыруы жөнiндегi қызметтерi одан әрi дамитын болады.
Қазiргi инфляция жағдайында шетел валюталары мен шетел валютасында көрсетiлген құнды қағаздар сақтандырушылардың қаражаттарын құнсызданудан қорғайды.
Сақтандырушылардың инвестициялық қызметтерiн одан әрi жетiлдiру үшiн Мемсаққадағалау сақтандырушылардың бiрлестiктерiмен бiрлесе отырып мынадай бағыттардағы жұмыстарды жоспарлайды:
сақтандыру ұйымдары инвестицияның рұқсат етiлген бағыттарының тиiмдiлiгiн зерттеу және оларды неғұрлым икемдi және Қазақстан аймақтарының мүдделерi мен нақты инвестициялық жағдайын ескеретiн қылуға мүмкiндiк беретiн олардың құрылымы мен арақатынасы жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу;
сақтандыру ұйымдарының инвестициялық тәуекелiн ескеретiн активтердiң өтiмдiлiгiн бағалау кезiнде коэффициенттердiң арнаулы жүйесiн әзiрлеу және одан әрi түзету. Мұндай жүйе сақтандырушының қаржылық жағдайы, оның төлем қабiлетi мен сақтандыру шарты бойынша қабылданған мiндеттемесiн орындау мүмкiншiлiгi туралы нақты мағлұмат құруға мүмкiндiк бередi;
өмiрдi сақтандыру нарығын дамыту үшiн, яғни азаматтардың ұзақ мерзiмдiк жинақ мүддесiн қанағаттандыру мүмкiндiгiн ескеретiн, сондай-ақ мемлекеттiң айтарлықтай қаржы қорларын шоғырландыру және халықтың қолындағы ерiктi ақша қаражатының қалдықтарын реттеу үшiн мемлекеттiк құнды қағаздарға еркiн ақша қаражатын инвестициялау тетiгi туралы ұсыныс әзiрлеу.
4.2.2. Қайта сақтандыру, сақтандыру пулы
Iрi тәуекелдердi қабылдау үшiн әзiрге жеткiлiктi қуаты жоқ қазақстандық сақтандырушылардың қаржылық тұрақтылығын нығайтудың маңызды элементтерi қайта сақтандыру мен қоса сақтандыру болып табылады. Бұлар сақтандырудың қосымша сыйымдылығын құруға, сақтандыру операцияларының тиiмдiлiгiн арттыруға мүмкiндiк бередi, республикаға шетел инвестицияларын тартуда айтарлықтай роль атқарады.
Отандық қайта сақтандыру жүйесiн дамыту сақтандыру нарығындағы өз мүмкiншiлiгiн барынша пайдалана отырып iрi тәуекелдердi шетелдiк сақтандыру (қайта сақтандыру) компанияларына сенiмдi орналастыруды қамтамасыз ету бағытында жүргiзуi керек.
Қолданылып жүрген сақтандыру заңдарына қазақстандық кәсiпқой қайта сақтандырушының сақтандыру нарығындағы орны айқындалмаған, Қазақстан Республикасында қайта сақтандыру тетiгiнiң жұмыс iстеу негiзi толық күйiнде жасалып бiтпеген. Мемсаққадағалау мен сақтандырушылар одағы қайта сақтандырудың ұлттық нарығын құру мәселелерiн зерделейдi және 1997 жылдың I-жарты жылдығында тиiстi ұсынысты әзiрлейдi.
Сақтандырушылардың қызметi өздерiнiң тәуекелдерiн iрi, қаржысы тұрақты ұлттық және шетелдiк сақтандыру немесе қайта сақтандыру ұйымдарында қайта сақтандыруға бағытталуы қажет. Осыған байланысты отандық нарықтағы шетелдiк қайта сақтандырушылардың қызметiн реттеудiң құқықтық нормалары одан әрi жетiлдiрiлуi керек. Мұндай нормалар қатарында: шетелдiк қайта сақтандырушылардың компания-цедентке қаражатын ақша нысанында, мiндеттi депозит ретiнде енгiзуi, керi шақырылмайтын депозиттi Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкiне орналастыру, сондай-ақ басқа да талаптар болуы мүмкiн.
Қазақстандық сақтандырушылар үшiн қайта сақтандырушылардың сенiмдiлiгi мен оны анықтаудың өлшемi барған сайын өткiр қойылуда. Осыған байланысты Мемсаққадағалау мен сақтандырушылар бiрлестiгiнiң алдында қайта сақтандырушылардың сенiмдiлiгiн қадағалау органының, цеденттiң және сақтандыру брокерiнiң кешендi бағалауы жөнiнде ұсыным жасау мiндетi тұр.
Өздерiнiң қайта сақтандыру қызметтерiнде қазақстандық сақтандырушылардың Қазақстан Республикасында тiркелген шетелдiк сақтандыру, қайта сақтандыру және брокерлiк ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң қызметтерiн пайдаланғандары жөн.
Қайта сақтандыру мәселелерi бойынша кешендi шараларды жүзеге асыру мақсатында Мемсаққадағалау сақтандырушылар бiрлестiгiмен бiрлесiп 1996 жылдың IV тоқсанында қайта сақтандыру операцияларын жүргiзу тәртiбi туралы әдiстемелiк ұсынымның жобасын жасауы қажет.
Қазақстандық сақтандырушылардың қаржылық ахуалы ескерiлiп, ұлттық сақтандыру нарығының сыйымдылығын кеңейту:
мамандандырылған сақтандыру пулдары мен сақтандыру жүйесi;
шетелдiк қайта сақтандырушылардың сақтандыру пулына тәуекелдерiн қайта сақтандыру кезiнде сақтандырушының өз ұсталымының 5% -тiк нормасы жөнiндегi заңның талаптарын қолдану арқылы жүзеге асырылатын болады.
Бiр тектi тәуекелдердi бiрлесiп сақтандыру жөнiнде күш бiрiктiру үшiн сақтандыру және қайта сақтандыру пулдары қайта құрылатын болады. Бұл жергiлiктi сақтандыру ұйымдарына өздерiнiң резервтiк қорларын ойдағыдай ұлғайтуға, практикалық тәжiрибе алмасуына, әлемдiк сақтандыру нарығына шоғырлануға мүмкiндiк бередi. Бүкiл нарықтық ұмтылысының үйлестiрiлуiн барынша талап ететiн сақтандыру түрлерi пулдардың қызмет өрiсi болуға тиiс. Бұл ең алдымен мұнай операцияларын, қаржы тәуекелдерiн, азаматтық жауапкершiлiктердi, құрылыс-монтаж тәуекелдерiн, әуе және су көлiгiнiң құралдарын өрт шаруашылығы өндiрiсiн сақтандыру.
Отандық нарықтың барлық сақтандыру сыйымдылығын iске қосу және демек, сақтандыру төлемiнiң барынша көп ұсталуына жету мақсатында, қазақстандық сақтандырушылардың пулдарын құру және қызметiн жүргiзу кестесi алғашқы кезеңде мынадай болуы мүмкiн.
1. Лицензиялары бар жергiлiктi сақтандыру компаниялары қатарынан мамандандырылған пулдар құру. Пулдың көш басшысы анықталады - ол барынша үлкен жарғылық қорға ие немесе сақтандырудың немесе қайта сақтандыру операцияларының тиiстi түрiнде барынша мол тәжiрибесi бар сақтандырушы. Ол пулдың атынан iс-қимыл жасау құқығына (сақтанушымен келiсiм жүргiзуге, полистерге қол қою құқығы болуына) ие болады.
2. Ұқсас сақтандырулар бойынша стандартты шарттарды әзiрлеу, мысалы, теңiз сақтандыруының халықаралық ағылшын нарығымен (Ллойда стандартты полисi, лондондық сақтандырушылар институтының стандартты "ескертпесi").
3. Сақтандырудың осы түрiне лицензиясы бар пулдың мүшелерi арасында тәуекелдi орналастыру. Егер сақтандыру 100 проценттен аз орналастырылған жағдайда, жабылмай қалған қалдық сақтандырудың халықаралық нарығына тiкелей немесе шетелдердiң қайта сақтандыру брокерлерi арқылы орналастырылады.
4. Сақтандыру төлемiн пулдың мүшелерi арасында бөлу мен сақтандыру шарты бойынша зияндарды реттеудi пулдың лидерi жүргiзедi.
4.3. Сақтандырудың мiндеттi түрлерiн жүргiзу мен
ерiктi сақтандырудың болашағы бар түрлерiн
енгiзудi ұйымдастыру
Сақтандыру нарығын дамыту сақтандыру қызметiн көрсету көлемiн ұлғайтуды талап етедi.
Қазiргi кезде сақтанушыларға ерiктi сақтандыру бойынша шығысты салық ретiнде ұстап қалуға жатқызуға рұқсат етiлген. Бұл заңды құқы бар мекеменiң мүлiктiк өзге де мүдделерiн дамыту үшiн дем беру болып табылады.
Сақтандырудың мiндеттi түрлерiнiң әлеуметтiк мәнiн ескере отырып, оларды енгiзген кезде экономикалық жағдайдың өзгерiсi және сақтанушының төлем қабiлетi ескерiлуi тиiс. Сондай-ақ жеке де, мемлекеттiк сақтандыру ұйымдары да мiндеттi сақтандырумен айналысу құқығы үшiн бәсекеге түсу мүмкiндiгiне ие болуға тиiс.
Мұнай операцияларын сақтандыру болашағы бар деп табылады, оның мақсаты жылу-энергетика кешенi кәсiпорындары мүддесiнiң сақтандыру қорғанысын, техногендi авариялық, технологиялық бөгелiстерден, сондай-ақ көмiрсутегi шикiзаттарды өндiру, қайта өңдеу мен тасымалдау саласындағы шетел инвесторларын сақтандыруды пайда болған залалдарды өтеу бойынша заңды және жеке тұлғалардың алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз ету болып табылады.
"Мұнай туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң N 2351 Заң күшi бар Жарлығын жүзеге асыру жөнiндегi шаралар туралы" 1995 жылғы 28 маусымдағы N 2351 қаулысына сәйкес Мемсаққадағалау "Мұнай операцияларын мiндеттi сақтандыруды ұйымдастыру және оны жүргiзудiң шарттарының тәртiбi туралы" Ереженiң жобасын жасады.
"Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" Заңға сәйкес 1996 жылдың 1 шiлдесiнен бастап тасымалдаушының темiржол, теңiз, су және облысаралық, республикааралық автомобиль көлiгi жолаушылары алдындағы жауапкершiлiгiн, сондай-ақ автокөлiк құралдары иелерiнiң (жоғары қауiп көзi ретiнде) үшiншi бiреуге жол көлiк оқиғасы салдарынан келтiрген зардабы үшiн азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi мiндеттi сақтандыру енгiзiледi.
Осы мақсатта Мемсаққадағалау Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгiмен және Iшкi iстер министрлiгi мемлекеттiк автоинспекциясының бас басқармасымен бiрлесiп "Жолаушылар алдындағы тасымалдаушылардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруды ұйымдастырудың тәртiбi мен оны жүргiзудiң шарттары туралы" және "Автокөлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiнiң мiндеттi сақтандыруын ұйымдастырудың тәртiбi мен оны жүргiзудiң шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметi қаулысының жобасын әзiрлейтiн болады.
Қазақстан Республикасының табиғи-климаттық ерекшелiгi мен географиялық жағдайына байланысты селолық тауар өндiрушiлер қызметтерiнiң түпкi нәтижесiне қарап мiндеттi ауыл шаруашылығы сақтандыруын енгiзу қажет.
Бұл шара ауыл шаруашылығы өндiрiсiн нығайтуға арналған. Мемсаққадағалау Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен бiрлесiп осы мәселе жөнiндегi тиiстi құжаттардың пакетiн әзiрлейдi.
Экологиялық сақтандыру лайықты өз орнын алуға тиiс. Мемлекет пен кәсiпорындарда өндiрiстегi экологиялық аварияларды болдырмау үшiн қажеттi шараларға жұмсайтын қаржылардың болмауы қоршаған ортаның жай-күйiнiң нашарлауына әкеп соқты. Экологиялық сақтандыру зиян келтiрушiлердiң қаржылық жағдайына қарамай-ақ зардап шегушiлердiң өздерiне заң бойынша тиесiлi сомаларын өндiрiп алуына кепiлдiк бередi. Осы мақсатқа байланысты Қазақстан Республикасының экология мен биоресурстар министрлiгi мен Мемсаққадағалау 1996-1997 жылдар iшiнде экологиялық сақтандыру бойынша эксперимент өткiзудi жоспарлап отыр, бұл үшiн 1996 жылдың II-жарты жылдығында Қазақстан Республикасының Үкiметiне осы мәселе жөнiнде ұсыныстар әзiрлеп, енгiзетiн болады.
Мiндеттi медициналық сақтандыру мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандырудың құрамдас бөлiгi ретiнде Қазақстан Республикасы азаматтары үшiн жалпыға бiрдей болып табылады және де мiндеттi сақтандыру қоры арқылы жүзеге асырылады. Ерiктi медициналық сақтандыру азаматтардың қосымша медициналық қызмет алуына жағдай жасайтын болады. "Азаматтарды мiндеттi медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығын орындау ұдайы бюджет қаражатын бөлудi талап ететiндiгiн ескере отырып, мемлекет ерiктi медициналық сақтандырудың кәсiпқой сақтандырушылардың күшiмен дамытылуын барынша құптайды.
Тұтынушыларды қорғаудың ролi артып, құқықтық қызмет көрсетулердiң жандануы өндiрушiден сапасыз өнiм шығарғаны үшiн, сөйтiп нәтижесiнде зиян келтiргенi үшiн төлем ретiнде белгiлi бiр соманы төлеу талап етiлуi мүмкiн. Бұл тауар өндiрушiнiң тұтынушы алдындағы жауапкершiлiгiн сақтандыру қажеттiгiне апарады.
Нарықтық экономиканың дамуы жеке меншiк медициналық мекемелердiң, адвокаттық кеңселердiң, өзге де қызмет көрсететiн кәсiпорындардың санының өсуiне әкеп соғады. Бұл ұйымдардың бәрi де қызметкерлерiнiң өз мiндеттерiн орындау кезiнде жiберетiн қателiктерi салдарынан болған зиян үшiн жауап бередi. Кәсiпқой жауапкершiлiктi сақтандыру да қазақстандық сақтандыру нарығынан өзiне тиесiлi орнын алуға тиiс.
Банктiк депозиттердi сақтандыру проблемасы жеке бiр үлкен мәселе болып табылады. 1996 жылы Мемсаққадағалау Ұлттық банкпен бiрлесiп, әсiресе бәрiнен бұрын ұсақ салымшылар үшiн депозиттердi сақтандыру жүйесiн ойластырып әрi енгiзу жүктелiп отыр.
Сақтандыруды дамытудағы басым бағыт ретiнде алдымен өмiрдi ұзақ мерзiмдi сақтандыру мен азаматтарды зейнеттiк сақтандыруды айтуға болады. Қазiргi кезде сақтандырудың осы түрлерiн жүргiзетiн мамандандырылған компаниялар құрылуда. Өмiрдi ұзақ мерзiмдi, сенiмдi, түсiмдi сақтандыруды дамыту үшiн барлық жағдайларды (экономикалық, қаржылық) туғызу маңызды.
Экономикадағы нарықтық қатынас жағдайында кредиттiң ролi де айтарлықтай өседi. Банктер iрi және тәуекелмен байланысты жобаларды кредиттендiру кезiнде сақтандыру қорғанысын барынша керексiнедi. Банктiк операцияларды сақтандыру қорғанысымен қамтамасыз ету үшiн сақтандырудың кредиттердiң тәуекелiн сақтандыру, заңды да жеке де тұлға ретiнде заемшiлердiң жауапкершiлiгiн сақтандыру сияқты түрлерiн дамыту қажет.
Қазақстанның халықаралық нарыққа шығуы табиғи байлықтарды игерудi, жаңа өндiрiстердi құруды, осы заманғы технологияларға ие болуды жеделдететiн шетелдiк және отандық инвестицияларды талап етедi. Шетелдiк компаниялар мен отандық инвесторлардың қаражаттарын қазақстандық бизнеске инвестициялаудың қауiпсiз және пайдалы шарттарын тек сақтандыру, оның iшiнде инвестицияларды сақтандыру жүйесiн дамыту ғана қамтамасыз ете алады.
4.4. Сақтандыру ұйымдарының бухгалтерлiк есебi мен
қаржылық есеп беруiн жетiлдiру. Аудит
Сақтандыру органдарының бухгалтерлiк есебi мен қаржылық есеп беруiн жетiлдiру кешендi практикалық қызметке Бiрiккен Ұлттар Ұйымы ұсынған ұлттық есептер жүйесi мен жалпыға бiрдей талаптарына жауап беретiн және "Бухгалтерлiк есепке алу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығының талаптарына сондай-ақ нарықтық экономиканың талаптарына, жауап беретiн жалпы қабылданған халықаралық принциптер мен стандарттарды практикалық қызметке енгiзуге мүмкiндiк беретiн шаралар кешенiн бiлдiредi.
Бухгалтерлiк есеп процедурасы есептiк құжаттамадағы әр операция бойынша барлық ақпаратты тiркеудi, жинау мен жинақтап қорытуды қамтуы қажет.
Мемсаққадағалау сақтандырушылардың төлем қабiлетiне бақылау жасау мақсатымен сақтандыру ұйымдарының барлық активтерiнiң, пассивтерiнiң, баланстық таза пайдаларының, кiрiстерi мен шығыстарының жалпы жиынтық есептерiн құрастыратын және жүргiзетiн болады.
Сақтандыру ұйымдарының бухгалтерлiк есептерi мен баланстарынан алынған ақпараттар елiмiздегi сақтандыру нарығының дамуы, нормативтiк ережелердiң орындалуы, жағдайына талдау жасау, жоспарлау және бақылау үшiн, сондай-ақ заңда көзделген ережелердi нақты түрде қолдану жөнiнде шешiм қабылдау кезiнде пайдаланылуы қажет.
Бухгалтерлiк есептi жетiлдiру сақтандыру қызметi аудитiнiң iшкi және сыртқы реформасымен тiкелей байланысты, өйткенi осы соңғысының нәтижесi сақтандырушылардың қызметiн бағалау үшiн құқықтық негiз және заңды және жеке тұлғалар тарапынан сақтандыру жүйесiне деген сенiмдi қолдайтын қорытындылаушы сәт ретiнде қызмет етедi. Бухгалтерлiк есеп бойынша әзiрленiп жатқан құжаттарда бухгалтерлiк есептi, қаржылық есеп берудi және олардың нәтижелерiн жариялаудың дұрыстығын барлық жерде және ай сайын тексеруге әкелiп соқтыратын iшкi аудиттiң (бақылау) мәселелерiн жариялау белгiленуде.
Қазақстандық сақтандыру ұйымдары оларға бухгалтерлiк есеп пен аудиттiң халықаралық стандарт пен нормасы бойынша өздерiнiң қаржылық есеп беруiн ұсына алғанда шетелдiк сақтандыру компанияларымен өзара тиiмдi ынтымақтастық және шетел инвестициясын елдiң сақтандыру нарығына тарту - қазақстандық сақтандыру ұйымдары оларға бухгалтерлiк есеп пен аудиттiң халықаралық стандарт пен нормасы бойынша өздерiнiң қаржылық есеп беруiн көрсете алғанда тұрақты болады.
Өтпелi кезеңнiң қаржы-экономикалық саясаты сақтандыру нарығының бухгалтерлiк есебi мен қаржылық есеп беруiн реформалауда мынадай бағыттарды:
қазақстандық халықаралық практиканың, сондай-ақ ол жөнiндегi нұсқаулар мен әдiстемелiк ұсынымдардың талабына сәйкес жасау;
есептiң жасалып жатқан стандарттарына сәйкес қаржы-шаруашылық қызметi есептерiнiң жоспарын қайта қарау;
сақтандыру ұйымдарының бухгалтерлiк есеп беруiн халықаралық стандарттар бойынша есеп беруге аудару жөнiндегi жобаларды әзiрлеу;
мамандарды кең көлемде даярлау және қайта даярлау сияқты бағыттарын айқындайды.
Сақтандыру операцияларының есептеу жоспарлары мен бухгалтерлiк есебiнiң стандарттарын, сақтандыру ұйымдарының есеп беруiнiң көрсеткiшi мен нысандарын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiлейдi. Сақтандыру iсiнiң ерекшелiгiн ескеретiн аталмыш материалдардың жобасын 1996 жылдың III тоқсанында Мемсаққадағалау әзiрлейтiн болады. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi есептiң жоспары мен бухгалтерлiк есептiң стандарттарын бекiткеннен кейiн Мемсаққадағалау сақтандыру бiрлестiктерiмен бiрлесiп сақтандыру ұйымдарының бухгалтерлерiн қайта даярлауға және оларға консультация беруге кiрiседi.
1996 жылы Мемсаққадағалау сақтандыру қызметiнiң iшкi аудитiн өткiзу тәртiбi туралы әдiстемелiк нұсқауды әзiрлейдi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жанындағы сақтандыру ұйымдары қызметiнiң аудитiне қатысты бөлiгiне аудиторлық тексеру құқығына арналған лицензия беру жөнiндегi мамандандырылған комиссияның жұмысына консультациялық тұрғыда қатысуды жоспарлайды.
Сақтандыру ұйымдарының бухгалтерлiк есебi Мемсаққадағалау белгiленген мерзiмде аудиторлық тексерудiң қорытындысымен бiрге табыс етiлуге тиiс.
5. Сақтандыру жүйесiнiң кадрлар әлеуетiн нығайту
Ұлттық сақтандыру нарығын дамыту, оның әлемдiк нарыққа эволюциялық жолмен кiруi үшiн сақтандыру ұйымдарының кадрлар әлеуметiн түбегейлi түрде жақсарту қажет.
Қазiргi кезең әлсiз оқыту, ғылыми-зерттеу және де ұйымдастыру-әдiстемелiк базалармен сипатталып отыр.
Сақтандыру iсi жөнiндегi шет елдерден түскен үзiк-үзiк және жүйесiз ақпараттар, сондай-ақ ол жақтан белгiлi бiр даярлықтан өткен жекелеген мамандар жағдайды түбегейлi тұрғыда өзгерте алмайды. Нәтижесiнде әрбiр дерлiк сақтандыру ұйымы өз бизнесiн байқап көру әдiсi мен қателiктерден құрды. Оның iшiнде, қаржы жұмысты, бухгалтерлiк есептi және статистикалық есеп берудi ұйымдастыруда орынсыз өз бетiнше әрекет етушiлiк орын алды.
Сақтандыру жүйесiнiң кадрлар әлеуетiн нығайтуға бағытталған нақты қадамдар:
қызметкерлердiң бiлiмi мен мамандануына дәйектi тұрғыдан талапты жоғарлату;
Қазақстан Республикасы мен ТМД елдерiнiң экономикалық жоғары оқу орындарында сырттай оқу нысанының мүмкiндiктерiн кеңiнен пайдалану;
даярлау орталықтары мен бiлiктiлiктi жетiлдiру курстарында кадрларды жүйелi түрде оқыту;
халықаралық қаржы және сақтандыру ұйымдары ұйымдастыратын семинарлар мен курстардағы тегiн немесе жеңiлдiкпен оқытудың мүмкiндiктерiн пайдалану болмақ.
Мемсаққадағалау, сақтандырушылардың бiрлестiктерi мен сақтандыру ұйымдары үшiн ең бiрiншi мiндет бiлiм беру және оқыту бағдарламаларын жасау болып табылады.
Сақтандырушылардың бiрлестiктерi Мемсаққадағалау жәрдемiмен сақтандыру жүйесiндегi кадрларды даярлау мен қайта даярлау мәселелерiн шешудi өз мойнына алады, бұған қоса сақтандыру ұйымдарымен бiрлесiп сақтандыру ұйымдарының қызметкерлерiн қайта даярлау үшiн шетелге тұрақты жiберiп тұруды жоспарлайды.
1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгi, Мемсаққадағалау, Қазақ мемлекеттiк басқару академиясы, Ақмола қаржы колледжi және мемлекеттiк емес оқу орындары тараптарынан сақтандыру қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн жетiлдiру курстарын ашу, "Сақтандыру" мамандығы бойынша күндiз және сырттай оқыту топтарын ашу және қалпына келтiру, сақтандыру саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу мәселелерi пысықталатын болады.
Бұқаралық ақпарат құралдарының көмегiмен халықтың өндiрiстi, кәсiпкерлiктi, отбасылық әл-ауқатты оқыс оқиғалардың жағымсыз салдарынан сақтандырулық қорғаудың қажеттiгiн саналы түрде ұғынған сақтану мәдениетiн қалыптастыру жөнiнде мақсатты бағытталған науқандар өткiзу мәселесi тұр.
Қазiргi кезең - сақтандыру нарығының қалыптасу кезеңi Мемсаққадағалау мамандарына жоғары талаптар қоюда. Бұл талаптар нормативтiк және әдiстемелiк материалдарды бiлiктiлiкпен әзiрлеудiң қажеттiгiнен туындайды, сапалы қадағалауды және кеңес берудi жүзеге асырады. Бұл мәселелердi шешу үшiн Мемсаққадағалау Еуропалық ТАСИС одағының Бағдарламасы шеңберiнде Мемсаққадағалаудың кадрларын даярлауды және қайта даярлауды жоспарлауда.
6. Сақтандыру нарығының инфрақұрылымын дамыту
Қазiргi уақытта республиканың сақтандыру компаниясы сақтандырушылардың өздерiнiң функцияларын жедел әрi кәсiби дәрежеде орындауына жәрдемдесетiн ұйымға ие бола алмай отыр, яғни сақтандыру нарығының инфрақұрылымы дамымай отыр. Мемсаққадағалау мен сақтандырушылар бiрлестiктерiнiң мiндетi - таяу жылдарда осы инфрақұрылымның негiзiн қалап, тәуелсiз сақтандыру брокерлерiнiң, сақтандыру сюрвейерлерi - сақтандыру объектiлерiн кешендi бағалау жөнiнде тәуелсiз сарапшыларының, мамандандырылған құқықтық тәуелсiз регрестiк фирмалардың, электронды сақтандыру биржасымен, рейтингтiк агенттiктiң, кеңес беру-талдау орталығының, актуарлық есеп айырысу орталығының, сақтандыру қызметi бойынша тәуелсiз аудиторлық фирмалардың, Мемсаққадағалаудың ақпараттық-есептеу жүйесiнiң пайда болуына мүмкiндiк жасау.
Толыққанды сақтандыру нарығын құру сақтандыру брокерiнiң қатынасуынсыз мүмкiн емес. Өкiлдiктер мен филиалдардың тораптарының тармақталмауы, техникалық құралдардың шектеулi, шетел нарығы туралы ақпараттың жетiмсiздiгi жағдайында, әсiресе брокерлiк, сақтандыру ұйымдарының қызмет көрсетуiне деген сұраным ерекше байқалатын болады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасында жұмыс iстейтiн шетел сақтандыру брокерлерi компанияларының тәжiрибелерi мен бiлiмдерi, сол сияқты әлемдiк сақтандыру нарығының тәжiрибесi де кеңiнен пайдаланылатын болады.
Қазiргi уақытта сақтандыру брокерлерiнiң қазақстандық сақтандыру нарығындағы орны әлi айқындалған жоқ. Сақтандыру брокерi қызметiнiң тәртiбi мен шарттарын, функциясын, құқы мен мiндетiн айқындайтын қандай да бiр нормативтiк құжаттар болмай отыр. Мемсаққадағалаудың бұл мәселе жөнiндегi көзқарасына қатысты шешушi ережелерi 1997 жылдың III тоқсанында Мемсаққадағалау әзiрлеп бiтiретiн нормативтiк құжатта өз көрiнiсiн табатын болады.
Сақтандыру ұйымдарына оңтайлы басшылық жасаудың проблемасы көбiнесе қаржылық ақпараттардың сапасына тәуелдi. Мұндай ақпаратқа деген сенiм оның сенiмдiлiгi мен нақтылығы туралы тәуелсiз аудит қорытындысы бар болғанда ғана арта түседi. Аудиторлық есеп беру сақтандыру ұйымдарының акционерлерiн олардың капитал жұмсауының тиiмдiлiгі туралы хабардар етiп сақтандырушының қаржылық есеп беруiне деген олардың сенiмiн нығайтады.
Сақтандыру қызметiнде қаржылық және шаруашылық операцияларын жүргiзудiң өзiндiк ерекшелiктерi бар болғандықтан және аудит қызметтерiнде сақтандыру iсi жөнiндегi мамандардың жоқтығынан тәуелсiз сақтандыру аудитiн жедел құру қажеттiгi де туып отыр.
Мемсаққадағалау 1996 жылдың III тоқсанында Мемсаққадағалаудың мамандарының Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жанындағы аудиттеу жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясына қатысу мәселесiн шешедi.
Электрондық сақтандыру биржасының мақсаты - Қазақстан Республикасы сақтандыру нарығының мүддесiн ескере отырып мiндеттi тәуекелдердi сату мен қайта сату. Ол сақтанушылар мен сақтандырушылар арасында делдал болып табыла отырып, сақтандыру пулдарының қызметiнде маңызды роль атқарады. Бұған сақтандыру объектiлерi мiндеттi сақтандырудың нақты бiр түрiнде жауапты ұйымдар арқылы, сондай-ақ өз тәуекелдерiн қайта сақтандырғысы келетiн жеке сақтанушылар мен сақтандыру ұйымдары арқылы да қойылады.
Телекоммуникацияларды қоса ақпараттық технологиялар сақтандыру өнiмдерiн сатып өткiзу мен одан әрi қызмет көрсетудiң принциптерiн өзгертiп отырады. Технология әлеуетiн толық пайдалану үшiн қажеттi жүйенi иемденген ұйымдар ғана табысқа жете алады. Телекоммуникацияның жақсы жетiлдiрген жүйесi бас офистер мен сақтандыру ұйымдарының филиалдары, делдалдар мен сақтанушылар арасында қарапайым, экономикалық байланысты және деректiң кең көлемдерi мен басқа да ақпараттардың берiлуiн қамтамасыз ету үшiн қажет. Мемсаққадағалау мен сақтандырушылардың бiрлестiктерiне шығатын бiрыңғай торапқа шығатын ақпарат желiсi Қазақстан Республикасындағы сақтандыру нарығының жай-күйiне тиiмдi бақылау мен талдау жасауға, сондай-ақ осы ақпарат технологияларын әлемдiк қаржы орталықтарының сақтандыру ақпаратының дүние жүзiлiк телекоммуникациялық желiсiне шоғырландыруға мүмкiндiк бередi.
Республиканың сақтандыру нарығын реттеудiң және өзiн-өзi реттеудiң ықпалды құралдарының бiрi сақтандыру ұйымдарының рейтингi болып табылады. Рейтинг - сақтандыру нарығындағы ашық бәсекелестiктiң шарты және ол сақтанушының материалдық иелiгiн сенiп тапсыратын сақтандыру ұйымын түсiнiстiкпен таңдау жасауы үшiн қажет. Рейтинг қандай да болмасын сақтандыру ұйымдарының қаржылық көрсеткiштерi мен қоғамдық қызметiнен бiртiндеп жинақталуға тиiс. Ол сақтандыру компанияларының бұқаралық ақпарат құралдарындағы сақтанушыларға жиi жалған хабар беретiн көптеген өзiн-өзi жарнамалауына қарсы тұратын болады. Рейтинг қазақстандық және әлемдiк сақтандыру нарығының өзара iс-қимылының болашағы үшiн маңызды. Осыны есепке алған Мемсаққадағалау 1996 жылы рейтингтiк агенттiк құруды ойластырып отыр.
1997 жылы сақтандыру ұйымдары тиесiлi тәуекелдердi сақтандыруға қабылдау кезiнде басшылыққа алатын сыйақылы ставкаларына есеп айырысуы жүзеге асыратын актуарлық есеп айырысу орталығы құрылатын болады. Бiрнеше жылдар бойы iс жүргiзу статистикасына негiзделген экономикалық жағынан өзiн-өзi ақтайтын тарифтiк ставкалар сақтандырушылар мен сақтанушылар арасындағы өзара қарым-қатынасты айқындайтын болады.
Сақтандыру саласында жедел ақпарат алу үшiн, сақтандыру нарығының жұмыс iстеуi мен дамуының әртүрлi қырларын зерттеу үшiн 1998 жылға қарай Мемсаққадағалаудың жанынан Консультациялық - талдау орталығын құру қажет.
Сақтандыру қызметiн көрсету спектрiнiң кеңеюiне, таяу уақытта Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығында күрделi тәуекелдердiң пайда болуына байланысты, мiндетiне сақтандыру оқиғасының пайда болу себебiн, келтiрiлген зиянның мөлшерiн, өндiрiп беруге жататын сақтандыру сомасының көлемiн айқындай кiретiн тәуелсiз сақтандыру сарапшыларының институттарын құру қажеттiгi туып отыр.
7. Мемсаққадағалау мен сақтандыру ұйымдарының
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен
және қаржылық институттарымен өзара iс-қимыл жасауы.
Сақтандырушылардың бiрлестiгi
Мемсаққадағалау мен сақтандыру ұйымдарының Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiсiмен, Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен, Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясымен, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнiң Бас салық инспекциясымен, Қаржы-валюта комитетiмен, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жанындағы Шетел капиталын пайдалану жөнiндегi комитетпен, Қаржы-валюта бақылау комитетiмен және екiншi дәрежедегi банкiлермен өзара iс-қимылының негiзгi мақсаты мыналар болып табылады:
сақтандыру нарығының қаржылық-инвестициялық саладағы және тұтастай экономикадағы орны мен ролiн айқындау;
сақтандырушылардың сақтандыру мен қайта сақтандыру қызметiн жүзеге асыру үшiн қолайлы валюталық және есеп айырысу режимдерiн қамтамасыз ету;
сақтандыру институты арқылы Қазақстан Республикасының сыртқы кредиттер мен инвестициялар алуы үшiн барынша қолайлы қаржылық жағдайлар жасау;
кредит берушiлер мен банктердiң салымшыларының мүддесiн қорғау, банктерге деген сенiмдi арттыру, сақтандыру арқылы банктiк сектордағы тәуекелдi төмендету;
сақтандыру шарттары бойынша барлық трансакциялардың өту есебiн алуды жүзеге асыру;
инвестициялық қызметтердi жүзеге асыру;
сақтандыру операцияларының салық салу жүйесiн жетiлдiру;
бағалы қағаздар нарығындағы қызмет.
Бағалы қағаздар нарығы мен сақтандыру қызметiн көрсетудiң қалыптасуы өзара тығыз байланысты, өйткенi республиканың сақтандыру ұйымдары сақтандыру резервтерi қаржыларының 80 процентiне дейiн мемлекеттiк бағалы қағаздарға инвестициялауға құқылы бағалы қағаздардың эмитенттерi болып табылады. Басқа жағынан алғанда, дамыған қағаз нарығы сақтандыру қызметiне деген сұраным да туғызады.
Жоғарыда айтылған факторларды ескеру Мемсаққадағалау мен сақтандыру ұйымдарының Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиямен өзара қарым-қатынасының негiзiн құрайды.
1996 жылы Мемсаққадағалау мен Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы бағалы қағаздар нарығында қаржы тәуекелдерiн сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдарына қойылатын өлшемдер мен талаптар жөнiндегi әдiстеменi әзiрлейтiн болады.
Бағалы қағаздар нарығының жұмыс iстеу процесiнде бағалы қағаздарды шығару мен сатып алуда кәсiпқойлық қызметпен байланысты сақтандыру тәуекелдерiн қамтамасыз ету қажеттiгi пайда болады. Осыған байланысты Мемсаққадағалау Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиямен бiрлесiп эмитенттердi, инвесторларды сақтандыру және бағалы қағаздар нарығының кәсiпқой қатысушыларының жауапкершiлiгi мәселелерi жөнiнде бiрлескен құжаттарды әзiрлейтiн және қабылдайтын болады.
Қаржы институттары нарықтық қатынастарды қалыптастыруда шешушi роль атқарады. Осыған байланысты банкi мен сақтандыру капиталы арасындағы өскелең байланыс байқалуда. Бұл заңды құбылыс, өйткенi банк жүйесiнiң тұрақты жұмыс iстеуi сақтандыру ұйымдарының да қаржылық тұрлаулылығының кепiлi. Өз кезегiнде сақтандыру институты банк қызметiндегi тәуекелдiң төмендеуiне ықпал етедi, ал сақтандырушылар банктiк депозиттердегi инвестициялардың iрi көздерi болып табылады.
Сақтандыру ұйымдарының қызметi банк құрылымдарымен одан әрi жақындасуға, банктер саласында сақтандыру қызметiнiң кең спектрiн көрсетуге, және банктерге сақтандырушылардың қаржыларын тиiмдi түрде орналастыруға бағытталатын болады.
Сақтандыру нарығын үйлестiру мәселесiнде сақтандырушылардың бiрлестiктерiне маңызды рөл берiледi.
Сақтандырушылар бiрлестiктер қызметiнiң мәнi мыналар болып табылады:
сақтандыру қызметiн реттейтiн заңдар мен нормативтiк актiлерiнiң жобаларын әзiрлеуге қатысу;
сақтандыру заңдарына талдау жасау және оларды қолданудың практикасын қорыту;
өз мүшелерiнiң заң шығару және атқарушы үкiмет органдарындағы, мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдардағы, соның iшiнде шетелдердегi мүддесiн бiлдiру;
сақтандыру iсiн дамыту мәселесi бойынша ақпараттар алмасуды ұйымдастыру және жәрдемдесу;
сақтандыру нарығының әртүрлi дәрежедегi бiлiм беру мекемелерiн құруға жәрдемдесу;
сақтандыру жөнiнде ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға жәрдемдесу;
Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде сақтандыру iсiн оқып-үйренуiне жәрдемдесу, оқыту және кеңес беру үшiн шетел мамандарын шақыру;
ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткiзу;
сақтандыру бойынша баспагерлiк қызмет.
Сақтандыру нарығын дамытудың маңызды тұсы iзгi халық пен кәсiпкерлер тарапынан оң қатынас қалыптастыру болып табылады. Осы мақсатпен сақтандырушылар бiрлестiгi сақтандыру ұйымдарымен бiрлесiп бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалық науқан ұйымдастырады, сақтандыру жөнiнде тоқсан сайын ақпараттық бюллетень шығаратын болады. 1997 жылдан бастап Қазақстан сақтандырушыларының ассоциациясы "Алматы халықаралық сақтандыру тобы" сақтандыру компаниясымен бiрлесiп "Қазақстан сақтандырушысы" газетiн, ал 1998 жылдан бастап "Қазақстанның сақтандыру iсi" журналын шығаруды ұйымдастыруды жоспарлауда.
8. Сақтандыру қызметiн мемлекеттiк реттеу мен
қадағалау жүйесi
Нарықтық экономика сақтандыру нарығының тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында оның экономика, өндiрiс үшiн, азаматтар мен шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғаудағы маңызын ескере отырып, сақтандыру қызметiн мемлекеттiк реттеудi көздейдi және кеңiнен пайдаланады.
Сақтандыру қызмет көрсету нарығының құрылу және қалыптасу кезеңiне тән жағдайларда реттеушi мен қадағалау органының рөлi мен маңызы сан мәрте артады.
Сақтандыру қызметi тұтынушыларды қорғау жүйесiнде бiрнеше ерекше проблемалар тұрғысында көрiнiп, Мемсаққадағалау тарапынан мынадай функцияларды атқаруды көздейдi:
сақтандыру заңдарының орындалуына бақылау жасау;
сақтандыру қызметiн лицензиялау;
сақтандырушылардың қаржылық орнықтылығы мен төлем қабiлетiне тексеру мен талдау жасау;
сақтанушылардың мүддесiн қорғау.
Осы және өзге де функцияларды орындау шеңберiнде Мемсаққадағалау "Қазақстан Республикасының аумағындағы сақтандыру қызметiн лицензиялау туралы" ереженiң жобасын жасады және оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бекiтуiне ұсынды.
Сақтандыру заңдарының орындалуына қадағалаудың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатымен Мемсаққадағалау "Сақтандыру қызметiн жүзеге асыруға лицензияға ұйғарым берудiң, тоқтатудың және қайтарып алудың тәртiбi туралы" ереженi және Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен бiрлесiп "Сақтандыру қызметi туралы" 1-СЕ және 2-СЕ статистикалық есептiлiктiң нысанын әзiрледi.
Мiндеттi сақтандыру туралы заңдардың сақталуына пәрмендi бақылауды жүзеге асыру үшiн Мемсаққадағалау 1996 жылдың III тоқсанында мiндеттi сақтандыру операциялары бойынша тоқсандық статистикалық есептiлiгi нысандарының жобасын және оларды толтырып жазуды әдiстемелiк нұсқауларын әзiрлейтiн болады.
Сақтандыру саласында бiрыңғай әдiстемелiк саясат жүргiзу мақсатымен Мемсаққадағалау 1996-1998 жылдар iшiнде кезең-кезеңiмен ерiктi, жеке және мүлiктi сақтандыру мен сақтандырудың тәуекел түрлерi бойынша сақтандыру тарифiнiң есептеу әдiстемелерiнiң түрлерi жөнiндегi үлгiлiк ережелерiнiң жобаларын әзiрлейдi.
1996 жылы Мемсаққадағалау аса маңызды мiндетi - қадағалау бойынша жоғары бiлiктi мамандар даярлау, сақтандыру ұйымдарын тексерудiң нысандары мен әдiстерiн егжей-тегжейлi әзiрлеу және бiр iзге салып жүйелеу жөнiндегi қызметтер құру, сақтандырушылардың қаржылық хал-ахуалына активтер қоржынының сапасына, инвестициялардың тиiмдiлiгiне, iшкi бақылаудың тиiмдiлiгiне қарапайым тексеру жасаудан терең талдау жасауға көшу болуға тиiс. Бұған сондай-ақ 1997-1998 жылдары Мемсаққадағалаудың аймақтық бөлiмшелерiн құру да игi ықпалын тигiзедi.
Сақтандыру қадағалауын жүзеге асыратын ТМД елдерiнiң ведомстволарымен ынтымақтастық байланыстар тереңдетiлетiн болады. Мемсаққадағалау туралы Ереженiң баптарымен айқындалған мiндеттердi орындау мақсатында Мемсаққадағалау өкiлдерi сақтандыру мәселелерi бойынша халықаралық шарттар мен келiсiмдердi әзiрлеу мен iске асыруға қатысатын болады.
Сақтандыру қызметiн реттеудiң нормативтiк базасын одан әрi жетiлдiру қажеттiлiгiн, сақтандырушыларда да, сол секiлдi Мемсаққадағалауда да қазiргi заманға сай жеткiлiктi тәжiрибенiң болмауын ескере отырып, Мемсаққадағалау сақтандыру бизнесiн дамытудағы орын алған кемшiлiктердi анықтап, олқылықтарды жою жөнiндегi бағытта да сақтандырушылармен өзара тiл табысуды нығайту ниетiнде.
1996 жылы Мемсаққадағалау мен сақтандырушылар бiрлестiктерi шешуге тиiс сақтандыру ұйымдарының алдында тұрған басты проблемалардың бiрi - ол сақтандырушылардың жарғылық қорларының мөлшерiн заңда белгiленген нормаға жеткiзу.
Мемсаққадағалау қызметiнiң басым бағыты - сақтандырушылардың бiрлестiктерiмен және Қазақстан Республикасының сақтандыру ұйымдарымен сақтандырудың нормативтiк-құқықтылық базасын жетiлдiрудегi бiрыңғай әдiстемелiк ыңғай қамтамасыз етудегi бiрлескен жұмыс, сондай-ақ сақтандыру қызметiнiң жаңа бағыттарын айқындау болады.
Сақтандыру қызметiн көрсету нарығының дамуына қарай, Мемсаққадағалаудың сапалы қадағалау мен реттеуге бағытталған жұмысының тәсiлдерi де жетiлдiрiле беретiн болады.
Қорытынды
Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығын дамытудың 1996-1998 жылдарға арналған негiзгi бағыттарын әзiрлеу белгiлi бiр қиындықтармен байланысты болды, өйткенi республикада қазiргi уақытқа дейiн сақтандыру iсi саласында байыпты талдаулық зерттеулер жүргiзiлген жоқ, бiрқатар мәселелер бойынша толық та сенiмдi ақпараттар жетiспейдi.
Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығын дамытудың негiзгi бағыттарымен белгiленген мақсаттарға жету тек реформаларды, әсiресе жекешелендiрудi жеделдету мен бағалы қағаздар нарығын қалыптастыру бөлiгiнде тереңдету, кәсiпорындарды реформалау, монополиясыздандыру мен бәсекелестiк ортасын құру, әлеуметтiк қорғау мен кадрлар даярлау жүйесiн құру жөнiндегi Үкiмет Бағдарламасының негiзгi ережелерiн жүзеге асырған жағдайда ғана мүмкiн екенiн атап өткен жөн.
1996-1998 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығын дамытудың негiзгi бағыттарында көзделген шараларды жүзеге асыру сақтандыру нарығы алдында тұрған бiрiншi кезектегi мiндеттердi шешуге мүмкiндiк туғызады, оны сапалы жаңа деңгейге көтередi және оның бұдан әрi дамуына мүмкiндiк жасайтын болады.